
Ақпарат
- Орналасуы
- Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы
- Кезеңі
- 1601 – 1950
- Санаты
- Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері
- Түрі
- Кешен
- Түрі
- Археология ескерткіштері
- Авторлар
- Ажигали Серик Ескендирулы
Дереккөздер
- Қазақстанның киелі орындарының географиясы: Табиғат, археология, этнография және діни сәулет өнері нысандарының тізілімі / Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі Байтанаев Б.Ә. – Алматы: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, 2017. – 1-шығарылым. – 904 б.
Сипаттама
Сенек ауылынан шығыс солтүстік- шығысқа қарай 61 км жерде орналасқан (мешіт) (Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы). Ескерткіш Үстірт маңының батыс аумағындағы, көркем әрі жетуі қиын Оғланды деген жерде орналасқан және айналасын бейіттер қоршаған, жоғарыда, үңгір кешенінен шығыс оңтүстік- шығысқа қарай 1 км қашықтықта, төбеде үстінде тұрған тағы бір зираты бар жартасты мешіттен (кешеннің діни-ғұрыптық орталығы) тұрады. Оғландының жоғарыдағы қорымында қазіргі кезде үлкен мәдени-туристік, зиярат етушілер кешені салынған орыннан төмендегі мешітке қарай (қазір жөнделген) ирелең жол кетеді.
Батыс Үстірттегі Бекет ата культтік- мемориалдық, туристік кешені Каспий өңірі аймағындағы, бүкіл Қазақстан халқына, отандық және шетелдік туристер арасында аса танымал нысан болып табылады. Бұл – бірнеше факторларға, ең алдымен, Батыс Қазақстандағы ең атақты діни және рухани ағартушы Бекет ата тұлғасына, сондай-ақ табиғаттың, ландшафтының қайталанбайтын ерекшелігіне байланысты. Халық аузындағы аңыздар мен ХІХ ғ. әдеби деректер бойынша, адай руының мұңал тармағынан шыққан Бекет Мырзағұлұлы сопылық еткен және XVIII ғ. аяғы–XIX ғ. басында балалардың сауатын ашқан.
Оның өмір сүрген жылдары белгісіз. Мысалы, полковник Ф.Ф. Бергтің Үстірттегі экспедициясына қатысқан табиғаттанушы Э. Эверсманн 1826 ж. қаңтарында былай деп жазады: «...Ол әпенді тақуа осыдан 12 жыл бұрын қайтыс болған» [Эверсманн, 1963, 145-б.]: яғни 1814 ж. шамасында. Кейінірек Үстіртте топографиялық зерттеу жүргізіп, жергілікті қазақтармен сөйлескен подпоручик Алексеев 1851–1852 ж.ж. – өзінің 1853 ж. құрастырған есебінде, Бекет «осыдан шамамен 40 жыл бұрын қайтыс болған» деп көрсетеді [Алексеев 2, 1963, 282–283-б.]. Соңғы жылдардағы басылымдарда Бекет атаның өмірден қайтқан жылы 1813 ж. немесе сол жылдардың маңайы болып саналады [Бекет ата, 1994, 15-б.; Бекет ата, 2010, 31-б.; Меңдіқұлов М., 1987, 18-б.]. Екінші болжам шындыққа жанасады, яғни Бекет атаның қайтыс болған уақытын 1810-шы ж.ж. бірінші жартысына жатқызуға болады. Аңыз әңгімелер бойынша, Бекет ата пайғамбар жасына жеткен (63 жас), осыдан оның туған жылы – 1750 ж. болып шығады. Алайда бұл да (дәлірек айтқанда, оның өмір сүрген жылдары) біршама күмәнкелтіреді, өйткені «дәстүрлі үрдіс» бойынша, аймақтағы түркі халықтарының агиологиясында «әулиелердің» бұл дүниедегі ғұмыры көбіне Мұхаммед пайғамбардың жасымен анықталған. Дәл осылай, Ахмет Яссауи, пайғамбар жасына жетіп 63 жасқа келгенде, жер астындағы құлшылық мекеніне – қылуетке түседі де, қалған өмірін сонда өткізеді. Сондықтан Бекет атаның өмір сүрген жылдарын тек шартты түрде ғана 1750–1813 ж.ж. деп есептеген жөн, бұл шындыққа жақын болуы да мүмкін.
