Қазақстанның археологиясы мен мәдени мұрасы

Мәдени мұраның молдығы мен әр түрлілігі - өркениетті қоғамның негізі барлығын көрсететін белгі, әрі мемлекеттік және ұлттық сана-сезімді біріктіруші компонент болып табылады. Мәдени мұраға жататын заттар блогы халықтың заттанған жадын білдіреді десе де болады. Бұл блоктың маңызды бөлігін - археологиялық мәдени мұра құрайды.
Өркениетті елдер қазір мәдени мұраның сақталуы мен пайдаланылуын зерттеу мәселелеріне көбірек назар аудара бастады. Дамыған елдерде тұрмыс деңгейінің өсуі бұқаралық туризмнің дамуына, туристік индустрияның қалыптасуына әкелді, бұл мәдени мұраға көңіл бөлуді экономикалық тұрғыдан ынталандырады.
Мәдени мұраға Қазақстанда үздіксіз көңіл бөлініп келеді.
2003 жыл мәдениеттің дамуында жаңа кезеңді бастады. Бұл жылдың ең маңызды оқиғасы - Ел басшысының халыққа арналған жылдық Жолдауында, елдің алдында тұрған ең маңызды мақсаттардың бірі болып, тарихи-мәдени мұраны зерттеу мен сақтаудың мақсат-міндеттері белгіленді.
Келесі, 2004-2006 жылдар Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасының орындалу мерзімі болып белгіленді. Бағдарлама тарихи-мәдени мұраны зерттеу, сақтау жэне пайдалану ісіне жаңа серпін берді.
Мұны коп жылдар бойы жүргізіліп келе жатқан жұмысты жандандырудың бастапқы кезеңі деп түсіну керек.
Бағдарлама бойынша зерттеуге және көлемді қазба жұмыстарына ұсынылған археологиялық объектілер, алғашқы зерттеулерде байқалған маңыздылығына қарай тандап алынған. Бұлар, шын мәнінде, тарихи-мәдени тұрғыдан қарағанда өте маңызды және халықтың генетикалық жаднамасы үшін бетке ұстар эталондық ескерткіштер болып табылады.
Бағдарлама бойынша зерттеулер кешенді түрде жүргізілуі керек, қазба жұмыстарының барысында жэне содан кейін бұл нысандардың жобаларын дайындауға, сақтауға, қалпына келтіруге және мұражайландыруға қатысты шаралар жүзеге асырылуы қажет.
Мұражайландырылған ескерткіштер Қазақстанның мемлекеттік, халықаралық туристік маршруттар жүйесіне енгізілуге жэне дамып келе жатқан туристік инфрақұрылымның негізгі тораптарына айналуға тиіс. Олардың біразы осы жүйеге енгізіле де бастады.
Бағдарламаның ең маңызды міндеттерінің бірі - тарихи-мәдени мұраны есепке алу, тексеру, тарихи жэне мәдени ескерткіштердің Жинағын дайындау. Осындай Жинақ - ескерткіштерді зерттеу мен қорғауға қатысты барлық жұмыстардың негізі болып саналады. Қазіргі кезде Оңтүстік- Қазақстан жэне Жамбыл облыстары бойынша оның екі томы жарыққа шықты.
Алматы, Қызылорда, Солтүстік-Қазақстан облыстары бойынша Жинақ томдарын дайындау мақсатында, мәліметтер жинау мен зерттеу жұмыстары басталды (К.М. Байпақов, Ж.Қ. Құрманқұлов, А.А. Плешаков).
Осыған дейін дайындалған Жинақтарды нақтылау жөнінде жұмыстар жүргізілуде. Жинақ бойынша жұмыстарды орындау жаңа деңгейде - жан-жақты көзқарастар жүйесін жэне компьютерлік технологияларды қолдану (018) арқылы жүргізіледі.
Археологиялық мәдени мұраның бастапқы бөлігі палеолит, неолит жэне энеолит кезеңдерінен басталады.
Ол Түркістан маңындағы Шоқтас жэне Қошқорған секілді ескерткіштердің материалдары негізінде зерттелуде (Ж.Қ. Таймағамбетов).
Қошқорған I жэне Шоқтас I тас құралдарының коллекциялары тек Қазақстанның ғана емес, сонымен қатар бүкіл Еуразия құрлығының ерте палеолиттегі тас индустриясы дамуының негізгі бағыттарының техникалық-типологиялық ерекшеліктері туралы толық хабар береді.
Орталық Қазақстанда, қазіргі Жезқазғаннан солтүстік-батысқа қарай 83 км жерде, палеолиттен қалған көпқабатты Тоқтауыл тұрағы зерттеліп жатыр.
Тоқтауыл тұрағы ерекше назар аудартып отыр. Оның аумағынан әр түрлі - палеолит, мезолит, неолит, энеолит кезеңдерінің ошақтары, палеофауналық қалдықтар, тас артефактілер табылды (О.А. Артюхова).
Археологиялық шөгінділері бар Талдысай үңгірін зерттеу де ерекше қызығушылық туғызады.
Энеолит кезінде Қазақстан сахарасы мен орманды далаларында аң аулау мен терішілдіктен экономиканың өндіруші түрлеріне, яғни егіншілік пен малшылыққа өту байқалады.
Б.з.д. III ғасырдың екінші жартысында тіршілік еткен Ертістің Петропавл өңіріндегі энеолиттік Ботай елді мекенінің маңында малшылық, дәлірек айтқанда жылқы өсіру, шаруашылықтың негізгі түрі болған. Қазір археологтар «Ботай» мәдениетіне жататын көптеген елді мекендерді тапты.
