
Ақпарат
- Орналасуы
- Қостанай облысы, Амангелді ауданы
- Кезеңі
- 1919 – 0
- Түрі
- Кесене
- Түрі
- Монументтік өнер құрылыстары
Дереккөздер
- Қазақстанның киелі орындарының географиясы: Табиғат, археология, этнография және діни сәулет өнері нысандарының тізілімі / Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі Байтанаев Б.Ә. – Алматы: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, 2017. – 1-шығарылым. – 904 б.
Сипаттама
Арқалық қаласына жақын жердегі Жаңақала ауылы маңында орналасқан (Қостанай облысы).
Әбдіғапар хан (1870–1919) – 1916 ж. Торғай даласындағы ұлт азаттық көтерілістің басшысы, ұйымдастырушысы болды. Әбдіғапар хан өзінің зор беделінің арқасында Амангелді Имановтың қол астына мыңдаған әскердің келіп бірігуіне ықпал жасайды. 1916 ж. жазында Қараторғай болысының, кейін бүкіл Торғай уезінің көтерілісшілері Әбдіғапар маңына топтасып, сол жылғы 21 қарашада 13 болыстың өкілдері Әбдіғапарды ақ киізге көтеріп, хан сайлайды.
Өзінің әлеуметтік шыққан тегіне қарай Әбдіғапар хан кеңес идеологиясына мойынсұнбаған. Сондықтан 1916 ж. көтерілістегі оның айрықша рөлі ұзақ жылдар бойы тасада қалып, ал оның есімі ұмыт болуға айнала бастады. Әбдіғапар тарихқа халық сайлаған хан ретінде, кейін әмір болып енді.
Әбдіғапар Жанбосынұлы Торғай облысы Торғай уездінде дүние келген. Қарақыпшақ руынан шыққан Тілеулі батырдың ұрпағы. Әбдіғапар өз ауылында ашылған бастауыш мектепте оқиды. Ағаштан ою ойған шебер болған, суармалы егіншілікпен айналысқан. Әділеттікті қорғау үшін биліктің керектігін түсінген Әбдіғапар 1908 ж. болыстыққа өткен. 1911–1912 ж.ж. жергілікті халықтан Ресейден қоныс аударып келгендер үшін тартып алынған жерлерді қорғап, сақтап қалады. Көп кешікпей бұл мансабынан өз еркімен бас тартады.
Дүние салған Әбдіғапарды Жаңақала ауылына жақын жерге әкеліп елеусіз жерлеген. Жерленген жерінің жасырын түрде сақталып келгендіктен, халықтың көпшілігі біле бермеді. Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана Әбдіғапар ақталып, елге танылып, еңбектері жарыққа шықты. Арқалық қаласынан оңтүстікке қарай 100 км жерде алыстан ақ шаңқан күмбез көрінеді. Жазық далада, елсіз мекенде ескі зираттың маңында, көптеген бейіттері қиратылған аймақта ол айтарлықтай ерекше болып көрініп тұр.
Осы ескі бейітте Нияз руының белгілі өкілдерінің бірі – Әбдіғапар хан жерленген. Сол қорым жанынан 2010 ж. жаз айында 1916 ж. Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілістің көсемі хан Әбдіғапардың 130 жылдығына орай ұрпақтары өте көрікті ақ мәрмәр кесене орнатады. Атыраудан арнайы алдырған құрылыс материалы ханға арналған кесенеге ерекше сән берген. Әрі кесене өте биік көрікті, күмбезді, мұсылман жобасымен салынған. Хан ұрпақтары баба рухына арнап салдырған кесене қазақ өлкесіндегі тарихи киелі ескерткіштердің бірі болып табылады.
Деректер
Әбдіғаппар хан рухына Құран бағыштады. Официальный сайт газеты «Қостанай таңы» // URL: http:// kostanaytany.kz/
Қалиұлы Қ. Әбдіғапар хан. URL: http://kazgazeta. kz/?p=27690
Наурызбаева Э. История национально-освободительного движения 1916 года в Казахстане (попытка концептуального переосмысления проблемы) // Переосмысление восстания 1916 года в Центральной Азии: программа и тез. ст. Междунар. научн. конф. (20–21 мая 2016, г. Бишкек). – Бишкек, 2016. – С. 41–42.