Сеңкібай батыр мазары

Сеңкібай батыр мазары

Қарағанды облысы, Шет ауданы

Бастау

Ақпарат

Орналасуы
Қарағанды облысы, Шет ауданы
Кезеңі
1786 – 1980
Түрі
Мазар
Түрі
Монументтік өнер құрылыстары

Дереккөздер

  • Қазақстанның киелі орындарының географиясы: Табиғат, археология, этнография және діни сәулет өнері нысандарының тізілімі / Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі Байтанаев Б.Ә. – Алматы: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, 2017. – 1-шығарылым. – 904 б.

Сипаттама

Тарихи ескерткіш. Талды ауылынан шығысқа қарай 8 км жерде, Талды өзенінің оң жағалауында орналасқан (Қарағанды облысы, Шет ауданы).

Сеңкібай батыр Оразғұлұлы (1709– 1786 ж.ж.) – Алакөл, Бұланты, Аңырақай шайқастарына қатысқан Сарыарқаның белгілі батырларының бірі. Сеңкібай өз әскерлерімен Қанжығалы қарт Бөгенбайдың қасына ілесіп, жауға шауып ел аузында жаттанды тақпақтай болып қалыптасқан Арқаның алыптарының ішінде осы Сеңкібай батыр да «Қарашора – Сеңкібай» деп аталады. Батыр Қарашор руынан шыққан.

Аңыз әңгімелерге қарағанда Сеңкібай көптің құрметіне бөленген ақылгөй, парасатты, қайырымды жан болғандықтан ел сыйлап «Ожаң» деп кеткен Бекбас баласы Оразғұл батырдың отбасында (қазіргі Қарқаралы ауданы) дүниеге келген. Ожаңның бірнеше әйелі мен көптеген ұлдары болған, соның ішінде бәйбішесінен туған сегіз ұлдың ең үлкені – Сеңкібай. Сеңкібайдан басқа Оразғұл тұқымынан Әлімхан Ермеков, Қасым Аманжолов сынды көрнекті тарихи тұлғалар шыққан. Сеңкібай батыр 16-17 жасынан бастап, Бөгенбай батырдың жанында атойлап жауға шапқан жас өрендердің бірі болған. Тарихи шежіреде айтылғандай Бөгенбай батыр он мың қолмен жоңғарларға қарсы шайқасқа бара жатқанда қазіргі Қарқаралы ауданынан ағатын Жарлы өзенінің бойын жайлап отырған Қожас батырдың ауылы жайлауда отыр дегенді естіп, әкесінің досына сәлем берейін және бата алайын деп арнайы іздеп барады. Сеңкібайдың үлкен атасы Қожас Арғынға аты мәлім батыр адам болған екен. Шөбересі Сеңкібайды осы жолы Бөгенбай батырға тапсырады. Сеңкібай батыр кейін жоңғарлармен болған Нұра өзенінің бойындағы соғыста қалмақтың қас батырыХоренді жекпе-жекте өлтіреді. Жасы келіп, қартаң тарқанда батыр ел арасында төреші болып, билік айтып ағайын алауыздығын тыйып отырған. Сондықтан халық жадында жаужүрек батыр ғана емес, «қара қылды қақ жарған» би ретінде де белгілі.

Сеңкібай батырдың бейітінің басынан қашанда кісі арылған емес. Тіпті кеңестік идеологияға сай келмеген тұстың өзінде де батыр басына дұға оқып, құрбандық мал шалушылар азайған емес. 1980 ж.ж. бастап мазар бірнеше рет жаңартылады. Қазіргі мазардың дөңгелек, күмбезді қабырғасы стандартты кірпіштен қаланған. Маңында ХІХ ғ. мен ХХ ғ. басында салынған қорым орналасқан. Келушілерге арнап салынған үй де осы мазар жанында. Мазардан 30 км жерде республикалық және халықаралық маңызы бар Алматы–Астана–Екатеринбург автожолы өтеді. Мазар орналасқан Талдынұра өзенінің бойында қола, ерте темір, орта ғасырлар дәуірлерінің ескерткіштері көптеп кездеседі. Қаражартас қорымының қатарында беғазы-дәндібай мәдениетіне жататын ірі тастан жасалған мазар зерттелді. Сақ кезеңіне жататын кейбір «патша обаларының» диаметрлері – 35-40 м, биіктіктері 3-4 м. болады. Қазіргі таңда бұл жерде арнайы тарихи-археологиялық саябақ, шағын қорық жасау мәселесі туындап отыр.

Деректер

Артықбаев Ж.О., Жакин М.С. Шет өңірінің тарихы. – Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 1998. – 275 б.

Жаңқашұлы Ж. Елдің пірі, ұрпақтың мақтанышы // Орталық Қазақстан. – 2009. ‑ № 141. – Б. 6.

Жүкібай М. Ұлы баба тұлғасы ұрпақ жүрегінде // Орталық Қазақстан. – 2006. – № 49. – Б. 4.

Ибраева Ж. Ақиық сұңқар Сеңкібай батыр // Шет шұғыласы. – 2012. – № 7. – Б. 5.

Каренов Р. Қамен би қандай болды екен // Азия Транзит. – 2001. – № 2. – 9–11-бб.

Қазақ батырлары / құраст. С. Қорабай. – Алматы: Айғаным, 2016. – 146 б.

Қазақ батырлары. Ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен /құраст. К. Табылдиев. – Астана: Фолиант, 2008. – 360 б.

Қалиев Б. Би ата // Орталық Қазақстан. – 2009. – № 137. – Б. 6.

 Қарқаралы: Энциклопедия /С. Ләмбекұлы. – Астана: Фолиант, 2011. – 273 б.

М.С. Жакин. – Қарағанды: ҚарМУ – «ТАиС» баспасы, 2004. – 152 б. Мекенбайұлы Қ. Сеңкібай батыр // Мысты өңір. – 2006. – № 3. – Б. 8.

Мұқаш Ж. Елін қорғап жауына ұрыс салған // Шет шұғыласы. – 2009. – № 39. – Б. 4.

Смағұл Е. Ел қорғаны – батырлар // Шет шұғыласы, 2013. – № 25. – Б. 4.

Тобаяқов Б. Сеңкібай батыр – би ата // Орталық Қазақстан. – 2009. – № 133/134. – Б. 8.

Шет ауданы. Энциклопедия / ред. Ә. Оспан. – Алматы: ҚазАқпарат, 2013. – 382 б.

 Шет өңірінің тарихи-мәдени ескерткіштері: фотошежіре / Жауапты ред. Ж.С. Ақылбаев; мәтін авт., құраст.

Карта

Фотогалерея

Бөлісу
Сеңкібай батыр мазары — Archaeology.kz