«Ежелгі Отырар қайта өрлеуі» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2008 жылғы жұмыстар

Отырыртөбе қалажұрты

3 қазба. 2008 жылғы далалық маусымда Отырартөбенің солтүстік-батысындағы ХІ-ХІІ ғғ. тұрғын үйлер орамын аршыған қазбаның оңтүстік-батысынан, ұзындығы 20 м, ені 13,5 м көлемде қазба салынды.

Қазба орнының батыс бұрышынан, әжетхана орны аршылды. 1-ші әжетхананың алдында шылапшыны, ортада қиғаш қойылған құбыры, және артынан қазылған үлкен шұқыры бар. Шылапшын мен құбыры сарғыш түсті саздан күйдіріліп жасалған. Әжетхананың алды солтүстікке бағытталған. Артынан қазылған шұқырдың аузы кесектен күмбезделіп бітелген, кесектер тек құбырдың айналасында ғана сақталған. Басқа жерінің кесектері мүжіліп сынған тек орындары ғана байқалады. Әжетхананың шылапшыны, құбырға тақап, еңкіш етіп қойған, құбыр жан-жағын кесектермен қысып орнатқан. Құбыр аузы сопақша болып келген, биіктігі 71 см, ауыз көлемі 19 х 22,5см, қалыңдығы 3 см. Құбырдың жан-жағы жарылып сынған, іші бос топыраққа толы. Құбырдың қарсы алдындағы суағар шылапшыны толық сақталған, көлемі 73x1,2 м, биіктігі 11 см, қалыңдығы 11 мм. Шылапшын пішіні алмұрт тәріздес, сопақша болып келген. Бір басында дм 10 см суағар тесігі бар. Біржақ жақтауым үжіліп сынған, табаны жарылып,қабыршақтанып көтерілген. Шылапшынның табанында үлкенді кішілі екі қыш жатты. Үлкенінің көлемі 21x21x8 см, кішісінің көлемі 22x11 см.

Әжетханадан басқа қазба барысында 5 бөлме аршылды. Бөлмелердің көлемі: 1 бөлме - 1,45x2,3 м, 3 бөлме - 2,7x2 м, 4 бөлме - 6,75x2,6 м, 5 бөлме - 5,1х2 м. 2 бөлменің көлемін, сақталу деңгейі нашар болғандықтан, анықтауға мүмкіншілік болған жоқ. 4 бөлмеде тандыр анықталды, 2 және 5 бөлмелердің ортасынан ошақтар табылды. Қазба барысында саздан жасалған сырлы және сырсыз керамикалардың сынық бөліктері, ірі қара малдың және балық сүйектері шықты.

4-қазба Қақпа. 2008 ж. шахристанға кіреберіс мұнарасында археологиялық жұмыстар жалғастырылды. Қазба барысында мұнара қирандыларының оңтүстік-батыс бөлігі аршылды. Мұнарадан оңтүстікке қарай 2 м жерде көпірдің тіреуі аршылды. Мұнара кесектен салынған, нашар сақталған, шахристанның оңтүстік-батыс жағында 11,50 м қашықтықта орналасқан. Кесек көлемі: ұзындығы-33 см, ені-20 см, биіктігі-8 см. Мұнараны аршу барысында бос топырақ, үрме құмдар, құмыра сынықтары, өртенген кесектер шықты.

Кіре беріс жолдың екі шетінде қарауылханалар орналасқан. Олар арқылы мұнараларға көтерілетін болған. Олар қатты өрт салдарынан қираған. Солтүстік-батыс бөлменің көлемі 12,2x3,2 м, қабырғаларының қалыңдығы 1 м, биіктігі 2 м. бөлмелердің жолға қараған беттерінде сауда орындары орналасқан.

Ең жоғарғы жерден мұнара қаландысы 27 қатарға дейін жетеді. 4 қатарлы ряда қатарлы көлденеңнен тік қаланған бір қатардан тұрады.

Қазба көлемі 6,50x12,70 м болып қазбаның оңтүстік-батысына жапсарластыра салынды. Көпір мен мұнара арасынан қыш сынықтары төселген жүрер жолдың бір бөлігі аршылды. Жол мұнара қирағаннан кейін пайда болған.

Былтырғы қазба барысында қарауылхананың солтүстік-батысында мұнара қалдықтары аршылған болатын. Түсі сары-сұр түсті. Мұнара бұрынғы қирандының үстіне салынған, 6 қатары сақталған. Бірінші қатары қырынан қаланған, екінші қатары көлденең қаланған, ал 3-4-5 қатарлары қырынан қаланған, 6 қатары көлденең қаланған. Мұнараның жалпы ұзындығы - 1,36 м, ені - 1,79 м, биіктігі - 1,08 м. Биыл сол мұнараның көлемін анықтау және толық аршу жұмыстары жалғастырылуда.

