Дәуімшар қорымы
Ескерткіш Жарқамыс аулынан оңтүстік-батысқа қарай 41 км жерде, Ембі өзені алқабының таулы бөлігінде орналасқан (Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы).
Қорымның эпонимі – адай руының қырықмылтық (есекей) ру тармағынан шыққан Дәуімшар батырдың (1770–1810 ж.ж.) есімімен байланысты, ол кезінде қалмақтарға қарсы шайқастарға белсене қатысқан батыр – Құттықадам Тікенекұлының (1705–1798 ж.ж.) ұлы. Дәуімшардың өмірі мен қызметі адай руының маусымдық қонысы болған Үстірт, Ембі және Сағыз өзендерінің алқаптарымен тығыз байланысты. Ол туралы құжаттық мәліметтер аз болғанына қарамастан, Дәуімшар есімі Кіші жүз қазақтарының аумақтық тәуелсіздігі үшін табандылықпен күрескен батыл, жауынгер адам ретінде халық жадында сақталған. Алғашқы қазақ зиялыларының көрнекті өкілі Халел Досмұхамедұлы Дәуімшардың батырлығын жоғары бағалап, оны Атағозы, Сүйінғара, Өтен, Нарымбай, Құлбарақ, Жапарберді, Мыңбай, Көктеубай сынды ерлердің қатарында атаған. Ел аузындағы аңыз бойынша (Жарқамыс аулының тұрғыны 1929 ж. туылған М. Таңбаевтың аузынан жазып алынған) қазақ жерін отарлауға жол бермеген Дәуімшар батыр XIX ғ. басында (1810 ж.) Ембінің сол жағалауында зерттеу жүргізген экспедициялық жасақпен болған ұрыста қаза тапқан (кейбір мәліметтер бойынша бұл – ағылшындардың, ал басқа бір мәлімет бойынша – орыстардың экспедициясы болған). Шайқаста қаза тапқандардың барлығы – соның ішінде қарсыластарының басым күшінен сескеніп, шайқасқа қатысудан бас тартқаны үшін Дәуімшардың өз қолынан қаза тапқан Құдабай батыр да – сол жерге (Құдабай – шалғайлау жерде, ағылшындар – ойпаңда) жерленіп, ол жер «Дәуімшар қорымы» деп аталып кеткен. Батырдың бейітіне еркін қазақ символы ретінде қару мен жылқы бейнеленген қарапайым құлпытас орнатылған. Дәуімшардың әкесі – Құттықадам батыр Үстіртте, Білеулі керуен сарайынан оңтүстік-шығысқа қарай 25 км жерде жерленген.
Ембі жағалауында орналасқан бұл мемориалдық кешен 200-ден астам ескерткіштен тұратын және ауданы 125x150 м-ді алып жатқан ежелгі шағын қорымнан тұрады (1979– 1980 ж.ж. зерттелген). Оның оңтүстік-батыс жағында тағы екі шағын қорым бар (олардың біреуі Құдабаймола). Бастапқыда Дәуімшар мазары жартылай кесене, әрі жартылай қоршау түрінде (төбе жағының жабындысы белгісіз) шикі және ішінара күйдірілген кірпіштен қаланған. Батыс қабырғасында екі құлпытас орнатылған: оның біреуі қызыл қатты құмтастан ескі, ежелгі кескінде болса, екінші бетоннан құйылған жаңа құлпытастың бетіне батырдың өмір сүрген жылдары көрсетілген: 1770–1810 (қазіргі кезде үлкен кесене-қоршау орнатылған).
Дәуімшар қорымында дулыға тәрізді күмбездері бар кесілген тас блоктардан салынған, ішінде атақты Мырза Мұрын мазары бар үш мазар ерекше көзге түседі. Ескерткішті 1881–1982 ж.ж. (1299 х.ж.) халық сәулетшісі Дәулетнияз орнатқан болса керек. Барлық кесенелер жоспары бойынша тікбұрышты, оңтүстік фасадтары айқын жасалынған (парапет, тесіп өткен ойық). Ішкі бөліктері ашық түсті ою-өрнектермен безендірілген. ХІХ ғ. екінші жартысына жататын қорымдағы шикі кірпіштен салынған төрт кесене ерекше қызығушылық туғызады, олар қазақ кесенелерінің «үйтам» түрінің әртүрлі нұсқалары болып сипатталатын күмбезді-орталықтандырылған құрылыстар қатарына жатады. Бұл жерден архитектуралық қоршаулардың сан алуан түрлерін – кесілген әкті-құмтас блоктардан қаланған түрлі сағанатамдарды кездестіруге болады. Олардың көбі боялған кескінді өрнектермен безендірілген, арасында жазық бедерлі өрнектер түрі де ұшырасады.
Дәуімшардағы қабірүсті архитектураның шағын түрлері арасындағы мүсінделіп қашалған «аяқтары» бар айрықша ескерткіштердің ішінен «қойтас» түріндегі құлпытастарды ерекше атап өтуге болады. Құлпытастардың жекелеген көне үлгілері мен қарапайым стелалар да қызығушылық тудырады. Ескерткіштердің эпиграфикасы мен таңбаларына қарап, бұл негізінен адайлардың қырықмылтық ру тармағының зираты; ал кей жерлерінде шөмішті-табын руының құлпытастарының бар екенін көруге болады.
Дәуімшар қорымы – Байғанин ауданы мен оған іргелес аумақтардағы қазақ халқының ұзақ уақыт бойы дәріптеп келген киелі орны, халықтық сәулет ескерткіштерінің және монументалды тас қашау өнерінің айрықша ансамблі ретінде белгілі. Ол мемлекеттік маңызы бар сәулет ескерткіші және қазақ халқының тәуелсіздік үшін күресі тарихымен байланысты маңызды нысан қатарына жатады. Соңғы жылдары кешен аумағында бірқатар ескерткіштерді жөндеу, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.
Деректер
Ажигали С.Е. У берегов Прикаспийской истории – Тарих тағылымы [2-я кн. из серии «Каспий қайраңы»]. Познават. издание. – Алматы: Джулдас и компания, 2000. – 328 с. (Соавт.: Ж. Адаев).
Ажигали С.Е. Архитектура кочевников – феномен истории и культуры Евразии (памятники Арало-Каспийского региона). – Алматы: НИЦ «Ғылым», 2002. – 654 с.
Ажигали С.Е. Выдающиеся памятники архитектуры Актюбинской области: Фотовыставка. Научно- информационное издание. – Алматы – Актобе, 2015. – 52 с.
Басенов Т.К. Архитектурные памятники в районе Сам. – Алма-Ата: Изд-во АН КазССР, 1947. – 49 с.: ил.
Досмұхамедұлы Х. Исатай–Махамбет / Баспаға дайындап, алғы сөз, соңғы сөз, түсініктерін жазған А. Мектепов, Ғ. Әнесов. – Алматы: ССРО Мәд. қоры Қаз. бөлімі, Қазақстан өлкенанушылар қоғамы, 1991. – 256 б.
Ескерткіш – ел тарихы [Путеводитель по памятникам]. Ақтөбе [Ақтөбе обл. тарихи-өлкетану музейі], 1992. – 142 б.