Қараспантөбе қалашығында 2008 жылы жүргізілген қазба. Қазба III

25.04.2022 11:59

Қараспантөбе қалашығының цитаделін айнала қоршай орналасқан шахристтанның сңтүстік-шығыс шетіндегі оқшау тұрған төбеге салынған қазбаның өлшемі 25х12 м, тереңдігі 0,5-0,7 м. Қазба барысында үш тұрғын бөлме мен құмыра күйдіретін пеш орналасқан шеберхананың орны ашылды. Қазу жұмыстар жоғарғы, жер бетіндегі қабатта жүргендіктен ашылған құрылыс орындарының көпшілік бөлігі толық сақталмаған. № 1-бөлме. Солтүстік бұрышта орналасқан № 1 бөлме өзінің өлшемі мен ішкі құрылысы жағынан ең үлкені. Бөлме қабырғаларының бұрыштары дүниенің төр нүктесімен бағыттас орналасқан. Қабырғаларында өзара симетриялық сәйкестік жоқ. Яғни барлық бұрыштары тең емес. Батыс және шығыс қабырғаларының солтүстік бұрыштары көлбеу орналасқан. Олардың ұзындығы 5,8x4,8 м. Оңтүстік шеттегі қабырғасы 6 м, солтүстік қабырғасы сақталмаған. Тек солтүстік-шығыс бұрышында бір метрдей бөлігі ғана сақталып қалған. Бөлме ішіндегі құрылыс жүйелерінің орналасу бағыты ішке кірер есіктің осы солтүстік қабырғаның бойында болғандығын байқатады. Осы шеттегі қабырғаның ұзындығы 7,5 м. құрайды. Батыс қабырғаның солтүстік шеті 5,5 метрден кейін сыртқа сүйірленіп бұрылған. Бөлме қабырғаларының тең бұрышты және тең қабырғалы болмауы, үйді қайта салу кезінде едәуір бұрынғы құрылыс қабырғаларын қайта пайдаланудан деп түсінуге болады. Бөлме қабырғаларының қалыңдықтары да барлық жерлерінде бірдей емес. Көпшілік бөлігінде олардың өлшемі 70 см келеді. Бөлмеде бірқатар ішкі құрылыс жүйелерінің орындары сақталған. Солтүстік шығыс бұрыштағы кіреберіс төрт бұрыштап қаланған кірпіштермен шектелген. Оның өлшемі 1,6x2 м, оның солтүстік бұрышында диаметірі бір метрге жақын дөңгелек ташнау қаланған. Дөңгелек еденнің қақ ортасындағы өлшемі 25x25 см кірпіштің ортасы тесілген және төрт бұрышынан басталып осы тесікке әкеліп түйістірілген арықшалары бар. Құмыраның жарты белінен төмен қарайғы бөлігі жоқ. Кіреберіс Осы кірпіштің астынан мойны жіңішке және бір шетінде тігінен жапсырылған тұтқасы бар құмыра шықты өлшемі 1,5х1,5 метрлік сыпаға жалғасады. Сыпаның үстінде диаметірі 0,5-0,6 м келетін тандыр орналасқан тандырдың аузы кіреберіс еденге қаратылған. Түтін жүрген құбыры оңтүстікке қарай, сыпаның астымен өтеді. Сыпатың батыс шетінде, оңтүстік қабырғаның түбіне үлкен хұм қойылған. Хұмның жан-жағына жұмыр тастардан сүйеуіш қаланған. Жартылай сақталған үлкен хұмның сиымдылығы шамамен 40-50 л., шамасы ұн немесе басқа сұйық азық сақтау үшін пайдаланылса керек. Ыдыстың ішкі қабырғасына жабысып қалған органикалық заттардың шірінділері байқалады. Сипатталған сыпа мен кіреберістің батыс шетіне жалғасып жатқан тағы бір сыпа бар. Бір қарағанда тұтас, үлкен сыпаның бір бөлігіне ұқсағанмен кейбір белгілеріне зер салып қарасаң аңғаруға болатын бұл бөлек сыпаның өлшемі 2x2,5 м. Сыпаға солтүстік шетінің орта тұсынан еніп тұрған сопақ табалдырық бар. Ал сыпаның үстінде кішкене (д-35 см) тандыр орналасқан. Бөлме бір кезде осы сыпаның батыс шетінен қақ бөлінуі мүмкін. Бірақ аралық қабырғаның орны сақталмаған. Алайда бөлменің ортасынан батысқа қарайғы бөлікте сақталған құрылыстардың орналасу жүйесі сипатталған бөлікке қарама қарсы орналасқан. Мәселен, бөлменің орта тұсында орналасқан ошақ пен оның алдында шоқ жайылған шұңқыр, оның солтүстік шетіндегі су сақтаған астауға ұқсас ойық орналасуы жағынан батысқа қарайды. Олардың жартылай бөлігі кішігірім сыпаның үстінде орналасқан. Толық формасы сақталмаған осы сыпаның солтүстік бұрышынан қазылған шаруашылық шұңқырының диаметірі 1 м., тереңдігі 30 см. Шұңқырдан бірнеше ыдыс сынықтары шықты. Ал ошақ пен оның алдындағы шоқтанған көмірді жайуға арналған ойық, оның шетіндегі су құюға бейімдеп жасалған, астау іспеттес шұңқыр қандайда бір қол өнері кәсібіне қызмет еткені анық. Бірақ оның мақсатын білдіретіндей заттай мәліметтер ошақ кешенінің маңынан табылмады. Бөлменің еденінен төменгі қабаттың кейбір құрылыс қалдықтарының іздері көрініп жатыр. Қазбаның солтүстік-шығыс шеті шорт қиылып кеткендіктен бөлменің алдыңғы бөлігіндегі құрылыс іздерінің бағыттарын анықтау мүмкін емес.