1-ші мұнара Отырар төбенің шахристанының оңтүстік-батыс жағында 19 м қашықтықта орналасқан. Мұнара биіктігі - 5 м, кейіннен қалыңдатылған. Жапсар қалыңдығы мұнараның солтүстік батыс қабырғасына қарай 2 метр, оңтүстік-батыс 0,50 метр қалыңдықта қаланған. Қыштар ретсіз, нашар қаланған, мұнараның оңтүстік-батыс қабырғасы бетінен 42 қатар аршылды, 1-ші қатар мен 7-ші қатары нашар сақталған, 8-ші қатар мен 42-ші қатары жақсы сақталған. Мұнараның оңтүстік- батыс және екі мұнараны қосатын бөлігінде 2 тереңдікте майлы өрт орнының болғандығы анықталды, өртің қалыңдығы 20-50 см және осы жерде 3,60 метр тереңдікте өртенген кесек орны анықталды. Аршу барысында қираған қыштар, сырлы және сырсыз керамика бөліктері алынды.

Екі мұнараның ортасынан қышпен қаланған қабырға табылды. Бұл қабырға екі мұнарамен де қиюласпайды, олардан бұрын соғылса керек. Қабырға тереңдігі 5 м қазылды. Қабырға қышының көлемі - 28x25x8 см. Аршу барысында бос топырақ, қираған қыштар, керамика бөліктері, сырлы және сырсыз, үрме құмдар, су жатқан орындары, мыс теңгелер табылды.

2-ші мұнара Отырар төбенің шахристанының оңтүстік-батыс жағында 22 м қашықтықта орналасқан. Әзірге мұнараның жарты бөлігі аршылды. Мұнараның тереңдігі 0- ден санағанда 5,65 м-ге жетті, 56-қатарға жетіп тоқтады. 1-50-ге дейінгі қатары көлденеңінен қаланған, 51-ші қатары тігінен, 52-56-ға дейінгі қатары көлденеңінен қаланған, қыштың көлемі-28х26х6 см. Аршу барысында бос топырақ, қираған қыштар, керамика бөліктері, сырлы және сырсыз, үрме құмдар, су жатқан орындары, мыс теңгелер табылды.

Мұнаралардың ортасындағы қабырға паралел 2,5 м қашықтықта тіреу анықталды. Тіреу төрт бұрышты, ұзындығы - 4,50 м, ені - 1,80 м, тереңдігі 4 м. 3 м тереңдікте тіреу 7 бұрышты болып өзгерді. Қыштың көлемі-26х25х6-7 см, қалағы 47 қатарға жетті.

Көпір тіреуінің оңтүстік шығыс қабырғасынан 3,5 м қашықтықта 1,10 метр тереңдікте құланды қыштар шыға бастады. Осы жерден биіктігі-2 м, ұзындығы - 1,30 м, ені - 0,90 м екінші тіреу табылды. Тіреудің сырты бір қатар қышпен қаланып, іші тапталған топыраққа толы болды. Қаптаманың тек бір беті ғана сақталған.

Мұнаралар мен тіреулерді қазу барысында ордың ішінен қыш сынықтары, сырлы және сырсыз керамика сынықтары, мыс теңгелер табылды. Мұнаралар арасынан, ордың қабырғасы алдынан 4 м тереңдіктен кесек үйіндісі аршылды. Үйінді қалыңдығы 45 см. Кесектер қатты күйген. Қақпаға шабуылдау кезінде өрт шығып, мұнараның жоғарғы жағы орға құлаған болу керек. Күл қабаты майлы, шабуыл кезінде май қолданса керек.

Кіреберіс ғимараттары қираған соң оның орнында тұрғын үйлер мен шеберханалар пайда болды. Керамикалық құмданның орны оңтүстік мұнара орнынан табылды. Оның қасынан тандырлы бөлме аршылды. Шоқ қалдықтары бар күл қабаттары аршылды.

Отырар шахристанының соңғы кезеңінде қақпа өмір сүруін тоқтатып, оның қирандылары мен топырақ орды толтырып, пандус пайда болды. Пандус бетіне қыш төселген.