Өндіруші шаруашылық, жылқы шаруашылығы дамуының ғылыми мәселесі тууына байланысты Ботай елді мекенінде жэне соған ұқсас Солтүстік Қазақстанның орманды-далалы белдеуінде кездесетін ескерткіштерде зерттеу жүргізілуде (В.Ф. Зайберт). Қазақстанның тас жэне қола дәуірлері кезіндегі өркениетіне қатысты ғылыми проблемаларды шешуде жаңа мағлұматтар алынды. Ботай елді мекенінде ежелгі қонысты сақтау жэне қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.
Археологиялық мұраның маңызды бөлігі, қола дәуірімен байланысты. Осы кезде Еуразия далаларында далалық өмір салты берік орнығып, далалық өркениет қалыптасады.
Қазақстан, Сібір, Орал жэне Орта Азияның ұланғайыр кеңістігінде малшылық- егіншілік, экономиканың, тау-кен ісінің дамуы, металлургия жэне қола өндеу; материалдық мәдениеттің, жерлеу рәсімінің ұқсас түрлері; жақын идеологиялық түсініктер сияқты ортақ белгілер тән Андронов мәдениеті қанат жайды.
XX ғ. соңғы екі онжылдығында Оңтүстік Оралда жэне Қазақстанның оған шектес аудандарында «Қалалар елінің» ашылуы-жұртты елең еткізген оқиға болды. «Қалалар елі» - б.з.д. ІІІ-ІІ мыңжылдықтағы қола дәуірі ескерткіштері - бекіністі елді-мекендердің кешенді тобы орналасқан аумақтың шартты атауы.
Монументальдық архитектурасы мен жақсы ойластырылып жобалануы (планиграфия) бұл бекініс орталықтарын түп қала деп атауға мүмкіндік береді. «Қалаларын, елін» сипаттағанда, оның «түп мемлекеттігі» жэне «түп өркениеттілігі» туралы сеніммен айтуға болады.
Қола дәуірінде орталық Қазақстанның Қарқаралы тауының етегінде орналасқан Кент түп қаласы, Қазақстанның түп қалалық өркениетті орталықтарының біріне айналады.
Аумағы 5000 шаршы м астам қала орнынан ғибадатханалық құрылыстар, ауылдық мекендер, қолөнер, сонымен қатар металлургия өндірісі табылды (В.В. Варфоломеев, В.Г. Ломан).
Осы жерден қола дәуіріндегі темір жасайтын өндірістің қалдықтары ашылды. Темір шлактары мен рудаға қоса металлургия пештері аршып алынды. Бұл баға жетпес ақпарат болып отыр. Енді темір дәуірі басталу кезінің хронологиясын қайта қарауға негіз бар. Бұл жаңалық ерте темір дәуіріне өтуді б.з.д. VIII ғасырымен шектемей, б.з.д. Х-ІХ ғасырларға апаруға, демек екі ғасырды ертеректен бастауға мүмкіндік беруі мүмкін.
Орталық Қазақстан қола дәуірінде палеометалл өндірудің орталығы болып есептеледі. Осындағы Талдысай - металлургтердің ең ірі елді мекендерінің бірі (Ж.Қ. Құрманқұлов, А.С. Ермолаева).
Талдысайдан табылған «балқыту» агрегаттарының мөлшері мен конструкциясы, атқарар қызметі әр түрлі болып шықты. Демек, балқыту процесі бірнеше кезеңнен тұрған. Әр түрлі металлургиялық пештер бірыңғай өндіріс кешендеріне біріктірілген.
Каспийдің солтүстік-шығысындағы, Үстірттегі Тоқсанбай елді-мекенін зерттеу барысында қызықты нәтижелер алынды (З.С. Самашев).
Бұл жұмыстар Каспий жағалауы аймағындағы халықтың неолиттен энеолит кезеңдеріне өту процесінің қаншалықты қиын да ауыр болғанын байқауға мүмкіндік береді.
Тоқсанбай елді мекенін жэне Үстірттегі басқа да елді мекендерді зерттеу нәтижесінде, энеолит-қола дәуірі ескерткіштерінің түрін бөліп көрсетуге, Үстірттің Еділ-Орал аймағымен, солтүстік Каспий жағалауымен және Орта Шығыспен мәдени байланыстарын анықтауға болады.
Археологиялық мәдени мұраның маңызды бөлігі ерте көшпенділер кезеңіне де қатысты. Бұл кезде Қазақстанда сақ-үйсін жэне қаңлы-сармат мұрасының блогы деп атауға болатын мұра қалыптасады. Оның белгілері Еуразия далалық белдеуінің көп халықтарына тән. Көшпенділер шаруашылығының, тұрмыс салты мен дәстүрлерінің біркелкі үрдісі де осы кезде орнықты.
Еуразия далаларында көшпенділердің пайда болуы жаңа тарихи дәуірдің басталуына әкелді.
Көшпелі мал шаруашылығына өтудің маңызы «Қалалық революция» делінген, яғни отырықшы диқандар аймағында өркениеттің экономикалық жэне мәдени негіздерін қалаған үрдістен кем түспеді.
Қазақстанның оңтүстік аудандарында, тау беткейлерінде, Сырдария, Арыс, Талас, Шу, Іле аңғарларында ерте көшпенділер кешендерінің құрылуы отырықшы-егіншілік оазис тердің пайда болуымен қатар жүрді. Арал маңында ертедегі сақтардың егіншілікпен айналысқаны, қазіргі кезде осы өңірден тұрақты елді мекендердің ашылуымен дәлелденеді.
Б.з.д. УІ-ІІІ ғғ. сақтар, орталығы Жетісу аумағында орналасқан, Қазақстан жеріндегі ең бірінші мемлекетті құрды. Сақтардың өз жазуы, өз мифологиясы және әдебиетте «аң стилінің өнері» деген атау алған дүниежүзілік деңгейдегі өнері болған.
