Абылай ханның үйі

Абылай ханның үйі

Солтүстік Қазақстан облысы, Петропавл қаласы

Бастау

Ақпарат

Орналасуы
Солтүстік Қазақстан облысы, Петропавл қаласы
Кезеңі
1750 – 2006
Санаты
Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері
Түрі
Үй
Түрі
Қала құрылысы және сәулет ескерткіштері

Дереккөздер

  • Қазақстанның киелі орындарының географиясы: Табиғат, археология, этнография және діни сәулет өнері нысандарының тізілімі / Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі Байтанаев Б.Ә. – Алматы: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, 2017. – 1-шығарылым. – 904 б.

Сипаттама

Петр бекінісіндегі Абылай ханның ордасы – «Абылай ханның ақ үйі» Петропавл қаласында, К. Сүтішев көшесі 16 үйде орналасқан.

Ғимараттың орналасқан жері туралы әртүрлі пікірлер болды. Бүгінгі күні оның бекіністен 2-3 км жерде, «тау» етегінде (еңістеу жерде) орналасқандығы толық анықталды. Бұл кейіннен (ХІХ ғ. екінші жартысы) қаланың шеті болатын. Ағаштан салынған ғимарат қалада болған өрттің салдарынан жанып кеткен тәрізді, 1829 ж. оның орнына қайтадан тастан үй тұрғызылған. Бірегей сәулет ескерткіші саналатын бұл ғимарат қаланың таулы бөлігіндегі тастан салынған алғашқы ғимараттардың бірі. Құрылыстың салыну тарихы Абылай хан өміріне қатысты аңыз, деректермен тікелей байланысты.

Петропавлдегі «Абылайдың ақ үйі» жайлы Сарыарқа даласында ертеден-ақ айтылатын. Қызылжарда «ақ патшаның» арнайы бұйрығымен Абылайға арнап үлкен үй, қонақтарға арналған ғимарат пен кеңсе салынғаны жайлы әңгіме ұрпақтан ұрпаққа ауызекі беріліп келген. Уақыт өте келе өткен ғасырдағы сапырылыс заманның салдарынан орданың болғаны жайлы әңгіме аңызға айналып кетті. Дегенмен, кеңес дәуіріндегі ханның есімімен байланысты оқиғаның барлығын ресми идеология қолдамаған кездің өзінде мемлекет қорғауындағы тарихи ескерткіштер тізімінде «Абылай үйі» болған. Театральный көшесіндегі сол үйде 1990 ж. дейін әскери бөлім тұрған.

Қазақ даласының бір ғасырлық тарихы мен Абылай хан секілді әйгілі тұлға жайлы мәліметтер өз тарихына қатысты деректерді жылдар бойы сақтау тәжірибесі қалыптасқан көрші елдердің архивтерінде құжаттық ізін қалдырмауы мүмкін емес еді. Ғалымдар менархив қызметкерлері жүргізген тұрақты да табанды ізденістердің арқасында Абылайханға арнап тұрғызылған үйдің салынғанын растайтын деректер табылды.

Қазақстанның солтүстік аймағын отарлау басталған кезде Есіл өзені жағасында орналасқан Қызылжар елді мекенінде 1752 ж. әулие Петр бекінісінің құрылысы басталады. Бекініс құрылысының салынуына хан билігі мен ресей әкімшілігінің арасындағы саяси және сауда-экономикалық қатынастардың қалыптасуы себеп болады. Осы кезде орыс казактарының қазақ даласына жиі жорыққа шығып, жергілікті халықтың малдарын тартып әкету және олардың жер иеліктерін күшпен басып алуы секілді жөнсіз әрекеттерін шешу үшін, ханның арнайы ордасын салу қажет болады. Архив материалдарының мәліметтері бойынша «оның өтініші бойынша, Абылайдың, Есіл өзенінің жоғарғы жағындағы Енқыстау тауында әулие Петрдің бекінісі жанынан оған арнап 1765 ж. ағаш үй салынған» (СҚОМА Қ. 1, Тіз. 1, Іс 295, Б. 33). «Енқыстаудағы (қыстауға арналған кең жазық)» «Абылайдың ақ үйі» тұрғын үй ғана емес, сонымен қатар шиеленісті мәселелерді шешуге арналған орынға айналды.

