Ақтамберді жырау мазары

Ақтамберді жырау мазары

Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы

Бастау

Ақпарат

Орналасуы
Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы
Кезеңі
1788 – 1988
Түрі
Мазар
Түрі
Монументтік өнер құрылыстары

Дереккөздер

  • Қазақстанның киелі орындарының географиясы: Табиғат, археология, этнография және діни сәулет өнері нысандарының тізілімі / Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі Байтанаев Б.Ә. – Алматы: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, 2017. – 1-шығарылым. – 904 б.

Сипаттама

Құндызды ауылы маңында, Жүрекжота төбесінде орналасқан (Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы).

Ақтамберді Сарыұлы 1675 ж. Оңтүстік Қазақстан облысы Қаратау өңірінде туған. 1788 ж. Шығыс Қазақстан облысы, Құндызды ауылында қаза тапқан. Ақтамберді – қазақ жырауы, қолбасшы, батыр, қоғам қайраткері. Найман-Сыбан ішіндегі дәулетті шаруаның отбасында туған. Қазақ тарихындағы аласапыран кезеңде өмір сүрген. Ақтамберді 17 жасынан бастап Орталық Азия халықтарымен арадағы ұрыстарға қатысып, әуелде жеке басының ерлігімен, соңынан қолбасшылық қабілетімен көзге түседі. Сақа батырлар санатына қосылған кезде Ақтабан шұбырындының куәсі болады. Ақтамберді – жоңғарларға қарсы ұлт-азаттық күресін ұйымдастырушылардың, жеңісті жорықтарға дем берушілердің бірі. Жоңғар мемлекеті талқандалып, жаудан босатылған шығыс облыстарға қазақтардың қайта қоныс аударуы кезінде Ақтамберді жұртшылықты атамекенге біржола орнықтыру жолында елеулі рөл атқарады. Өзіне қарасты руларды отырықшыландырып, егіншілікке бейімдейді. Ақтамберді шығармалары негізінен нақыл, афористік толғаныстар түрінде келеді. Олар қазақтардың ой-арманын, мақсат-мүддесін жырға қосқан.

Аңызда айтылғандай, Ақтамберді жырау Жүрекадыр төбесінде жараланып, жан тапсырған екен. Жоңғармен соғыста Құндызды өзенінің жағасында ошақтар (әскерге тамақ дайындайтын жер) жасаған. Жасақтар жорыққа аттанған кезде, жоңғарлар Ақтамбердінің ойын байқап, қазақтың қолын алға жіберіп, бір айналымнан кейін жауынгерлер тамақ ішетін жерге шабуыл жасап талқандап кеткен дейді. Әскерлер қайта қайтып құтқаруға келгенде Ақтамберді ауыр жарақатпен жатыр екен. Сонда Ақтамбердінің қиналып жатқанын көрген жауынгерлер: «біз жоңғарлардан кек аламыз, қазақтың жерінен қуып шығамыз, сіз міне тоқсан жасқа келдіңіз, қандай арманыңыз, өкінішіңіз бар» – дегенде, Ақтамберді жыраудың айтқаны: «менің бір өкінішім соғыста емес, ошақ басында өліп бара жатқаным» – деген екен.

Ақтамбердінің «күлдір-күлдір кісінетіп» деп басталатын от жалынды, жауынгерлік рухқа толы жыры 1980 ж. ортасынан бастап, Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары халық жиналған жиындарда, концерттерде орындалып, қазақтың бейресми гимніне айналады. Ақтамбердінің зираты ежелден бері киелі жер болып саналады. Мал бағып жүріп сол киелі жерді байқамай басып кеткен жағдайда, ауыл тұрғындары қиындыққа тап болып, мертіккен жағдайлар болып тұрған.

Жыраудың мазарының ескі күмбезін 1960-шы ж.ж. жазушы М. Мағауин зерттеген. 1988 ж Құндызды совхозының директорының бастамасымен Ақтамбердінің туған-туысқандарынан, ауыл тұрғындарынан қаржы жиналып, архитектор М. Қонысбаевтың жобасымен бұрынғы қам-кесектен (шикі кірпіштен) салынған, бір босағасы ғана қалған көне мазардың орнына төрт құлақты сағана салынады. Ескі зиратқа тиіспей, Құндызды ауылының қызыл гранит тасынан сағананың төрт қабырғасы қаланады, қабырғаларының биіктігі – 3,5 (м). Мазардың алдынан қарағанда домбыраны, ал екі жағынан қарағанда құстың қауырсынын көзге елестетеді. 1989 ж. сағананың ашылуына байланысты туыстары ел-жұртқа арнайы ас береді. Қазіргі күні Ақтамберді сағанасы Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген зиярат етушілер мен туристердің киелі орыны болып саналады.

Деректер

Шығыс Ертедегі әдебиет нұсқалары. Құр.: Б. Кенжебаев, Х. Сүйіншәлиев және т.б. – Алма-Ата: Мектеп, 1967. – 207 б.

Халидұғлы Қ. Тауарих хамса-и-шарки. – Қазан, 1910. Мағауин М. Қобыз сарыны. – Алма-Ата: Жазушы, 1968. – 160 с.

Алдаспан. Көне қазақ поэзиясының антологиясы. – Алма-Ата, 1971. Тоқтабай А.У. Қазақ жылқысының тарихы. – Алматы: Алматыкітап, 2010. – 496 б.

Карта

Фотогалерея

Бөлісу