Бытығай кешеніндегі 2021 жылғы археологиялық зерттеулер

2021 жылғы жазғы маусымында Бытығай кесенесінен солтүстік-батысқа қарай 80 м жерде орналасқан көлемі шағын жерлеу орындарының бірінде қазба жүргізілді (сур. 1). Қазба салынған жерлеу орнының аумағы 10 м, биіктігі 0,7-0,8 м келетін шағын топырақ үйіндісі ретінде көрініс береді. Үйіндінің үсті мен айналасында күйдірілген қызыл кірпіштің сынықтары шашылған.
Қазбаны бастамас бұрын үйінді аумағының жер бедерінің цифрлы моделі, фото түсірілімдер жасалып, өлшемдері алынды. Солтүстіктен оңтүстікке және шығыстан батысқа қарай бағытталған, ені 50 см болатын жал қалдыра отырып қазба салынды. Осылайша 4 секторға бөле отырып, қазбаның беткі шым қабаты тазартылды. Оның астындағы бос топырақ құландысын тазарту барысында 20-30 см тереңдіктен қызыл кірпіштен қаланған құрылыс қалдықтары ашыла бастады. Құрылыс қалдықтары толығымен тазартылып, жобасы мен кесіндісі сызылды. Ашылған құрылыс нысаны тік төртбұрыш түрінде тұрғызылған, көлемі 8,5×8 м келетін жерлеу орынының қоршауы екендігі анықталды. Құрылыстың жоғарғы бөліктері толығымен бұзылып, кірпіштерін алып кеткен.
Құрылыстың төменгі жағындағы 1 (оңтүстік бөлігінде 2-3) қатар ғана кірпіш қаландылары сақталған. Қоршаудың анағұрлым жақсы сақталған оңтүстік-шығыс қабырғасындағы қалыңдығы 54-70 см.
Ал қалған қабырғаларының нақты қалыңдығын анықтау мүмкін болмады. Құрылыс қабырғаларына пайдаланылған қыш кірпіштердің көлемдері 26×26×5- 6 см және 26×13×6 см. Ешкандай өрнексіз тегіс етіп қалыпталған қыш кірпіштер сапалы қоспадан жасалып, біркелкі күйдірілген. Қоршаудың оңтүстік-батыс қабырғасының іргесіне қатар 40-50 см аралықта ақ керіш іспеттес жолақ түріндегі (6-8 см) құрылыс материалының қалдықтары байқалды. Бұл уақыт өте келе ағып кеткен қоршаудың сыртқы сылағы болуы мүмкін. Қоршауға кіретін есігі де осы оңтүстік-батыс қабырғаның орта тұсында болған. Алайда қабырға қатты бұзылып кеткендіктен есіктің нақты орнын анықтау мүмкін емес.
Қоршаудың ортасында оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа қарай созылған көлемі 3,4×2 м сопақшалау келген жерлеу шұңқырының орны ашылды. Жерлеу орнының бетіне табиғи жер деңгейінен 25-30 см биіктікте табиғи ақ керіш аралас топырақ үйіліп, оның сыртынан жалпақ тастар және қыш кесектермен бастырған. Жерлеу шұңқырын қазу барысында 40-60 см тереңдіктен ағаш тақтайлардың қалдықтары шыға бастады. Ағаш бетін толық тазарту нәтижесінде жерленген адамның үстін жабу үшін арнайы төселген құрылыс (конструкция) қалдықтары екендігі анықталды. Мүрденің бетін жауып тұру мақсатында алдымен қабір шұңқырын қазып, жердің жанысы қатты болғандықтан шетіне ештеңе қоймай тек үстіне ғана ағаш тақтайларды көлденеңінен қатарластыра отырып қойып шыққан. Ағаш тақтайлардың ұзындығы 60-65 см, жалпақтығы 10-20 см, қалыңдығы 1-2 см. Алайда тақтайлар табиғи үрдістердің салдарынан қатты шіріп, үгіндіге айналып, шұңқырдың ішіне қарай жапырылып құлай бастаған. Тақтайлардың қойған күйінде, қабірдің үстін тегіс жауап жатқандығына қарағанда бұған дейін ашылмаған немесе қазылмаған деген қорытынды жасауға болады. Адамды жерлеу үшін қазылған шұңқырдың ұзындығы 1,9 м, ені адамның басы қараған, солтүстік- батыс жағында 55 см, ал аяқ жағында 40 см. Қабірде бір адам жерленген.
Зерттеу нысаны кейінгі орта ғасырлармен мерзімделеді. Қазба жұмыстары толық аяқталғаннан кейін жерлеу шұңқыры мен құрылыс қалдықтары көміліп, уақытша сақтау жұмыстары атқарылды.
Дереккөздер
- «Қазақстандағы археологиялық зерттеулер – 2021» ғылыми мақалалар жинағы. – Астана: Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі, 2022. – 416 б.


