Баубек батыр қорымындағы зерттеулер

2021 жылғы далалық маусымда Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен Баубек батыр қорымында археологиялық ғылыми зерттеу жұмыстары атқарылды. Қорым Ақмола облысы Жақсы ауданы, Баубек батыр ауылынан 200 м оңтүстік-батысқа қарай, Есіл өзенінің оң жағалауында орналасқан. Қорым құрамында жалпы саны 8 ірі үйінділі оба бар. Олар солтүстік- шығыстан оңтүстік-батысқа қарай Есіл өзенін жағалай тізбектеле орналасқан. Нысандардың арасындағы ара қашықтық 0,3 шақырымнан бастап 1,1 шақырымға дейін жетеді. Диаметрі 30-80 метр, биіктігі 3-4 метрге дейін жететін обалардың үйіндісі тас және топырақтан тұрады.
Қорымды планиграфиялық тұрғыда екі топқа бөліп қарастыруға болады, яғни солтүстік-шығыс және оңтүстік-батыс. Екі топ арасындағы айырмашылық обалардың көлемінде. Үйіндісі ірілеу келген обалар қорымның солтүстік- шығыс бөлігінде орналасқан (№№1-5 обалар), ал үйінділері жайпақтау обалар тиісінше оңтүстік-батыс жағында (№№6-8 обалар).
Қорымдағы алғашқы ғылыми зерттеу жұмыстары 2012 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің К. Ақышев атындағы ғылыми зерттеу институтының қызметкерлері жүргізді. Ғылыми зерттеу жұмыстары қорымдағы оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан №8 обада жүргізілген. Қазба жұмыстарының нәтижелері арнайы ғылыми басылымда жарияланды (Свиридов, Тлеугабулов, 2015).
2021 жылғы далалық маусымда Баубек батыр қорымындағы 3 нысанда (№2, №5 және №7 обада) археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Олар қорымның әр түрлі бөлігінде орналасқан: №2 оба –қорымның солтүстік- шығыс жағында, №5 оба – қорымның орталық бөлігінде, №7 оба – қорымның оңтүстік-батыс бөлігінде.
Қазба жұмыстарына дейін обаларда геофизикалық зерттеу әдістері арқылы арнайы сканерлеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар қорым орналасқан аумақтың жер бедерінің цифрлы моделін құру мен обалардың 3Д кескіндемесін жасау жұмыстары да атқарылды (Касеналин, Есен, Тлеугабулов, Маулет, 2021).
№2 обадағы зерттеулер. Диаметрі 18 м, биіктігі 0,7 метр. Оба үйіндісі тас және топырақ аралас. Обаның орталық бөлігінде тастардың шоғыры байқалады. Обаны айнала ені 2 метрге жуық болатын ор бар. Ордың ортасында кішігірім шұңқырлар бар. Қазба жұмыстары обаның орталық бөлігін қазу арқылы жүзеге асырылды. Қазба шығыс-батыс бағыты бойынша ені 3 метр болатын кесік ретінде салынды. Қазба қимасынан қабыр шұңқырының үсті қызыл түсті топырақпен үйілгендігі (қабыр топырағы), оның жан-жағы тастармен көмілгендігі байқалады. Алайда бұл тастар кейін анықталғандай тонаушылардың қабыр шұңқырын толтыру барысында тасталуы да мүмкін. Қазба жұмыстары 1,1 метр тереңдікке дейін жүргізілді. Обаның орталық бөлігінен сопақшалау келген қабыр шұңқырының ізі анықталды.
Үстіңгі бөлігі тастармен толтырылған. Өлшемдері 3×2 м. Әрі қарайғы қазба жұмыстары барысында қабыр шұңқыры 1,3 метрге дейін тереңдетілді, ал қабір шұңқырының аумағы 1,8×1 дейін тарылды.
Қабір шұңқыры солтүстік-оңтүстік бағыты бойынша қазылған. Оңтүстік шетіненің төменгі деңгейінен адам сүйегінің кейбір бөлшектері (астыңғы жақ сүйегінің бөлшегі, жілік сүйектер) табылды. Басқа табылымдар анықталмады.
№5 обадағы зерттеулер. Оба жоғарыда аталғандай қорымның орталық бөлігінде орналасқан. Бұл оба өзінің көлемі жағынан ерекшеленеді. Обаның жалпы диаметрі 50 метрі, ал биіктігі 2,8 метрді құрайды. Оба үстіне триангуляциялық белгі орнатылған. Обадан 20 метр жерде қазақ зираты орналасқан. Обаның төбесі тегістеу, әрі төбесіндегі тастар етектегі тастарға қарағанда анағұрлым аздау. Обаның шығыс жақ бөлігі басқа жағына қарағанда жайпақтау. Оба айналасында бірнеше орлар бар. Бірақ ол орлар обаға қатысы жоқ. Кейінгі қазақ зираттарын салу кезінде топырақ алған шұңқыр орындары.
