
Ақпарат
- Орналасуы
- Қостанай облысы, Сарыкөл ауданы
- Кезеңі
- 1904 – 0
- Түрі
- Кесене
- Түрі
- Монументтік өнер құрылыстары
Дереккөздер
- Қазақстанның киелі орындарының географиясы: Табиғат, археология, этнография және діни сәулет өнері нысандарының тізілімі / Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі Байтанаев Б.Ә. – Алматы: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, 2017. – 1-шығарылым. – 904 б.
Сипаттама
Сарыторғай ауылдық округі аумағындағы Екідің елдімекеніне жақын жерде орналасқан. Аты аңызға айналған халық батыры Жәуке батыр кесенесі далада жерленген ескі бейіттердің арасынан ерекше асқақтап көрініп тұр. Бұл адам өзінің әскери ерліктерімен белгілі.
Торғай жерінен шыққан Жәуке батыр барлық саналы ғұмырын ат үстінде жорықтар мен шайқастарда өткізеді. Жәуке батыр елінен жырақта ауыр жарақаттанса да, туған жеріне жеткізіліп, сол жерде жерленеді.
Жәуке Назарғұлұлы (1822–1904) – белгілі батыр, қолбасшы, Ресей империясының отаршылдық саясатына қарсы күрескен қолбасшылардың бірі. Орта жүз Арғын тайпасы Төлек руынан шыққан. Ол қазіргі Қостанай облысы Амангелді ауданында дүниеге келген. Жәуке жастайынан өр мінезді, намысқой, дұшпанына қатал болып өскен. Батырдың балалық шағы қазақ жерінің біртіндеп отаршылдық саясатқа ілігіп, отаршылдық езгіге қарсы көтерілістердің өршіп тұрған уақытына тұспа-тұс келеді. Жас кезінде Жәуке батыр 1838 ж. Ресей империясының отаршылдық саясаты мен озбырлығына қарсы қазақ ханы Кенесары Қасымұлының көтерілісіне қосылып, Ақмола бекінісін басып алуда ерекше көзге түскен. Жәуке батырдың басқаруымен әскери сарбаздары бекініске алғашқылардың бірі болып кірген. Кейіннен Ақтау, Ор бекіністерін басып алған. 1842 ж. Иман мен Жәуке батырлардың табандылығы мен сенімділігі арқасында Кенесары Қасымұлы Торғай жағалауында қыстап шығады. Кейіннен Кенесары ханның ордасы осы жерге көшіріледі.
Жәуке батыр отаршылдармен қақтығыстарында, Ресей үкіметінің жандайшабы Ахмет Жантөрин отрядына қарсы (1844 ж.) соғыста Ресей патшасының әскерлерімен бетпебет шайқасып, бірнеше рет күйрете соққы берген. Кенесары ханның жорықтарында жүргенде батыр туған жерінен алыс жерде қаза табады. Белгілі тарихшы Ермұхан Бекмахановтың «Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісі» атты зерттеуінде, жазушы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» романтрилогиясында, ақын Нұрхан Ахметбековтің «Қарға» дастанында Жәуке батырдың есімі аталады.
1994 ж. қазан айында батырдың 175- жылдық мерейтойы туған жері Сарыторғай ауылында кеңінен атап өтеді. Белгілі батырдың құрметіне ұрпақтары әскери дулыға түріндегі биік тарихи ескерткіш орнатады. Жолаушылап келе жатқан адамға батыр ескерткіші алыстан анық көрінеді. ХІХ ғасырдағы. мазарға жақын жерде Жәуке батырдың балаларының бірі тұрғызған мешіт бар. Мешіт жергілікті халықтардың намаз оқып, діни-ғұрыптар атқаратын орны және ауыл жастарына мектеп ретінде қызмет атқарады. Мешіттің жанынан қазақ балаларының арабша сауат ашуы және мұсылман негіздерін үйретуі үшін медресе ашылған.
Қазақ батырының бейітінің ерекшелігі – қазақ халқының біртұтас мәңгілік ел ретінде сақталғандығын көрсетеді. Амангелді ауылында Иман, Жәуке және Қошқар батырларға арнап ескерткіштер қойылған. Амангелді ауданының орталығындағы бір көше Жәуке батырдың есімімен аталады.
Деректер
Мавзолей Жауке батыра. Официальный сайт Денисовского историко-краеведческого музея. URL: http://museum.denisovka.kz/index. php?option=com_content&view=article&id=330:2017- 09-17-05-16-27&catid=20:2017-09-17-03-30- 26&Itemid=32&lang=kz
Казахстан: национальная энциклопедия. Гл. ред. Б. Аяган. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2005. – Т. 3: К–М. – 558 с.