Алматы маңында сақтардың бүкіл дүниеге танымал болған Есік қорғаны қазылды (К.А. Ақышев). Андроновтықтар сияқты, сақтар да қазақтардың ежелгі ата-бабалары болған, ал сақтардың орнын басып, б.з.д. III - б.з. III ғғ. өмір сүрген Үйсіндер атауын қазақтың ірі тайпаларының бірі әлі күнге дейін сақтап келеді. Қазақстанның оңтүстігіндегі сақтарды, орталығы Сырдария болған Қаңлы мемлекетін құрған қаңлы тайпалары ауыстырды; ал Қазақстанның батысында савромат тайпаларын сармат жэне дай тайпалары ауыстырды.
Үйсін елді мекендерінен табылған заттар Жетісу жерінің ежелгі тұрғындары сақтар мен үйсіндерді тек көшпенділер деп санайтын көзқарасты қайта қарауға себеп болды.
Жетісу сақтары мен үйсіндерінде отырықшылық пен егіншіліктің де болғанын қазіргі кезде табылған археологиялық заттар дәлелдейді. Мысалы, сақтар мен үйсіндерге Есік қаласы маңындағы Рахат елді мекені, шарын өзені жағасындағы Шаран (Сарытоғай елді мекені) тиесілі.
Археологиялық зерттеулердің кейбір нәтижелеріне қарағанда, ерте темір ғасырында «талғар ықшамауданы» халқының кәсіп еткен шаруашылығы малшылық пен егіншілік болған. Жергілікті халық жерді суландыра отырып бидай, тары, арпа өсірген.
Осы елді мекендер Ұлы Жібек жолы бойындағы ортағасырлық қала орталықтары құрылуының алғашқы нышаны болды.
Қазақстан археологтары жақында ғана Алтайда, Қатонқарағай ауданындағы Берел ауылының маңындағы «патша» қорғанын зерттеген кезде, маңыздылығы жөнінен бірегей жаңалық жасады. Бұл обаның астында төмпек тоң қабаттары бар болып шықты (З.С. Самашев).
Қабірден жуан әрі жалпақ кеспелтек ағаштардан жасалған қима-шеген (сруб) табылды. Оның ішінен қақпағына төрт періште-құстың алтын жалатылған қола мүсіндері орнатылған ағаш табыт (саркофаг) шықты. Табыттан екі адамның - еркек пен одан ересектеу әйелдің - мумиялағын мәйіттері табылды.
Радиокөміртектік әдістің көмегімен уақытын анықтау қабірдің б.з.д. 294 жылға жататынын көрсетті. Антрополог, генетик, медицина қызметкерлерінің қорытындысы бойынша, жерленген адамдардың денелері бальзамдалған. Бірақ обаның бірнеше рет тоналуы салдарынан табытқа су кіріп, дене еттері жарым-жартылай ғана сақталған.
Берел обаларындағы қазба жұмыстары Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша әрі қарай жүргізілуде. Тағы да бір «тонды обадан» маңызды заттар табылды.
2005 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша №№15,17 обалар қазылды, сонымен бірге 2004 жылы жартылай ашылған Қырықобаның №14 қорғаны толық зерттелінді (А.А. Бисембаев, С.Ю. Гуцалов, М.Н. Сыдықов).
№15 обаның диаметрі - 40 м, биіктігі - 1,1 м.
Көлемі 6,5x7,5 м, тереңдігі 1,6 м мүрде шұңқыры обаның орта тұсынан шықты. Оның ішіне оңтүстіктен ұзындығы 8 м, тереңдігі - 0,6-0,75 м, ені - 1 м дромос алып кіреді, шұңқырдың айналасынан ағаш шеген-құрылғының қалдықтары аршып алынды.
Дромостың кіреберісінде жэне оның ежелгі қабатында төрт аттың сүйектері жатыр.
Зират тоналған болып шықты. Оның эр түрлі деңгейінен адам сүйектері, жебенің ұштары, алтын әшекейлердің кішігірім қалдықтары, сондай-ақ солтүстік-батыс бұрышынан - шеңбер жасай салынған дөңгелек оюмен безендірілген, бүйірінде тұтқасы бар қола айна, ал солтүстік-шығыс бұрышынан қола жүгеннің әбзелдері табылды.
Обалардың уақыты б.з.д. V ғ. бірінші жартысына жатады.
Қырықобаның тарихи-мәдени маңыздылығы сол, б.з.д. V ғ. жататын бұл қорымда көшпенділер әлемінің көрнекті адамдары жерленген. Қырықоба қорымының тағы бір қорғаны, оның астында жатқан архитектуралық құрылыс туралы мәлімет берді. Одан өте құнды материал - әшекей бұйымдары мен құрбан шалатын астаулар шықты (Ж.Е. Смайлов).
Арал маңындағы сақтардың ең маңызды ескерткіштерінің бірі - Шірік рабат қала жұрты.
Ол Қызылорда қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 300 км жерде, Жаңадария өз. құрғақ арнасының сол жағасында орналасқан.
Бұл қаланы адамдар бірнеше мәрте мекендегені байқалады. Қала жұртының ең ежелгі бөлігі - төбенің неғұрлым биік солтүстік бөлігі. Бұл жерде 2 оба жэне биік қабырғалы, сақина тәріздес 3 ғимарат бар. Сонымен бірге осы бөлікте, биыл анықталғандай, обалар арасындағы бос кіреберісте дөңгелек жэне тікбұрыш пішінді зират құрылыстары салынған.
Шірік-рабат қала жұрты ежелгі заманда маңызды стратегиялық қызмет атқарған. Ол сақ-апасиактар елінің шекарасын қорғайтындай болып, Амудария мен Сырдарияның теңізге құяр тұстарының қиылысында, қатынасы үзілмейтін керуен жолында тұрған. Сондықтан да ол көп қатарлы қорғаныс құрылыстарымен қоршалған. Барлау кезінде, қаланың айналасында Жаңадарияның негізгі арнасынан бастау алатын жасанды суландыру жүйесі ашылды.
