Орбұлақ шайқасы, тарихи ландшафт

Орбұлақ шайқасы, тарихи ландшафт

Алматы облысы, Панфилов ауданы

Бастау

Ақпарат

Орналасуы
Алматы облысы, Панфилов ауданы
Кезеңі
1643 – 1756
Түрі
Тарихи ландшафт
Түрі
Монументтік өнер құрылыстары

Дереккөздер

  • Қазақстанның киелі орындарының географиясы: Табиғат, археология, этнография және діни сәулет өнері нысандарының тізілімі / Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі Байтанаев Б.Ә. – Алматы: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, 2017. – 1-шығарылым. – 904 б.

Сипаттама

Жетісу (Жоңғар) Алатауы мен Алтынемел жотасы аралығындағы өзіндік дәліз сияқты батыстан шығысқа қарай созылған таулы жайлаулардың Белжайлау деген жерінде орналасқан (Алматы облысы, Панфилов ауданы, Онжас ауылы).

Орбұлақ шайқасы қазақ-жоңғар соғысының алғашқы кезеңіне (1643–1756) жатады. Бұл шайқаста Жәңгір хан бастаған қазақтарға Самарқандтағы бұхара әмірі билеушісінің өкілі Жалаңтөс баһадүр әскерімен көмекке келіп, 1643 ж. Эрдене Батурдың әскерін талқандайды.

Тарихи деректер бойынша 1643 – 1652 ж.ж. Жәңгір хан Қазақ хандығында билік құрып тұрған кезінде Эрдене Батур бастаған жоңғарлардың келе жатқанын естіп, әскерімен Жоңғар Алатауындағы Орбұлақ өзені маңынан күтіп алып, тұтқиылдан шабуыл жасау үшін алдынан шығады. Бар болғаны 600 жауынгері бар Жәңгір хан ұзындығы 2,5–3 км болатын тереңдігі адам бойындай жертаса қаздырады. Бұл жоңғарлардан қорғанудың және оларды ұстап тұрудың негізгі жолы еді. Әскердің жартысы жертасада жасырынса, қалғандары жартастарға тығылып, жоңғарлар өтетін жолдарды бақылайды. Бұл Жәңгір ханның әскери өнерді жақсы меңгергендігін көрсетеді. Шайқас барысында қазақтар жоңғарларды жартастардан тас лақтырып тоқтатып, кейін артынан соққы береді. Осы кезде Жалаңтөс батырдың 20 мың әскері көмекке келіп, жоңғарлардың 10 мың әскерін қырып салады. Нәтижесінде жоңғарлар жеңіліс тауып кері шегініп кетеді.

Орбұлақ шайқасының 350 жылдығына байланысты 1993 ж. ұрыс өткен жерге ескерткіш орнатылады. Гранитті тастың көлемі – 2х2х2 м. Ескерткіш теңіз деңгейінен 2200 м биіктіктегі Орбұлақ жотасында орналасқан. Жотаны екі жағынан, батысы мен шығысынан, Кескентерек өзеніне құятын Орбұлақ және Жарбұлақ өзендері қоршай ағып өтеді.

2017 ж. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Рухани жаң .ыру: болашақ .а бағдар» атты бағдарламалық мақаласының «Туған жер» және «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» бағдарламалары бойынша тарихи шайқас болған жерге монумент қойылды.

2017 ж. орнатылған тік қара тасты ескерткішке үш тілде «Қазақ Елінің тәуелсіздігі мен еркіндігі үшін, жоңғар басқыншыларымен шайқаста жеңіске жеткен айбынды қазақ сарбаздарына ұрпақтары атынан!» деген жазу жазылған. Құрылыстың салмағы жарты тонна. Сонымен қатар туристерге арналған QR-код бар.

Ұлы жеңістің арқасында жоңғарлардың жоспары іске аспай, Жетісу мен Қазақстанға ішкері кіруі тоқтайды. Жәңгір сұлтан жертаса әдісін тиімді пайдаланып, Орталық Азия үшін жаңа болып есептелетін жаяу әскердің мылтықтан дүркін ату әдістерін енгізуі нысанның киелілігін көрсетеді. Аталған шайқас барысында қазақтар Мәуеренахр әскерімен өзара жемісті байланыс жасайды. Ескерткіш тәуап ету және туризм нысаны болып табылады.

Ескерткіш республикалық маңызы бар тарихи және монументалды өнер нысаны болып есептеледі (мемлекеттік тарихи және мәдени ескерткіштер тізіміне кірмейді).

Деректер

Галиев В.З. Хан Жангир и Орбулакская битва. – Алматы: Галым, 1998. – 125 с.

Русско-монгольские отношения: 1636–1654: сборник документов/сост. М.И. Гольман, Г.И. Слесарчук; отв. ред. И.Я. Златкин, Н.В. Устюгов. – М.: Наука, 1974. – 467 с. – С. 239.

Фотогалерея

Бөлісу