Бәйдібек баба кесенесі

Бәйдібек баба кесенесі

Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы

Бастау

Ақпарат

Орналасуы
Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы
Кезеңі
1996 – 1998
Түрі
Кесене
Түрі
Монументтік өнер құрылыстары

Дереккөздер

  • Қазақстанның киелі орындарының географиясы: Табиғат, археология, этнография және діни сәулет өнері нысандарының тізілімі / Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі Байтанаев Б.Ә. – Алматы: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, 2017. – 1-шығарылым. – 904 б.

Сипаттама

Бәйдібектің өмірі мен даңқты ерліктері қазақ шежіресі мен бірегей халық ауыз әдебиетінің беттерінде бейнеленген. Бірқатар деректер бойынша ол біздің заманымыздың VI–VII ғ.ғ. өмір сүрсе, келесі бір деректерде одан кейінгі кезең көрсетіледі. Орта ғасыр мен жаңа заман тарихын зерттеуші көптеген ғалымдар (М.Х. Дулати, Н.А. Аристов, Н.Я. Бичурин, Ш.Ш. Уәлиханов, Л.Н. Гумилев және т.б.) Бәйдібек баба туралы өздерінің құнды зерттеулерін қалдырды.

Көрсетілген еңбектер мен өзге де деректер бойынша Бәйдібек Қарашұлы ежелгі үйсін бірлестігіне кіретін қазақтың албан, суан, дулат, сары үйсін, шапырашты, ысты және ошақты ру-тайпалық тобының арғы бабасы болып табылады. Аталған рулардың қазақ этносының қалыптасуында маңызды рөл атқарғандығы белгілі. Оның өмірі, қоғамдық қызметі мен шығармашылығын зерттеуші көптеген ғалымдардың ойынша, атақты би Ташкент қаласында дүниеге келген.

Бәйдібек баба – заманында өзіне қарасты руластарын біріктіре білген тарихи, атақты тұлға. Ол халық жадында Отан қорғаушы, әділ би, білікті қолбасшы және халықтың танымал көшбасшысы ретінде қалды.

Ол бірегей табиғи дарынының, аталарынан қанмен берілген парасатының арқасында қарапайым малшыдан Даланың ұлы биі дәрежесіне дейін көтерілген. Би өзінің әділдігі және даналығымен ерекшеленіп, қазақ даласына даңқы жайылған. Оны халық түрлі ғылым саласында терең білімді, тура шешімді тұлға ретінде есте сақтап қалған. Бәйдібек Қарашұлы Жетісудан Арысқа дейінгі аралықта, Ташкент пен Қаратау тау бөктерін мекендеген көптеген қазақ руларын басқарған.

Замандастары оны басты қамқоршы ретінде ерекше құрметтеген. Бізге жеткен деректер бойынша ол өз заманының ірі тұлғаларының бірі, өзінің кедейленген руластарына малының бір бөлігін үлестіріп көмек көрсетіп отырған. Бәйдібек баба – қазақ халқының бірлігі мен даналығының нышаны. Бәйдібек баба шежіре бойынша үш некелі болыпты. Бірінші әйелі – Сары бәйбішеден Байтоқты есімді ұлы болған. Одан Түргеш (Сарыүйсін) тараған. Екінші әйелі – Зеріптен туған Жаламбеттен Шапырашты, Ошақты, Ысты тарайды. Үшінші әйелі – аты алты арысқа белгілі, әулие Домалақ ана. Оның шын аты Нүрилә. Домалақ анадан ел ішінде Жарқыншақ (Жарықшақ) атанып кеткен Тілеуберді туылған. Сол Жарқыншақтан Албан, Суан, Дулат рулары тарайды. Осы аталар ертедегі ру тайпаларға ұласып, қазақ халқының ел болып қалыптасуына үлкен үлес қосқан. Бәйдібек бабаның Сары бәйбішеден туған жеті ұлының Байтоқтыдан басқа алтауы соғыста қайтыс болып, Қаратаудың күнгейіндегі Қошқарата өзенінің бойына жерленген. Ел ішінде сол аймақ «Алты сары бас» деген атаумен белгілі. Бәйдібек баба мәйіті Балабөген өзенінің жағасына жерленген.

Бабаның есімі бүгінгі және келер ұрпақтарының жадында мәңгілікке сақталады. 1996 ж. Оңтүстік Қазақстан облысының бұрынғы Алғабас ауданы Бәйдібек баба құрметіне Бәйдібек ауданы болып өзгертілді.

Оның атақты ұрпақтарының бірі – Ұлы Дала кемеңгері, үш жүздің басын біріктіруге мұрындық болған, қоғам қайраткері, шешен, төбе би, қазақтың біртуар ұлы Төле би.

1996–1998 ж.ж. бабаның Қарахан дәуірі үлгісіндегі бұрынғы кесенесінің орнына жаңа кесене тұрғызылып, Қасиетті бес ана (Марау (Сары бәйбіше), Зеріп, Жұпар, Қарашаш және Сыланды) тарихи ескерткіш кешені салынады. Кешеннің бас сәулетшісі Ғ.С. Садырбаев. Кесене құрылысы барысында Оңтүстік Қазақстан мен Орталық Азиядағы ең үздік құрылыс жабдықтары қолданылған.

Бәйдібек кесенесінің құрылысын салуға Самарқанд, Ташкент, Сайрам және Шымкент қалаларының атақты шеберлері қатысқан. Белгілі болғандай, кесененің ғибадат ету бөлмесіне мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен салмағы алты тонна болатын, әдемі ақ мәрмәрдан бесік тәріздес сәулетті сағана орнатылған. Бәйдібек бабаның есімін ұрпақтар жадында мәңгілікке сақтау мақсатында 2012 ж. Шымкент қаласының батыс шетіндегі биік беткейге биіктігі 10 м, салмағы 9 тонна болатын алып қола мүсіні оратылады. Ескерткіштің астындағы мәрмәр таспен қапталған тұғырындағы тақтаға «Еліміздің іргесін бекітіп, ұлы мемлекет құру барысында ұлы бабамыз Бәйдібек ханның аруағы баршамызды қолдап жүрсін!» деген Елбасы Н. Назарбаевтың сөзі жазылған.

Балабөген өзенінің бойындағы Бәйдібек баба кесенесі республикалық маңызы бар тарихи-мәдени және сәулет ескерткіші ретінде, мемлекет қорғауында.

Деректер

Байтанаев Б.А., Ёлгин Ю.А. Культовая архитектура Южного Казахстана: Архитектурно-археологические исследования памятников позднего ислама. – Алматы: Институт археологии им. А.Х. Маргулана, 2013. – 302 с.

Бәйдібек баба – алып Байтерек. – Алматы: Онер, 2004. – С. 992.

Казахи. Популярный справочник. Исторические личности. В 9 тт. – Алматы: Казахстан даму институты, 1998. – Т. 2. – 533 с. ‑ С. 300–301.

Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: Аруна, 2006. – 768 с.

Қазақстан ұлттық энциклопедия. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 1999. – Т. 2. – 719 б.

Турысов Е. Бәйдібек. – Алма-Ата, 1992.

Карта

Фотогалерея

Бөлісу