2004-2005 жж. жүргізілген қазба жұмыстары патша қабірлерінің қалдықтарын жэне амфитеатрға ұқсаған, әлі күнге дейін түсініксіз, сақтардың ғибадатханасы болуы мүмкін құрылысты анықтады. Қазба кезінде қыш ыдыстар, алтын мен күмістен жасалған әшекейлі бұйымдар жинап алынды (Ж.Қ. Құрманқұлов).
Арал мен Каспий теңіздері арасындағы далаларда негізгі орталықтары болған, сол кездің негізгі дүниежүзілік оқиғаларына едеуір ықпал жасаған сармат-дай-массагет этносаяси бірлестіктерінің экономикалық, әскери-саяси даму деңгейі, дүниетанымы, әлеуметтік жіктелу мәселелері әлі де аз зерттелген. Сондықтан сармат, әсіресе кейінгі сармат ескерткіштерін зерттеу қазір өте маңызды болып отыр. Зерттеу нысаны ретінде - Қызылүйік ғибадатханасының таңдап алынуы да сондықтан. Қызылүйік сармат ғибадатханасы Ақтөбе облысы Байғанин ауданының Дияр елді мекенінен оңтүстік-шығысқа қарай 60 км жерде орналасқан.
2004-2005 жж. далалық маусымның негізгі нәтижесі - қазіргі оба ретінде белгіленген нысанның қандай қызмет атқарғанын анықтау болды. Оның ортасынан 1-1,6 м тереңдікте тас үйінді тазаланған болатын, оның негізгі көлемдері анықталды (солтүстіктен оңтүстікке қарай 6,9 м, батыстан шығысқа - 6 м).
Бұл ескерткішті зерттеу, ежелгі сарматтар тарихының, мәдениетінің, өнерінің, идеологиясы мен діни нанымының әлі шешімін таппаған мәселелерін анықтауға көмектесері сөзсіз (З.С. Самашев).
Түркі-соғдылық жэне түркі-мұсылмандық деп атауға болатын мәдени мұраның келесі қабаты да өте маңызды. Осында мәдени дамудың бірнеше бағыттары жақындасып, өзара ықпалдастықта болды. Көшпенді қоғамдардың көпшілігінде, соның ішінде үйсін жэне үйсіндерден кейінгі кезеңдерде болған отырықшы өмірге қарай бағыт алу, біртіндеп көшпенділіктен ұзақ уақыт мекендейтін қоныстарға ауысуға әкелді. Іргелес оңтүстіктен, VI- VIII ғғ. Орталық Азиядағы кенттенген мәдениеттің эталоны болған, соғдылық өркениеттің күшті лебі де келе бастады. Түрік қағанатында жэне олардан кейінгі түркітілдес саяси құрылымдарда бұл процесс бірте-бірте күшейе түсті.
Б.з. VI ғ. ортасы түріктер тарихындағы өте маңызды кезең болды, олар өз мемлекетін құрды.
Ежелгі түріктер империясы Тынық мұхиттан Қара теңізге дейінгі аумақты алып жатты.
Түрік ескерткіштерін зерттеу мен сақтауды көздеген кешенді археологиялық зерттеулер, негізінен Мерке мен Жайсан ғибадатханаларында жүргізілуде. Бұл ғибадатханалар Жамбыл облысында, Шу өзенінің аңғарында орналасқан. Мерке ғибадатханасы Мерке өз. жоғарғы сағасындағы биік таулы Альпі шабындығында, ал Жайсан ғибадатханасы Мерке ғибадатханасынан солтүстікке қарай 120-140 км жерде, Шу-Іле тауларының солтүстік-батыс беткейлерінің етегінде, ойпаң далада тұр (А.М. Досымбаева).
Меркедегі діни ескерткіштердің негізін ер мен әйел жұбының мүсіндері жеке әйелдің, жеке ер адамның мүсіндері, жэне де обалардың үйінділерінде немесе обалардың қосалқы құрылыстарында тұрған ер мен әйел жұбының мүсіндері құрайды. Мерке ғибадатханасының діни құрылыстарын Жайсан ғибадатханасының мемориалды ескерткіштерімен салыстырып талдау, Шу өз. аңғарында орналасқан екі түрік діни-мемориалдық кешенінің бір-бірінен өзгешеліктері бар екенін дәлелдейді.
Түрік ескерткіштерін зерттеу түрік көшпенділері түптегінің тарихи-мәдени процесін қалпына келтіруді, олардың мұрагерін қазақтардың шығу тегімен бірге алып қарағанда анағұрлым өзекті бола түседі.
Ерте ортағасырлық Ақыртас археологиялық-архитектуралық кешеніне қазба жүргізген кезде қызықты нәтижелер алынды. Ақыртас қазіргі Тараздан шығысқа қарай 40 км жерде орналасқан. Оған кіретіндер: сарай кешені (биіктігі 1 м-ден 1,5 м-ге дейін жететін қызыл түсті ірі тас блоктардан салынған, төртбұрыш пішінді монументальдық құрылыс. Жобалық өлшемі - 169x145 м, ұзын қанаттары солтүстіктен оңтүстікке қарай салынған); «бекініс» (көлемі 39x40,5 м, шаршы пішінді дерлік құрылыс, сарай кешенінен 1 км оңтүстік-батысқа қарай орналасқан); қорған (табиғи төбеде салынған құрылыс) өлшемдері - 40x25 м, биіктігі 3-3,5 м, тікбұрыш пішінді ғимарат, ұзын қанаттары шығыстан батысқа қарай созылған); саябақ аумағы (сарай кешенінің шығысында, 250x250 м қабырғалармен қоршалған учаске); «тұрғын махалла» («сарай кешенінің» солтүстік жағындағы жэне кешеннің қасында орналасқан бірнеше төбелер, немесе қоныс-жайлар); бұларға қоса тас Өңдейтін орын, саз топырақ алынатын карьер, қарауыл мұнарасы, құлдардың жеркепелері, агро ирригациялық құрылыстар мен сумен жабдықтау жүйесі, сақ обалары.