Ғимаратқа көп уақыт жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмегендіктен, айтарлықтай зиян шеккен. Облыс әкімі Т.А. Мәнсұровтың бастамасы мен ҚР Президентінің қолдауы бойынша 2006–2007 ж.ж. тарихи-мәдени ескерткіш толық қалпына келтірілді. 2008 ж. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың қатысуымен музей кешені ресми түрде ашылды. Негізгі ғимараттан басқа хан кеңсесінің ғимаратында қонақ үй және монша бар. Төрт бөлмедегі көрмелер Абылай ханның қызметін суреттейді. Тарихи залдың біріншісі Абылайдың балалық шағынан хан тағына отырғанға дейінгі өмірін, XVIII ғ. әскери қару- жарақтың керемет үлгілерін қамтиды. Екінші залда Абылай ханның дәстүрлі қазақ үрдісіндегі жатын бөлме заттары көрсетілген. Үшінші залдың нақ ортасында Абылай ханның бейнесі, ер адам мен әйел адамның ұлттық киімдері, қару- жарақтар, тұрмыс заттары қойылған. Төртінші залдағы экспозиция жәдігерлері Абылай ханның ұлы мемлекет қайраткер, данышпан саясаткер, сауатты дипломат, талантты қолбасшы, даңқты ел билеуші болғандығын паш ететін материалдарды құрайды. Ол Қазақ хандығын құра білді және оның мақсаты елді біріктіру еді. Осындай ұлы тұлғаның арқасында қазақ халқы өз ұлттық санасын, дәстүрін, тарихы мен мәдениетін сақтап қалды. Бүгінгі күнде Абылай ханның Ұлы арманы – Қазақстанның тәуелсіз ел болып құрылуына қол жетті.

Ұлы ханның қалпына келтірілген ордасы – отан тарихының терең тамырының куәсі, халқымыздың материалдық санасы болып табылатын тамаша тарихи ескерткіш. Оны жаңғырту қазақ халқының тарихы мен мәдениетін тереңнен танып білуге жол ашады. Қазақстанда хандар жайлы осындай басқа ғимараттың жоқтығы Қызылжардағы Абылай үйін бірегей тарихи нысандар қатарына қосады.

Абылайхан резиденциясы бірегей және Қазақстанда ұқсастығы жоқ ескерткіш. Қазақстанда хандардың есімдерімен байланысты көптеген ғимараттар жоқ екендігін атап өткен жөн. Сондықтан, Ұлы Ханның атымен байланысты басқа ғимараттардыңҚазақстанда болмауы, Петропавл қаласындағы Резиденцияны бірегей тарихи нысандардың қатарына қояды.

Қазіргі уақытта Абылай хан резиденциясы музей кешені болып саналады. Абылай хан резиденциясы – қаланың көрнекті жері, ол қала тұрғындары мен қонақтарының, сондай-ақ ресми және достық сапармен келген, негізінен ресейлік көршілес аймақтардан келген делегациялардың жиі келіп тамашалайтын нысаны. Мектепте демалыс басталған кезде оқушылар мен студенттерге экскурсия, оқу уақытында Қазақстанның тарихы бойынша сабақтан тыс сағаттар өткізіледі.

Абылай хан әулие Петр бекінісінің даму тарихында маңызды рөл атқарды (атап айтқанда, келіссөздер жүргізу және құрылыс салу үшін аумақты бөлу). Оның табанды түрде талап етуі арқасында әулие Петр бекінісі қабырғасында Сібірдегі ірі жәрмеңке мен кеден ашылды. Кейінірек жәрмеңке саудасы Есіл өңіріндегі басқа да бекіністер мен шаруа қоныстарында кеңінен таралды.

Республикалық маңызы бар тарихи ескерткіш.

Деректер

Басин В. Россия и казахские ханства в XVI–XVIII вв. – Алма-Ата: Наука, 1971. – 274 с.

Левшин А.И. Описание киргиз-казачьих, или киргиз- кайсацких орд и степей. – Алма-Ата: Санат, 1996. – 264 с.

Мұқанов С. Өмір мектебі. Бірінші кітап. – Алма-Ата: Жазушы, 1977. – 464 б.

Самрат Ж. Абылайханның ақ үйі // Егемен Қазақстан, 2003, 29 қазан. Сандыбайулы Ы. Абылайдың ақ үйіне // Бостандық туы, 1926, 6 наурыз. Северо-Казахстанская область. Энциклопедия. – Алматы: Арыс, 2004. – 664 с.

АВПРИ, ф. 122, оп. 3, д. 385, л. 90.

АВПРИ, ф. 122, оп. 122/3, д. 1, л. 7, 7 об., 56, 56 об.

ИАОО, ф. 1, оп. 1, д. 137, л. 29, 29 об., 118–119 об.

ИАОО, ф. 6, оп. 10, ч. 3, д./л. 5157.

ООГА, ф. 3, оп. 1, д. 82, л. 250–251 об.

РГАДА, ф. 248, оп. 1, д. 867, л. 8, 8 об.

СКГА, ф. 1389, оп. 1.

Фото из фондов СКГА, ф. 1370, оп. 3, д. 427.

Карта

Фотогалерея

Бөлісу