Құлсары батыр мазары
Ескерткіш Бұлақ ауылынан 7 км жерде орналасқан (Солтүстік Қазақстан облысы, Есіл ауданы).
Құлсары батыр (1715–1776) – Абылай ханның серіктерінің бірі, мемлекет және қоғам қайраткері. Ол Қазақстанның солтүстігінде туып, осы өңірде жерленген. Атығай руынан тараған, Құдайберді әулетінен шыққан Құлсары қазақ руларының арасында беделі зор болған. Ол өмір бойы Абылайдың сенімді серігі, кеңесшісі ретінде Ресей үкіметімен қарым-қатынас жасау мәселелерін шешіп отырған. ХVIII ғ. құжаттарда Құлсарының есімі ықпалды старшын және мемлекет қайраткері ретінде аталады.
Құлсары батырдың есімі алғаш рет Әбілмәмбеттің ақ киізге отырып, хан сайлану салтанатына қатысқандар қатарында 1739 ж. құжаттарда кездеседі. 1742 ж. тамыздың алғашқы күндерінде Құлсары Орта жүздің бір топ сұлтандары, батырлары және билерімен бірге Орынбор қаласына Ресей патшасына сенім білдіретін ант береді. Бұдан кейінгі жылдары Құлсары Құлеке (1710–1771) батырмен бірге Абылай сұлтанның елшілері ретінде мемлекеттер арасындағы мәселелерді шешу үшін Ресей қалаларына бірнеше дүркін барып тұрған. Сонымен бірге, Абылай хан көмекшілеріне шекара үкіметімен келіссөздер жүргізу ісін тапсырған. Елдің шығыс өңірінде әлдеқайда күрделі жағдай қалыптасқан еді. Жоңғарларды түбегейлі жойып жібергеннен кейін, 1756 ж. қытайлардан күшті қауіп төне бастады. Осы кезеңде қытайдың қисапсыз әскері қазақ даласына басып кіруге оқталады. Көптеген сұлтандар мен қазақ руларының старшындары өз ұлыстарымен солтүстік беткейге көшіп кетсе, Абылай бастаған Қожаберген, Құлсары, Құлеке батырлар жасақ құрып, жаудың шабуылына тойтарыс беру қамына кірісті. Тынымсыз, шаршап-шалдығуды білмейтін Құлсары ел жасағын құрушылардың басында болды. Нақ осы Құлсарының және Құлекенің арқасында аз ғана уақыттың ішінде 6000 жауынгер тоғысқан қол бас құрады.
Сөйтіп, көреген де сұңғыла саясаткер Құлсары батыр 30 жылдан аса уақыт бойы Қазақ хандығын нығайту, оның сыртқы және ішкі саясатын қалыптастыру ісіне белсене қатысып келді. Ол сондай-ақ қазақ руларының арасында бірлік пен бейбітшілік орнатуға бар жанын салып, өзінің беделімен және шешендік өнерімен ауызбіршілікке тартып, қантөгістерге жол бермеді. Құлсары батырдың нақты Солтүстік Қазақстанда тұрғандығы туралы мына құжаттағы жазбаларда былай баяндалады: «Абылай сұлтанның жайлауы Петропавл бекінісінен 250 км жердегі Көкше тауында болса, Құлсарының жайлауы Петропавл бекінісіне қарсы 10 км жерде Есіл өзенінің маңында болды». Осылайша Қ .лсарыныңжайлауы қазіргі Петропавл қаласының маңында орналасып, бірталай аумақты алып жатты.
Бүгінгі күнге дейін жеткен ел аузындағы аңыздар Құлсары батырдың дарынды ұйымдастырушы және ержүрек жауынгер екенінедәлел болады. Қазақстанның шекараларын қорғау үшін оның жетекшілігімен 10 мың әскерден тұратын қол жиналды. Жауынгерлік іске өте шебер, жаудың санын және орналасқан жері туралы қажет мәліметтерді алдын ала біліп отыратын барлау ісіне ерекше көңіл бөлді. Шайқаста батыл қимылдап, жылдам шешім қабылдайтын. Құлсарының сан қырлы қасиеті болғандықтан, қазақтар арасында, оның ішінде Абылай ханның алдында беделі зор болып, «Әулие» атанған. Ол төніп келе жатқан қауіп- қатерді болжай біліп, жедел шешім қабылдау арқасында, оның алдын алып отырған, емшілік қабілеті де болған. Бүгінде дендеріне шипа іздеген жандар еліміздің түкпір-түкпірінен келіп, әулиенің басына қонып, Алладан жандарына медет тілейді.
1958 ж. батырдың алтыншы ұрпағы Қалиасқар Рақымов Құлсары жерленген жерге құлпытас қойып, темір қоршау орнатқан. 2011 ж. 29 сәуірде, Абылай ханның 300 жылдығына орай Құлсары батыр Бөріұлының мазары ашылды. Мазар Ақтаудан әкелінген ақтастардан өрілген.
Құлсары батыр мазары зиярат ету мен туризм орны болып табылады.
Деректер
Казахско-русские отношения в ХVІ–XVIII вв. (1771– 1867 годы): сборник документов и материалов. – Алма-Ата: Наука, 1964. – 574 с. ‑ С. 222.
Международные отношения в Центральной Азии в ХVІІ–XVIII вв. – М.: Наука. – Кн. 2. – С. 163.
Носенов Б. Абылай хан. – Алматы, 2005. – С. 202.
Рахимов М. Кулсары батыр. – Петропавловск: Полиграфия, 2010. – 189 с.
Семенов А.И. Исторический очерк. Город Петропавловск за 200 лет. – Петропавловск. «Северный Казахстан», 2008. – С. 35.
АВПРИ, ф. 1760, д. 3, л. 60.
ИАОО, ф. 1, д. 31, л. 162–163.
ИАОО, ф. 1, д. 55, л. 60.
ООГА, ф. 3, оп. 1, д. 82, л. 250–251 об.
РГАДА, ф. 248, оп. 113, д. 867, л. 5, 7–8, 13, 13 об.
Фото из фондов СКГА, ф. 1370, оп. 3, д. 427.