
Ақпарат
- Орналасуы
- Алматы облысы, Қаратал ауданы
- Кезеңі
- 1994 – 0
- Түрі
- Кесене
- Түрі
- Киелі объектілер
Дереккөздер
- Қазақстанның киелі орындарының географиясы: Табиғат, археология, этнография және діни сәулет өнері нысандарының тізілімі / Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі Байтанаев Б.Ә. – Алматы: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, 2017. – 1-шығарылым. – 904 б.
Сипаттама
1994 ж. Алматы облысы Қаратал ауданындағы Оян ауылының шетінде, Үштөбе-Кәлпе тас жолының бойында орналасқан.
Балпық би Дербісәліұлы (1705–1780) – ХVІІІ ғ. қазақтардың жоңғарларға қарсы шайқастарына қатысқан қазақ батыры, би. Ұлы жүздің жалайыр руынан, оның ішінде аңдас ру тармағынан шыққан. Балпық би Дербісәліұлының арғы тегі – Қалқы ата – Дүйсенбі – Дербісәлі. Балпық би жалайыр руының тағы бір көрнекті биі, әрі қолбасшысы Ескелдінің замандасы болған.
ХVІІ ғ. бастап қазақтардың қоныстарын ойрандатқан, бейбіт жатқан халықты жайпап, тұруға қолайсыз аймақтарға ығыстырған жоңғарларға қарсы кескілескен шайқас басталады. Аңырақай шайқасынан соң кіші жүз ханы Әбілқайыр, қаракерей Қабанбай, қанжығалы Бөгенбай, шапырашты Наурызбай, жаныс Өтеген, албан Райымбек сынды қазақтың ұлы қолбасшыларының қуғынынан жоңғарлардың негізгі күші Іле, Көксу, Қаратал өзендері, Балқаш көлі маңына қарай шегінеді. Балпық би Ескелді би, Орақ батырлармен бірге Сырдария, Шу өзендерінің бойынан жаудан азат етілген Жетісу жеріне қайта көшу кезінде жалайырларды басқарған. Осы жерде олар жоңғардың басқа әскерлерімен шайқасуға мәжбүр болады. Атақты Сүйінбай ақын ұстаз ретінде құрметтеген Қабылиса ақын өзінің жырларымен жауынгерлерге рух беріп отырған.
Алғашында Балпық би бейітіндегі шағын кесене саз балшықтан салынған, кейіннен келесі бес құрылысқа кірпіш қолданылған. Балпық бидің жерленген жеріне қатысты мәліметтер сақталған. Балпық би кесенесінің шырақшысы Амангелді Оңғаровтың айтуы бойынша 1820–1830 ж.ж. салынып жатқан Түркістан–Сібір теміржолының бір тармағы осы аймақ арқылы өтетін болғандықтан, Балпық би мазарын бұзу мәселесі тұрады. Сол кезде шырақшы Ахметше Құрманбеков Түрксіб аумағы құрылыс инженеріне тармақ ты қазақтың әулиесі жерленген жерден басқа бағытқа бұруды өтінген екен. Инженер шырақшының өтінішін жерге тастамай Түрксіб құрылысы жөніндегі басқармаға өтініш жасап, көп ұзамай жол құрылысы жоспарына түзетулер енгізілген. Бүгінгі таңда теміржол тармағы Балпық би кесенесінен 100–150 м қашықтықтан өтеді.
Балпық би кесенесі 1994 ж. 16 қыркүйекте батырдың 300 жылдық мерейтойын республика көлемінде атап өту барысында салтанатты түрде ашылады. Кесене құрылысына К. Ақылбаев және С. Сағатбеков жетекшілік еткен. Кесене Орталық Азияға тән порталды-күмбезді типке жатады, үсті аспан тектес түске боялған негізгі орталық және екі көлемі кішірек қосымша күмбезден тұрады. Құрылыстың сыртқы фасады мәрмәрмен қапталған, бірақ маңындағы темір жолдан өткен пойыздың дүмпуінен бірте-бірте опырылып түскен. Кесененің ішкі кеңістігі де мәрмәр таспен қапталған. Оны тұрғызу кезінде жергілікті материалдар қолданылған – мәрмәр тасты жақын аймақтағы «Новый мир» совхозындағы карьерден, қара граниттен жасалған қабір үстіндегі құлпытасты сол маңдағы Сарыөзек тауларынан әкелген және кешен аймағын абаттандыру материалдары да сол жақтардан алынған. Мырышпен қапталған қаңылтыр күмбезді Жөндеу-механикалық зауытының жұмысшылары жасаса, арматура, цемент, есіктер мен шарбақты, терезелерді Үштөбе шеберханаларынан әкелген.
Кесенеге мәрмәр баспалдақтар алып барады. Алдындағы шойын есіктен соң, Балпық би жерленген зал орналасқан. Бұған үлкен гранит тастағы: «Бұл жерде әулие, би, батыр Балпық Дербісәліұлы (1694–1782) жерленген» – деген жазулар дәлел болады. Таста жазылған Балпық бидің өмір сүрген кезеңі қате берілген, себебі тарихи деректерге сүйенсек, ол 1705–1780 ж.ж. өмір сүрген. Әулие Балпық бидің кесенесіне кірген жерге қазақ және араб тілдерінде жазылған дұға сөздері бар ашық кітап пішініндегі тас қойылған. 2007 ж. аудандық және ауылдық әкімшіліктің көмегімен жергілікті қоғамның қаржысына Балпық би кесенесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі, келушілерге арналып үстел, орындықтары бар ас беруге арналған бастырма жасалады, ал оның жанына ас пісіретін қазан-ошақтар орналастырылған.
Нысанның киелілігі Балпық бидің жоңғарлармен болған қақтығыспен, жалайырларды Жетісуға көшіруде алатын орнымен байланысты. Ескелді би кесенесінің жанына өзін жерлеуді өсиет еткен Балпық бидің жатқан жері қазіргі кезде тәуап етушілер мен туристердің келетін орнына айналған.
Балпық би кесенесі республикалық маңызы бар тарихи, архитектуралық және монументалды ескерткіш (Республикалық маңызы бар мемлекеттік тарихи және мәдени ескерткіштер тізіміне кірмейді).
Деректер
Балпык Дербісәліұлы // Қазақстан. Ұлтық энциклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 1999. – Т. 2. – 720 б. – Б. 126.
Тогшибаев Б., Сужикова А. Исторические личности. – Алматы: Алматы кітап, 2009. – 310 с. – С. 128.
Балпык Дербісәліұлы // Жетісу. Энциклопедия. – Алматы: Арыс, 2004. – 703 с. - С. 191.