Зерттеулер сарай кешенін сақтауға қою жэне мұра жайландыру шараларына, археологиялық дайындыққа жұмылдырыла жүргізілді, сонымен бірге кешеннің жалпы топосызбасының цифрлы түсірімі алынды, бекіністе қазба жұмыстары жүргізілді (К.М. Байпаков, Д.А. Воякин, ЗЖ. Шарденова).
Түркістан алқабындағы Сидақ елді мекені, қаңлы кезеңінен ежелгі түріктер дәуіріне өту кезеңіне жатады.
Қала жұртының цитаделінде жүргізілген жұмыстар археологиялық сәулет-құрылыс нысандарын сақтауға қою мен мұражайландыруға дайындау мақсатын көздеді. Цитадельде ғибадатхана кешені ашылып, стратиграфиялық зерттеулер басталды. Сонымен бірге, одан батысқа қарай 800 м жерде орналасқан зират та зерттелді.
2005 ж. қазба жұмыстары цитадельдің батыс бөлігін қамтыды. Кең аумақта (1200 шаршы м), жоғарғы құрылыс қабатының деңгейінде, тұрғын кешендеріне біріктірілген 40 бөлмеден тұратын тұрғын үйлер ауданы анықталды.
Оның ішінде алаңы 1000 шаршы м. жететін ғибадатхана ашылды. Қазба жұмыстары кезінде керамика жиынтығы жэне көбінесе түрік-соғды мәдени мұрасына жататын, темір мен сүйектен жасалған бұйымдар табылды. Бұл мағлұматтардан Оңтүстік Қазақстандағы ерте ортағасырлық қаланың қалыптасу процестерін байқауға болады (Е.А. Смағұлов).
Сондай-ақ, осы бағдарлама бойынша зерттеліп жатқан Жуантөбе қала жұрты, қанды елді мекені базасында ерте ортағасырлық қаланың даму барысын байқауға мүмкіндік береді. Ал оның қасында орналасқан Бөріжар зиратын қоса зерттеу, Қазақстанның оңтүстігінде түрік-соғды мәдениетінің таралуына байланысты қалалардың түріктенуі проблемасын шешуге мүмкіндік береді (Б.А. Железняков, А.А. Ержігітова).
Бөріжар қорымы мен Жуантөбе қала жұртындағы қазба жұмыстарының нәтижелері, Қазақстанның оңтүстігінде кенттену үдерісінің дамуы жэне Отырар-Қаратау мәдениеті аясындағы халықтың түркіленуіне қатысты күрделі мәселелерді шешуге де мүмкіндік береді. Мәдени мұраның тағы бір маңызды сатысы орта ғасырларда Қазақстан мәдениетінің исламдану кезеңімен байланысты. Бұл кезде Араб халифатының аясындағы Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу аймақтары, Бағдаттан Қойлыққа дейін өріс алған мұсылман мәдениетінің құндылықтарын қабылдады. Білім іздеген адамдар Каир, Дамаск, Бұхара, Самарканд, Танжер жэне Альгамбра қалаларына дейін сапар шекті.
Швейцария шығыстанушысы Адам Мец ІХ-ХІІ ғғ. дәуірін мұсылман Шығысына үйлестіріп, «Мұсылман Ренесансы» деп атаған.
Мұсылман мәдениетінің қалыптасуында «Ұлы Жібек жолы» маңызды рөл атқарды.
Ортағасырлар кезінде Қазақстанда архитектуралық ансамблдері, сарайлары мен мешіттері, асқақ кесенелері мен медреселері, көзешілердің, темір ұсталардың, зергерлердің шеберханалары және қарапайым қалалықтардың тұрғын махаллалары бар оншақты гүлденген қалалар болды.
Қазақстан қалаларының қызмет-міндеттері сан салалы болып, олар әкімшілік орталық рөлін, қолөнер кәсіпшілігі, сауда жэне ауыл шаруашылығы шоғырланған кенттің қызметін атқарды.
Қалалар сондай-ақ ғылымның, білім мен мәдениеттің орталығы болды.
«Мәдени мұра» бағдарламасының бір бағыты Мұсылман Ренессансы кезеңінің қала мәдениетін және кенттенуін зерттеу болып отыр. Бұл салада Жетісуда маңызды жаңалықтар ашылды.
Антоновское (Қойлық) қала жұрты деп танылатын Қойлық қаласы - қарлұқтардың астанасы зерттелуде.
Қойлықта қазылған бірегей нысандардың ішінен Бас мешітті атап айту керек (К.М. Байпаков, Д.А. Воякин, Б.А. Железняков).
Мешіт қаланың ортасы дерлік тұста салынған жэне қазба жұмыстарына дейін көлемі 35x35 м төртбұрышты төбе болатын. Оның ішкі ауданы 38x32 м, шаршы пішінді құрылыс болғанын қазба жұмыстары айқындады. Мешіттің қасынан екі кесененің қалдықтары ашылды.
Қасбетінің терракота қаптамаларындағы эпиграфикалық жэне өсімдік суретті өрнектері, Үзгенттегі оңтүстік кесененің (1186-1187 жж.) осындай қаптамаларындағы өрнектерді қайталайды.
Алғашқы жылдардағы қазба жұмыстарынан - қала жұртының солтүстік қабырғасының сыртында орналасқан будда ғибадатханасы жақсы мәлім. Несториан елді мекені деп шамаланатын Лепсіде де жұмыстар жүргізілуде.
