Ақкөл-Жайылма тарихи-мәдени аймағы

Ақкөл-Жайылма тарихи-мәдени аймағы

Павлодар облысы, Екібастұз ауданы

Бастау

Ақпарат

Орналасуы
Павлодар облысы, Екібастұз ауданы
Кезеңі
0

Дереккөздер

  • Қазақстанның киелі орындарының географиясы: Табиғат, археология, этнография және діни сәулет өнері нысандарының тізілімі / Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі Байтанаев Б.Ә. – Алматы: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, 2017. – 1-шығарылым. – 904 б.

Сипаттама

Өлеңті және Шідерті өзендерінің төменгі ағыстарының өзен аралығында орналасқан (Павлодар облысы, Екібастұз ауданы). Ақкөл- Жайылма Сарыарқаның далалы аймағындағы өзіндік ерекшелігі мен бай табиғаты бар аймақ болып табылады. Көктемде Өлеңті және Шідерті өзендерінің суларымен толысатын өзен аңғары мал шаруашылығына қажетті нәрлі шөптер мен өсімдіктерге бай.

Бұл аймақ туралы ақпарат Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы қолжазбаларында кездеседі. Мәшһүр Ақкөл-Жайылманы қасиетті тұлғалар дүниеге келген аймақ ретінде сипаттайды. Ақкөл- Жайылма тарихын этнографтар Ж. Артықбаев, Ә. Жәнісов, тарихшы Г.Б. Нұрахметова, ал Әулиекөл кешенін Т.Н. Смағұлов зерттеді. Аймақ туралы материалдар, жарияланымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарында көрініс тапты.

Ақкөл-Жайылма топонимі М.Ж. Көпейұлы еңбектерінде және «Қозы көрпеш – Баян сұлу» халықтық эпосында, Алтай туралы аңызда кездессе, аймақтың сипаттамасы «Қырғыздардың жерді пайдалануы бойынша материалдар» атты еңбекте беріледі. Аймақ әртүрлі дәуірлердің тарихи мұрасында берілген. «Қырғыздардың жерді пайдалануы бойынша материалдар» еңбегінде аймаққа қатысты төмендегідей топографиялық сипаттама беріледі: «Аймақта бірнеше тұщы көлдер бар, әсіресе, оның оңтүстік жағында, Өлеңті және Шідерті өзендері аяқталып, Жалаулы өзені бастау алып, осылай аталатын көлге құяды». Аймақтың «Ақкөл» деп аталатын оңтүстік бөлігі мен «Жайылма» делінетін солтүстік бөлігінің басым аумағын көктемде су басып, 15- 20 күн бойы сақталатын кең ойпат алып жатыр. Су қайтқан соң аумақта қарасу, ұсақ көлдер, ағыстар пайда болып, олардың көпшілігі жазда тартылады».

Қазіргі археологиялық қазбалар мәліметтері Ақкөл-Жайылма аймағы мәдени- тарихи маңызы бар нысан екенін дәлелдейді. 2004 ж. Қаражар ауылынан 2 км жерде Ақкөл (Әулиекөл) көлінің бойында ескі қазақ зираты ішінен кесене қалдықтары табылады. XIV ғ. мерзімделетін кесене Сарыарқа аумағындағы ірі археологиялық құрылыстардың бірі болып табылады. Жерлеу рәсімі XIV–XVI ғ.ғ. тән, мұсылмандық дәстүрге сәйкес және исламға дейінгі жерлеу элементтерімен ерекшеленеді. Ислам белгілері ағаш табыттардан, қосарланған аз көлемдегі мүкәммалдың болуынан, құрбандыққа шалынған азық қалдықтарының, отқа табынудың жоқтығынан анық көрінеді. Ортағасырлық билеушінің орда-базарында дінбасылар, емшілер, қолөнершілер, қызметшілер, күзетшілер, саудагерлер инфрақұрылым өкілдері ретінде қызмет етті.

