Айқожа кесенесі

Айқожа кесенесі

Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы

Бастау

Ақпарат

Орналасуы
Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы
Кезеңі
1801 – 1900
Санаты
Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері
Түрі
Кесене
Түрі
Монументтік өнер құрылыстары

Дереккөздер

  • Қазақстанның киелі орындарының географиясы: Табиғат, археология, этнография және діни сәулет өнері нысандарының тізілімі / Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі Байтанаев Б.Ә. – Алматы: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, 2017. – 1-шығарылым. – 904 б.

Сипаттама

Кесене Бесарық бекетінен 6 км оңтүстікке қарай, Сырдария өзенінің оң жағалауындағы биіктеу жерде, үлкен қорымның ішінде орналасқан (Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы).

Ғимараттың негізгі қасбетінің алдында бір- біріне ұқсас бес қабір үсті ескерткіші қойылған. Оның күншығыс жағындағысы – әйелінікі, батыс бөлігіндегі төртеуі (біреуінің көктасы бар) – ишанның көмекшілерінікі. Күмбезді ишан қабірінің басына үлкен ұлы Ибәділлә Бұхарадан келген Хамит есімді шеберге орнаттырады.

Айқожа ишан – ғұламалығымен, діндарлығымен, көрегендігімен есімі Сыр өңіріне ғана емес, бірқатар көршілес мұсылман елдеріне мәлім болған тұлға, оның есімі балаларына мешіт салуды өсиет етуімен де белгілі болды. Айқожа Жұмаділдәұлының тегі дуан қожа руынан тарайды. Ишан халыққа білім беріп қана қоймай, имандылыққа да тәрбиелеген. Айқожа ишан туралы ауызша деректер бүгінгі күнге дейін жеткен. Ол 1773 ж. Жаңақорған өңірінде дүниеге келген. Есейген соң Ташкент, Бұхара шаһарларында медреседе оқиды. Бұдан кейін төрт жылдай Ауғанстандағы атақты ғұлама, қара суды теріс ағызатын Ислам Шайхтың шәкірттері Құлболды, Марал, Қосым ишандармен бірге оқып, діни білім алады. Кейін Құлболды Тереңөзекке, Марал Қармақшыға, Косым Қазалыға, Айқожа Жаңақорғанға ишан болып оралады. Айқожа ишан Темірұлының бойында зеректігімен және білімдарлығымен қоса адам сезе бермейтін бір тылсым күштің бар екенін ұстазы Ислам Шайх оқытып жүрген кезінде-ақ байқапты. Бірде ол шәкірттерін сынамаққа өзінің алдына шақыртады. Басқалар ұстаз алдына кідірмей кіріп барғанда, Айқожатабалдырықтан аттамай есіктің алдында тұрып қалады. Дінбасы мұның себебін сұрағанда ол: «Мына табалдырықтың астындағы қасиетті затты басып өте алмай тұрмын. Соны алдыруыңызды өтінемін», – дейді. Сөйтсе, Ислам Шайх шәкірттерін сынау үшін кіреберіске сездірмей Құран кітабын жасырып қойған екен. Сонда ұстаз да, өзге шәкірттер де Айқожаның көріпкелдігіне таң қалады.

Айқожа ишан Жаңақорған өңірінде халықтың сауатын ашумен қатар, діни имандылық тәрбие берумен айналысқан. Ол кісі Қарасопыда мектеп, медресе ашып, халыққа ағартушылық қызмет көрсеткен. Бірақ кейін өзінің замандасы Көкен батырдың айтқан сөзіне ренжіп, 30-40 отбасын алып, Қарасопыдан Ақтасқа көшіп кетеді. Сонда өзінің қателігін білген Көкен батыр Сарықамыста көшті қуып жетеді де кешірім сұрайды. Бірақ, көк көзді, ақсары өңді Айқожа ишан кешірім бере тұрып: «Жолға шыққан көштің кері қайтуы әбестік», – деп жүріп кетеді. Ақтасқа келіп жеткенде ерген жұртқа: «Құдай қаласа, ендігі қонысымыз осы жер болады», – дейді. Сонда олар: «Елсіз, сусыз жерді қалай мекен етеміз?» – депті. Мұны естіген Айқожа ишан өзінің асасын жерге шаншығанда, сол тұстан шымырлап мөлдір су шыға бастайды. Ол әлі күнге дейін «Айқожа ишан бұлағы» деп аталады екен. Айқожа ишан 1857 ж. Бесарық бекеті тұсындағы Сарықамыс деген жерде дүние салады. Мәйітін Ақтас әулиенің қасына әкеліп жерлейді. Айқожа ишанның 11 баласы болған. Қазіргі кезде олардан тараған 400-ден аса отбасы бар. Көрнекті тұлға – Айқожа ишанға арналып салынған ескерткіштің ауданы 9х9 м., биіктігі 8 м., күйдірілген кірпіштен қаланған. Күмбез қазақы ою-өрнекпен безендірілген, 8 қырлы барабанды күмбезге жарық түсетін 4 терезесі бар, маңдайшасын бөренеден қиған. Ішінде сағана түрінде құлпытас қойылып, үстіне арқардың мүйізі қойылған. Кесенені шаршы пішінді күйдірілген кірпіштерден (жарты кірпіштер де пайдаланылған) тұрғызған (26х26х5 см.). Жоспардағы аумақтық өлшемі 8,42х8,46 м., биіктігі – 7,7 м.

Айқожа ишан кесенесі – ХІХ ғ. жататын сәулет өнерінің ескерткіші. Айқожа ишан өз заманының қасиетті тұлғасы саналғандықтан, бүгінгі күнде де ишанның жатқан кесенесі халық үшін киелі жер болып саналады.

Нысан республикалық маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштер тізіміне алынған. Ол 1989 ж. ауыл тұрғындарының көмегімен қайта жөндеуден өткізілген. Кесенеге зиярат етушілер келіп тұрады. Оларға арнайы үй дайындалған. Кесененің шырақшысы да бар. Келушілер діни жоралғылар өткізіп, намаз оқып, құран бағыштай алады және мұнда мал соятын орын да қарастырылған.

Деректер Айғожа ишан күмбезі // «Сыр елі» Қызылорда облысы: Энциклопедия / Бас редактор Б.Ғ. Аяған. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2005. – 544 б. – Б. 73.

Байтенов Э.М. Мавзолеи в окрестностях г. Яны-Курган // Вестник КазГАСА. – 2001. – № 1. – С. 16–25.

Ибадуллаева З. Айқожа ишан // Қазақ әдебиеті. – 2016. – 5–11 тамыз. Ибадуллаева З. Айқожа ишан және ишандардың қазақ даласындағы орны // Отан тарихы. – 2008. – № 3. – 82–89-бб.

Қазақстан Республикасының тарихи және мәдени ескерткіштерінің жинағы. Қызылорда облысы. – Алматы: Аруна, 2011. – 504 б.

Фотографии из фондов Коммунального государственного учреждения «По охране памятников истории и культуры Кызылординской области управления культуры, архивов и документации Кызылординской области».

Карта

Фотогалерея

Бөлісу