Бозоқ қаласы мен қорымы

Бозоқ қаласы мен қорымы

Астана қаласы, Есіл ауданы

Бастау

Ақпарат

Орналасуы
Астана қаласы, Есіл ауданы
Кезеңі
700 – 1599
Санаты
Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері
Түрі
Қалашық
Түрі
Археология ескерткіштері
Қорғау аймағы

Дереккөздер

  • Қазақстанның киелі орындарының географиясы: Табиғат, археология, этнография және діни сәулет өнері нысандарының тізілімі / Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі Байтанаев Б.Ә. – Алматы: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, 2017. – 1-шығарылым. – 904 б.

Сипаттама

Астана қаласының оңтүстік шетінде, Бұзықты көлінің шығыс жағалауында, Есіл өзенінің сол жақ алқабында, Қараөткел өткелінен оңтүстік-батысқа қарай 5 км жерде орналасқан.

Ескерткішке қатысты алғашқы деректерді 1816 жылы Далалық өлкеге ұйымдастырылған орыс экспедициясының мүшесі И.П. Шангиннің жазбаларынан кездестіре аламыз. Жүз жылдан астам уақыттан кейін Ақмола облыстық музейінің директоры Л.Ф. Семенов ескерткішті келіп қараған. Алғашқы картографиялау Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясының жетекшісі Ә.Х. Марғұланмен жасалған. Ескерткіштегі нақты зерттеу жұмыстары 1998 ж. келеді және К.А. Ақышевтің есімімен байланысты. Қазба жұмыстары 1999 ж. басталған. 

Ескерткіш 800*400 м аумақты қамтиды. Композициялық тұрғыда 4 бөліктен тұрады. Орталық тұсында «квартал» деген шартты атау берілген 3 алаң бар. Олардың өлшемі 35*35 м. Әрбір кварталдың сыртқы оры мен дуалы бар. Төртінші бөлік қаланың шығысынан солтүстікке қарай орналасқан суару жүйесінен тұрады.

Археологиялық зерттеулер 10 жылдан астам уақыт жүргізіліп, нәтижесінде 8 000 ш.м. аумақ ашылды. 10 тұрғын-жай, 5 кесене, 2 кірпіш күйдіру пештері, 60-тас астам жерлеу орындары мен қаланың қорғаныс жүйесі зерттелді. 

Бозоқтағы зерттеу жұмыстары оның ерекше деңгейін көрсетеді. Ол көптеген қырлары бойынша далалық Еуразия тұрғындарының өмірі жайында хабар беретін ерекше ескерткіш қатарына жатады. Әрине, бірінші кезекте мыңжылдаған уақыт бойындағы сакралды мәнін көрсетеді.

Бозоқтың тарихын бірнеше сатыға бөлуге болады: алғашқы кезең ерте ортағасырдағы ғұрыптық нысан ретінде қалыптасуымен байланысты. Алдымен ормен кейіннен дуалдармен қоршалған әр түрлі геометриялық пішіндегі (дөңгелек, төртбұрыш) алаңдар Моңғолия территориясындағы көне түрктік кезеңнің ғұрыптық құрылыстарына ұқсас келеді. Аталған мерзімге орды талазау кезінде табылған жүгендеулі жылқы сүйектері да дәлел бола алады. Жылқының әбзелдері VIII-IX ғғ. мерзімделеді. Бірдей тұрғыдағы төртбұрышты алаңдар орталық тұстағы биіктеу төбешік маңына топтастырылған және жобасы бойыша үшкүлтелі табақшаны бейнелейді. Келесі кезең ‒ қыпшақ ордасы дәрежесін алумен байланысты. Бұл уақытта Бозоқ қаласында қоныстық кешендер дамиды, суару жүйесі жоғары деңгейге көтеріледі. Бозоқтың соңғы сатысы Алтын Орда кезеңіне келеді. Бұл кезеңде қала территориясы ақсүйектердің жерлеу орнына айналады да жүздеген жылдары бойына Нұра-Есіл өңірінің сакралды орны қызметін атқарады.

