
Ақпарат
- Орналасуы
- Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы
- Кезеңі
- 1456 – 1996
- Түрі
- Кесене
- Түрі
- Монументтік өнер құрылыстары
- Авторлар
- Сатенова Марал Ратаевна
Дереккөздер
- Қазақстанның киелі орындарының географиясы: Табиғат, археология, этнография және діни сәулет өнері нысандарының тізілімі / Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі Байтанаев Б.Ә. – Алматы: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, 2017. – 1-шығарылым. – 904 б.
Сипаттама
Шежіре мәліметтері бойынша Домалақ ана атақты Бәйдібек Қарашаұлының жұбайы, Жетісудағы қазақ рулары – албан, суан және дулаттың арғы анасы. Орыс зерттеушісі, шығыстанушы және этнограф Н.А. Аристов 1876 ж. Ұлы жүз Ботпай руының биі Диқанбай батырдан алған мәліметтері негізінде Бәйдібек бидің үш әйелі болғанын айтады. «Бәйдібектің бірінші әйелі Сары-бәйбішеден – Сары үйсін, екінші әйелі Зеріптен – Жолмамбет, ... үшінші әйелі Домалақтан – Жарықшақ есімді ұлы, ал оның Албан, Суан, Дулат атты ұлдары болған». Одан бұрынғы, академик А.Х. Марғұлан 1835– 1855 ж.ж. мерзімдеген Ш.Ш. Уәлихановтың жазбаларында Домалақ ананы Томалақ әулие, ал ұлының есімі – Жарықшақ (өзге деректер бойынша Жорықшы) деп жазылған.
Бәйдібек баба мен Домалақ ана туралы халық аңыздарына кейінгі кезде зерттеу жүргізген Д. Дүйсеновтің еңбектерінде Домалақ ананы өмір сүрген уақытында Нұрилә деп атағанын және оның Қожа Ахмет Яссауидің ұрпағы, Түркістандағы атақты Мақтым Ағзам қажының немересі, ал әкесі ержүрек Әли Сылан батыр екені жазылған. Нұрилә Әли Сыланқызы 1378 ж. Түркістан қаласында дүниеге келген. Атасы Мақтым Ағзам қажының өсиеті бойынша ол он тоғыз жасында (1397 ж.) Бәйдібекке тұрмысқа шығады. Халық аңыздарына сәйкес «Дихнат мама» есімін оған түрікменнен шыққан Қара Хайдар берген. «Дихнат мама» парсы тілінен аударғанда «Әулие ана» дегенді білдіреді. Нәтижесінде бұл атау дыбыстық өзгерістерге ұшырап «Домалақ анаға» (тікелей аудармасы – «дөңгелек ана») айналған. Халық арасында «Домалақ ана» атауының сырын оның бойының кішкентай болуымен байланыстырады. Домалақ ана өзінің ерекше қасиеттерінің арқасында халық арасында жастайынан кеңінен танымал болған. Ол ақылы мен бірегей сәуегейлік қасиетінің арқасында дауласушы тараптарды бейбіт шешімдерге келтіріп, татуластырып отырған. Аңыздар бойынша Домалақ ана – әйел даналығы мен аналық махаббаттың, бақытты отбасын құрудың үлгілі бейнесі ретінде танылады.
Ауызша тарихи деректерге сәйкес, Домалақ ана қайтыс болғаннан кейін, оның немересі Дулат Бұхарадан Абдулла Шері есімді шеберді шақыртып, оның қабірінің үстіне күмбезді төрт қабырғалы кесене тұрғызады (1456 ж.). Домалақ ана кесенесі бірнеше рет қирап, қайта қалпына келтірілген. ХХ ғ. басында бұрын қираған нысанның орнына жаңа кесене тұрғызылады. Көлемі бойынша шағын құрылыс ротонда – цилиндрлі көлем пішінінде салынып, фасадтары бойынша алты терең емес нишалармен безендірілген. Кесененің оңтүстік нишасында кіреберіс есігі орналасқан. Жоғарғы жағындағы үш сатылы карнизі биік емес күмбезбен аяқталады. 1994 ж. жарық көрген «Оңтүстік Қазақстан облысы тарихи және мәдени ескерткіштері жинағында» кесененің ақ-қара түсті суреті мен көлденеңінен салынған жоспары жарияланған. 1957 ж. қалпына келтірілген кесене ұзақ тұрмады. 1996 ж. Маңғыстаудан арнайы жеткізілген ақ тастармен жаңа кесене ғимараты салынады. Сәулетші С. Тоқтамыс Орта Азияның классикалық діни-ғұрыптық сәулетінің (кесененің кіре берісі, дөңгелек күмбез және мешіт мұнарасы) негізгі компоненттерімен қоса, жаңа ғимараттың құрылыс элементтеріне қазақ даласының архаикалық элементтерін кіргізеді. Жаңа құрылыстың әрбір жеке фрагменті, тұтастай алғанда, ғимаратқа ерекше сипат беріп тұр. Кесененің барлық фасадтарында орналасқан ірі безендіру элементтері – халықтың айтуы бойынша – атақты Бәйдібек бабаның әйелі жақсы көрген әшекейлердің, сырға мен алқалардың пішінін еске түсіреді. Биіктігі 12 м ғимаратты сегіз бүкпелі күмбез аяқтайды. Кесененің кіреберіс алдына екі мұнара бой көтерген.
Домалақ ана кесенесі мұсылмандық архитектураның бірегей ескерткіші ретінде Қазақстанның ұлттық бірлігін бейнелейтін қазақ халқының тарихи жадындағы маңызды нысаны және рухани мәдениеті орталықтарының бірі болып табылады. Тәуелсіздікті жариялағаннан кейін, Қазақстан қоғамында дінге деген көзқарас та өзгерді. Соған байланысты, діни-ғұрыптық сәулет ескерткіштері де қазақстандықтар үшін ерекше қасиетті маңызға ие болды.
Домалақ ана кесенесі мемлекеттік маңызы бар тарихи және сәулет ескерткіші болып табылады.
Деректер
Аристов Н.А. Опыт выяснения этнического состава киргиз-казаков Большой Орды каракиргизов на основании родословных сказаний и сведений о существующих родовых делениях и о родовых тамгах, а также исторических данных и начинающихся антропологических исследований. – СПб.: тип. С.Н. Худекова, 1895. – 96 с. – С. 4.
Байтанаев Б.А., Ёлгин Ю.А. Культовая архитектура Южного Казахстана: Архитектурно-археологическое исследование памятников позднего ислама. – Алматы: Институт археологии им. А.Х. Маргулана, 2013. – 302 с. – С. 138.
Валиханов Ч.Ч. Предания и легенды Большой киргиз- кайсацкой Орды // Валиханов Ч.Ч. Собрание сочинений в пяти томах / Отв. ред. академик А.Х. Маргулан. – Алма-Ата: Гл. ред. Казахской советской энциклопедии, 1961. – Т. 1. – 777 с. – С. 107–111, 539.
Дүйсенбаев Д. Домалақ-ана (тарихи-деректі етелік). – Алматы, 1991. – 72 с. – С. 19–30.
Мазар Домалак-ана // Свод памятников истории и культуры Казахстана. – Алма-Ата: Қазақ энциклопедиясы, 1994. – Т. 1: ЮКО. – 367 с. – С. 75.