Шоқай датқа кесенесі
Ескерткіш Қазақстанның оңтүстігіндегі сауда мен қолөнер орталығы, керуен жолдарының қиылысында, Жамбыл облысы Сарысу ауданы Саудакент ауылындағы (бұрынғы Байқадам) тұрғын үй алабынан шығыста, Саудакент қорымында (IX– XV ғ.ғ.) орналасқан.
Кесене халық арасында батыр, «тілік» руының басшысы ретінде танылған – Шоқай Қарабекұлының моласының үстіне тұрғызылған. Өзінің типтік сипаттамасы бойынша ескерткіш XVII–XVIII ғ.ғ. жатады, дегенмен тікелей ұрпақтары З. Бейімбетовтен, Б. Исабековтен, С. Тұрсынбековтен алынған ақпарат бойынша, кесене ХІХ ғ. ортасында тұрғызылған. Дәл сол пікірді М.М. Меңдіқұлов та ұстанады.
«Датқа» лауазымын – Қоқан және Бұқар хандықтарында жоғарғы әкімшілік лауазымды иеленген адамдарға беретін болған. Шоқай – Қоқан ханының мыңбасы қызметін атқарғандықтан, осы лауазым берілген. Ол – қоқандықтарға қарсы азаттық қозғалысқа қатысушы және Ресеймен одақтастықты қолдаған қазақ көшбасшыларының бірі ретінде танымал. Шоқай Ресейге қосылуды қолдағандықтан, Қоқан ханы адамдарының бірі у беріп өлтірген деп айтылады.
Ташкенттен келген шеберлер мазарды 1856–1857 ж.ж. Шоқайдың ағасы Шәкен мен ұлы Төрегелдінің қаржысына салған. Кейіннен ол екеуі де сол жерде жерленген.
Ескерткіш сыртқы көлемі – 7,2×8,4 м және ішкі көлемі – 4,5×4,5 м болатын көлемді бір камералы порталды-орталық күмбез болып табылады. Кесененің кіреберісі оңтүстік-батысқа бағытталған, оның тікбұрышты орындалған көлемді порталында сүйірлі кескіндегі биік аркалы нишасы және арка сводының астында шағын терезе ойығы бар. Аркасының екі жағындағы қабырға араларында екі қабатты аркалы нишалар орналасқан. Порталдың екі жақ қапталына жарық беретін шам орындарымен көмкерілген бұрышты күмбезді мұнаралар орнатылып, олар екі қатарлы белдеушелермен орындалған; бүйір қабырғалары бітеу. Ғимараттың сүйір күмбезі жабындысы сырлы тақталармен қапталған. Ғимарат жүктемесі цилиндрлі барабан арқылы аркалы-күмбезді құрылымға беріледі. 5,2 м биіктіктегі қабырғалар, бұрыштарындағы тіреу аркалары күйдірілмеген кірпіштен жасалған. Қабырғалардың сыртқы қабаты, күмбезі мен аркалары күйдірілгенкірпіштен салынып, қам кірпіштен қаланып байланыстырылған. Мазардың сипаттамалық ерекшелігіне онда тік түрде ғимараттың биіктігін арттырып тұрған күмпименің (энтазис) болуы жатады.
Кесененің ішкі жағы гипспен безендірілген. Алғашында қабырғалары мен төбесі әшекейлермен безендірілген. Ғимараттың оңтүстік-шығыс бөлігінде 3,0×2,7 м, биіктігі 1,8 м болатын тік бұрышты камера – сағана орналасқан.
Кесене «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қарауына кіреді, жергілікті ғибадат ету нысаны болып табылады.
Ескерткішті қалпына келтіру жұмыстары 1985–1986, 1992 ж.ж. жүргізілген.
Деректер
Археологическая карта Казахстана. Реестр. / Сост. Е.И. Агеева, К.А. Акишев и др. – Алма-Ата: издание АН КазССР, 1960. – 449 с. – С. 273.
Глаудинов Б.А. История архитектуры Казахстана (с древних времен до начала XX века). – Алматы: КазГАСА, 1999. – Т. 1. – 295 с. ‑ С. 107.
Казахская ССР. Краткая энциклопедия /Гл. ред. Р.Н. Нургалиев. – Алма-Ата: Гл. ред. Казахской Советской энциклопедии, 1991. – Т. 4: Язык. Литература. Фольклор. Искусство. Архитектура. – 688 с. – С. 610.
Маргулан А., Басенов Т., Мендикулов М. Архитектура Казахстана. – Алма-Ата: Каз. гос. изд-во, 1959. – 171 с. – С. 133.
От Алтая до Каспия. Атлас памятников и достопримечательностей природы, истории, культуры. – Алматы: FOND DESIGN, 2011. – Т. 2. – 728 с. – С. 349–351.
Паспорта и материалы обследования памятника архитектуры г. Тараза // Архив НИПИ ПМК. – Алматы, 1986, 2000. Постановление СМ КазССР от 26.01.1982 г. № 38 «О памятниках истории и культуры Казахской ССР республиканского значения». Проект реставрации мавзолея Шокай датка (шифр 29/ ГЗ/2017). – Алматы, 2017. – Т. 1, кн. 1. – С. 2, 15.
Проскурин А.Н., Туякбаева Б.Т. Мавзолей Шокай датка // Свод памятников истории и культуры Республики Казахстан. Жамбылская область. – Алматы: Кайнар, 2002. – 350 с. – С. 68–69.