Бекет Мырзағұлұлының өмірі туралы басқа мәліметтерді ел ішіндегі тарихи аңыздар, ақпарат берушілердің әңгімелері бойынша қалыптастыруға болады. Өмірінің бірінші жартысын (қырық жасқа дейін) ол қарапайым көшпелі мал ұстаушы ретінде өткізген болса керек, сонымен қатар ол сирек кездесетін батырлық қасиеттерді де таныта білген. Шөмішті–табын руының белгілі батыры Барақ Сатыбалдыұлының замандасы болған Бекет өзінің діни білімін Бесқалада (Хиуада) Пақыржан қажыдан (Қ. Сыдиықұлы) алған болып саналады. Бекет ата өзінің сопылық қызметімен ел ішінде құрметке бөленіп, аса танымал: Маңғыстау, Үстірт, Ембі алқабындағы қазақ малшыларының рухани тәлімгері, көшпелілердің балаларын сауаттылыққа үйретушісі болды. Осы кезеңде ол өзін бірегей сәулетші-құрылысшы ретінде де танытады. Оның жетекшілігімен Ембі, Бейнеу және осы жерде – кейін Бекет Мырзағұлұлы жерленген Үстірттің батыс шыңындағы Оғланды деген жерде – үш мешіт салынғаны анық белгілі. Э. Эверсманн «Арал теңізіне көршілес» Баялы деген жерде тағы бір, төртінші мешіттің бар екендігін атап көрсетеді. Бірақ оның бар екендігі және дәл орналасқан жері анық дәлелденбеген [Бәлкім, бұл географ С.В. Викторов және т.б. көрсеткен Оғландыдан оңтүстік оңтүстік- шығысқа қарай 135 шақырымдағы «Ақмешіт үңгірі» («Ақмешіт», «Ақшұқыр») шығар, болмаса жекелеген ақпарат берушілердің мәліметі бойынша, осындай аты бар одан 220 шақырым жердегі нысан болуы мүмкін. Үстірттің осы терең бөлігінде белгілі Бай, Байляр (Эверсманнда – Баяли?) құдығы бар]. Бозашы түбегіндегі Тобықты деген жердегі үңгір де Бекет мешіттерінің бірі ретінде әдебиетте аталады. Бұл мешіттерді Бекет өз ұлдары Байтеле (Бәйтелі), Жайлау, Тоғай және басқалары үшін салған көрінеді. Әдебиетте олардың Бекет ауылының маусымдық жайылымдарында орналасқандығы айтылады.
XIX–ХХ ғ. басындағы осы жартасты- жерасты мешіттердің негізгілері (Оғланды, Бейнеу және Ембі) ірі діни-мемориалдық кешендердің орталықтарына айналған және осы күнге дейін мәнін жоғалтқан жоқ, ал Батыс Үстірттегі кешен Арал-Каспий өңіріндегі«киелі географияның» аса ірі нысаны болып табылады. Ескерткіштер мемлекеттік қорғауға алынған және оларда соңғы онжылдықтарда ауқымды жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары мен абаттандыру шаралары жүргізілді. Бірақ бір ескере кететін жайт: соңғы кезде осы нысандарға, әсіресе Бекет ата – Оғланды кешеніне келушілердің саны тым көбейіп кеткендіктен, бұл жағдайды реттеп отыру қажет секілді.
Бекет ата Мырзағұлұлының жеке басымен көптеген аңыздар мен тарихи әңгімелер байланысты: «Оғланды және Бекет ата», «Бекет ата, Барақ, Балуанияз», «Бекет ата мен Бекдұрды ишан» және т.б. Оның есімі кезінде қазақтың адай руының «Бекет!» деген ұранына айналған. Бекет атаның сан қырлы тұлғасы туралы бірқатар шығармалар жазылған және оған арнап күй шығарылған; Маңғыстау мен Қазақстанның т.б. аймақтарында рухани ағартушының мерейтойларына (250 жылдығы және т.б.) арналған шаралар өткізіледі.
Бекет ата (Оғланды) діни кешені жету қиын болғандықтан, тек ХХ ғ. 60-шы жылдардың аяғы мен 70-ші жылдардың басындамақсатты түрде тиісті мамандар тарапынан – С. 131–164. зерттеле бастайды. Алғашқылардың бірі болып 1973 ж. проф. М.М. Меңдіқұлов басқарған архитектуралық экспедиция зерттейді (Қазақстанның тарихи-мәдени ескерткіштерін қорғау қоғамы – ҚазПТИ). Кейін ескерткіш 1978, 1980 ж.ж. Қазақ КСР-і Мәдениет министрлігі экспедицияларымен («Қазқайтажаңғырту» бірлестігі, «Қазақ жобалау-қалпына келтіру» институты); 1982 ж. – ЦС ОК ТМЕКҚ экспедициялық тобымен және т.б. зерттеледі. 1996 ж. жартасты мешіт кешенін ҚР ММ материалдық мәдениет ескерткіштері ҒЗЖИ мамандары (С.С. Ағытаев) зерттейді. 1999–2000, 2003 ж.ж. ескерткіште жөндеу- тұмшалау (бекіту), қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. 2010–2011 ж.ж. облыс орталығынан шалғайдағы ескерткіш-кешенге автомобиль жолы салынады.
