
Қарақұдық обалар тобы. Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Мұқыр селосынан солтүстік-батысқа қарай 14 км жерде орналасқан. Обалар тобы ерте темір дәуіріне жататын 9 обадан тұрады. Олар шығыстан батысқа қарай созылған жоталы төбеде тізбектеле орналасқан.
Археологиялық қазба толықтай қол жұмысымен атқарылды. Қазба оба үйіндісі ортасымен СО, ШБ бағытында, ені 3 м траншея негізінде жүргізілді. Оба үйіндісінің СО, ШБ бағытындағы шымды қыртысы қалақ және щетканың көмегімен аршылғаннан кейін астынан ұсақ тастар жабындысы алынды, әрі қарай топырақ үйіндісі бір күрек көлемінде бір деңгеймен, ірі тастар қолмен алынып отырды. Осы бағытта жер қабатына деңгейіне дейін қазылды. Оба үйіндісінің топырағы қызғылт түсті, жер қабаты деңгейі ақ сұр түсті. Оба ортасынан диаметрі 6 м, биіктігі 0,6 ірі тастардан салынған үйінді анықталды. Оларды алу барысында обаның ортаңғы нүктесінен солтүстікке қарай 1 м м жерден, жер қабаты деңгейінен жерлеу орны (№1 сүйек), ортаңғы нүктеден 3,5 м жерден, СШ бағытынан жылқының екі бас сүйегі табылды. Тастар толық ашылғаннан кейін негізгі жерлеу орны шұңқырының ізі анықталды.
Қазба жұмыстарының нәтижесінде оба үйіндісінің құрылымы үш деңгейден тұратыны анықталды: 1. Оба үйіндісін айналдыра қойылған тастар – бекіткіш тастар. 2. Топырақ үйіндісі. 3. Жерлеу шұңқыры үстіндегі тас үйінді. Оба үйіндісінің үсті ұсақ, жалпақ тастармен шатыр негізінде жабылған.
Оба ортасында жерлеу шұңқырының үстіне үйілген тасты тазалап, аршу барысында жер беті деңгейінен ортағасырлық жерлеу орны анықталды. Тас толық тазартылғаннан кейін негізгі жерлеу шұңқырының орны табылды. Негізгі жерлеу орны шұңқыры топырақ пен таспен толтырылған. Оларды аршу нәтижесінде жерлеу орны анықталды. Жерлеу орнындағы одан арғы зерттеу жұмыстарының барысында негізгі жерлеу орнының ОШ қапталынан екі адам сүйегі жатқызылған катакомбалық жерлеу орны табылды.
Қарақұдық және Талқұдық обалар тобындағы археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде анықталған жерлеу инвентарлары, жерлеу дәстүріне негізге ала отырып обалар ж.с.д. V-IV ғғ. савромат тайпаларына тиесілі болған деп болжауға мүмкіндік береді. Археологиялық қазба жұмыстары барысында оба үстінен, материк деңгейінен анықталған жерлеу орындары печенег-оғыз дәуіріне сәйкес келеді. Обаның нақты уақытын, белгілі-бір тайпалар бірлестігіне тиесілігін айқындау толығырақ зерттеу жұмыстарын талап етеді.
Дереккөздер
- «Қазақстандағы археологиялық зерттеулер – 2021» ғылыми мақалалар жинағы. – Астана: Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі, 2022. – 416 б.