Бозоқтың кейінгі ортағасырлық жерлеулерін зерттеу ерекше қызығушылық тудыруда. Ең ерте мерзімге қарапайын жерлеулер жатады. Бұл жерлеулерде адамдар әртүрлі қару-жарақтарымен, ат-әбзелдермен, сондай-ақ әшекей бұйымдарымен жерленген. Аталмыш заттар сол уақыт бойынша маңызды ақпарат беретін таптырмас дереккөзіне жатады.

2002 жылы қорымның оңтүстік шетінде алтынордалық уақытқа жататын әйелдің жерлеуі табылды. Ақиреттік заттарында әйел әлеміне тән әшекейлер мен ер адамға тән қару-жарақ дүниелері табылған. Жерлеу дәстүрінің ерекшеліктері, яғни қарапайым жерлеу, басымен ССШ қарай бағытталуы, белгілі бір жануарлың сүйектерінің қойылуы (ұсақ малдың сирақтары бас жақта тігінен тұруы) жерленген әйелдің моңғолдық этникалық топқа жатқызуға негіз болуда. Жерлеу XIII ғ. – XIV ғ. басымен мерзімделеді. Жасы 40-50 аралығында болған. 

Әйел көптеген жерлеу заттарымен бірге қойылған. Оң қолының білегінің тұсында күміс тостаған болған. Әйелдің денесінің сол жағында темір сүңгі мен қанжар жатқан. Темір сақиналы ауыздықтар қабір шұңқырының батыс бұрышына қойылған. Тағы да бір қызықты рәсім, ол ‒ табыт үстін киізбен (?) жабу. Сақталып қалған костюм элементтері де назар аударуға тұрарлық. Әйелдің бас жағында қайын қабығынан жасалған бас киімнің негізі ‒ цилиндр тәріздес зат болған. Бұл негізге үш теңіз жәндігінің қабыршақтары бекітілген. Самай тұсында меруерт тастар мен күміс сырға орналасқан. Мойын маңайында шыны мен күміс алқа болған. Білегінде бас жақтарында арыстанның беті бейнеленген білезік қойылған.

Моңғол мемлекетінің империялық мәдениетінің қалыптасуы кезімен сәйкесетін әйелдің киімін сол уақыттағы дала көшбасшылары дәрежесінің ерекше деңгейін мен қауқарын көрсететін ақпарат көзі ретінде қарастыруға болады.

Қорымның келесі бір салыну сатысында Еуразия тұрғындарының исламды қабылдау үдерісін көре аламыз. Бұл уақытпен қарапайым жерлеулер, саман кірпіштен салынған әр түрлі қоршаулар, күйдірілген немесе шикі кірпіштен салын төртбұрышты немесе шаршы тәріздес 5 кесене мерзімделеді. Бұл құрылыстардың басым көпшілігі ескерткіштің орталық тұсындағы кішігірім төбе тұсына шоғырланған. Бұл қорымдағы жерлеу ерекшеліктері дәстүрлі жерлеу ғұрпының сақталғанын көрсетеді. Мәселен, жерлеулерге құрбандық малының бөліктерін салу, жеке заттарын қою (айна, тиыннан жасалған салпыншақтар және т.б.). Өз кезегінде исламның енуін адамның басым батыс бағытқа, ал бетін оңтүстікке қарату, ақыреттік заттарының болмауынан көрінеді. Күйдірілген кірпіштен тұрғызылған кесенелердің қазба барысында тек қана төменгі қатары ғана сақталған. Бастапқы кезде бұл кесенелер монументалды құрылыс болған, қабірүсті құрылыстары арнайы безендірілген. Бұл кесенелер қорымның құрылымдық тұрғыда негізі болғаны сөзсіз.

Ортағасырдың аталмыш кезеңіне жертөле тәріздес тұрғын-жайлар да жатады. Олар 2-3 бөлмеден тұрып, ортаазиялық үй-құрылысы дәстүрінде салынған (бөлме ортасы мен қабырғаларындағы ошақтар, суфалар). 

