Таймас әулие кесене

Таймас әулие кесене

Павлодар облысы, Ертіс ауданы

Бастау

Ақпарат

Орналасуы
Павлодар облысы, Ертіс ауданы
Кезеңі
1901 – 2000
Түрі
Кесене
Түрі
Монументтік өнер құрылыстары

Дереккөздер

  • Қазақстанның киелі орындарының географиясы: Табиғат, археология, этнография және діни сәулет өнері нысандарының тізілімі / Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі Байтанаев Б.Ә. – Алматы: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, 2017. – 1-шығарылым. – 904 б.

Сипаттама

Нысан Ұзынсу ауылынан батысқа қарай 22 км қашықтықта орналасқан (Павлодар облысы, Ертіс ауданы). Нысан – Таймас әулие жерленген орындағы кесене.

Таймас әулиенің өмірі мен қызметі туралы ақпарат Павлодар облысы Ертіс ауданының жергілікті өлкетанушылары М. Жаманбалинов пен А. Бәделхановтың «Түгел батыр және оның ұрпақтары» кітабында көрініс тапқан. Өлкетанушылар ұсынған мәліметтер Ертістің Павлодар өңірінің қыпшақтары көздің қарашығындай сақтаған ауызша аңыз- әңгімелерге негізделген.

Таймас әулие Қыпшақ руынан, оның ішінде Бұлтын Қыпшақ тармағының Ожыралы- Сағалдан шыққан, әйгілі Қобыланды батырдың ұрпағы. Оның әкесі Түгел – XVIII ғ. ұлт-азаттық соғыс кезінде жоңғарлардың басқыншылығына тойтарыс беруге сүбелі үлес қосқан атақты батыр. Түгел батыр Жазы, Қошқарбай батырлармен бірге жасақ жинап, Ертістің даласы үшін жоңғарлармен соғысып, жеңіске жеткен.

Аталардан қалған аңыз-әңгімелерге сәйкес, Түгел батыр жорықтардың бірінде қалмақ рубасыларының бірінің қызы – сұлу Қаракөзді алып келеді. Қаракөз нағашы жағынан берілген көріпкелдік қасиетке ие болған. Түгел оны әйелдікке алмақ болады, бірақ қалмақ сұлуы батырға қарсылық танытып, өзін де басқа ағайыны секілді өлтіруді өтінеді. Батырға бойжеткеннің намысқойлығы мен адалдығы ұнап, Түгел батыр оған құрметті жар ретінде қарап, жеке киіз үй мен қызметші беретінін айтып, оны ешкім ешқашан «тұтқын әйел» немесе «күң» деп атамайтынына уәде беріп, келісімін алады. Қалмақ қызы бұл серт бұзылған жағдайда еліне кетіп қалатынын айтады.

Қаракөз туған жерін аңсағанына қарамастан қос ғашық ұзақ жыл бойы бірге тату- тәтті өмір сүреді. Бірақ батырды қызғанған өзгеәйелдері екеуінің арасына от салады. Батыр ұрыс кезінде берген уәдесін естен шығарып, Қаракөзді «жаудан шыққан күң», «жабайы рудың тексізі» деп намысына тиеді. Бұл сөзіне ренжіген Қаракөз кішкентай балаларын тастап, түн ішінде ауылдан кетіп қалады.

