Баймырза әулие кесенесі

Баймырза әулие кесенесі

Қостанай облысы, Жангелдин ауданы

Бастау

Ақпарат

Орналасуы
Қостанай облысы, Жангелдин ауданы
Кезеңі
1829
Түрі
Кесене
Түрі
Монументтік өнер құрылыстары

Дереккөздер

  • Қазақстанның киелі орындарының географиясы: Табиғат, археология, этнография және діни сәулет өнері нысандарының тізілімі / Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі Байтанаев Б.Ә. – Алматы: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, 2017. – 1-шығарылым. – 904 б.

Сипаттама

Қаламқарасу ауылдық округі Шұбалаң ауылында орналасқан (Қостанай облысы, Жанкелдин ауданы).

Жангелдин ауданындағы қасиетті киелі орындардың бірі – Баймырза әулие Мергенұлы кесенесі биік төбенің басында орналасқан. Баймырза әулие Мергенұлы (1741‑1829) – белгілі қазақ батыры. Баймырза батыр жоңғар шапқыншылығына қарсы күресті басқарған, Е. Пугачевтің шаруалар көтерілісін ашық қолдаған, патша билігінің отарлық саясатына қарсы күреске қатысушылардың бірі болды. Сонымен қатар, дертке шалдыққан адамдарды емдей алатын қасиетіне қарай халық оны «Баймырза-әулие», яғни «қасиетті адам» деп атады.

Баймырза батыр – тәжірибелі қолбасшы, әділ Мерген (Теңізбай) бидің ұлы және өзінің әкесінің ерлігін жалғастырушы. XVIII ғ. басында өмір сүрген Мерген би Бабасұлы (1691‑1754) ‑ батыр, би, шешен, ру басшысы болған. Баймырза батырдың әкесі атақты Жәнібек Шақшақұлымен бірге жоңғар шапқыншылығына қарсы әскер жасағын басқарған. Әскери өнеріне қарай Теңізбай биді мерген атаған. Аңырақай шайқасында Теңізбай би ауыр жарақат алады. Содан кейін Жәнібек Шақшақұлымен бірге орыс елшісі Карл Миллердің керуенін тұтқынға алған Қойгелді батырды ымыраға келуге шақырып, қазақ-орыс қарым-қатынастарын жөнге келтіріп, татуластыру істеріне қатысады.

Мерген батыр өмірінің соңғы шағында ұлы Баймырзаға бес қаруын мұра етіп қалдырады. Баймырза 13 жасында бір шайқаста жаудың үш батырын жеңіп, ерлігімен көзге түседі. Үш жүздің абыз қариялары Баймырзаға «Жауыңды да өлімге қимайтын, жүрегің жұмсақ жансың, ғұмырың ұзақ болып, беліңнен қылышыңды, қолыңнан қамшыңды қалдырмайтын әдетің бар, әрі иегің екі айрылып тұр, ұрпағыңның арасында би де, батыр да, ақын да шығар» – деп батасын беріпті. Баймырза батырдың ұрпақтары арасынан Сүттібай, Төке билер, Смағұл болыс пен 1916 ж. ұлт-азаттық қозғалыстың қолбасшылары Хакімбек Төкеұлы, Сейдахмет Байсейітұлдары бабасының батырлық дәстүрін жалғастырушылар шықты. XIX ғ. оның батырлығымен қоса, әулиелік қасиеті елге тарай бастады.

Кейін Баймырза әулие кесенесі бірнеше ғасырлар бойы «қасиетті мазар» ретінде Торғай халқының құлшылық ететін киелі орнына айналды. Кеңес өкіметі жылдарында дінге қарсы саясатқа қарамастан, жергілікті тұрғындар осы жерге келіп, батырды еске алып, құран бағыштап тұрған. Науқас адамдар мазардың төменгі жағына келіп түнегеннен кейін құлантаза жазылып кетеді деген сенімде болған.

Киелі орын жайлы белгілі қазақ жазушылары Ғафу Қайырбеков пен Сырбай Мәуленовтің шығармаларында және белгілі өлкетанушы С. Кенжеахметұлы мен Ж. Қосабаевтың зерттеулерінде айтылады. Баймырза әулие Мергенұлы ұрпақтары Жанкелдин ауданында тұрады. Ақын Ғафу Қайырбеков және академик Марат Барманқұлов Баймырза әулие ұрпақтары болып табылады.

Деректер

Кабылахмет С. Мерген батыр Бабасұлы. – Түркістан: Әзірет сұлтан, 2013.

Костанайская область. Энциклопедия. – Алматы: Арыс, 2006. – 504 с.

Қосабаев Ж. Атамекен ақиқаты. – Алматы: Айқап, 1995. – 44–45-бб.

Торғай елі. Энциклопедия – Алматы: Арыс, 2013. – 456 б.

Карта

Фотогалерея

Бөлісу