№ 2-бөлме. Бұл бөлме алғашқысының солтүстік шығыс қапталында орналасқан. Бөлменің жарты бөлігі ғана сақталған. Бұзылған шетінен астынғы құрылыс қабатының қабырғаларының кейбір бөліктері көрініп жатыр. Бөлменің оңтүстік бұрышын ғасырдың басында қазылған жертөле бұзып кеткен. Осы тұста ені екі, ұзындығы төрт метрлік шұңқыр қалған. Солтүстік және оңтүстік қабырғалары екі метр қашықтықта сақталған. Тұтастай байқалып жатқан батыс қабырғаның астыңғы, соңғы қатары ғана сақталған. Осы қабырғаға орта тұстан тақала салынған кіреберіс еден күйдірілген кірпіштерден қаланған. Төртбұрыш келген кіреберіс еденнің өлшемі 1,5x1,5 м. Қақ ортада орналасқан кірпіштің ортасы әдеттегідей тесік және суағар арықшалары бар. Еденнің оңтүстік шетінде екі тандырдың ең төменгі қалдықтары сақталыпты. Олардың өлшемі әдеттегіден едәуір үлкен. Үлкені 90, кішісі 75 см. Оларды тұтастырып тұрған сыпаның орындары бұзылып кетіпті. Бірсыпыра ыдыс сынықтары мен шынының ұсақ сынығы осы бөлмеден табылды.

№ 3 - бөлме. Бұл бөлме алғашқыларының оңтүстік - батыс қабырғаларының орта тұсына жалғастырыла салынған. Бөлменің көпшілік қабырғаларының астыңғы қатарлары ғана сақталған. Ішкі жағында ешқандай құрылыс іздері табылмады. Тек батыс бұрышындағы есік орналасқан қуыс ғана байқалады. Қабырғалардың қалыңдығы алғашқыларымен бірдей. Бұл бөліктен археологиялық мардымды материалдар да табылмады.

Пеш. Қазбаның оңтүстік бұрышын алып жатқан едәуір бөлікте орналасқан ыдыс күйдіретін пештің орны ашылды. Пеш құрылысының 40%ғажуықбөлігі сақталған. Ал оны қоршай салынған қабырғалардың іздері қалмаған. Пеш ауладаға ашық аспан астына тұрғызылғандай эсер қалдырады. Пештің солтүстік-шығыс шетін жоғарыда айтылған жертөле бұзып кеткен. Оның астынғы от жағатын бөлігі мен үстіңгі қабаттың қабырғалары ғана қалған. Пешті қоршай қаланған нығайтушы қабырғалар оның толық бұзылуынан қорғаса керек. Аузы шығысқа қараған дөңгелек пештің диаметірі жоғарғы жағында 1,7-1,8 м. Қабырғаларының биіктігі 0,9 м өлшемінде бұзылмай қалған. Күйдірілген және күйдіріліп үлгермеген ыдыстардың түрлі сынықтары осы пештің іші мен айналасынан табылды. Тіпті сапасыз жасалған ыдыстардың қалдықтары да кездеседі. Табылған ыдыс сынықтарының арасында түрлі қақпақтар, құмғандардың ернеуі мен тұтқалары, құтылар, қазандар т.т. көп кездеседі. Сырлы ыдыстардың сынықтары өте аз мөлшерде шықты. Олар кеселер мен тостақтардың әртүрлі бөліктері. Тұрмыстық заттардан сырлы майшамдар, сфероконустардың бөліктері т.т. Темірден жасалған бұйымдардың қатарында дөңгелек тоға, таға және нәл, т.б. заттардың сынықтары шықты.