Қарасақал қорымы
Жарқамыс ауылынан 60 км оңтүстік-батыста орналасқан (Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы). Кешенде 1 мыңға жуық қабір басына қойылған ескерткіштер бар. Олардың көбісінің (саздан және бордан) іздері ғана сақталған. Тұрғындар арасындағы эпоним жөніндегі деректер анық емес және бір-біріне қарама-қайшы. Қазіргі заманғы эпитафия бойынша әлім тайпасы шекті (қабақ) руынан шыққан қазақ батыры Бақтыбай Төлесұлының лақап аты – «Қарасақал» болған. Ол кейбір деректер бойынша 1720–1780 ж.ж. өмір сүрген. Жазуы бар ағаш бағанмен белгіленген «Қарасақалдың» моласы бейіттің солтүстік- батысында орналасқан.
Алайда кейбір ақпар берушілер «Қарасақал» башқұрт болған деп есептейді. Осы жөнінде Темір қаласындағы жәрмеңкеде Кердері Әбубәкірдің бір «ноғаймен» айтысы дәлел болады-мыс. Айтыста Әбубәкір оны қазақ жерінде жатқан өзінің бабасын іздемей жүрген деп сөгеді. Осыған байланысты 1740 ж. Башқұртстанда патша үкіметіне қарсы көтерілісті бастаған және нәтижесінде қазақ даласына Жайық асып қашқан башқұрт батыры Қарасақал туралы мәліметті атап өткен жөн. Өзін Қалдан Сереннің бауыры ретінде таныстырған ол және оны қолдаған қазақтар қуғынға ұшырайды. Қарасақал казак Матвей Араповтың мәлімдеуінше 1749 ж. көктемінде қайтыс болады. Бірақ ол жерленген жерін көрсетпейді. Ескерткіш туралы осы айтылған мәліметтер М. Леваневский келтірген аңыз бойынша «Қарасақал әулиенің» бейіті Ембінің шығыс жағалауында XVIII ғ. екінші ширегінде- ақ болғандығы туралы айтылған пікірі күмән тудырады. Қобыланды эпосында да қалмақ батыры Қара туралы айтылады; Қарасақал «Ал-Тойчи» атты алтай эпосында да кездеседі.
Қорымның сипаттамасына оралсақ, ол екіге бөлінген: оңтүстік (ертеректегі) және XIX ғ. ортасы–XX ғ. басына жататын солтүстік бөлігі. Кешеннің орталық бөлігінде қабір үсті ескерткіштері аз. Оңтүстік бөлігінде негізінен тақтатастан қаланған қоршаулар, құлпытасы бар қоршаулар орналасқан. Қорымның солтүстік бөлігі (әсіресе солтүстік-шығыс шеті) ескерткіштердің алуан (сәулет-көркем) түрлі типтеріне толы. Қорым кесенелер мен сағанатамдар типтерінің түрлілігімен ерекшеленеді. Олардың арасында сәулет өнері мен тас өңдеу өнерінің керемет үлгілері кездеседі. Кешеннің айтарлықтай маңызды ескерткіші 1886–1887 ж.ж. (1304 х.ж.) салынған Індібай тамы болып табылады. Әктастың кесілген блоктарынан тұрғызылған кесененің композициясы тікбұрышты негізі мен дулыға секілді күмбезінен тұрады. Ескерткіштің сыртқы беті алғашында тегіс бедерленіп өрнектелген. Ал ішкі жағы бояулы өрнектермен безендірілген. Құрылыстардың көп бөлігін кесілген блоктардан тұрғызылған сағанатамдар құрайды. Оларға тән бұл жерде олардың алғашқы үлгілері – шикі кірпіштен және тақтатастан салынған көне қоршаулар табылуы мүмкін. Олардың көп бөлігінде сағанатамдар секілді оңтүстік қабырғасында тақтатастармен көмкерілген кіретін есіктері бар. Қарасақал әулие қорымында жерлеу-культтік сәулет өнерінің шағын түрлері – әралуан және көп. Құлпытастардағы эпиграфика мен таңбаларға қарағанда қорымда Кіші жүздің әртүрлі руларының (адай, табын, ожырай, кете, шекті және т.б.) өкілдері жерленген. Қарасақал бейітіндегі ескерткіштердің әралуандығы Ембі даласындағы кейінгі орта ғасыр мен жаңа замандағы жерлеу-культтік сәулет өнері генезисінің негізгі жолдарын көрсетуге мүмкіндік береді.
Қарасақал қорымына негізінен жазғытұры Ақтөбе облысы Байғанин ауданының тұрғындары келіп зиярат етеді.
Деректер
Ажигали С.Е. Архитектура кочевников – феномен истории и культуры Евразии (памятники Арало- Каспийского региона). – Алматы: НИЦ «Ғылым», 2002. – 654 с.
Ажигали С.Е. Выдающиеся памятники архитектуры Актюбинской области: Фотовыставка. Научно- информационное издание. – Алматы – Актобе, 2015. – 52 с.
Ажигали С.Е., Бекназаров Р.А. Отчет Актюбинской комплексной этноархитектурной экспедиции 2005 г. (АктКЭАЭ–2005). – Актобе – Алматы, 2010. – 90 с.
Ақтөбе облысының көрнекті халықтық сәулет өнерінің ескерткіштері / Кітап-альбом, құраст.-авт.: Р.А. Бекназаров,
С.Е. Әжіғали, Г.Б. Избасарова, Қ.Қ. Рахбаев (аударма Г.К. Кушкарова). – Ақтөбе: ТОО «Litera», 2015. – 160 б. (қазақша, орысша, ағылшынша)
Ақтөбе: Энциклопедия. – Ақтөбе: Отандастар- Полиграфия, 2001. – 330 б.