Жетісудағы ортағасырлық калалардың ең ірілерінің бірі - X ғ. деректерде кездесетін ежелгі Талхир қаласы.
Талғар қала жұртынан жоғары дамыған темір жасау жэне темір ұсталығы өндірісінің ошақтары табылуы жаңалық болды. Мұнда құрыш-болат балкытып, одан әр түрлі бұйымдар жасай білген.
Талғар ішкі жэне халықаралық сауданың орталығы болған, қазба жұмыстары кезінде Қытайдан, Жапониядан, Үндістаннан , Ираннан жэне Орта Азиядан әкелінген импорттық бұйымдар табылды.
Қарахандықтар кезінде, яғни Х-ХІ ғғ. Талғарда теңге сарайлары жұмыс істеген болса керек, өйткені қазбадан қола теңгелердің дайындамалары көп шықты (Т.В. Савельева).
Өткен жылдардағы археологиялық жұмыстар тек Қазақстанның оңтүстік аумақтарында ғана емес, сонымен бірге Сарыарқада, Ертіс маңында, Қазақстанның батысында, Ертістен Оралға дейінгі далалық аймақта қалалық мәдениет болғанын анықтады.
Сарыарқада, Астананың шебінде, қалдықтары Бұзық атымен белгілі өзіндік бір далалық қала зерттеліп жатыр. Ондағы қазба жұмыстары 1999 ж. басталды, 2004-2005 жж. жалғастырылды.
Қазба жұмыстарының нәтижесінде, Бұзық қаласы ХІ-ХІІ ғғ. Солтүстік Алтай-Ертіс-Есіл-Тобыл-Еділ арқылы Ресейге және Византияға өтетін Далалық жібек жолы бойында қала-бекініс, әрі әскери орталық ретінде салынғаны қазір ғылыми тұрғыдан дәлелденді.
Қаланың ескерткіш ретінде өмір сүруінің екінші кезеңі ХІІІ-ХУ ғасырларға жатады. Бұл кезде оның қираған орындары қасиетті, киелі орын саналып, қыпшақтардың зиратына айналған.
Ескерткішті зерттеушілер Бұзық қаласы Астана қаласының орнында болғанын анықтады (М.Қ. Хабдулина).
Орал өз. бойынан Алтын Орданың, Ноғай Ордасының, кейіннен қазақтардың ең белгілі қалаларының бірі болған Сарайшықтың орны қазылды. Ондағы жұмыстарды қаланы Ұлы Жібек жолындағы Орталық Азияға шығатын өзіндік бір «Батыс қақпа» ретінде зерттеумен жалғастырды (З.С. Самашев).
2000 ж. ашылған ежелгі Жайық қала жұрты Орал қаласынан оңтүстікке қарай 8 км жерде орналасқан. Ол қолөнер кәсіпшілігі дамыған ірі қала болған. Оның зиратында Алтын Орда қыпшақтарының ақсүйектеріне арналып көрнекті кесенелер салынған. XIV ғ. өмір сүрген Жайық қ. кейінгі Орал қаласының ізашары іспетті (Г.А. Ахатов).
Кейінгі орта ғасырларда, Ақ Орда, Алтын Орда, Моғолстан мемлекеті жэне Қазақ хандығы кезінде, мәдени мұраның өзіне тән, ерекше маңызды қабаты қалыптасты. Оның негізін ескерткіштер, ең алдымен қала мәдениетінің ескерткіштері құрайды. Археологиялық зерттеулер аталған мемлекеттерде мал шаруашылығы мен егіншілік аралас дамығанын дәлелдейді. Ол кезде қала мен дала бірге болған, сондықтан қазір бұл мемлекеттерді тек көшпенділік салты негізінде дамыған деуге мүлде болмайды. Түркістан, Отырар, Сауран, Сайрам, Шымкент, Қараспан, Созақ, Сығнақ қалалары Қазақ Хандығы мен қазақтардың саяси, экономикалық жэне мәдени өмірінің орталықтары рөлін атқарған.
Сондықтан бағдарламада кейінгі ортағасырлық қалаларды немесе Шымкент, Сайрам, Қараспан, Отырар, Сауран қалаларының кейінгі ортағасырлық қабаттарын зерттеуге баса назар аударылған.
Ежелгі Шымкенттің батыс жағында, қазір қираған бөлігінде салынған стратиграфиялық барлау қазбасы, қазіргі қаланың орнындағы елді мекеннің бастапқы уақыты б.з.д. II ғ. жататынын белгіледі. Қала 2200 жыл бойы өмір сүрген. Оның кейінгі ортағасырлық қабаттары шахристанда ашылды (Б.Ә. Байтанаев).
Ежелгі Қараспантөбе Арыс өз. орта тұсындағы аңғарда орналасқан. Ол XVIII ғ. дейін өмір сүрген (Ю.Ф. Буряков, С.А. Дудаков).
Жазба деректер Арыстың орта ағысында, Испиджабтан Отырарға апаратын жолдың бойында, орталығы Усбаникет қаласында болған Кенджиду аймағын орналастыратыны мәлім.
Кейіннен, моңғол дәуірінде Кендже - өз тенгесін шығарған «Теңге сарайы» ретінде белгілі.
Кенджиде мен Кендже - бір аймақтың атауы болса керек. Соған қарағанда, Усбаникет Арыстың орта тұсындағы ірі қала Қараспан болуы тиіс.
Қазақстанның маңызды ортағасырлық қалаларының бірі - Сауран. Ол кезінде Ақ Орданың астанасы болған.
Қазба жұмыстары үшін ежелгі Сауранның бас көшесінің сол жақ қанатындағы, солтүстік-шығыс қақпасынан 210 м жерде орналасқан нысандар таңдап алынды.
XVI ғ. тарихшысы Васифидің жазбалары осы жерде шайқалмалы екі мұнарасы бар Сауран медресесінің орналасқанын анықтауға мүмкіндік берді.
