Саңғыру-1 қорымы

Саңғыру-1 қорымы

Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы

Бастау

Ақпарат

Орналасуы
Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы
Кезеңі
1500 б.з.д. – 1001 б.з.д.
Санаты
Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері
Түрі
Қорым
Түрі
Археология ескерткіштері

Дереккөздер

  • Қазақстанның киелі орындарының географиясы: Табиғат, археология, этнография және діни сәулет өнері нысандарының тізілімі / Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі Байтанаев Б.Ә. – Алматы: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, 2017. – 1-шығарылым. – 904 б.

Сипаттама

Б.з.д. II мыңжылдықтың ортасына жататын археология ескерткіші. Дарат қыстағынан оңтүстік- шығысқа қарай 1,2 км жерде, Атасу өзенінің оң жағалауында, Саңғыру сайының кіреберісінде орналасқан (Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Ақтау а/о.).

Ескерткіш 1955 ж. Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы (ОҚАЭ) зерттеулерінің барысында ашылады. 1955 және 1963 ж.ж. осындағы №1, 7, 8 кесенелерде және басқа да шағын нысандарда қазба жұмыстары жүргізіледі. Қорым бойынша кесенелерден басқа барлығы 15 қола дәуірінің қоршаулары қазылған. Ә.Х. Марғұлан атап өткендей, барлық нысандар көне заманда тонауға ұшыраған. Зерттеу барысында алынған материалдар 1966 және 1979 ж.ж. шыққан екі ірі монографияда жарық көреді. Қорым М.Қ. Қадырбаев ескерткіштерін нақтылап шыққан Атасу археологиялық ықшамауданына кіреді.

2014 ж. А.З. Бейсеновтің жетекшілігімен Саңғыру-1–3 қорымдарын зерттеу жұмыстары қайта жалғасады. Орындалған шаралардың қатарында нысандарды қайта зерттеу, сонымен қатар нысандарды консервациялау, реставрациялау бойынша жұмыстар жүргізіледі. Саңғыру-1 қорымының негізгі нысандары №1, 7, 8 беғазы-дәндібай мәдениетінің кесенелері, яғни ірі тас кесенелер болып келеді.

№1 кесене қорымның батыс жағын алып жатыр. Құрылыстың сыртқы қабырғасының өлшемдері – 9х10 м, қабырғаларының қалыңдығы – 2 м, биіктігі – 1 м-ді құрайды. Олар 0,3 тереңдікте тігінен орнатылған үлкен тақтатастармен қоршалған. Жерлеу камерасышаршы пішіндес, барлық жағының өлшемі 3 м-ден асады, биіктігі – 1,2 м. Кесененің солтүстік жағын тазалау барысында қола балта табылды.

№7 кесене – қорымдағы ең ірі нысан. Архитектуралық тұрғыдан Беғазы кесенелеріне ұқсас. Кесене үш қабырғадан тұрады, олардың арасында айналмалы дәліз байқалады. Беғазы кесенелерінен бір айырмашылығы, мұнда шығысқа қарай тартылған дәліз жоқ. Бірінші (сыртқы) қабырғаның ұзындығы – 10×10 м, екінші қабырғанікі – 8,4×8,4 м, үшінші қабырғаның өлшемі (ішкі) – 5,5 м. Ортасында қабырғалары – 2,4×2,4 м, биіктігі 1 м тас жәшік бар.

№8 кесене – ортасында цисталы жерлеу камерасы бар шаршы пішінді құрылыс. Сыртқы жағының өлшемдері – 8х8 м. Цистаның өлшемі – 3х2,5 м, тереңдігі – 2,5 м. Кесененің сыртқы жағын жалпақтығы 1 м және тереңдігі 0,3-0,6 м болатын ор қоршап жатыр. Орды бойлай көптеген ірі меңгірлер орнатылған, бұл – құрылысқа айрықша сән беріп тұр десе де болады. Құрылысты жаңадан аршып, зерттеу барысында қола кельт табылды. №1 кесенедегі қола балта сияқты, бұл табылым да Саңғыру кесенелерінде жерленген адамдардың кезінде айбарлы жауынгер, ірі үстем тап өкілі болғанын айғақтайды.

Жаңа зерттеулер нәтижесінде Саңғыру-1 қорымындағы барлық нысандарда, яғни 15 қоршау мен үш ірі кесенеде толықтай рекультивациялық және реставрациялық жұмыстар атқарылды. Бір қорымда әртүрлі өлшемдегі қоршаулар мен кесенелердің болуы нақты мүлік теңсіздігі орын алған, әлеуметтік тұрғыдан дамыған иерархиялық қоғам жайлы хабар береді. Шағын қоршауларда қауымның қатардағы адамдары жерленсе, күрделі, ірі кесенелерде ел басқарушы ақсүйек топтың өкілдері қойылған. Археологиялық деректер Саңғыру-1 қорымын Орталық Қазақстанның беғазы-дәндібай мәдениетінің негізгі ескерткіштері санатына жатқызуға мүмкіндік берді. Қорым бойынша тұңғыш рет жасалған көміртегілік сараптама (Ұлыбритания) бұл ескерткішті б.з.д. II мыңжылдықтың ортасымен мерзімдеуге және оны беғазы- дәндібай мәдениетінің неғұрлым ерте кезеңдегі нысандары тобына жатқызуға мүмкіндік берді. Қорым аумағында орналасқан басқа дәуірге жататын ескерткіштерден ертерек кезде зерттелген «мұртты» обаны атауға болады. Бір маңыздысы, ерте темір дәуірінен жеткен бұл ғұрыптық құрылыс өзінің алдындаақ қасиетті орын ретінде таңдалып алынған, көне қоғамның таңдаулы адамдары жерленгеноңтайлы мүйісте тұр. Саңғыру, Дарат өлкесінің әсем табиғаты мен айшықты ескерткіштерін тамашалауға, көне орындарға зиярат етуге бүгінде жан-жақтан адамдар келуде. Ежелгі дәуірлерден жеткен тарихи-мәдени мұраны бүгінгі заман талабына сай қорғау мен сақтау істерін ұйымдастыруда, оларды қастерлеп, насихаттап, олар жайлы ғылыми ақпаратты кеңінен таратуда жасалып отырған қалпына келтіру, жаңғырту жұмыстарының маңызы өте үлкен.

Деректер

Бейсенов А.З., Варфоломеев В.В., Касеналин А.Е. Памятники бегазы-дандыбаевской культуры Центрального Казахстана. Монография. – Алматы: Институт археологии им. А.Х. Маргулана, 2014. – 192 с.+20 с. цв. ил.

Бейсенов А.З., Дуйсенбай Д.Б., Ахияров И.К. Исследования в Северной Бетпакдале // Археология Западной Сибири и Алтая: опыт междисциплинарных исследований: матер. Междунар. конф., посвящ. 70- летию профессора Ю.Ф. Кирюшина. – Барнаул, 2015. – С. 28–31.

Маргулан А.Х. Бегазы-дандыбаевская культура Центрального Казахстана. – Алма-Ата: Наука, 1979. – 360 с.

Маргулан А.Х., Акишев К.А., Кадырбаев А.М., Оразбаев А.М. Древняя культура Центрального Казахстана. – Алма-Ата: Наука, 1966. – 435 с.

Карта

Фотогалерея

Бөлісу