Аңырақай шайқасы, тарихи ландшафт
Алматы облысы, Қарасай ауданы, Шамалған ауылына жақын жерде, Балқаш көлінен 120 км, Алматы қаласынан 20 км қашықтықта орналасқан.
Жоңғарлар қазақ жерін басып алып, бағынышты етуді алдына мақсат еткен Аңырақай шайқасы (1729 ж. желтоқсан – 1730 ж. қаңтар) – қазақ-жоңғар (1643–1756) соғысының ең ірі және шешуші шайқасы болды. Қазақ сарбаздары Балқаш көлі мен Алакөл көлінің арасындағы Аңырақай тауларының бөктерінде жау әскерін талқандап, жеңіске жетіп, өз жерін жаудың қол астынан босатады. «Аңырақай үшбұрышы» деп аталатын бұл жердің жан-жағы су және тау бөгеттерімен қоршалуы табиғи тосқауыл ретінде стратегиялық маңызға ие болды. Осы өлке арқылы Шу, Сарысу, өзендеріне және Ұлытау, Қарқаралы тауларына шығу мүмкіндігі туды. Осы шайқас және оның болған жері туралы әңгімелер ауыздан ауызға таралса, ал жазба деректерді алғаш болып 1905 ж. этнограф және фольклор жинаушы Ә. Диваев жазып қалдырған.
25-30 мыңнан тұратын қазақ атты әскері соғысуға Аңырақай таулары бөктеріне келіп тоқтайды. Сол кездегі Үш жүздің бас қолбасшысы Қанжығалы Бөгенбай болады. Ол Арғынның Қанжығалы руынан шыққан. Қазақ әскерінің барлық стратегиялық басшылығын талантты қолбасшы – Әбілқайыр хан басқарады. Аңыз бойынша шешуші шайқастарға үш жүздің атақты батырлары, сұлтандары және билері қатысады. Оның ішінде Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Қойгелді, Саңырық Тоқтыбайұлы, Барақ Шөрекұлы, Төртауыл Олжабай, Өтеген Өтеғұлұлы, Бөгенбай Бөзқосұлы, Ақша Сартұлы, Бопай би, Хангелді Сырымбетұлы, Алшын Тайлақ, Есеркен Жаманқараұлы және т.б. болды. 40 күн бойы қазақ жасақтары Бұланты-Білеуті және Аңырақайдағы, сонымен қатар Сарыарқадағы, Іле өзені бойындағы шекаралық жоңғарлар әскерлерімен шайқасты. Жалпы, Аңырақайдағы бір жарым айға созылған шайқас қазақтардың жеңісімен аяқталады. Бұл жеңіс Жетісуды жоңғарлардан азат етудің алғашқы қадамы болды.
Тәуелсіздік алғаннан кейін 1999 ж. сол жеңістің 270 жылдығына орай шайқас болған жерге арнайы экспедиция жіберіліп, Жетісу/Жоңғар Алатауы мен Алакөл ауданында қазақтардың жоңғарларды жеңген жеріне гранитті тас ескерткіш орнатылады. 2001 ж. Алматы облысы Қарасай ауданында Аңырақай шайқасы болған жерге Алматы-Бішкек тас жолынан 35 км жердегі қыратқа ерліктің белгісіндей көрнекті ескерткіш қойылады. Ескерткіштің ашылу салтанатында Елбасы Н.Ә. Назарбаев: «Халық өзінің төл тарихын білуі және күш – бірлікте екенін сезінуі керек» – деп мәлімдейді.
Қарасай ауданындағы Аңырақай шайқасы кезіндегі жаудың бетін қайтарған қазақ жауынгерлерінің ескерткіші шеңбер ішінде тұрған екі стеладан тұрады. Шеңбер қазақтар мен жоңғарлардың қаһарлы соғысын көрсетеді. Биік стела көкке ұмтылып, қазақтардың жеңісін көрсетсе, биіктігі төмен, ортасынан сынған стела жеңілген жоңғарларды бейнелейді. Стеладағы түстің символдық мәні де терең, мысалы, қызыл түсті стела қазақтардыкі, ал сұр түсті стела жоңғарлардың жеңіліп, қазақ батырларының тұлпарының тұяғының астында қалып, күлі көкке ұшқандығын көрсетеді. Стелалардың жоғарғы қырларындағы космогоникалық және геометриялық өрнектер көшпелі өркениеттің белгісі болып табылады. Жоңғарлардың стеласындағы өрнектер ретсіз орналасқан, бұл басқыншылардың өзімен алып келген берекетсіздігімен байланыстырылады. Монументтің айналасындағы 12 таста шығыс күнтізбесіндегі жануарлардың белгісі бар. Монументтің авторлары: дизайнерлер Одағының президенті, еңбегі сіңген өнер қайраткері Т. Сүлейменов, Дизайнерлер одағының вице-президенті А. Ордабаев және Алматы облысының Архитектура және қалақұрылысы басқармасының бастығы С. Фазылов.
Нысанның киелілігі қазақтардың осы жерде ұлы жеңіске жетуінде жатыр. Осы шайқас Жоңғар хандығы дағдарысының басталуына әсер етіп, артынан Қытайдың басып алуына алып келді. Ескерткіш зиярат етушілердің орны болып табылады.
Ескерткіш республикалық маңызы бар тарихи және монументалды өнер нысаны (Республикалық маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштердің мемлекеттік тізіміне кірмейді).
Деректер
Айбын. Энциклопедия / Бас ред. Б.Ө. Жақып. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2011. – 880 б.
Аныракайской битве памятник. URL: http://silkadv.com/ ru/node/1740
Қарағанды. Қарағанды облысы: Энциклопедия. – Алматы: Атамұра, 2006. – 584 б.