Алып ана қорымы

Алып ана қорымы

Атырау облысы, Қызылқоға ауданы

Бастау

Ақпарат

Орналасуы
Атырау облысы, Қызылқоға ауданы
Кезеңі
1301 – 1600
Түрі
Қорым
Түрі
Қала құрылысы және сәулет ескерткіштері

Дереккөздер

  • Қазақстанның киелі орындарының географиясы: Табиғат, археология, этнография және діни сәулет өнері нысандарының тізілімі / Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі Байтанаев Б.Ә. – Алматы: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, 2017. – 1-шығарылым. – 904 б.

Сипаттама

Атырау облысы Қызылқоға ауданы Сағыз ауылынан (бекетінен) 9 км оңтүстік- шығыста, Ақтөбе облысымен шекаралас жерде орналасқан (Атырау облысына жатқызылатын қорымның аумағы бойынша бөлінеді). Ескерткіш Сағыз өзенінің орта ағысының сол жақ жағалауында, оның тармақтары бірінің оңтүстігінде орналасқан.

Ескі қорымның эпонимі зираттың батыс жағына, шырақ және қадамен белгіленген жерге жерленген батыр қыз/әйелмен (алып) байланысты шыққан. Әуелде мұнда күйдірілген кірпіштен қаланған кесене болған болуы керек. Бірақ бүгінде оның тек тікбұрышты жоспардағы ізі ғана сақталған. Алып ана туралы аңыз нұсқалары жергілікті қазақ тұрғындары арасында баяғыдан белгілі. Олардың бірі бойынша (Б. Аманшин, 1948 ж. келтірген нұсқасында) Алып ана қыз Түкті ата жігіттің сүйіктісі болған, «ата-анасы тыйым салғандықтан, тірі кезінде оларға бірге болу бұйырмаған», сондықтан олар өз-өздеріне қол жұмсап, жақын жерде, Сағыздың екі жағасында («көзі тірісінде бір-біріне жақын бола алмаса да, дүниеден өткеннен кейін жақын жерде») жерленген. Қазір мұндағы аттас бейітте «атам заманнан» бері келе жатқан екі әдемі кесене тұр. Келесі бір аңыз бойынша (өлкетанушылардың Мұқыр ауылында 1990 ж. қайтыс болған А. Рысмұқановтан жазып алынған), Алып ана (немесе Шашты әзіздің перизаты) осы аймақта аты аңызға айналған тұлға Түкті атаның (Баба түкті) жұбайы және тарихтағы әмір Едігенің анасы болған. Әрі қарай Едіге батыр туралы эпостық аңыздың желісінде, оның Сырдарияда дүниеге келуі, Тоқтамыспен шайқасқа түсуі, одан соң шыңдыққа негізделген Алтын Орда билеушісі болуы баяндалады.

Бұл аңыздар, Алып ана қорымынан табылған ортағасырлық үлгідегі күйдірілген төртбұрышты кірпіштердің қалдығы (сондай- ақ кейінгі кездердегі қазақ ескерткіштерінде де қолданылған) кешеннің ең ерте мерзімін анықтауға негіз болады, алайда оны археологиялық зерттеулер ғана нақтылап дәлелдеуі мүмкін. [Ер Едігенің ата-анасы Алып ана мен Түкті ата жайлы аңыздарға байланысты және бейіттегі көрсетілген эпонимдерге сәйкес, соңғы кездері Ер Едігенің жерленген орны Сағызда болуы мүмкін екендігі туралы болжамдар зерттеушілер арасында кеңінен талқыланып жүр. Бұл болжам нақтырақ айқындалса да, әзірше ол туралы жанама пікірлер басым болып отыр (соның ішінде Сағыз бекетінен шығысқа қарай 20 км жерде «Едіге бейітінің» топокартада көрсетілуі) және бұл – кешенді этноархеологиялық тұрғыдан тиянақты зерттеулерді талап етеді. Көптеген ғалымдардың соның ішінде Ш. Уәлихановтың пікірінше, Алтын Орда түменбасы, атақты әмір Едіге Орталық Қазақстанда – Ұлытауда жерленгенін атап өту қажет.

Сонымен қатар қорымның Алып ана аталуы күресте өзін жеңген адамға ғана тұрмысқа шығуды қалаған батыр қыз туралы орта ғасырда түркі халықтары арасында кеңінен тараған аңызға байланысты болуы да мүмкін. Бұл бейне қазақ эпостарында Дариға деген атпен беріледі. Жалпы алғанда, кешен эпонимиясының осындай «гендерлік» бағытта болуы ескерткіштің белгілі дәрежеде «әйел» ескерткіші екенін дәлелдейді.