Қарама-қарсы тұста мешіт және әлі толық қазылмаған ғимарат орналасқан. Олар Сауран регистанын - қаланың орталық алаңындағы архитектуралық құрылыстар ансамблін құрайды. Бұл - археологтар қазып жүрген нысандар ішіндегі алғашқы күрделі архитектуралық кешен (К.М. Байпақов, Е.А. Смағұлов, Б.А. Железняков, А.И. Бейсебаев, А.Е. Ержігітова).
Облыстық бюджеттер, демеушілер қаржыландырған «Мәдени мұра» бағдарламасының аймақтық жобалары жүзеге асырылуда. Ежелгі Жанкент, Сұнақата қалаларын зерттеу қызықты мәліметтер берді. Жанкент - оғыздар мемлекетінің астанасы болған Янгикент, ал Сұнақата - әуелі қыпшақтардың, кейінірек Ақ Орданың астанасы және Қазақ хандығының ірі орталығы болған Сығнақ қаласы деп танылады.
Демеушілердің, «Бігіке» компаниясы мен «Өлкетану» қоғамдық қоры құрылтайшысының қаржысына, Тараз маңындағы ежелгі Төрткүл қаласында қазба жұмыстары жүргізілді. Төрткүл ортағасырлық Төменгі Барысхан қаласы деп танылады.
Қазақстан Үкіметі бекіткен «Ежелгі Отырардың өркендеуі» бағдарламасы туралы ерекше бөліп айтуға болады. Ол «Мәдени мұра» бағдарламасымен бірге Отырар алқабының ескерткіштерін зерттеуге және қорғауға бағытталған. Сол ескерткіштердің базасында Отырар археологиялық кесене-қорығы құрылды.
Ежелгі Отырартөбе, Құйрықтөбе, Алтынтөбе, Көкмардан мен Марданкүйік қалаларынан I мыңж. орта тұсынан XVIII ғғ. дейінгі әр түрлі кезеңдерге жататын қалалық махаллалар мен тұрғын жайлар, әскери-қорғаныс құрылыстары, сарай кешендері, ғибадатханалар, мешіттер мен моншалар ашылды. Қазылған нысандарды сақтау мен кәдеге жарату - бағдарламаның басты мақсат-міндеті болды (К.М. Байпақов, Д.А. Воякин).
Жоғарыда айтылғандай, археологиялық нысандар мен сәулет ғимараттарын сақтау, мәдени мұраны сақтау процесінің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.
ЮНЕСКО - Қазақстан - Жапония бірлескен «Ежелгі Отырар қаласын қорғау және сақтау» халықаралық жобасы (2001-2004 жж.) осы бағытқа, яғни ескерткіштерді сақтауға қою технологияларынын, тәжірибесін үйрену мен игеруге серпін берді. Ол отырардағы жэне Отырар алқабындағы ескерткіштерді сақтаудың ғылыми қүжаттамасы мен эдістемесін жасауға бағытталды.
Бұл жобаны орындауға Қазақстаннан, Германиядан, Англиядан, Италиядан жэне Жапониядан мамандар тартылды.
Жобаны жүзеге асыру «Ежелгі Отырар қаласын сақтау» атты жаңа Қазақстандық жобаның шеңберінде жалғастырылды.
Отырартөбе қала жұртында, осы жоба бойынша XIV ғ. аяғы мен XV ғ. басындағы орталық мешітті, оңтүстік қақпа маңындағы бекініс қабырғасының бөлігін жэне оңтүстік кіре берістегі XVI ғ. аяғы мен XVII ғ. жататын тұрғын мәхалланы сақтауға қою жөніндегі жұмыс одан әрі жүргізілді (Т.С. Дощанова, Н. Егоркина).
2005 жылы Сауран кала жұртының XVI ғ. медресесі; Талхир қаласының қой тас төселген орталық көшесі және шығыс қақпасы алдындағы мәхалласының бір бөлігі сақтауға қойылды.
Ақыртас кешенінде де осындай жұмыстар жүргізілуде. Бекініс қабырғаларының солтүстік, шығыс жэне батыс қанаттары мен мұнаралары көпғасырлық топырақ қабаттарынан тазартылды. Сарайдың солтүстік бас қақпасы мен сол тұстағы учаскесі де аршып алынды. Қам қыштан тұрғызылған қорғанның үстіне қалқа орнатылды (Қ.К. Тұяқбаев).
Антоновка қала жұрты - Қаялық қаласында будда ғибадатханасы мен бас мешіт сақтауға дайындалды: ылғалға төзімді қоспамен сыланды, бас мешіт мехрабының кей тұстары, сарай моншасы бекемделді. Олардың үстінен қорғауыш ретінде кірпіш төселіп, қазірше топырақпен көміп койылды.
Мерке, Жайсан ғибадатханаларының бірнеше тас мүсіндері тазартылып, кетіктері желімденіп, қалпына келтірілді (Л.Ф. Чарлина).
«Мәдени мұра» тізіміне кірген барлық ескерткіштер мұражайландырылатын нысандар ретінде де қарастырылады.
Туризмді дамыту саласында Президент алға қойған мақсат-міндеттер, қазір жұмыс істеп тұрған туристік маршруттарды ақпаратпен толықтыру жэне жаңаларын ашу жобалары үшін ұсыныстар дайындау аркылы орындалуда. Қазіргі таңда Оңтүстік, яғни Сайрам- Түркістан бағыты туризм үшін неғұрлым болашағы бар маршрут болып табылады.
Оңтүстік Қазақстан - археологияның әр түрлі жэне әр кезеңдегі ескерткіштеріне бай аймақтардың бірі. Мұнда, Түркістан қ. маңы мен Қаратауда осыдан 1 млн. астам жыл бұрынғы палеолит дәуірінің тұрақтары Қосқорған мен Шоқтас бар.
