
Ақпарат
- Орналасуы
- Алматы облысы, Панфилов ауданы
- Кезеңі
- 800 б.з.д. – 1 б.з.д.
- Түрі
- Петроглиф
- Түрі
- Археология ескерткіштері
- Авторлар
- Марьяшев Алексей Николаевич
Дереккөздер
- Қазақстанның киелі орындарының географиясы: Табиғат, археология, этнография және діни сәулет өнері нысандарының тізілімі / Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі Байтанаев Б.Ә. – Алматы: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, 2017. – 1-шығарылым. – 904 б.
Сипаттама
Ерте темір ғасырының петроглифтері. Петроглифтердің шоғыры Алматы облысы Панфилов ауданының аумағында, Жаркент қаласынан солтүстікке қарай 42-45 км жерде, Тоқсанбай жотасының оңтүстік баурайында Орта және Кіші Үсек өзендерінің қосылған жерінде орналасқан және бірнеше жүздеген метр жота астындағы террасаның батыс баурайын алып жатыр.
Кіші Қойтас шатқалындағы петроглифтердің киелілік маңыздылығы ерте темір ғасырындағы аймақтағы ежелгі тұрғындардың діни-мифологиялық дүниетанымының толық түсінігін тастағы суреттермен көрсетуінде жатыр. Сюжеттердің бірқатары діни салттар өткізетін ежелгі алтарьда көрсетілген. Олар суреттердің салынуы мен сюжетінен байқалатын алдыңғы дәуірдің көптеген түсініктерінің ауысуын бейнелейді. Шатқалдың басталар жерінде аң стиліндегі қабанның үлкен тұлғасы салынған тас орналасқан. Ғибадатхана мен үлкен тасты алтарьдың болуы нысанның дінмен байланысының болғанын дәлелдейді. Нысанды сақ тайпаларының мәдени, мифологиялық және өнер тарихы бойынша мәліметтерден құралған тарихи құндылығы арттыра түседі.
1943 ж. Орта Үсек өзенінің жағалауындағы тегіс жерден өлкетанушы Нифонтова ерте темір дәуірінің үлкен қорымын анықтап, ондағы бір обадан семсері бар ер адамның жерлеу орнын ашады. Петроглифтер кешенін 1982 ж. Қазақ педагогикалық институтының экспедициясы (жетекшісі А.Н. Марьяшев) ашып, зерттейді.
Суреттер қара немесе қоңыр түсті деңгейде тотыққан ірі гранитті қойтастарға қашалып салынған. Петроглифтердің репертуары – сақ дәуіріне тән. Ешкі, арқар, бұғы, қабан, жылқы, ит және садақ атып тұрғандар бейнеленген. Аса мәнерлі петроглифтер Кіші Үсек өзені аңғарында орналасқан. Сақ дәуірінің петроглифтері шоғырланған барлық жерде өзінің негізгі бөлігі – алтарь бар. Бұл – аң стиліндегі өлшемі 0,7-0,8 м-ден 1 м-ге дейін болатын қабандардың үлкен тұлғасы қашалып салынған алып тас. Оның артында көптеген басқа да петроглифтер орналасқан, олардың бір бөлігі сұлбасы бойынша, кейбір тұлғалар жолақты, иректі және шиыршықты сызықтармен өрнектеліп қашалып салынған. Суреттер сонымен қатар шоқының батыс баурайындағы мұз дәуірінен қалған тастарға салынған. Суреттер іргелес орналасқан шоқыда, яғни қоныс маңындағы тастарда да бар.
Жалпы шоғырланған петроглифтердің саны 1 мыңға жуық. Өзінің көркемдік мәнері мен шеберлігі бойынша жекелеген көріністер тек тарихи ғана емес, көркемдік қызығушылықты да тудырады.
Туризм нысаны.
Деректер
Бейсенов А.З., Марьяшев А.Н. Петроглифы раннего железного века Жетысу. – Алматы: Институт археологии им. А.Х. Маргулана, 2014. – 156 с. + 46 с. цв. ил.
Марьяшев А.Н., Горячев А.А. Наскальные изображения Семиречья. – Алматы: Институт археологии им. А.Х. Маргулана; Фонд «XXI век», 2002. – 264 с.
Нифонтова Л.К. Отчет об экспедициях в долину р. Усек Панфиловского района // Архив отдела археологии ИИАЭ АН Каз.ССР, 1949.
Maryashev A.N., Goryachev A.A., Potapov S.A. Felsbilder im Siebenstromland // Repertoire des petroglyphes d´Asie Centrale. – Paris, 1998. – 146 с.