Қарасопы кесенесі

Қарасопы кесенесі

Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы

Бастау

Ақпарат

Орналасуы
Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы
Кезеңі
1801 – 1870
Санаты
Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері
Түрі
Кесене
Түрі
Монументтік өнер құрылыстары

Дереккөздер

  • Қазақстанның киелі орындарының географиясы: Табиғат, археология, этнография және діни сәулет өнері нысандарының тізілімі / Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі Байтанаев Б.Ә. – Алматы: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, 2017. – 1-шығарылым. – 904 б.

Сипаттама

Жаңақорған кентінен оңтүстік-шығысқа қарай 5 км жерде орналасқан (Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы).

Кесене «Қарасопы» деп аталғанымен, бұл жерде Айқожа ишанның балалары Мамырайымшайық пен Ыбырайымшайық жерленген, ал Қарасопының өзі кесененің алдында тұрған қарапайым қоршауда жерленген.

Ауызша деректер бойынша, Қарасопы Айқожа ишан, Марал ишан, Құлболды ишандармен бірге Бұхарада оқыған. Айқожа ишанның қарамағында жұмыстар атқарып, батасын алып, кейіннен Сыр бойында өзі де әулие атанған. Ел аузында айтылған әңгімелерге қарағанда, Қарасопы 5 жасар Айқожаны асырап алып, Бұхара, Мекке жағына алып барған. Айқожа ишан Қарасопыда мектеп, медресе ашып, ағартушылық қызмет атқарған. Бірақ Айқожа ишан өзінің замандасы Көкен батырдың сөзіне ренжіп, Қарасопыдан Ақтасқа көшіп кеткен екен. Кейін Айқожаның баласы – Атақожа Қарасопы мазарын салдырған. Кесене 1870 ж.ж. тұрғызылған.

Қарасопы кесенесі республикалық маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіш болып саналады. Мамандардың айтуынша, Қарасопы кесенесінің өзіндік кеңістік мәселелері сауатты шешілген, Сырдарияның төменгі ағысындағы көрнекті монументалды ескерткіштердің бірі болып саналады. Мұнда ішкі көрінісіне және кіреберісіне, портал нишалары мен жеңіл аркадаларға ерекше көңіл бөлінген. Ескерткіштің архитектуралық сипатына тоқталатын болсақ, ол тікбұрышты күйдірілген кірпіштерден (6х14х26 см) тұрғызылған, өлшемдері – 9,6х14 м. Биіктігі 9 м, күмбезінде сегіз айшығы бар. Шағын екі бөлмеден тұрады. Қабір жатқан бөлменің аумағы 12,3х8,7 м, қосалқы бөлме аумағы одан кішілеу. Есігі құбылаға қараған. Кесене камералары ұзынынан орналасқан – екі камералы. Бірінші камера (биік күмбезді айван тәрізді) кіреберіс (мұнда ежелгі бейіт орны бар), оның артында жерлеу камерасы орналасқан. Негізгі фасады оңтүстік-батысқа қарай бағытталып, портал түрінде безендірілген. Кіреберіс камера сводтүрінде жабылған. Оның алдыңғы бөлігі негізгі аумақтың жабынынан шығыңқы және аркатуралармен жасырылған. Кіреберістің екі жағына өлшемдері бойынша нишалардан кішірек терең сводтар орналастырылған. Кесененің жерлеу камерасы төртбұрышты пішінді болып келген. Оның қабырғаларында сүйірлі келген аркалармен жабылған төрт кең ниша бар. Камераның батыс қабырғасының төменгі бөлігіне дұға қылуға арналған аркалы терезе ойығы салынған. Екі камера да сыланған және әктелген (әсіресе жерлеу камерасы), камералардың қабырғаларына қызыл, сары, көгілдір және т.б. әр алуан түсті геометриялық және өсімдіктер бейнеленген суреттер салынған.

Кесене қайта қалпына келтірілген: ішіндегі өрнектер, ғимараттың кіреберісіндегі кірпіштерден сомдалған сәндік элементтер, күмбез асты барабандағы терезелерге жаңа безендірілген торлар салынып, күмбездің сүйір ұшы қалпына келтірілген. 1980 ж.

«Қазақ жобалау-қалпына келтіру» институтының архитекторлары зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Ескерткіш 1982 ж. мемлекеттік қорғауға алынған. Қарасопы кесенесі ислам сәулет өнері үлгісінде салынған. Кесене тарихи-мәдени мұра қатарына енгізілген. Оның салынуын халық қасиетті деп пір тұтқан Айқожа ұрпақтарымен байланыстырады. Қарасопы кесенесінің тарихы туралы жекелеген деректер мен ауызша дәстүр арқылы танысуға болады.

Деректер

Байтенов Э.М. Мавзолеи в окрестностях г. Яны-Курган // Вестник КазГАСА. – 2001. – № 1. – С. 16–25.

Байтенов Е. Қарасопы кесенесі // Қазақстан Республикасының тарихи және мәдени ескерткіштерінің жинағы. Қызылорда облысы. – Алматы: Аруна, 2011. – 260–263-бб.

Константинова В.В. Некоторые архитектурные памятники по среднему течению р. Сыр-Дарьи // Известия АН КазССР. Сер. архит. – 1950. – № 80. – Вып. 2. – С. 37–54.

Свод памятников истории и культуры Республики Казахстан. Кызылординская область. – Алматы: Аруна, 2007. – 376 с.

Фотографии из фондов Коммунального государственного учреждения «По охране памятников истории и культуры Кызылординской области управления культуры, архивов и документации Кызылординской области».

Карта

Фотогалерея

Бөлісу