Аққайнар петроглифтері

Аққайнар петроглифтері

Алматы облысы, Жамбыл ауданы

Бастау

Ақпарат

Орналасуы
Алматы облысы, Жамбыл ауданы
Кезеңі
3300 б.з.д. – 1400
Түрі
Петроглиф
Түрі
Археология ескерткіштері

Дереккөздер

  • Қазақстанның киелі орындарының географиясы: Табиғат, археология, этнография және діни сәулет өнері нысандарының тізілімі / Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі Байтанаев Б.Ә. – Алматы: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, 2017. – 1-шығарылым. – 904 б.

Сипаттама

Қола дәуірі, ерте темір ғасыры және түрік кезеңінің петролифтері. Ескерткіш «Шилібастау-Горный » автожолынан солтүстікке қарай 15-17 км жерде, Құлжабасы жотасында орналасқан (Алматы облысы, Жамбыл ауданы). Нысанның атауы Құлжабасы тауының шығыс бөлігінде орналасқан таза суы бар бұлақпен байланысты. Аққайнар жартас суреттері бірнеше ондаған шақырым аумақты алып жатыр. Бұл жерден ежелгі қола дәуірі мен ерте темір кезеңінің көптеген қоныстары мен қорымдары табылған.

Таңбалыдан басқа ешбір жартас өнері ескерткіштерінде Аққайнар шатқалындағы сияқты ежелгі тұрғындардың дүниетанымы мен мифологиялық түсініктері жайлы алуан түрлі ақпарат жоқ. Бұл – Жетісудағы біршама ежелгі ескерткіштердің бірі болып табылады. Петроглифтердің киелі сипаты культтік сюжеттер санының жеткілікті болуымен: күнмен байланысты кейіпкерлер бейнесі, қола дәуірінің өзінде-ақ болған қасқыр мен бұқа культі; фаллос және өніп-өсу культін суреттейтін бейнелермен дәлелденеді. Мүйізінде билеп жүрген адамдар бейнеленген бұқа бейнесі, қасқыр бетперделі аңшылар, күн басты кейіпкерлержәне басқа да культтік көріністер айтарлықтай маңызды болып табылады. Бұл Аққайнар петроглифтерінің бірнеше мыңдаған жылдар бойында Жетісудың ежелгі тұрғындары үшін киелі аймақ болғанын көрсетеді.

Ескерткішті 2008 ж. Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының экспедициясы (А.Н. Марьяшев) ашты. Петроглифтердің көп бөлігі б.з.д. ІІ мыңжылдықта, қола дәуірінде салынған. Кеуіп қалған өзен салаларының бойындағы жартастарда ірі өлшемдегі сирек кездесетін петроглифтер сақталған. Суреттің көп бөлігін бүгінде жойылып кеткен тур бейнелері құрайды. Олар өзіндік өрнегі мен мұқият қашалып түсірілуімен ерекшеленеді: жануардың денесі бойынша нүктелер мен сызықтар жүргізілген. Кейбір бейнелердің мүйізі сақина тәрізді иілген немесе шектеспейтін сақина тәріздес. Кейде бұқалардың мүйіздерінен сақина немесе күнге байланысты символдар көрінеді. Олардың ішінен ұзын мүйізді бұқа денесін және денесінің бойымен тігінен жолақтар түсірілген өрнектері бар түрлерін ерекше бөліп көрсетуге болады. Суреттің бірі жартастың биік, жетуге қиын жерінде салынған, екі жұп мүйізі бар бұқаның көлемі үш метрден асады. Ұзын келген мүйіздерінің ұшында төрт адам фигурасы – о дүниеліктер бар.

Басында дискілері бар адамдардың бейнесі салынған суреттерді бірегей деп есептеуге болады. Бұл «ай басты» немесе «күн басты» кейіпкерлер. Бастарына қасқырдың бетпердесін киген адамдардың бейнесі ерекше қызығушылық тудырады. Мұнда жабайы жылқылар, ешкілер және т.б. айтарлықтай көп бейнеленген. Түйе салынған суреттер аз. Кейбір жерлеріне құландардың бейнесі салынуы мүмкін. Мамандардың мәліметтері бойынша қазба кезінде қоныстардан жиналған сүйектердің арасында құлан сүйектері аз мөлшерде кездескен. Көптеген бейнелер жаңғыртылған, олар тотығу түсі бойынша ерекшеленеді. Жаңартылғандары әр түрлі уақыттарда жүргізілген.

Деректер

Байпаков К.М., Марьяшев А.Н. Петроглифы Ак-Кайнара. – Алматы: Credos, 2009. – 104 с.

Бейсенов А.З., Марьяшев А.Н. Петроглифы раннего железного века Жетысу. – Алматы: Институт археологии им. А.Х. Маргулана, 2014. – 156 с.

Марьяшев А.Н., Гумирова О.Н. Волки на скалах // Номад. – 2011. – № 2 (38). – С. 125–130.

Марьяшев А.Н., Железняков Б.А. Древности Кулжабасы. – Алматы: Институт археологии им. А.Х. Маргулана, 2013. – 150 с.

Карта

Фотогалерея

Бөлісу