Олай болса, Түкті ата бейіті секілді Алып ана зираты да Ембі-Сағыз аудандары мен Алтын Орданың (Жошы ұлысы) өмір сүрген дәуірі мен құлауы кезеңіндегі Қазақстанның далалық тарихындағы оған іргелес аймақтардың маңызды оқиғаларын куәландыратын тарихи аңыздармен байланысты. Ескерткіш жақын жатқан Атырау және Ақтөбе облысы тұрғындары арасында танымал болғандықтан, бүгінгі күнге дейін пайдаланып келеді және аса көрнекті тарихи-мәдени және тарихи- архитектуралық нысаны болып табылады. Сонымен бірге ескерткішті сақтау-қалпына келтірудің, археологиялық зерттеулер жүргізудің және аймақтық деңгейде туристік бағыттарға енгізудің келешегі зор. Нысан – жергілікті маңызы бар сәулет өнері ескерткіші мәртебесіне ие. 2011 ж. желтоқсанда Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті бекіткен «Туристік қызығушылық тудыратын нысан ретінде тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне» енгізіледі.

«Қазақстан археологиялық картасының» мәліметтері бойынша (367-б.), Алып ана қорымын 1950 ж. А.Х. Марғұлан зерттеген. 1979–1980 ж.ж. Қазақстан Мәдениет министрлігі экспедициясы ескерткішке алғаш рет кешенді зерттеу жүргізеді (жетекшісі С.Е. Әжіғали). 2004 ж. Батыс Қазақстандық кешенді этноархеологиялық экспедициясы қорымдағы зерттеу жұмыстарын жалғастырады (жетекшісі С.Е. Әжіғали, топ басшысы Р.А. Бекназаров).

Алып ана қорымы Сағыз өзені алқабындағы ең ірі мемориалдық сәулет өнері кешендерінің бірі болып табылады(250-ге жуық нысан тіркелген). Ол негізінен құмды-әктасты тақталардан тұрғызылған XIX ғ. екінші жартысы–XX ғ. басына жататын ескерткіштерден тұрады. Бұл – ең алдымен, тақта кесенелер. Олардың құрылымы құрылыстардың мына түріне тән: қабырғаларының сыртына блоктар қаланса, ішкі жағы тақталардың сынықтарымен толтырылған. Төбе жабындысындағы болмашы (жалған) күмбезі өтпетоғыстарға негізделсе, сырты ұшында сүмбісі бар дуылға түрінде орындалған. Қазақтың халық сәулет өнерінің үздік үлгісі болып табылатын ХІХ ғ. үшінші ширегіне жататын алты қырлы фасадты ескерткіш ерекше қызығушылық туғызады. Қорымда уақыты шамамен ХІХ ғ. екінші жартысына жататын күйдірілген кірпіштен қабырғалары қиғаш қаланған шағын кесенелер түрі сирек кездесетінін атап өткен жөн. Оларға материал ретінде ескі кесененің кірпіштері пайдаланылған тәрізді. Алып ана сағанатамдары үшін әдеттегі құрылым мен қарапайым сәндік шешім тән. Олар ереже бойынша батыс жағынан стела-құлпытастардың орнатылуымен толықтырылған. Мемориалдық архитектураның шағын түрі негізінен әр түрлі құлпытастардан тұрады. Олардың бірсыпырасына «әйелдердің» атрибуты: әшекейлер, мәсі, өкшелі аяқ киім және т.б. бедерленіп бейнеленуі қорымның «негізін салушы» әйел деген аңызбен жақсы үйлеседі. Алып ана қорымында негізінен кете және адай руларының өкілдері жерленген.

Деректер

Аджигалиев С.И. Генезис традиционной погребально- культовой архитектуры Западного Казахстана (на основе исследования малых форм). – Алматы: Ғылым, 1994. – 260 с.

Ажигали С.Е. Архитектура кочевников – феномен истории и культуры Евразии (памятники Арало-Каспийского региона). – Алматы: НИЦ «Ғылым», 2002. – 654 с.

Ажигали С.Е. Выдающиеся памятники архитектуры Актюбинской области: Фотовыставка. Научно- информационное издание. – Алматы–Актобе, 2015. – 52 с.

Әжіғали С. Алып-ана қорымы // Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. – Алматы, 1998. – Т. 1. – 720 б. – 323– 324-бб.

Аманшин Б. Сообщение о памятниках древности на территории Западных областей Казахстана. 1948 // Архив Института археологии КН МОН РК (б. Архив отдела археологии ИИАЭ), инв. № 10. – С. 1–6.

АКК. – Археологическая карта Казахстана: Реестр / Сост. Е.И. Агеева, К.А. Акишев и др. – Алма-Ата: Изд-во АН КазССР, 1960. – 449 с. с ил. и карт.

Асанов Ж., Сәңкібаев М. «Алып ана қорымы» // Ана тілі (газ.), 2016, № 12 (25 наурыз).

Карта

Фотогалерея

Бөлісу