Түгел батыр құлпытасы

Түгел батыр құлпытасы

Павлодар облысы, Ертіс ауданы

Бастау

Ақпарат

Орналасуы
Павлодар облысы, Ертіс ауданы
Кезеңі
1750 – 2003
Түрі
Стела
Түрі
Киелі объектілер

Дереккөздер

  • Қазақстанның киелі орындарының географиясы: Табиғат, археология, этнография және діни сәулет өнері нысандарының тізілімі / Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі Байтанаев Б.Ә. – Алматы: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, 2017. – 1-шығарылым. – 904 б.

Сипаттама

Нысан Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімшілік шекарасында, Солтүстік Қазақстан облысы Қызылағаш ауылынан солтүстікке қарай 2-3 км қашықтықта орналасқан (Павлодар облысы, Ертіс ауданы). Ескерткіш болжам бойынша Түгел батырдың жерленген жерінде, Жуантөбе деген жерде орнатылған.

Түгел батыр өмірінің негізгі тұстары мен қалмақтармен соғысы мерзімдік басылымдар бетінде жарияланып, жергілікті әуесқой өлкетанушылардың еңбектерінде жазылған. Бұл материалдар Ертістің Павлодар өңіріндегі Қыпшақ руынан шыққан қазақтар арасында сақталған аңыздарға негізделген. Батыр туралы ауызша әңгімелер жергілікті өлкетанушылар, Павлодар облысы Ертіс ауданының тумалары М. Жаманбалинов пен А. Бәделхановтың «Түгел батыр және оның ұрпақтары» еңбегінде жарияланған. Сонымен қатар, бұл деректер Тілек Жеңістің «Ертіс-Баянауыл өңірі», Тілеукен Еңсебаевтың «Павлодардың Ертіс өңірі тарихының очерктері» еңбектерінде жарық көрген.

Ертіс өңірі қазақтарының аңыз- әңгімелеріне сүйенсек, Түгел батыр мен оның замандастарының ерлік көрсеткен уақыты XVIII ғ. 20-50-жылдарындағы қазақ-жоңғар соғысы кезеңімен тұспа-тұс келеді. Сол оқиғалардың естелігі ретінде Ертіс бойында: Қорғанкөл, Найза, Бөгенбай, Жазытөбе, Қалмақ моласы, Мойнақ ауылы, Мойнақ көлі, Жалаулы сияқты бірқатар топонимдер сақталған.

Түгел батыр Ертістің сол жақ жағалауы, Сілеті өзені бойындағы жайылым үшін қалмақтармен шайқаста қазақ жасағы жетекшілерінің бірі болды. Түгел батырмен қатар басқа да қыпшақ батырлары – Жойсандық, Мойнақ, Қошқарбай, Жазы, Қарабатыр, Лепес, Шаң, Өтел, Қожаберген, Байсары, қанжығалы батырлары – Айтқожа, Бозша, Боранбай, керей батырлары – Аманбай, Есенбай, уақ батырлары – Құрымсы, Өмір есімдері аталады. Бірақ жасақтың беделді басшылары ретінде Түгел, Жазы мен Қошқарбай есімдері ерекше орын алады.

Ақсақалдардың айтуына қарағанда, сол кезде қазақтар суы таза, орман-тоғайлы, шөбі шүйгін Ертіс даласында қыстаған. Ал Ертістің сол жағалауы жайлау болды. Бірде қазақтар көктеуге жиналған тұста өздерінің Сілеті өзені бойындағы жайлауында қалмақтарға кезігеді. Қазақ батырлары – Түгел, Жазы және Қошқарбай ақылдаса келе, жауға тойтарыс бермек болады. Өлкетанушы Мүбарак Жаманбалиновтың жеткізген аңыздарына сүйенсек, батырлар суы тұзды Жалаулы көлінің жағасына жиналып, рулардың әскери туын көтерген. Сол себепті көлдің атын Жалаулы деп атап кеткен.

Қыпшақтың үш батырынан қаймыққан қалмақтар Сілеті өзенінен Бестөбе жаққа қарай ығысады. Мұнда қыпшақтың үш батырынан құралған жасақ жоңғарлармен соғысады. Аңыз бойынша, бұл шайқасқа қазақтың басқа да батырлары – Мойнақ, Лепес, Өтел, Байсары менҚожаберген қатысқан. Түгел батыр жоңғардың атақты батырымен шайқасып, қарсыласын жер жастандырып, жеңіске жеткен. Қақтығыс бірнеше күнге жалғасқан, солардың бірінде Жазы батыр зеңбірек оғынан қаза тапқан. Түгел батыр Жазы батырдың денесін өз ауылына жеткізіп, төбелердің бірінде жерлейді. Жазы батырдың бейіті орналасқан төбе Жазытөбе деп аталады. Соғыс нәтижесінде қазақтар жеңіске жетіп, Жалаулы көліндегі әскери тулар ұзақ уақыт бойы осы маңызды оқиғаның белгісі болып қалды. 

Жазы батырдың дүниеден өткеніне ұзақ уақыт өтпестен Түгел батыр да қайтыс болады. Аңызға сүйенсек, батыр Жуантөбе төбесінде орналасқан ауылға түнеуге келіп, қалмақтарға сатылған жесір әйелдің қолынан у ішіп, өмірден өтеді. Батырдың өсиетіне орай, оны Жуантөбе төбесіне жерлейді. Кейін осы жерде 2003 жылы естелік құлпытас орнатылады. Одан бөлек, осы жерде Түгел батырдың ұлы, Орта жүзге танымал абыз Байсеркенің де жерленгені белгілі болды. Түгел батырдың жерленген жеріндегі ескерткіш темір мен бетоннан жасалған. Оның жерленген орнындағы құлпытас қазақ-жоңғардың Ертіс өңіріндегі соғысының маңызды ескерткіштері қатарына кіреді және облыстың жергілікті тұрғындарының тарихи санасында сақталып, маңызды орын алады. Түгел батыр зиратындағы құлпытас Түгел батырдың қазақтарды жоңғар әскерінен босатудағы рөлімен, ұйымдастырушылық қабілетімен өзгелерге жарқын үлгі бола білуімен, қазақтардың атақты аталарын құрметтеуімен анықталып, киелі нысан болып саналады. Әлі күнге дейін Ертістің Павлодар өңірі жұртшылығы батырды еске алып, өскелең ұрпаққа өнеге етіп, құран бағыштап, ас береді.

Деректер

Жаманбалинов М., Бәделханов А. Түгел батыр және оның ұрпақтары. – Павлодар: ЭКО, 2005. – 121 б.

Инсебаев Т.А. Очерки истории Павлодарского Прииртышья / гл. ред. А. Нухулы. – Павлодар: ПГПИ, 2017. – Т. 2 – 228 с.

Тілеке Ж. Шежіре: Ертіс – Баянаул өңірі. – Павлодар: «Дауа», «Қазақстан», 1995. – 1-шi кітап. – 368 б.

Карта

Фотогалерея

Бөлісу