Тас дәуірінің ескерткіштері арасында б.з.д. VI-V мыңж. Қараүңгір тұрағы да назар аудартады. Бірінші қаңлы мемлекетінің ескерткіштері Ұлы Жібек жолы бойында, оның Тянь- Шань және Сырдария бағыттарында орналасқан Испиджаб-Сайрам, Бүдұқкет, Газгирд, Шымкент, Усбаникент, Отырар, "Йассы-Түркістан, Сауран, Сығнақ-Баладж қалалары өте қызықты.
Ескерткіштерді ғылыми-зерттеу, қазба жұмыстарымен катар оларды мұражайландыру, тарихи және археологиялық туризм жүйесіне енгізу маңызды міндет болып отыр.
«Ежелгі түрік қағанаттарынан - Византияға» атты маршрут өз идеясы арқылы ежелгі және орта ғасырлар дэуіріндегі Еуразия мен Қазақстан халықтарының саяси, экономикалық және мәдени байланыстарын көрсетеді.
Шымкенттен Түркістан-Сауранға дейін және кері бағытта халықаралық туристік маршрут дайындау үшін, археологияльщ жэне консервациялық жұмыстар жүргізілуде.
Маршрут Шымкент қаласынан, орталығы қазіргі қаланың аумағында жатқан ежелгі Шымкентті көруден басталады. Ол б.з.д. II ғ. пайда болған. Осы жерде археологиялық нысандар: цитадель, шахристан, эскери құрылыстардың элементтері мұражайландырылды. Ежелгі кала жұртының негізінде Шымкент қаласының тарихына арналған мұражайы бар археологиялық парк құру ұсынылды. Қаланың өзінде археологиялық және этнографиялық мұрағаттары мол, облыстық тарихи-өлкетану мұражайын көруге болады.
Маршрут Шымкенттен 8 км жердегі, қазіргі Сайрам каласының аумағында орналасқан ежелгі Испиджаб-Сайрам қаласына әкеледі. Ол - Ұлы Жібек жолының маңызды торабы, оңтүстігінде - Ташкент, Бұхара, Мерв жэне Нишапурға; солтүстік-батысында - Еуропаға; солтүстігінде - Дешті Қыпшаққа; шығысында - Жетісу мен Қытайға кететін бағыттардың қиылысында тұрған ірі кала болған.
Сайрам аумағында архитектуралық ескерткіштер - Қожа Ахмет Яссауидің әкесі мен анасының кесенелері, VII-VIII ғғ. христиан шіркеуінің қалдықтары, XVIII ғ. мұнарасы сақталған.
Сайрамнан Шымкент арқылы, Шымкент - Арыс - Шәуілдір - Түркістан автокөлік жолымен өтетін туристік маршрут Арыс өз. бойындағы ортағасырлық Кенджиде аймағы мен Усбаникет қаласына әкеледі. Қазір бұл археологиялық ескерткіштер кешеніне Жуантөбе қала жұрты, Қараспантөбе жэне Бөріжар зираты енеді. Кешеннен І-ХІІ ғғ., ХШ-ХУІІ ғғ. қала ғимараттарының қалдықтарын жэне VI-VIII ғғ. ежелгі кесенелерді көруге болады.
Маршрут бұдан әрі Арыс қаласы арқылы Шәуілдір ауылына, Отырар мен Отырар алқабына жеткізеді. Ол - археология, тарих және мэдениеттің көрнекті ескерткіші. Отырарда 12 XIV г. аяғы мен XV г. басында болған Бас мешіт ашылды. Мешіт сақтауға қойылған, бірақ жарым-жартылай қалпына келтірілетін болады. Ортағасырлық моншалардың қалдықтары, әр кезеңдегі тұрғын аудандар, ХІІІ-ХГУ ғғ. көзешілік шеберханалары, эскери құрылыстар, суландыру жүйесі қызығушылық тудырады. Туристердің назарына Отырарға қоса ежелгі Құйрықтөбе, Алтынтөбе, Марданкүйік қалалары ұсынылады.
Құйрықтөбе - Кедер қаласы. Осы жерде Қазақстандағы ең ерте, X ғ. мешіт ашылды, ол жарым-жартылай қалпына келтірілмек.
Экскурсия кезінде Қожа Ахмет Яссауидің ұстазы Арыстанбаб жерленген Арыстанбаб кесенесін көруге болады.
Бұдан кейін туристер Шәуілдір - Түркістан автокөлік жолымен Түркістан қаласына келеді. Мүнда олар Қожа Ахмет Яссауи кесенесін көреді. Түркістаннан ежелгі Сауран қаласына (үлкен жолдан батысқа карай 40 км) бару ұсынылады. Сауран - әскери құрылыстары жақсы сақталған, мешіті мен медресесі аршып алынған XIV-XVIII ғғ. көрнекті ескерткіші.
Бұл туристік маршрут көбіне мұсылмандардың киелі орындарымен өтетін (Арыстанбаб жэне Қожа Ахмет Яссауи кесенелері) тауап етушілердің жолымен сәйкес. Олар - Қазақстан, Кыргызстан, Өзбекстан, Тэжікстан, Ресей жэне алыс шет елдердегі мұсылман елдерінен келетін тауап етушілер.
Маршрут қазірдің өзінде танымал болды: Отырар оазисіне жыл сайын 200 000 адамға дейін келеді (статистика бойынша) жэне
Дереккөздер
- Мемлекеттік «Мәдени мүра» багдарламасы бойынша 2005 жылғы Археологиялық зерттеулер жайлы есеп . - Алматы, 2005. Қазақ жэне орыс тілдерінде. Отчет об археологических исследованиях по Государственной программе «Культурное наследие» в 2005 году. - Алматы, 2005. – 218 стр. На казахском и русском языках.