Ж. Артықбаев араб саудагері Хасан ар- Румидің Ақкөл шағын қалашығы туралы беретін төмендегі мәліметтерін келтіреді: «Намаз кезінде астроном Масудпен кездестім. Біз оны астрономиялық құралдар арқылы оның 4,5 сағаттан артық уақытқа созылатынын анықтадық. Дешті Қыпшақта ең қысқа түн болатын жерді білдік. Мысалы, Ақкөл шағын қалашығында ең қысқа түн үш жарым сағатқа созылады, яғни Бұлғар түнінен бір сағатқа қысқа болып келеді». Бірақ, бүгінгі күнге дейін Ақкөл-Жайылма аймағында қала қонысы туралы мардымды мәліметтер жоқ. Археологиялық қазба жұмыстары кезінде алтынордалық тиындардың табылғандығы, бұл аймақта тауар-ақша қатынастарының дамығандығын растайды. Әулиекөлден барлығы 8000 жуық артефакт табылды. Күйдіруге арналған пештердің табылуы қолөнердің дамығанын дәлелдейді. Өзеннен су алуға арналған дөңгелекке бекітілген ыдыс – шығырлар суармалы егіншіліктің дамығанын растайды. Балық аулашылықтың дамуын кірпіштегі балықтың суреттері және ауға арналған керамикалық ауыртпалықтар көрсетеді. Сонымен, Әулиекөл археологиялық кешені аймақтың (XIV–XV ғ.ғ.) билеушілерінің жазғы ордасы болды. Діни-рәсімдік инфрақұрылымның тұтас кешенінің пайда болуы дала элитасы арасында исламдық дәстүрдің кең таралуымен тығыз байланысты.

Ж. Артықбаевтың пікірінше, Ақкөл-Жайылма Ақ Орданың, кейін Көк Орданың билеуші әулетінің саяси орталығы, Шибан ұрпақтарының жазғы ордасы болды. Жалпы, бұл айтылған пікірлердің ғылыми негізі бар деп айтуға болады. Өйткені, XIII ғ. Ертіс өңірінің Жошының үлкен ұлы – Орда Ежен ұлысына енгені белгілі. Халық арасында айтылған әңгімелерден бұл жердің қасиетті екендігі Шыңғыс хан ұрпақтары арасында исламдық дәстүрдің орнығуы мен дала элитасының мұсылмандық кесенелерінің тұрғызуына байланысты болуы мүмкін. Қазақтардың Шыңғыс хан ұрпақтарымен байланысты жерлерді қасиетті деп қарағанын атап өткен жөн. Шыңғыс хан ұрпақтары Көк тәңірінің қамқорлығында болатынын, олардың киелі екендігін атап көрсетеді. Мысалы, аңыздарда Абылай ханның әулиелігі мен қасиеттілігі туралы жиі айтылады. Бұл, белгілі бір дәрежеде, тәңір құты қонған деген исламға дейінгі наным- сеніммен байланысты болды.

XVIII–XIX ғ.ғ. Ақкөл-Жайылма аймағының атағы қасиетті жер ретінде кең таралады. Бұл исламды уағыздаушы белгілі тұлғалардың қызметімен байланысты. XIX ғ. Ақкөл көлінің айналасындағы жердің қасиеті туралы өлкетанушы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы:

«Дүниеден жақсы да өтті, жаман да өтті,

Бір бізден ақыр тиыш кетті.

Әулиелі Ақкөлді мекен еткен,

Сөйлейін бір асыл зат гауһар текті» – деп жырлаған.

Бұл жыр шумақтарын Мәшһүр Жүсіп исламды уағыздаушы, көрнекті хазірет Исабек ишанға арнаған. Ақкөл-Жайылманың киелі аймақ ретінде орнығуы асыл сүйек саналатын «қожадан» шыққан бір топ ишандар мен хазіреттердің есімдерімен байланысты. Аймақта, Ертістің Павлодар өңірінде исламды алғаш уағыздаушылардың ұрпақтары Исабек ишан Хазірет, Жандарбек қожа кесенесі, Түйте әулие ескерткіші бар.

