Байзақ батыр кесенесі

Байзақ батыр кесенесі

Жамбыл облысы, Байзақ ауданы

Бастау

Ақпарат

Орналасуы
Жамбыл облысы, Байзақ ауданы
Кезеңі
1850 – 1900
Түрі
Кесене
Түрі
Киелі объектілер

Дереккөздер

  • Қазақстанның киелі орындарының географиясы: Табиғат, археология, этнография және діни сәулет өнері нысандарының тізілімі / Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі Байтанаев Б.Ә. – Алматы: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, 2017. – 1-шығарылым. – 904 б.

Сипаттама

Сарыкемер аулынан солтүстік- шығысқа қарай 4–5 км жерде, Диқан және Сарыкемер ауылдық округтерінің шекарасында, Талас өзенінің оң жағалауындағы биік төбенің үстінде орналасқан (Жамбыл облысы).

Байзақ Мәмбетұлы (1789–1864) – тарихта Байзақ датқа, би, батыр және дулат тайпасының шымыр руының басшысы ретінде танымал. Аңыздарға сәйкес Абылай ханның жақын кеңесшісі, қазақ-жоңғар соғысының белсенді қатысушысы, атақты Мәмбет Құндасұлы батырдың ұрпағы. Байзақ батыр – Жетісу, Оңтүстік Қазақстан өңіріндегі қазақ халқының жоңғарларға қарсы ұлт-азаттық күресіндегі беделді тұлға, бірнеше рет қоқан басқыншылығына қарсы күрестерді басқарған. 1821 ж. кезекті зекет салығын жинағаннан кейін Қоқан хандығы билігінде болған қазақтың Ұлы жүз руларымен – сіргелі, ошақты, ысты, шымыр – және жаныс Тентек-төре басшылығымен (Рүстем Асфендиярұлы) көтеріліске шығады. Т.К. Бейсембиевтің көрсетуі бойынша сұлтанның басшылығымен 12 мың адам жиналған. Көтеріліс жетекшілерінің бірі – Байзақ батыр және оның ағасы Бәйтерек болған. Көтерілісшілер Сайрам бекінісін басып алып, Шымкент және Әулиеата қалаларында өз билігін орнатқан. Дегенмен қарсы шайқаста талқандалған көтерілісшілер екі топқа бөлініп, Сайрам және Шымкент бекіністеріне жасырынады. Ұзаққа созылған қоршаудан кейін бекініс қорғаушылары берілуге мәжбүр болады. Сұлтан Тентек-төре, Байзақ Мәмбетұлы және өзге де қазақ старшындары жыл сайын Қоқандықтарға баж (жол жүру алымы мен салықтар) салығын төлеп тұруға амалсыздан келіседі. Дегенмен қоқан билігі Байзақ Мәмбетұлының ерлігіне құрмет көрсетіп, оны датқа (сөзбе-сөз – әділеттілікке қамқорлық көрсету) дәрежесіне көтеріп, шымыр руының басшысы етіп тағайындайды. ХІХ ғ. 40 ж.ж. Жетісу өңіріндегі Ресей отарлауына және Қоқан басқыншылығына қарсы қазақтардың ұлт-азаттық көтеріліске шығу бастамасын Ұлы жүз қазақтарының көптеген рулары қолдайды. Кенесары хан қолдаушыларының арасында Тойшыбек, Сұраншы, Сыпатай және Байзақ Мәмбетұлы болады. 1841 ж. Байзақ датқа сарбаздары қоқанның Жаңақорған, Жүлек, Ақмешіт бекіністерін жаулап алуына қатысады. Созақ бекінісін қоршауға атсалысқан. Кенесары хан қайтыс болғанға дейін Байзақ датқа бірнеше қазақ сұлтандары және старшындармен бірге тұтқынға түсіп қалады. Тұтқыннан босағаннан кейін де Байзақ датқа туған өлкесіне келіп қоқан билеушілеріне қарсы күресін жалғастырады. Ұзақ уақыт Тойшыбек батыр мен оның ұлы Байсейіттің күресін қолдаса, ал 1858 ж. Шу-Талас өңіріндегі қырғыз отрядымен бірге қоқандықтарға қарсы соғысады.

1860 ж. Жетісудағы патшалық Ресей отарлауының күшеюіне қарсы қоқан әскерінің құрамында қазақ батырлары Сұраншы мен Сыпатайға және т.б. старшындарға қолдау көрсетіп Ұзынағаш шайқасына қатысады. 1860 ж.ж. басында Байзақ датқа жігіттері қырғыз батыры Сарымсақтың тобымен бірге қоқан бекіністері Меркі, Шолаққорған, Әулиеатаны қоршауға қатысып, Талас аймағындағы орыс отрядының алға қарай қарқынды жылжуына ықпал етеді. 1864 ж. өз сарбаздарын ұлы Ақмолданың басшылығымен Әулиеатаға жақындаған орыс әскеріне қолдау көрсетуге аттандырады. Оны біліп қалған қоқан басшылары 75 жасар Байзақ датқаны ұстап алып, зеңбіректің аузына байлап атып, денесін күлпарша етіп, аяусыз жазалайды. Халық арасында үлкен құрметке ие болған батырдың өлімі туралы хабар өңірдегі ұлт-азаттық күрестің бұрқ етуіне әкеледі. Оның ұлы Ақмолда 1000 жігітпен полковник М.Г. Черняевтің әскеріне қосылып, Шымкентті қоршауға белсене қатысады.

