Исабек ишан кесенесі

Исабек ишан кесенесі

Павлодар облысы, Екібастұз ауданы

Бастау

Ақпарат

Орналасуы
Павлодар облысы, Екібастұз ауданы
Кезеңі
1871 – 1900
Түрі
Кесене
Түрі
Монументтік өнер құрылыстары

Дереккөздер

  • Қазақстанның киелі орындарының географиясы: Табиғат, археология, этнография және діни сәулет өнері нысандарының тізілімі / Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі Байтанаев Б.Ә. – Алматы: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, 2017. – 1-шығарылым. – 904 б.

Сипаттама

Екібастұз қаласынан 70 км, Ақкөл ауылынан оңтүстік- батысқа қарай 15 км қашықтықта орналасқан (Павлодар облысы). Бұл киелі нысан – кесене, мешіт және зиярат етушілер үйінен тұратын кешен.

Исабек ишан хазірет (1792–1871 ж.ж.) – ХІХ ғ. дінтанушы, ислам дінін алғаш таратушылардың ұрпағы, философ, ағартушы, белгілі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының тәлімгері. Қазақ қоғамының ерекше әлеуметтік тобына жататын ислам дінін таратушы араб миссионерлерінің ұрпағы болып саналатын «қожа» руынан шыққан. Исабек ишан шежіресінде хазіреттің атасының аты Аққу ишан, әкесі Мұрат ишан деп көрсетілген. Исабек ишан бүкіл қыр еліне танымал, еліміздің оңтүстік өңірлерін қоныстандырған Саид қожа руынан шыққан. Исабектің әкесі Мұрат ишан XVIIІ ғ. соңында, 20-21 жасында алғашқылардың бірі болып Сарыарқаға қоныстанған. Арқада ислам дінінің таралуы «қожа» руының өкілдерімен байланысты болғандықтан, олардың есімдерімен бірге «ишан» атауы қоса аталады.

Ислам түсіндірме сөздігіндегі анықтамаға сәйкес, ишан – Орта Азиядағы сопылық тәлімгерге тағылған құрметті атау. Әдетте әулие деп танылатын ишандар халықтың берген садақасының арқасында өмір сүрген. Ишан атағы ұрпақтан ұрпаққа жиі мирас болып қалатын. ХІХ ғ. Түркістанда кейде ишандар патша өкіметіне қарсы әскери әрекеттерді басқарып, олар қазақ даласында зор беделге ие болған. Белгілі саяхатшы Армени Вамбери өз күнделіктерінде: «Ортодоксалды мұсылман дініндегі имамдар Құранды талдауымен мақтанады, бірақ тылсым құпиясы бар ишандармен бәсекеге түскенде олар үнемі жеңіліп отырады. Орта Азияның ырымшыл тұрғынын сиқырлы сөз және сыртқы кейіппен тартуға қарағанда қолына мүлде ұстап көрмеген кітап беріп, дінге тарту қиынға түседі. Орта Азия тұрғыныоқыған немесе білімі саяздау молдасыз да өмір сүре береді, алайда мүлде оқымаған ишанның фатихасы (бата беру) немесе тынысы ол үшін киіз үйде де, шөлде де, ұрыс-төбелес пен жайылымдарда да бойтұмар болады» – деп атап көрсетеді.

Исабек ишан Павлодар облысы Екібастұз ауданы Ақкөл ауылында дүниеге келген. Бала кезінен оқу мен діни оқуға қызығушылық танытып, медреседе сауатын ашып, Бұхарада білімін жалғастырады. Исабек ишан ХІХ ғ. басында Ақкөл-Жайылма ауылында медресе ашып, мешіт салады, мұнда Орта жүз қазақтары арасында уағыз айтып, діни қызмет атқарады. Исабек ишан қазақ даласында құрметті діни тұлға болды. Оның көмегімен Баянауыл ауданының көптеген діндарлары Меккеге қажылыққа барып келеді.

