
Ақпарат
- Орналасуы
- Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы
- Кезеңі
- 1869 – 0
- Түрі
- Оба
- Түрі
- Киелі объектілер
- Авторлар
- Жанқадамов Фараби Ғалымжанұлы
Дереккөздер
- Қазақстанның киелі орындарының географиясы: Табиғат, археология, этнография және діни сәулет өнері нысандарының тізілімі / Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі Байтанаев Б.Ә. – Алматы: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, 2017. – 1-шығарылым. – 904 б.
Сипаттама
Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Есенсай ауылдық округіне қарасты Тайлан қорымында орналасқан.
Науша батыр (1788–1869) – байбақты руынан шыққан. Шора Наушаұлы да осы Тайлан қорымында жерленген. Ол інісі Наурызәлімен бірге руластарын басқарып, 1827 ж. көктемде Бөкей ордасында болған көтеріліске қатысады. Атыраулық өлкетанушы Мәжит Мұхтарұлының мәліметтері бойынша Науша Қаржауұлы жастайынан ешкімге намысын жібермеген қайсар, ақылды, тапқыр болып өскен. Кейіннен оның жауға қарсы көрсеткен ерлігі үшін, халық арасында «Найзагер Науша» деп аталып кеткен. Науша есімі ұлт-азаттық қозғалысына қатысқан Исатай-Махамбет, Қайыпқали сұлтандармен қатар аталады.
Оның әкесі Қаржау – Сырымбеттің ұлы, Назарымбет бидің немересі болып келеді. Қаржау – байбақты руының белгілі батыры ретінде Кіші жүздің қоғамдық-саяси өмірінде көзге түскен. 1797 ж. көктемде Есім хан қайтыс болады. Осыдан кейін ел билігіне алдымен Бөкей сұлтан, кейін Қаратай сұлтан ұсынылады. Осы кезде Қаржау батыр Қаратай сұлтанның жанынан табылып, сенімді қолдаушысы болады. Ол 1797 ж. 13 тамызда байбақты руының Әбіл би Жылқыайдарұлы, Табылды Өтеуліұлы, Жылкелді Жарқынұлы, Қалдыбай би Мұқынұлы, Есқара батыр Дәуқараұлы секілді 12 старшын, би, батырларының қолдауымен Орынбор әкімшілігіне Кіші жүздің ханы етіп Қаратайды бекіту туралы өтініш айтып барған. Бүгінде Орынбор музейінде «Қаржау батыр Сырымбетұлы» деген мөрі бар хат сақтаулы тұр. Мұның өзі Қаржау батырдың сол тұстағы танымал тұлғалардың бірі болғандығын дәлелдей түседі. Кезінде зерттеуші ғалым Ш. Уәлиханов: «Батыр – рубасы, сұлтаннан кейінгі ең маңызды тұлға. Қоғам оның пікірімен санасып отырған ең беделді адам» деп жазған болатын. Сондықтан Қаржау Сырымбетұлы – өзі өмір сүрген заманының көрнекті тұлғасы ретінде белгілі. Оның үстіне Қаржаудың батырлық қабілеті кейінгі ұрпақтарына берілген. Наушаның батыр атанып, ел алдында абырой-беделге ие болуы да әкеден дарыған қасиеттің арқасы. Сонымен қатар қоғамдық- саяси көзқарасы мен өмірлік ұстанымының қалыптасуына да әкесінің іс-әрекеті мен Кіші жүзде болып жатқан жағдайлар ықпал еткен болуы керек.
Деректер
Исмурзин Ж.А. Мінді Науша атына-ай... // DANAkaz. – 2013. – № 10 (11) қазан. – 28–34-бб.
Куттымуратулы К. Байбақтыда Наушадай батыр өткен // DANAkaz. – 2013. – № 6 (7) тамыз. – 29–34-бб.
Куттымуратулы К. Құлпытас сырын ашайық. – Орал: ЖК «ADIL PARASAT», 2014. Западно-Казахстанская область. Энциклопедия. – Алматы: Арыс баспасы, 2010. – С. 407–408.