Қозы Көрпеш – Баян сұлу кесенесі

Қозы Көрпеш – Баян сұлу кесенесі

Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданы

Бастау

Ақпарат

Орналасуы
Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданы
Кезеңі
901 – 1100
Санаты
Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері
Түрі
Кесене
Түрі
Монументтік өнер құрылыстары

Дереккөздер

  • Қазақстанның киелі орындарының географиясы: Табиғат, археология, этнография және діни сәулет өнері нысандарының тізілімі / Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі Байтанаев Б.Ә. – Алматы: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, 2017. – 1-шығарылым. – 904 б.

Сипаттама

Тансық бекетінен оңтүстік-батысқа қарай 6 км қашықтықта орналасқан (Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданы).

Аңыз бойынша, кесененің пайда болу тарихы «Қозы Көрпеш пен Баян сұлу» халық эпосының кейіпкерлерінің есімдерімен байланысты. Аңызда батыр Қозы Көрпеш пен ерте балалық шағында ұнатқан, алайда белгілі бір себептермен қосыла алмаған сұлу Баян арасындағы қайғылы махаббаты туралы баяндалады. Ер жеткен ержүрек батыр Қозы Көрпеш айдай сұлу Баянды кездестіреді, бірақ екеуінің арасында батырды опасыздықпен өлтірген Қодар тұрады. Аңызда айтылғандай, Баян сұлу сүйіктісін өлтіргені үшін Қодардан кек алып, ақыр соңында өзі де өмірімен қош айтысады.

Бастапқыда Ә.Х. Марғұлан кесененің V–X ғ.ғ. салынғаны туралы айтады. Кейінірек 1952 ж. археологиялық экспедиция материалдарын зерттеу және халық эпосының мәтінін зерттеп-зерделеу негізінде ғалым ескерткіштің салынуын X–XI ғ.ғ. деп белгілейді. Қозы Көрпеш пен Баян сұлу кесенесіне әр жылдарда В.Б. Броневский, П. Семенов- Тянь-Шанский, В. Радлов, Н.Н. Пантусов және басқа да зерттеушілер барған. 1856 ж. күзінде Ш.Ш. Уәлиханов кесенеге зиярат етіп, ғимараттың ішінде тұрған ескерткіштің және тас мүсіндердің ең ертедегі кескіндерін бізге жеткізді. Аңыз бойынша, суреттерде Қозы Көрпеш, Баян сұлу, сіңлісі мен апасы бейнеленген. 1917 ж. Г.Н. Потаниннің тапсырмасы бойынша ескерткішті Балқаш көліндегі экспедиция барысында А. Белослюдов зерттейді. 1918 ж. 9 қаңтарда А.Н. Белослюдов Г.Н. Потанинге жазған хатында: «Қозы Көрпешке арналған ескерткіште екі мәрте болдым... ондағы екі тас әйел мүсіндері Германияға жөнелтілген» дейді.

ХХ ғ. ескерткіш бірқатар өзгерістерге ұшыраған, 1917 ж. революцияға дейін құрылыстың жоғарғы жағы артиллериялық қару оғынан зардап шеккен. 1970 ж. Семей медицина институтының құрылыс отрядының студенттері өз бастамалары бойынша ғимараттың жоғарғы бөлігін қайта қалап, оның үстіне айшық орнатқан. Содан кейін ішкі сылақты ауыстырып, ішін бояп, ақтаған. Қабырғалар майлы сырмен өрнектеліп боялған, онда Қозы Көрпеш пен Баян сұлу, алау ұстаған екі салт атты бейнеленген. Сонымен қатар ғимараттың қабір орналасқан аумағына студенттер екі жалған саркофаг жасаған, бірақ антрополог Н.Ж. Шаяхметовтың қазба жұмыстарының нәтижесі ғимараттың ішінде мүрделер жоқ екенін көрсетті.

Қозы Көрпеш пен Баян сұлу ескерткіші – 7,6х7,6 м. көлеміндегі, жоғарғы жағы биік конусты күмбез болып аяқталған бір камералы ғимарат. Төртбұрышты пішінінен конусқа өту тас тақталарды біртіндеп тартып қалау арқылы орындалған. Бұл құрылыс Қазақстанның исламға дейінгі кезеңінің құрылыс өнеріне тән. Зерттеушілердің пікірінше, Қозы Көрпеш пен Баян сұлу ескерткіші дәстүрлі қабір үсті құрылысы емес. Мүмкін, бұл ежелгі түркі храмдарының ескерткіш ғимараты болған шығар. Эпостың мазмұны бойынша Қозы Көрпеш ханның ұлы болған. Және де ғалымдардың пайымдауынша, IX–XI ғ.ғ. Қазақстан аумағында болған Қимақ хандығына қатысты болуы да мүмкін. Бұл «он бір адам» деген сөзге сайып келеді, яғни уәзірдің ұлы бастаған 11 адам Қозы Көрпеш үшін Баян сұлуға құда түсуге бара жатқандығының көрінісі. Қазақстанның ортағасырлық тарихында тек қана Қимақ қағанаты 11 бөліктен тұрған және ол дамыған қолөнері, елді мекендері мен руникалық жазуы бар күшті мемлекет болды. Қимақтар үшін бабалар рухына табынушылық үлкен маңызға ие болды.

Қозы Көрпеш пен Баян сұлу кесенесі – Қазақстанның ортағасырлық кезеңіне тән монументалды өнердің бірегей ескерткіштерінің бірі. Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың мәңгі махаббаты туралы халық эпосы Орталық Азия зерттеушілері тарапынан шексіз болашаққа бағытталған адамзат рухының мәңгілік және керемет шығармасы ретінде танылған. Ғалымдардың көпшілігі, соның ішінде академик Ә.Х. Марғұлан, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» эпосы қазақтың эпикалық шығармашылығының ең ежелгі және ең маңызды нұсқасы деп санаған.

Деректер

Валиханов Ч.Ч. Собрание сочинений в пяти томах / Отв. ред. академик А.Х. Маргулан.– Алма-Ата: Изд-во АН КазССР, 1961. – Т. 1. – 777 с. ‑ С. 228–233, 664–667.

Кожа М. Памятник Козы Корпеш – Баян сулу // От Алтая до Каспия. Атлас памятников и достопримечательностей природы и культуры Казахстана. В 3-х томах. – Алматы, 2011. – Т. 1. – 584 с. ‑ С. 200–207.

Козы Корпеш и Баян сулу. Кыз Жибек: Казахский романический эпос / Отв. ред. С.С. Кирабаев, Е.А. Поцелуевский. – М.: Восточная литература, 2003. – 439 с. ‑ С. 351–390.

Пантусов Н.Н. Памятник Козу-керпеч и Баян-солу (Лепсинского уезда) // ПТКЛА, год IV. – Ташкент, 1899.

Карта

Фотогалерея

Бөлісу