Баба түкті Шашты Әзіз кесенесі

Баба түкті Шашты Әзіз кесенесі

Түркістан облысы, Созақ ауданы

Бастау

Ақпарат

Орналасуы
Түркістан облысы, Созақ ауданы
Кезеңі
1750 – 2006
Түрі
Кесене
Түрі
Монументтік өнер құрылыстары

Дереккөздер

  • Қазақстанның киелі орындарының географиясы: Табиғат, археология, этнография және діни сәулет өнері нысандарының тізілімі / Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі Байтанаев Б.Ә. – Алматы: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, 2017. – 1-шығарылым. – 904 б.

Сипаттама

Баба түкті Шашты Әзіз – қазақ фольклорында жиі кездесетін тұлға. Әулие есебінде сипатталады. Батырлар жырларында ол бас кейіпкерге ақыл айтушы, көмек қолын созушы әулие ретінде бой көрсетеді. Мысалы, «Алпамыс батыр» жырында Баба түкті Шашты Әзіз Байбөрінің түсіне еніп, оның ұлы және қызы болатыны туралы аян береді. Ол осы сәттен бастап Алпамыстың рухани қамқоршысына айналады. Ел аузындағы әңгімелер бойынша оның денесін түгел түк басқан екен-мыс, сол себепті Баба түкті Шашты Әзіз аталыпты. Ысқақ баб пен Баба түкті Шашты Әзіз – ислам дінін таратушылардың ішінде қазақтарды уағыздың күшімен ғана, қантөгіссіз жаңа дінге шақырғандардың алғашқыларының бірі. Сол замандарда Оңтүстік Қазақстанда дін үшін қантөгіс майдан жүріп жатты. Қазақтар ислам әскерлеріне қатты қарсылық көрсеткен болатын. Ысқақ баб 767 ж. Арабиядан жаңа ілімді тарату мақсатында қол бастап Түркістан мен Сырдарияға келеді. Ысқақ баб өзінің мұрагері етіп қолбасы Баба түкті Шашты Әзізді тағайындайды. Баба түкті Шашты Әзіздің уағыздың күшімен бір күнде 200 мың адамға мұсылман дінін қабылдаттырғаны жөнінде аңыз бар. Мұхтар Әуезов Қазақстанның Оңтүстік өңірлерін аралағанда Ысқақ баб пен Баба түкті Шашты Әзізді араб қолбасшылары және ислам дінін таратушылар ретінде таныған.

Бір бөлмелі кесене фасадының композициясында кесек тастан тұрғызылған ескі іргетасының үстіне күйдірілген кірпіштен толығымен қайта қаланып шыққан. Төртбұрышты көлемі цилиндрлі барабанға орнатылған сфералы күмбезге жалғасқан. Сыртқы қабырғалары – тегіс, әшекейсіз. Ортасында есігі бар негізгі фасадында тереңемес сүйірлі келген ниша және ғимараттың бұрыштарында шағын екі мұнара – гүлдесте орнатылған. Төртбұрышты бөлменің өсі бойынша интерьерінде сүйірлі аркалар қалқанша желкендер арқылы күмбезге тіреледі. Қабырғалары сыланған және ақталған. Бөлменің ортасына кірпіш құлпытас қойылған.

Жергілікті маңызы бар ескерткіш. Зиярат ету және туризм нысаны.

Дерек

Камалова Г.М. Мавзолей Баба Тукти Шашты Азиз // Свод памятников истории и культуры Казахстана. ‑ Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 1994. – Т. 1: ЮКО. – 368 с. – С. 246.

Карта

Фотогалерея

Бөлісу