Бекет-ата (Оғланды) діни-мемориалдық кешені негізгі үш бөліктен: ХVІІІ ғ. соңындағы жартасты мешітінен; оның жанында тік жартасқа орналасқан ХІХ ғ. мен ХХ ғ. бас кезіндегі зираттан және уақыты біршама ерте кезеңге жататын жоғарғы Оғланды бейітінен тұрады. Мешіт жартастан қашалып ойылған, жобасы дөңгелек 5 бөлмеден тұрады, оңтүстік- батыс шетінде михраб нмшасы орналасқан. Солтүстік бөлменің күмбезінде жарық түсетін ойық бар, осындағы нишаға арқар мүйізі ілінген. Алғашында мешіт халық арасында үлкен құрметке бөленген, ал қайтыс болғаннан кейін осында (солтүстік бөлмеде, нишада) жерленген тақуаның тұрағы болған. Бүгінгі таңда оның бөлмелеріне көріктендіріп, ретке келтіру жұмыстары жүргізіліп, мешіттегі кіреберістің алдына арнайы алаң салынған. Мешітке жоғарыдан, төбеден (салттық-зияратетушілер орталығы орналасқан жер) негізгі жол мен төменнен, жазық аңғардан салынған жолдар апарады. Жартасты ғибадатхана маңындағы тік жартастарда, бұл жерде салынуы өте қиын шаруа болып есептелінетін, көптеген қазақтың зират құрылыстары (бейіттер) – сағанатамдар, құлпытастар мен «қойтастар» шашырап жатыр. Жер бедерінің ерекше күрделілігіне байланысты көптеген ескерткіштер өз уақытында бүлінуге ұшыраған.
Мешіт тұрғызылғанға дейін-ақ жоғарыда орналасқан «Оғланды» зираттың атауы болған (не жалпы жер атауы), ол: «жас», «жеткіншек», «сәби» мағынасын білдіретін – «оғлан» деген оғыз-қыпшақ терминіне байланысты болса керек. Сондай-ақ орта ғасырларда Алтын Орда, Мәуренахр мен Кіші Азияда «оғлан» деп ханзадаларды, қолбасшылар мен әскербасыларын т.б. да атаған. Ескерткіштің атауы соңғы сөздердің мағынасына – не жас жігіт, ханзаданың жерленген орнына (ең дұрысы), не халық қоныстанған аймаққа – қос, тұраққа байланысты шыққан сияқты. Ә. Кекілбаев бұл жерде Маңғышлақтың орта ғасырдағы билеушісі Түйеқожа оғланның («Түйе қожа Оғылан») жерленуі мүмкін екенін де жоққа шығармайды.
Оғланды зираты, ең алдымен ХVІІ– ХVІІІ ғ.ғ. бір немесе екі жағында өңделмеген бағана тастары бар жарылма тастардан жасалған жәшіктерден, тақта тастардан тұрғызылған кедір-бұдырлы қоршаулардан тұратын көне ескерткіш түрінде жатыр. Бұдан басқа, осыған ұқсас, ХІХ ғ. жоғары талғаммен көркемделген қазақ стелаларымен үйлестірілген ғимараттар тобы бар. Олардың көпшілігі эпиграфиялық материалдармен, таңбалармен безендірілген.
Деректер
Аджигалиев С.И. Генезис традиционной погребально- культовой архитектуры Западного Казахстана (на основе исследованиях малых форм). – Алматы: Ғылым, 1994. – 260 с., 10 вкл.
Ажигали С.Е. Архитектура кочевников – феномен истории и культуры Евразии (памятники Арало- Каспийского региона). – Алматы: НИЦ «Ғылым», 2002. – 654 с.
Ажигали С.Е. Памятники Манкыстау и Устюрта: книга- альбом. – Алматы: Өнер, 2014. – 504 с.; с прилож. карт, указ. (на каз., рус., англ.).
Ажигали С.Е., Адаев Ж. У берегов Прикаспийской истории – Тарих тағылымы [2-я кн. из серии «Каспий қайраңы»]. Познават. издание. ‑ Алматы: Джулдас и компания, 2000. – 328 с.
Алексеев, 2-й. 1853 г. Топографическое описание северной части Усть-Урта и прилегающего к нему пространства до реки Эмбы… // Первые русские научные исследования Устюрта: сб. материалов. – М., 1963. – 323 с. – С. 243–288.
Бекет-ата / Кітапты құрастырып, алғысөзі мен түсініктерін жазған Қ. Сыдиықүлы. – Алматы: Арыс, 1994. – 128 б.
Бекет-ата (Имандылық-тағылым кітабы). – Ақтөбе: «NOBEL» баспасы [Насихат], 2010. – 746 б.
Емелина И.Н. Методика реставрации подземных мечетей Мангышлака и плато Устюрт // Изучение и сохранение культурного наследия Республики Казахстан: сб. ст. – Алматы, 2012. ‑ Вып. 1. – С. 20–40, с ил.
Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени ескерткіштерінің жинағы. Маңғыстау облысы / Авторлар ұжымы. Өскемен: AsT prime, 2012. – 600 б.
Мендикулов М. Памятники народного зодчества Западного Казахстана. – Алма-Ата: Өнер, 1987. – 160 с.
Эверсманн Э. 1825 г. декабря 16 – 1826 г. марта 4. Натурологический журнал, веденный при Экспедиции, обозревавшей пространство между Каспийским и Аральским морями… // Первые русские научные исследования Устюрта: сб. матер. – М., 1963. – 323 с. мақсатты түрде тиісті мамандар тарапынан – С. 131–164.