Обаға екі бағытта қазба салынды: батыстан шығысқа қарай және солтүстіктен оңтүстікке қарай. Обаның жиегінен бастап ені 3 метр етіп салынған екі қазба обаның орталық бөлігінде біріктірілді. Обаның айнала етегінде шым қабатының астында жалпақтығы 1,4 метр болатын бекітпе тастары бар. Бекітпе тастардың ішкі жағы бір қатар жалпақ тастардан қаланса, орта тұсы мен сырты көлемі шағын тастармен қаланған. Обаның беткі қабаты біркелкі тастармен жабылған. Ол тастар обаның орталық бөлігінен бастап бекітпе тастарға дейінгі аралықты қамтып жатыр. Обаның орталық бөлігіндегі қазба жұмыстарының қимасынан тонаушылардың ізі анық байқалады. Ол обаның беткі деңгейінен көне жер деңгейіне дейін аралықтағы «табиғи» кесіндісін қиып тұр. Обадағы тонаушылардан қалған ор триангуляциялық белгіні орнату уақытында дейін болуы ықтимал. Триангуляциялық белгіні қою барысында ол орды көміп тастаған.
Обаның орталық бөлігіндегі қазба жұмыстары кезінде 2,8 метр тереңдікте, көне жер беті деңгейінде үстіңгі бөлігі орта көлемдегі тастар толтырылған қабір шұңқырының шекаралары анықталды. Сопақшалау келген қабір шұңқыры солтүстік-шығыс – оңтүстік-батыс сызығы бойынша бағытталған. Өлшемдері 3,3×2,7 метр. Алайда 1,2 метр тереңдікте қабір шұңқырының шекаралары өзгереді. Қабір шұңқырының оңтүстік-батыс жағы 1 метрге дейін қысқарады. Соның нәтижесінде қабір шұңқырының төменгі деңгейдегі бағыты бастапқыдан өзгереді. Яғни, қабір шұңқырының негізгі бағыты солтүстік-батыс – оңтүстік шығыс. Қазба жұмыстары барысында қабір шұңқыры 3 метр тереңдікке дейін қазылды. Алайда қандай да бір археологиялық табылым анықталмады.
№7 обадағы зерттеулер. Қорымның оңтүстік-батысында орналасқан №7 обаның диаметрі 35 метр, биіктігі 1 метр құрайды. Оба алдымен топырақтан үйіліп, үстінен тас төселген. Әуеден түсірілген фотодан обаның орталық бөлігінде тастардың анағұрлым аз екенін байқауға болады.
Қазба жұмыстары обаның солтүстік-шығыс секторын ашудан басталды. Шым қабаты алынғаннан кейін обаның бекітпе тастары мен беткі қабатының тас жабындысы ашылды. Обаның беткі қабаты ашылғаннан кейін шығыс-батыс бағыты бойынша қазба салынды. Қазбаның жалпақтығы 2,7 метр. Сонымен қатар оңтүстіктен солтүстікке бағытталған қосымша кесік салынды, кесіктің жалпақты 0,6 метр. Барлық қазба обаның орталығында дейін жеткізілді.
Қазбаға дейін оба орталығының үстіңгі бөлігінде жинақы орналасқан тастардың шоғыры байқалады. Алайда қазба жұмыстары барысында бұл тастардың қандайда бір мақсатта салынған құрылыс емес екендігі белгілі болды.
Қазба жұмыстары обаның орталық бөлігінде солтүстік секторға қарай 3,5×2 метр аумақта кеңейтілді. Көне жер деңгейінің бетін тазалау барысында кеміргіш аңдардың індерінің іздері мен кеңейтілген қазба алаңының ортасынан болжамды қабір шұңқырының шекаралары анықталды. Әрі қарайғы қазба жұмыстары барысында қабір шұңқыры 1,2×2,2 метр көлемінде және 1,4 метрге дейінге тереңдетілді. Қазба жұмыстары барысында үйіндінің әр деңгейінен жануарлар сүйектері, қыш ыдыс сынықтарынан басқа табылымдар обадан анықталмады.
Баубек батыр қорымында 2021 жылы зерттелген обалар сыртқы ерекшеліктері мен жерлеу дәстүріне байланысты ерте темір дәуірімен мерзімделді. Зертханалық сараптама (радиокөміртегілік сараптама, қыш ыдыс бөлшектерінің сараптамасы және т.б.) нәтижелері алдағы уақытта арнайы басылымда жарияланады.
Дереккөздер
- «Қазақстандағы археологиялық зерттеулер – 2021» ғылыми мақалалар жинағы. – Астана: Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі, 2022. – 416 б.


