Баб Ата медресесі

Баб Ата медресесі

Түркістан облысы, Созақ ауданы

Бастау

Ақпарат

Орналасуы
Түркістан облысы, Созақ ауданы
Кезеңі
1850 – 1900
Санаты
Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері
Түрі
Медресе
Түрі
Монументтік өнер құрылыстары

Дереккөздер

  • Қазақстанның киелі орындарының географиясы: Табиғат, археология, этнография және діни сәулет өнері нысандарының тізілімі / Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі Байтанаев Б.Ә. – Алматы: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, 2017. – 1-шығарылым. – 904 б.

Сипаттама

Баб Ата елді мекенінің шетінде, осы аттас табиғаты тамаша жерде орналасқан медресе. XIX ғ. соңы – XX ғ. басында діни зиярат ету орнына айналған (ОҚО, Созақ ауданы). Медресенің солтүстік- батысындағы бітеу фасады ел ішінде Баб Ата деген лақап атпен белгілі болған Ысқақ баб әулиеге арнап тұрғызылған мешіт-кесенеге қараған. Баб Ата аталатын бұл медресе де қасиетті маңызға ие киелі орын саналады.

Ескерткішті алғаш 1947 ж. Қазақ КСР-і ҒА ОҚАЭ архитекторы Г.Г. Герасимов зерттейді. 1981–1983 ж.ж. Қазақ КСР-і Мәдениет министрлігіне қарасты «Қазақ жобалау-қалпына келтіру» институты тарих пен мәдениет ескерткіштерін төлқұжаттау барысында зерттеу жүргізеді. Қазақстанның тарихи-мәдени ескерткіштерінің жинағына енген (Б.Т. Тұяқбаева, А.Н. Проскурин). Қазіргі кезде негізгі бөлігі қалпына келтірілген, айналасы абаттандырылған.

Сауалнама барысында анықталған мәліметтер бойынша медресе құрылысы 1898 ж. аяқталған. Г.Г. Герасимов оны Баб Ата мешіт-кесенесін мамандар тұрғызған деп болжайды. Ол құрылыс сапасының жұпынылығын ғимараттың киелі маңыздылығының төмендігімен түсіндіреді.

Ғимарат құрылысы күйдірілген кірпіштерден әкті-ғыныш ерітіндісімен дәнекерленіп тұрғызылған. Сәулеттік нышаны бойынша Орта Азия мен Қазақстанның оңтүстігіне кейінгі кезде көп тараған жоспарының аулалы композициясынан бір қабатты медресе идеясы аңғарылады. Баб Ата медресесінің сақталған бөлігінің жобасы «Г» тәріздес келген. Оның бұрыштағы дәрісхана бөлмесі композициялық орталығы болып саналады. Ол есік орналасқан порталымен жәнецилиндрлі барабан үстіндегі сфероконусты биік күмбезімен ерекшеленеді. Оған батысы мен оңтүстігінен бірнеше құжыралар (шәкірттер жататын жай) жалғасады. Осындай композициялық торап жалғыз болмауы мүмкін. Бастапқыда медресе жоспары «П» тәріздес немесе «тұйықталмаған тікбұрыш» болған деген мәлімет бар (Г.Г. Герасимов). Құжыралар төртбұрышты кірпіштерді қырынан қиыстыра қалаған қорап секілді сүйірлі күмбез түрінде жабылған. Олардың сырты тегіс жабындымен жабылған. Медресенің аулаға қараған фасады құжыраларға апаратын есігі бар аса терең емес сүйірлі аркалармен безендірілген. Құжыралардың ішкі жағы сыланып ақталған.

Дәрісханаға кіреберіс – ғимараттың едәуір жақсы безендірілген бөлігі. Осы терең порталды есіктің сырт жағы сүйірлі арка түрінде безендірілсе, архивольты дөрекі қашалған секілді кірпіш қаландылармен рәсімделген. Аркасының үстіңгі жағына үшжапырақ түріндегі өрнекті фронтон орналастырылған. Арканы қапталдап тұрған пилондар сәнделген мұнаралармен аяқталған. Өрнектің бұл элементтері ресейлік эклектика сәулетінен және ХІХ ғ. екінші жартысындағы «кірпіштік стилі» үлгісінен алынған.

Республикалық маңызы бар сәулет ескерткіші. 1982 ж. бастап мемлекет қорғауында. Зиярат ету және діни туризм нысаны.

Деректер

Байтанаев Б.А., Ёлгин Ю.А. Культовая архитектура Южного Казахстана: Архитектурно-археологические исследования памятников позднего ислама. – Алматы: Институт археологии им. А.Х. Маргулана, 2013. – 302 с.

Герасимов Г.Г. Памятники архитектуры Каратау // Известия АН КазССР. Сер. архит. − 1950. − Вып. 2, № 80. − С. 53–82.

Мендикулов М.М. К характеристике архитектуры Казахстана XIX и начала ХХ века // Маргулан А.Х., Басенов Т.К., Мендикулов М.М. Архитектура Казахстана. – Алма-Ата: Казгосиздат, 1959. – 172 с. ‑ С. 116–166.

Туякбаева Б.Т., Проскурин А.Н. Медресе [Баба-Ата] // Свод памятников истории и культуры Казахстана. – Алма-Ата: Гл. ред. «Қазақ энциклопедиясы», 1994. – Т. 1: ЮКО. – 368 с. ‑ С. 238.

Карта

Фотогалерея

Бөлісу