
Ақпарат
- Орналасуы
- Қарағанды облысы
- Кезеңі
- 1801 – 1900
- Түрі
- Кесене
- Түрі
- Монументтік өнер құрылыстары
- Авторлар
- Садвокасова Закиш Тулехановна
Дереккөздер
- Қазақстанның киелі орындарының географиясы: Табиғат, археология, этнография және діни сәулет өнері нысандарының тізілімі / Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі Байтанаев Б.Ә. – Алматы: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, 2017. – 1-шығарылым. – 904 б.
Сипаттама
Кешен Сарыбұлақ өзенінің сол жағалауында, Киік теміржол бекетінен оңтүстік-батысқа қарай 45 км жерде орналасқан (Қарағанды облысы).
Шұбыртпалы Ағыбай (1802–1885) – Ресей империясының отарлау саясатына қарсы қазақтардың соңғы ханы Кенесары Қасымұлымен 1837–1841 ж.ж. болған ұлт- азаттық көтерілісіне қатысушылардың бірі болып, Кенесары әскерлерінің арасында бас қолбасшы шеніне дейін көтерілген. Патша әскерімен ұрыста шайқасты жүргізудің оңтайлы әдістерін ұтымды қолдана отырып, әрқашан жеңіске жете білген. Сол үшін оны «Ақжолтай Ағыбай» деп атап кеткен. Халық арасында оны «Шұбыртпалы Ағыбай» деп те атаған. Жауынгерлер батырдың ерліктерін мадақтап, оның есімін ұранға айналдырған. 1826–1849 ж.ж. Ағыбай батыр бастаған қол Қазақстан аумағындағы Қарқаралы, Ақтау, Ақмола және өзге де бекіністерінде орныққан Ресей әскерімен тұрақты шайқастар жүргізіп, бірнеше рет жеңіске жеткен. Сондай-ақ Ырғыз, Тобыл өзендері, Көкшетау, Қызылжар қалаларында да шайқастар жүргізіп, оларда Ағыбай батыр басшылығымен қазақ сарбаздары жиі жеңіске жетіп отырған. Кейінірек, 1849 ж. дейін ол өз әскерімен Ресей үкіметінің қамалдарына шабуылдар жасауын тоқтатпаған.
Кенесары Қасымұлының әскери қимылдарына қатысудан басқа Ағыбай батырдың өзге үлкен міндеті жауынгерлерді ең жақсы жылқылармен қамтамасыз ету болған. Ағыбай жақсы арғымақтарды табу мақсатында бірнеше рет Бұхараға, Хиуаға барып, Кіші жүз қазақтарына жүгініп отырған. Ол жылқыларды кейде сатып алып, кейде барымта арқылы да айдап әкеліп отырған. Ағыбайдың бұл әрекеттері ХІХ ғ. ақыны Шортанбайдың шығармаларында көрініс тапқан. Атақты ақын шығармасының мәнісі мынада: айбынды жауынгерлерін жаман аттарға отырғызғысы келмеген Кенесарының тапсырмасы бойынша, Ағыбай өзінің егде тартқан жасына қарамастан, жақсы жылқыларды күндіз-түні әр жерлерден іздеген.
1885 ж. Ағыбай батыр қайтыс болғанда патша әкімшілігі оның денесін Түркістандағы Қожа Ахмет Иассауи кесенесіне жерлеуге рұқсат берген. Дегенмен батыр өзінің соңғы күндерін өткізген Сарыарқадағы Тайатқан- Шұнақ аумағындағы Босаға өзенінің алқабында жерленген. Кенесары Қасымұлының бас батыры Ағыбайдың өмір жолы қазақ тарихшылары мен қаламгерлерінің шығармаларына арқау болған.
Ағыбай батыр кесенесі – ХІХ ғасырдан сақталған (1880 ж. салынған) сәулет өнері ескерткіші. Кесене төртбұрыш түрінде салынған, бір бөлмелі күмбезді құрылыс. Жалпы аумағы – 8,80х8,58 м. Кесене ішінде 12 мәйіт жерленген.
Ағыбай батырдың денесі солтүстік-батыс бұрыштан екінші болып жатыр. Ағыбай батыр кесенесі жақсы сақталған. Ескерткіш жергілікті маңызы бар, ғибадат ету нысаны болып табылады.
Деректер
Мавзолей Агыбай батыра. URL: http://www.inform.kz/ru/ mavzoley-agybay-batyra_a2207289 Сапарғали Ләмбекұлы. Қарқаралы. – Астана: Фолиант, 2011. – 280 б. – 59–63-бб.
Тоқтабай А.У. Қазақ жылқысының тарихы. – Алматы: Алматы кітап, 2010. – 496 б.