Ботай мәдениетінің Красный яр қонысына жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстары

Ботай мәдениетінің Красный яр қонысына жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстары

Ақмола облыстық тарихи өлкетану музейінің 2021 жылғы археологиялық маусымына сәйкес 15 маусым мен 30 шілде аралығында Көкшетау қаласы маңында орналасқан энеолит дәуіріне жататын Ботай мәдениетінің Красный Яр қонысына зерттеу жұмыстарын жүргізді. Археологиялық экспедицияны Ақмола облысының мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасының қолдауымен «Ақмола облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі, өлкетану, және экология орталығы» КММ-мен бірлесе отырып жүргізілді.

Археологиялық ескерткіш Красный Яр ауылынан солтүстігіне қарай 3 км жерде, Зеренді ауданының Красный Яр – Симферополь бағытындағы жолдың бойындағы темір жол өткелінен шығысына қарай орналасқан.

Ескерткішті зерттемес бұрын бірнеше жұмыстар атқарылды, олардың қатарында – Красный Яр қонысының географиялық орналасқан координаттарын анықтау, ескерткіш орнының жалпы көрінісі, ғарыштық тұрғыдағы аса сапалы фотосуреттерін жасау, автоматтандырылған аэрофото арқылы жалпы жоспарын құру, ортофотожоспар, ескерткіш рельефінің цифрлық моделі мен картасын құру, қоныс орнының 3D моделін жасау, географиялық топографиялық картасын құру арқылы оған байланыстар жасау сияқты жұмыстар жүргізілді.

Археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу үшін екі үйдің орны алынды, қазба алаңын квадраттарға бөлу жұмыстары жүргізілді, жалпы көлемі 326 шаршы метрді құрады.

Қазба жұмыстары барысында Ботай мәдениетіне тиесілі 50 ден астам жәдігерлер табылды. Олардың ішінде көптеген қыш ыдыстардың сынықтары мен үй жануарлары сүйектерінің қалдықтары, тастан жасалған найза мен жебенің ұштары, түрлі кертіктері бар сүйектен жасалған бұйымдар, өңдеуші тас соққыштар, ортасы бұрғыланған тас дискілердің фрагменттері, өрнектелген жылқының бақайшақтары, тас қырғыштар, жаңқалар, салмақты балталардың бөліктері, сүйек инелер мен екі жақты біздер табылды.

Красный Яр қонысындағы тұрғын үйлердің ең бір қызығы үй сыртында сыртқы қоршаулардың болғандығын көреміз. Сыртқы қабырғалары да саз балшық пен жылқы малының сүйектерімен тұрғызылған. Қоныс орнында солтүтіктен үздіксіз жел соғып тұратындықтан қалқан ретінде тұрғызылған болса, екіншіден үй арасын жалғап тұрған дәліздер болуы мүмкін.

Жоғарыда айтып кеткеніміздей тұрғын үйлердің ортасындағы ошақ орындарының диаметрі 50-60 см құрайды, сонымен қоса кейбір қабырғаларында күнделікті тұрмысқа қажетті заттарды қоятын ойықтардың болғандығын көре аламыз. Үйлердің орындары нақты бір геометриялық шеңбер түрінде салынбаған, кейбіреулері сопақша тәріздес болып келгендігін байқаймыз.

Шаруашылық шұңқырларын қазу барысында көптеген жылқы малының сүйектері табылды, ботайлықтардың алғаш рет жылқы малын қолға үйреткені ғылыми зерттеулерден белгілі. Алайда қазба алаңынан ірі қара малына жататын мүйіз қалдықтары мен топай-асықтың шығуы Красный Яр қонысын мекендеген тұрғындардың қолға жабайы сиыр малын (бизон, тур) да үйреткендігін де байқаймыз.

Табылған жәдігерлер ішіндегі тастан жасалған еңбек құралдары мен найзаның, жебенің ұштарының материалдарының басым көпшілігі кремний тастарынан жасалған. Бұндай өңдеуге келетін кремний тастары Иманбұрлық өзені бойындағыдай Шағалалы өзені бойындағы жартастардан өндірген.

Қазба алаңынан көптеген нуклеустер мен түрлі жаңқалардың қалдықтарының табылуы қоныс орнында түрлі еңбек құралдардың жасағандығының дәлелі.

Қорыта келгенде 326 шаршы метр қазба алаңынан алынған жәдігерлер толықтай зерттелген соң көптеген ақпарат беретіні анық. Қазірдің өзінде табылған жәдігерлерді топтарға бөліп, сипаттау жұмыстары жүргізілуде. Болашақта әлі де болсын трассологиялық талдау жұмыстары мен радиокарбондық анализдер мен қабырғасына жабысқан шаң-тозаңдары мен қалдықтарына қосымша анализдерді жасауды қажет етеді. Зерттеу жұмыстары соңында бірқатар талдау жұмыстары жүргізіліп болған соң табылған жәдігерлер музей экспозициялары мен қорларынан орын табады.

Бөлісу

Дереккөздер

  • «Қазақстандағы археологиялық зерттеулер – 2021» ғылыми мақалалар жинағы. – Астана: Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі, 2022. – 416 б.
Авторлар:Укеев Жасулан Каримулы

Экспедиция