Бұл аймақты Қазақ хандығының саяси орталықтарының бірі ретінде қарастыру орынды. Бұған орыс офицерлерінің хаттары дәлел. XIX ғ. басында Ақкөл-Жайылмада Барақ сұлтанның ұлы Бөкей Орта жүз ханы болып сайланды. Ақкөл-Жайылмада көрнекті сұлтандар мен рубасылары жиналған. Дербес Сібір корпусының басшысы генерал-лейтенант Глазенаптың Шаншар Сұлтанмамедұлы сұлтанға былай деп жазғаны бар: «Мәртебелі сұлтан, Сіздің қолдау көрсеткеніңіз үшін алғысымды білдіремін, осы мамыр айының 30 күні Жайылма көліне Бөкей ханды рәсімдеу үшін келетінімді хабарлаймын».

Ертістің Павлодар өңірі халқының санасында Ақкөл-Жайылма аймағы тарихы терең, рухани дәстүрге бай қасиетті жер. Бұл жерде орналасқан көптеген киелі нысандар көпшілік жиналатын орындарға айналды.

Деректер Ақкөл–Жайылма: [деректі публицистикалық шығарма]. Ред. Е.М. Арын. – Павлодар: ЭКО, 2012. – 308 б.

Артықбаев Ж. Ақкөл–Жайылма – хандар мекені // Сарыарқа самалы, 2017, 17 тамыз.

Артықбаев Ж.О. Ақкөл–Жайылма – хандар мекенi: (Шайбан ордасының құпиясы) // Артықбаев Ж.О. Қазақ тарихы мен этнологиясының мəселелерi. – Павлодар, 2007. – Т. 1. – 300 б. – 157–188-бб.

Артықбаев Ж.О. Ақкөл–Жайылмадағы этномəдени зерттеулер // Ж.О. Артықбаев, А. Ерманов, Ə. Жəнiсов // Қазақ тарихы. – 2005. – № 1. – 17–22-бб.

Артыкбаев Ж. Сакральные места: загадка святого озера Акколь [Электронный ресурс]. URL: http://e-history. kz/ru/publications/view/3258 Артықбаев Ж. Хорезм Хəкімі Аққұсайынның Ақкөл– Жайылмаға қол бастап келуінде не сыр бар // Мəдени мұра. – 2017. – № 2 (71). 32–39 -бб.

Әміренов Ә.Д. Мәшһүр-Жүсіп Көпеев шығармаларындағы Исабек ишан тұлғасы // Вестник ПГУ. Сер. филол. – 2013. – № 1. – 38–48-бб.

Бықай Ф. Ақкөлдің бойындағы Ақ кесене // Сарыарқа самалы, 2012, 6 наурыз.

Жəнiсов Ə. Жайылымы жайлы Ақкөл–Жайылма: (Екiбастұз ауылдық аймағындағы 2006 жылғы тарихи-этнографиялық, археологиялық зерттеулер) // Сарыарқа самалы, 2007, 9 қаңтар.

Жұматов Ғ. Мәшһүр-Жүсіп және Исабек ишан // Шаһар, 2012, 6 шілде.

Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы. Шығармалары. 20-томдық жинақ. – Павлодар: ЭКО ҒӨФ, 2008. – 11 т. – 360 б. – 289–294-бб.

Нурахметова Г.Б. Традиционная потестарная организация казахов субрегиона Акколь–Жайылма в XVIII– начале XX в. // Вестник КарГУ. Сер. ист. – 2010. – С. 24–28.

Сарбалаев Ж.Т., Сарбалаева Е.Ж. Мәшһүр-Жүсіп шығармаларындағы Исабек ишан бейнесі // Вестник ПГУ. Сер. филол. – 2011. – № 2. – 72–81-бб.

Сахаба Т. Исламдағы ұстаздың орны немесе Мәшһүр- Жүсіптің «Исабек ишан» жоқтауы туралы // Сарыарқа самалы, 2014, 17 мамыр.

Смагулов Т.Н., Жанисов А.Т., Казизов Е.С. Исследования на археологическом комплексе Аулиеколь // Отчет об археологических исследованиях по Государственной программе «Культурное наследие» в 2008 г. – Алматы, 2009. – С. 228–231.

Щербина Ф.А. Материалы по киргизскому землепользованию, собранные и разработанные экспедицией по исследованию киргизских областей. В 12 томах. – Воронеж: Типография В.И. Исаев, 1903. – Т. 4. Семипалатинская область. Павлодарский уезд. – 708 с.

Карта

Фотогалерея

Бөлісу