Ауызша мәліметтер бойынша, батырдың өлімінен кейін туыстары оның тек екі саусағын ғана таба алған. Байзақ датқа мүрдесінің қалдықтарын ежелгі обаның орнына, биік төбеге жерлеген. Сол уақыттан бері бұл төбені халық арасында «Байзақ сөресі» деп атайды. Батыр зиратының төбесіне туыстары қам кірпіштен мазар тұрғызған, ол ХХ ғ. басында толығымен қирап кеткен. 2000 ж. Байзақ датқа Мәмбетұлы жерлеген орынның үстіне сәулетші А. Момынжановтың жобасы бойынша жаңа күмбез тұрғызылады. Ғимарат жаңа құрылыс материалдарынан салынғанына қарамастан (монолитті темір бетон, қаптама өңделген кірпіш), кесененің сәулеттік безендірілуі аймақтың кейбір діни-ғұрыптық дәстүріне сәйкес келеді. Көлемі шағын болғанымен, орналасқан жеріне байланысты кесене үлкен болып көрінеді. Биік төбеде орналасқан кесене, алты қырлы, бойлық өсі бойынша созылып жатыр. Дөңгелек пішіндегі ғимарат күмбезі биік барабанға орналасқан. Негізгі күмбез шағын күмбезбен және жарты ай бейнесімен аяқталады. Кесененің басты фасады енсіз портал және аркалы кіреберіс тамбурмен безендірілген. Төрт бүйір фасадтарында терезе ойықтары орналасқан. Сыртқы қабырғалары – оймышты кірпіштен жасалған панно. Ал жіктері сөгілген өрнекті қалау әдісімен ашық түсті хорезмдік кірпішпен қапталған. Ғимарат ортасында ескі жерлеуден қалған қам кірпіш пен граниттен мемориалдық тақтаны қолданып жасаған 0,9 м биіктіктегі құлпытас қойылған. Кесененің айналасында металдан жасалған қоршау орнатылған. Обаның етегінен кесенеге дейін кең бетонды баспалдақтар алып барады. 1998 ж. Сарыкемер ауылының шыға берісіндегі үйілген биік төбешікке Байзақ Мәмбетұлының ескерткіші қойылады (сәулетші Ж. Молдабаев). Батырдың мүсін ескерткіші қызғылт-сұр граниттен тұрғызылған. Ескерткіштің биіктігі – 4,2 м. Қызыл гранитпен қапталған тұғырдың биіктігі – 2 м.

Байзақ датқа Мәмбетұлының есімі ХІХ ғ. ұлт-азаттық қозғалыстар тарихында ерекше орын алады. Бірнеше онжылдықтар бойы ол өз өмірін Шу-Талас өңіріндегі қазақ халқының тәуелсіздігі үшін болған күреске арнайды. Байзақ датқа жергілікті аймақтың жағдайын жақсартуға зор үлес қосты. Ол суландыру каналдары жүйесін құруға үлкен көңіл бөліп, өзінің басшылығымен және ұлдарының көмегімен көптеген арналар қазылған. Олардың көпшілігі батырдың жақын туыстарының есімдерімен аталады. Сонымен қатар батыр өлкенің рухани дамуы мен білім беру ісіне аса назар аударған. Оның тікелей басшылығымен бірнеше мешіттер тұрғызылып, кеңес билігі орнағанға дейін қызмет етіп тұрған. Оның есімі – Жамбыл облысы мен одан тыс аймақтарда ерекше құрметке ие. Кезінде Жамбыл Жабаев Байзақ батыр ерлігін дәріптеп жырға қосқан.

Деректер

Бейсембиев Т.К. Южный Казахстан в конце XVIII – первой трети XIX в. // История Казахстана с древнейших времен до наших дней. В пяти томах. – Алматы: Атамура, 2000. – Т. 3. – 768 с. – С. 278–296.

Бекмаханов Е. Казахстан в 20–30 годы XIX века. – Алма- Ата: Қазақ университеті, 1992. – 400 с. – С. 151–168, 313–340.

Ерофеева И.В. Могилы батыров // От Алтая до Каспия. Атлас памятников и достопримечательностей природы и культуры Казахстана. В 3 томах. – Алматы, 2011. – Т. 2. – 728 с. – С. 340–354.

Махаева А.Ш. Қазақ-қырғыз байланыстарының тарихы (XVIII ғасырдың екінщі жартысы – XX ғасырдың бас кезі). – Алматы: Ценные бумаги, 2007. – 357 б.

Карта

Фотогалерея

Бөлісу