Түгел батыр оны біршама уақыт бойы іздеп, Жоңғар Алатауы тауларына жеткенде кезігеді. Ол жарын күшпен емес, әділ сөзімен қайтармақ болады. Айтқан сөзіне өкініп, әйелінен кешірім де сұрайды. Сөзіне берік Қаракөз қоштасар сәтінде батырға: «Уәдеміз бойынша, менің күңдігіме, тұтқындығыма жетіп жәбірлеген жағдайда елімді табуға тиіс едім. Уәде бұзылды, мен кеттім. Бірақ негізгі себеп... Мені ата-бабаларымның аруағы шақырып тұр. Менің де туып-өскен елім бар, жерім бар, туған- туысқандарым бар. Бәрі де жүрекке қымбат, көзге ыстық. Енді жат өңірде жүре беруге бойыма қонған аруақтан қорқам. Ал ұлдарды өзіңе аманат етіп тапсырып кетейін деп тосып отырмын... Егер көріпкелдігім алдамаса, бұл перзенттеріме даритын қасиеттерді айтайын. Аңқоймасым, бұл есім оған тегін берілмеген, ол әрі аңшы, саяткер, еті тірі батыр болады. Шуағым, күннің жайма шуағындай рахатты тыныш өмір сүреді. Құт иесі болады. Ал Таймасым... Міне сенің абыройыңды көтеретін, мақтанышыңа айналатын ұлың сол болады. Менен ауысатын көріпкелдік, емшілік қасиет соған қонады. Ол тіпті сасымаған өлікке жан да бітіретін болуы мүмкін. Менің екінші елім болған ұлы қазақ еліне, сол елдің бір батыры – өзіңе сыйлап қалдырған асыл мұраларым осылар...», –деген екен.

Қалмақ қызы Қаракөзден туған Таймас шынымен ерекше көріпкелдік пен емшілік қасиетке ие болып, есімі Сарыарқаға кеңінен танылады. Әулие XVIII ғ. ортасында өмір сүрді. Оның шын есімі – Ботақара. Ерекше қабілеті үшін халық оны «әулие» деп атап кеткен. Халық арасында Таймас әулие ретінде танымал болды. Аңыздардың бірінде Таймас туралы мынадай дерек кездеседі: Бірде Таймас қатты қиналып жатқан адам тұратын ауыл жанынан өтеді. Сол кезде Таймас әлгі адамның жан қиналысын сезіп, қол ұшын созбақ болып, ауылға бет алады. Ауылға кіре сала жергілікті тұрғындардан адамның жақында қайтыс болғаны туралы хабарды естиді. Әулие барлық адамның киіз үйден шығуын өтініп, салт- жораларды бастайды. Адамның мәйітін айнала отырып, киіз үйдің қабырғасына ілінген сырмақты қамшылайды. Соққылар жасалған орыннан сылдырлаған, анық дауыс естіледі. Тылсым күштің соңынан қуып жүріп әулие сыртқа шығады да оны киіз үйдің сыртын айнала қамшылайды. Ұзақ уақыт қуалаған соң шаршаған әулие киіз үйге кіреді, бұл жолы қайтыс болған адам тіріліп, көзін ашады.

Кесене сәндік тастан салынған орталық күмбезі бар төрт бұрышты құрылыс болып табылады. Кесененің бұрыштары мен күмбезінде декоративті бағанаға орнатылған жарты ай көрініс тапқан. Кесенеге бару үшін тастан жол салынған. Кесененің оң жағында тас тұғырда «ТегіҚара қыпшақ, руы Бұлтын қыпшақ, түп аталары Ожыралы Сағал, әкесі Түгел, өз аты Ботақара (халық арасында Таймас әулие атанып кеткен, XVIII ғасырдың орта кезеңінде өмір сүрген)» деген жазуы бар граниттік стела орнатылған.

Таймас әулие зиратындағы кесене Ертістің Павлодар өңірі жұртшылығының санасында киелі болып саналғандықтан, маңызды қасиетті орын деп есептеледі. Қазақтар арасында әулиенің қайырымды істері, таң қаларлық күші туралы аңыздар сақталған. Ертістің Павлодар өңірі жұртшылығы әулие туралы естелікті қастерлеп, зират басында құран бағыштап, ас береді.

Деректер

Жаманбалинов М., Бәделханов А. Түгел батыр және оның ұрпақтары (тарихи аңыздар, шешендiк толғаулар, шежiре-деректер). – Павлодар: ЭКО, 1998. – 121 б.

Жұматов Ғ. Таймас әулие // Шаһар, 2012, 22 маусым.

Карта

Фотогалерея

Бөлісу