Көне түркі дәуірінің Сарыкөл ғибадатханасында жүргізілген алғашқы жұмыстар

Сарыкөл қорымы Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданының орталығы Қарауыл ауылынан ОБ-қа қарай, 45-50 шақырым жерде, Шыңғыстаудың биігіндегі Сарыкөл атты шағын қамысты көлдің жағасындағы, жазықта орналасқан. Сарыкөл жазығы шошайып көрінетін ұсақ тас шоқылардан тұратын, белесті жер.

Шығысында Қалба жотасына ұласып, батысында Сарыарқа мен шектесіп жатқан шөбі шүйгін, бұлақ-бастауларға өте бай Шыңғыстау ертеден саяси, мәдени және этникалық қарым-қатынастардың тарихи сахнасы болғаны анық.

Биылғы қазба жұмыстарына ҚР БжҒМ АИ мамандарымен қатар, тәжірибе алмасу мақсатымен Польшаның Вроцлав университетінің бір топ мамандары және Семей педагогикалық институтының оқытушылары мен студенттері қатынасты.

Ескерткіш 2003 жылғы осы өңірдегі барлау жұмыстары нәтижесінде шартты түрде №№ 12,13, 14 деп белгіленген әр түрлі көлемдегі бірі-бірімен жалғасқан үш тас қоршаудан тұратын кешен. Сол жылы кешенде қазба жұмысы басталғанымен, №12, №13 обалардың тек беткі шым қабаты тазаланып, №14 қоршауды зерттеу жұмыстары толық аяқталды. Қазбаға дейін бетін қалын қараған, тобылғы аралас ақселеу басып, әр жерінен тастардың ұштары ғана қылтиып әзер көрініп жатты.

Үш қоршаудың орталарынан крест тәрізді жал-қабақ (бровка) қалдырылып, шым  қабаты аршылды. Тазалау барысында солтүстік-батыс - оңтүстік-шығыс бағытта созылып орналасқан бұл кешеннің көлемдері әртүрлі граниттік тастардан тұрғызылғандығы көрінді.

Үлкен №12 қоршаудың ұзындықтары 7,8x7,2 метр, пошымы сәл доғалдана. төртбұрыш болып келген. Тастардың көпшілігі түстері қызғылт-сары және көк болып келген жалпақ тастар Көлемдері 48x36x18 см; 58х20хх13 см; 40x37x17 см; 30x20x5 см; 38x17x14 см; 26x15x8 см; 18x17x4 см т.б. Қоршау қабырғасында 45?-та, вертикалды қойылған, жоғары жақтары ішке қарай еңкейіп. табандары сыртқа қарай сырғыған көлемдері 72x46x6 см; 78x35x10 см болатын ірі тастар да кездеседі. Қоршау қабырғасының іргесінде ұзын, көлемдері 66x20x20 см; 84x28x12 см; 46x20x6 см; 38x16x12 см; 48x18x10 см болып келетін, сырық тастар да кездеседі. Олар кейде ретімен де жатыр. Оның өзі бүл құрылыстың қабырғасының үстін бастыра, көлденең қойған тастар болуы мүмкін деген ойға жетелейді. Беткі шым қабаты аршылған А бөлігінде, тонаушылардан қалған із болса керек, аса биік емес, сары топырақ үйіндісі бар. Жалпы №12 қоршау мен №13 қоршаудың аралары негізінен бөлек, кейіннен құлаған тастармен бірігіп кеткен.

Солтүстік шетіндегі №12 қоршаудың шығыс бүйірінде 1,42 метр жерде, нағыз монголоид келбетті ер адамның бет пішіні салынған, шығыс қыпшақ немесе қимақ-қыпшақ дәстүрінде жасалған, беті шығысқа қаратылған тас мүсін орнатылған. Оның басы ұстыннан мойын мен иықтарын кескіндей отыра бөлектеп көрсетілген. Бет пішіні анық көрінеді. Көздері, қыр мұрны, үшкіл мұрты мен сақалы біртұтас бедермен көрсетілген. Мұрты мен сақалының бедерін ерін контуры өте жақсы айқындап тұр. Кеудеден бастап төменгі жағы төртбұрышты болып келеді және қолдары көрсетілмеген, тек екі жақ қапталында сұлбасы байқалады. Мүсін қызыл граниттен сомдалған, биіктігі 2,32 м., ені 0,41-0,36 м., қалыңдығы 0,37-0,29 м. Қазіргі жер бетінен биіктігі 1,85 метр. Басының арт жағынан жағынан қарағанда беліне дейін түсетін, жеті таспа қылып өрілген шашының сұлбасы көрінеді.

Көне түркі ғұрыптық ескерткіштері туралы деректерде, қимақтарда да үйіндінің шығыс жағынан қойылған тас мүсінді обалар бар екендігі айтылады. Мамандар бұл дәуірде тастағы адамдарды бейнелеу үстіртін екендігін ашты, мүсіннің тек алдыңғы жағы ғана өнделген, артқы және екі жағы көбінесе өңделмей қала берген. Көбінесе бет әлпеті, кей жағдайда қолы мен дене бітімі бедерленеді. Жалпы алғанда өзінің стилистикалық жағынан қимақтар мүсіні ерте қыпшақтық мүсіндерге ұқсайды.

Осы тас мүсіннің түбінен шығысқа қарай көлемі 2x2 м болатын тас үйінді бар. Тастарының көлемдері біркелкі болып келген.

Өлшемдері 5,8x6,5 м болатын № 13 қоршау пішіні төртбұрыш болып келген. Мұнда жалпақ плита тастар, орташа тастар, ұзын сырық тастар да кездеседі. Бұл қоршау мен №14 қоршаудың аралары қатты бүлініске ұшыраған және оба аралық тастар жайылған. Екеуінің аралықтары кейіннен қосылғаны байқалады.

№14 қоршау, алдыңғы екеуінен анағүрлым кішірек, жер бетінен биіктігі 0,8 м. Екі қатар тас қаландыдан тұрады. Құрылысты зерттеу барысында А бөлігінің кейінгі кезеңдердегі тонаушылар эсерінен қатты бүлініске ұшырағаны көрінді. Төртбұрышты болып келген қоршаудың солтүстік-батыс бөлігінің тастары ортадағы 72x90 см. болатын, тонаушылар шұңқырына тасталған. Жерлеу орындары немесе жекелеген артефактілер бұл қоршаудан кездескен жоқ.

Қорыта келе, № 12, №13 қоршауларын толықтай зерттемей бүл кешеннің суреттемесін жасау мүмкін емес. Бұл ескерткіштер алдағы жылдардағы қазба барысында толықтай аршылып, ғылыми тұрғыдан тұжырымдалады деген сеніміміз мол, өйткені Сарыкөл ескерткіштеріндегі зерттеулер 2007 жылғы Мемлекеттік "Мәдени мұра" бағдарламасы бойынша өз жалғасын табады. Оның үстіне поляк ғалымдарының да бұл ескерткішті бірігіп зерттеуге ынталары зор.

*Семей Мемлекеттік Педагогикалық Институты

**Вроцлав Университеті, Польша


Бөлісу

Дереккөздер

  • Мемлекеттік «Мәдени мүра» багдарламасы бойынша 2006 жылғы Археологиялық зерттеулер жайлы есеп . - Алматы, 2007. – 218 бет.
Авторлар:Оралбай Ерден Қуанышбекұлы,Самашев Зейнолла Самашевич,Исин Амантай,П. Томаш,Толегенов Ерлик

Экспедиция