Мыңжылдықтар бойы бұл жер өзінің орналасу ерекшеліктерінің арқасында, яғни төңіректің барлығы көрінетін кішігірім көлдің көтеріңкі тұсында, осы өңір тұрғындары үшін киелі мекен болып келген. Соның нәтижесінде қоғамның қалыпты деңгейдегі өміршеңдігін қамтамасыз ету мақсатында далалық дүниетанымның жанданып тұруының негізі болған. 

Тарихи жадының тұрақтылығы ескерткіш атауынан да көрініс тапқан. «Бозоқ» сөзінің түркі-оғыздық төркіні байқалады. Мұндай атаумен ортағасырлық көшпелілер әскери орданың шығыс қанатының әкімшілік құрылымын белгілеп отырған. Жазба деректерге сүйенсек хуннулар мен үйсіндерде әскери ордалардың орталық пен оның екі қанатын айқындап белгілеу дәстүрі болған. Оның орталығына ‒ орда, шығысына ‒ бозоқ, батысына ‒ ұшық деген атау берілген. Сонымен қатар «боз» сөзінің басқа да мағынасы бар. Оның ішінде тың, бетеге мағыналары да бар.

Бозоқ Ұлы Жібек жолының далалық бөлігінің маңызды орталығы болған. Ол Сарыарқа төрінде орналасқан. Бұл жерден Есілдің оңтүстігі мен солтүстігіне керуен жолдарының көптеген тармақтары кеткен. Ескерткіштің оңтайлы жерде орналасуы сауда кереуендерін қадағалау мүмкіндігін туғыза отырып, қалаға әскери-әкімшілік сипат берген. Бозоқ қаласының жоғары тарихи-мәдени маңызы бар және орда ретінде мың жыл бұрын пайда болып, тәуелсіз Қазақстанның қазіргі астанасының негізі болған.

Деректер

Акишев К.А. Городище Бозок: семантика планиграфии и функции // Бозок в панораме средневековых культур Евразии: матер. научн.-полевого семинара. – Астана: ЕНУ им. Л.Н. Гумилева, 2008. – с. 13–19.

Акишев К.А., Хабдулина М.К. Древности Астаны: городище Бозок. – Астана: ЕНУ им. Л.Н. Гумилева, 2011. – 260 с.

Акишев К.А., Хасенова Б.М., Мотов Ю.А. К вопросу о монгольских погребениях XIII–XIV вв. // Бозок в панораме средневековых культур Евразии: матер. научн. полевого семинара. – Астана: ЕНУ им. Л.Н. Гумилева, 2008. – С. 56–65.

Хабдулина М.К. Культовый центр древних тюрков на территории Центрального Казахстана // Bulletin of IIcas: International institute for Central Asian studies. – Samarkand, 2010. – № 12. – С. 33–49.

Хабдулина М.К. Новые открытия в археологии Дашт-и Кыпчака // Свидетели тысячелетий: археологическая наука Казахстана за 20 лет (1991–2011). – Алматы: Институт археологии им. А.Х. Маргулана, 2011. – С. 261–283.

Хабдулина М.К. Мусульманский некрополь городища Бозок (Центральный Казахстан) // Материалы Конгресса исламской археологии России и стран СНГ. – Казань, 2016. – С. 250–267.

Хабдулина М.К. Раннемусульманские погребения некрополя городища Бозок // Диалог степной и городской культур на Евразийском пространстве. Историческая география Золотой Орды: матер. 7-й Междунар. конф., посвящ. памяти Г.А. Фёдорова-Давыдова. – Казань– Ялта–Кишинев, 2017. – С. 94–96.

Хасенова Б.М. Костюм знатной женщины золотоордынского времени: бокка, шелк, жемчуг // Вопросы археологии Казахстана. – Алматы: НИЦИА «Бегазы-асмола», 2011. – Вып. 3. – С. 447–454.

Карта

Фотогалерея

Видео

3D

Бөлісу