
Ақпарат
- Орналасуы
- Қостанай облысы, Амангелді ауданы
- Кезеңі
- 1898 – 1900
- Түрі
- Мазар
- Түрі
- Монументтік өнер құрылыстары
Дереккөздер
- Қазақстанның киелі орындарының географиясы: Табиғат, археология, этнография және діни сәулет өнері нысандарының тізілімі / Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі Байтанаев Б.Ә. – Алматы: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, 2017. – 1-шығарылым. – 904 б.
Сипаттама
Амангелді ауылында орналасқан (Қостанай облысы, Амангелді ауданы).
Сатыбалды Ғабдоллаұлы (лақап аты – Қыпшақ ишан) Торғай уезіндегі Қайдауыл болысының Шомаң Қарасуы мекенінде дүниеге келген. Сатыбалды ишан (1826–1898) барша ғұмырын дінді насихаттауға арнаған ғұлама адам болған. Діни ғылымды игеруді ол жастайынан бастайды. Өзінің екінші әкесі Шомақтан (бала кішкентай кезінен жетім қалады) бата алып, Сатыбалды Ташкентке аттанады. Ұзақ жолдан соң көптеген қиындықтарды жеңе жүріп, ол Ташкент медресесіне оқуға түседі. Содан кейін оны білімін жалғастыру үшін Бұхараға жібереді. Он төрт жыл бойы табанды оқып, Орталық Азия мұсылмандар кеңесі алдында емтиханды үздік тапсырып шығып, құрметті ишан атағын алады. Сатыбалды өзінің алғашқы қажылық сапарын қасиетті Мекке – Мәдинадан бастап, үлкен беделге ие болады. Дін жолындағы ғұламалығы барша өңірге, оның ішінде Қазақстанға өзінің Торғай өлкесіне жетеді. Торғай өлкесінің сұлтан билеушісі Сүлеймен төре өзінің сенімді адамдарын жіберіп, Сатыбалды ишанды еліне шақырады. Шақыруды қуана қарсы алып, елге оралған ол мешіт, медресе салдырып, жастарды діни сауат алуға үндеп, шәкірт тәрбиелейді. Торғай өлкесіндегі бас діни басшы болады. Ғабдоллаұлы Сатыбалды аудан жерінен баубақша егіп, ауылдастарын отырықшы өмір салтына көшуге шақырады.
Сатыбалды ишан қайтыс болғанда оның үлкен ұлы Мырза ишан Ташкенттен арнайы шеберлер алдырып, осы қоржын тамды салдырады. Оның төргі бөлмесінде Сатыбалды ишан, жанында баласы, құранқари Файзолла ақын Сатыбалдыұлы мен Омар Тепекұлы жатыр. Уақыт өте келе бұл мазар бұзылады. Зират басындағы ескерткіш өте көркем, кірпіштерден ажарлы нақышта жасалынған, сырт көзді өзіне тартады. Ол бейіттің оңтүстік жартысында орналасқан. Халық арасында оны «Сатыбалды ишан үйі» немесе «Файзолла ишан мазары» деп атайды. Бұл жерге елдің әр түкпірінен зиярат етіп келушілер де көп.
1992 ж. Амангелді елдімекенінде «Сатыбалды ишан» мешіті бой көтереді. Бүгінде мешітте балалар араб жазуы және сауат ашу бойынша білім алып келеді.
Сатыбалды ишан мазар-мешіті – аймақтың бірден бір тарихи киелі ескерткіші болып табылады.
Деректер
Шайкенов Қ. Надгробный памятник Сатыбалды ишан, блестящий и не уведающий. URL: http://nagashybai. islam.kz/kk/post/satybaldy-ishannyn-tusi-nemesemazar- buzgandardyn-jazasy-5776/ = 0
Байділдин Ш. Көне дәптер құпиялары Файзолла Сатыбалдыұлының жарты ғасыр бұрын жазылған өлеңдері табылды: [өлең] / Байділдин Шөптібай // Қазақ. – 2013. ‑ 8 ақпан. ‑ Б. 18.