Халық аузында қалған әңгімелерде ишанның жан-жақты қабілетті адам болғаны туралы айтылады. Мысалы, қазақтар арасында мынадай аңыз бар: бірде Исабек ишан намаз оқыған кезде қасынан ұшып бара жатқан бір топ аққуды жерге қондырыпты-мыс. Оның ерекше қасиеттері туралы аңыздар тарай бастады. Ишан хат алысып, хабарласып отырған белгілі діни қызметкер Сәдуақас Ғылмани Исабек ишанның емшілік қасиеті туралы жазды. Оған мынадай мысал келтіреді: ишан бір алақанын адамның маңдайына қойса, сол адам ауруынан айығып кететін болған. Сонымен қатар, халық арасындағы аңыз-әңгімелерге сүйенсек, Исабек ишанның болашақты болжау қасиеті де болған. Қазақ даласының барлық аймағындағы адамдар онымен кездесуге, құрмет көрсетуге асығатын. Нәтижесінде халық оны «әулие» атап, әулиелер қатарына қосты. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өз шығармаларында сол уақыттағы ишандар қатарынан Исабек ишанды ерекше атайды. Исабек ишан қайтыс болғанда Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы айтқан жоқтауында атақты хазірет, тәлімгердің орны ойсырап қалғаны былай өрнектеледі:

«Медресе там қасына, мешіт салған,

Бұйырып топырағы сонда қалған.

Ғылым хал, Ғылым қалды білген тамам,

Айырған хақ пен бүтіл, халал, харам-

Ғылымдарды қойылған көңіліне,

Жігіттер, бар ма енді ондай адам?»

Исабек ишан хазірет кесенесі – ақ тастан тұрғызылған екі кесене, мешіт және зиярат етуге келушілерге арналған үйден тұратын кешен. Үш күмбезді кесенеде Исабек хазірет, оның жалғыз ұлы Нұрмұхамед және інісі Мұхаммед Нияз жерленген. Исабек ишанның ұрпағы – әулие Жандарбек қожа жерленген жерде бір күмбезді кесене салынды. Екі кесененің биіктігі –тоғыз және жеті метр, ақ тастан жасалған. Исабек ишан ашқан мешіт орнына жаңа мешіт тұрғызылды. Арка түріндегі қақпалар ескі қалаларды еске түсіретін бұхаралық стилде орындалған. Дәл осы қалада XІХ ғ. ортасында Исабек ишан оқыды.

Қазіргі таңда Исабек ишан хазірет кесенесі – маңызды тарихи-мәдени мәнге ие киелі нысан. Қазақтардың синкретикалық түсінігінде Исабек ишанның жерленген жері хазірет аруағы қиындықтар мен ауыртпалықтарды еңсеруге көмектесетін қасиетті мекен болып саналады, сондықтан танымал әулиенің кесенесіне әлі күнге дейін еліміздің барлық өңірінен көп адам келеді.

Деректер

Әміренов Ә.Д. Мәшһүр-Жүсіп Көпеев шығармаларындағы Исабек ишан тұлғасы // Вестник ПГУ. Сер. филол. – 2013. – № 1. – С. 38–48.

Боранбаева А. «Ишан» сөзі қандай мағына береді? // Ана тілі, 2016, 10 марта. URL:http://anatili.kazgazeta. kz/?p=35861 Дата обращения: 19.11.2017.

Вамбери А. Путешествие по Средней Азии. – М.: ИВЛ, 2003. – 319 с.

Гогиберидзе Г.М. Исламский толковый словарь. – Ростов на Дону: Феникс, 2009. – 266 с.

Мәшһүр-Жүсіп Көпейүлы. Шығармалары. – Павлодар: ЭКО, 2003. – 1 т. – 436 б.

Мәшһүр-Жүсіп Көпейүлы. Шығармалары. – Павлодар: ЭКО, 2006. – 9 т. – 366 б.

Мундуинов Е. Жандарбек қожа және имандылық рухын (шапағатын) таратқан әулиелер // Өлкетану. – 2006. – № 2. – 50–55-бб.

Карта

Фотогалерея

Бөлісу