Құйрықтөбе қалажұрты. 2008 ж. Құйрықтөбе қалажұртында археологиялық жұмыстар жалғастырылды. Зерттеу жұмыстары, 1982-1985 жж. тұрғын орам қазылған, шахристанның оңтүстік-батыс бөлігінен басталды. Қалашық жобасында берілген аймақ VII-VIII қазба деп белгіленді.

Бөлмелер аршылған соң, оның құрылыс элементтерінің сақталу деңгейі нашар болғандықтан, қазба ерте құрылыс горизонтына дейін жалғастырылды. Олар III және V деп белгіленді. Бұл екі бөлме өзара оңтүстік қабырғада орналасқан есік арқылы қатынаста болған. Олар оңтүстіктен солтүстікке бір қатар құрайды, мүмкін бөлмелер бір үйдің бөлмелері болған.

Қазба жұмыстар барысында III бөлменің екі едені табылды, яғни екі құрылыс горизонт анықталды. Ерте құрылыс горизонтына жататын еденді табылған қыштан жасалған мангал тәрізді ыдысқа қарап, ІХ-Х ғғ. жатқызуға болады. ХІ-ХІІ ғғ. тұрғын үй құрылыстарына тән қыштан жасалған ошақтар көп кездеседі. Кейінгі құрылыс қабатында анықталған барлық шаруашылық шұңқырлар III бөлмеде орналасқан.

Жоғарғы құрылыс қабатта анықталған бөлменің көлемі 5,20х5,60 м. болса, ерте қабатқа жататын бөлменің көлемі 6, 50х5,60 м. құрайды және алғашқы бөлменің оңтүстік қабырғасы жоғарғы құрылыс қабат қабырғасынан оңтүстік бағытта 1,30 м. қашықтықта орналасқан.

Бөлменің ортасында, көлемі 185x140 см. алтар анықталды. Құрылыс қабат арасында мыстан жасалған білезік, жануар сүйегінен жасалған түйме және қыштан жасалған ұршықбас табылды.

Алтынтобе қалажұрты. 2008 жылғы далалық маусымда Алтынтөбенің солтүстік- батысына көлемі 10x10 қазба салынды. Қазба бұрыштары дүниенің төрт бұрышына шамалы ауытқулармен қараған.

Жұмыс барысында тұрғын орам анықталды. Одан басқа бөлме, әжетхана және зат қоятын бөлмесі бар тұрғын үй аршылды. Бөлмеде ошақ, шаруашылық заттар табылды.

Кеңейтілген қазбаның шығыс бұрышынан алғашқы қазбадағы қамбамен тұспа- тұс кіші бөлме шықты. Бөлменің батыс және солтүстік қабырғаларында 5-6 қатар көкшіл түсті кесектер сақталған. Қабырғаларының биіктігі 70 см, батыс қабырғасы ені 57 см, солтүстік қабырғасының ені 70 см. Бөлменің ұзындығы 3,35 см, ені 2 м. Бөлме еденіне сарғыш түсті қыштар төселген, көлемдері 24x15x5 см, кей жерлерінің төселген қыштары жоғалған. Бөлме ішіне қыш еден толық төселмеген. Қыш төселген жерінің ұзындығы 2,1 м, ені 1,55 см. Төселген қыштардың айналасына қыштарды қырынан қойып жақтау жасаған. Бөлме ішінің шығыс жағы, еден деңгейінен 20 см биік қатты таптама топырақ болды.

Бөлме ортасын аршу барысында алынған топырақ арасынан көптеген керамика бөліктері, соның ішінде жуынатын жерге қойылатын шылапшыннының бір бөлігі, көгеріп шіріген төбежабын қамысының шірінді қалдықтары, штамппен басылған өрнекті қақпақ бөлігі шықты.

Қамба деп болжанған үлкен құмыраның оңтүстігінен, яғни бөлменің шығыс бұрышынан тұрмысқа пайдаланған ас-үйлік заттардың шоғыры көп шықты. Заттар еден бетінде қалған, атап айтқанда бүтін құмыралар, ағаштан жасалған 2 ағаш табақ, қазанша, қызғыш түсті ангоб сыры сүйкелген кіші саптаяқ, тұтқалы құмыра, сырттары өрнектермен көмкерілген көзе, т.б. заттардың бөліктері шықты. Заттардың көпшілігі бүтін шықты. Алынған топырақ арасынан көптеген керамика бөліктері, көгеріп шіріген төбежабын қамысының қалдықтары, өртенген бидай, мақта қалдықтары шықты. Барлық заттардың сырттарында оттан қалған қаракүйе қалдықтары бар. Осыған қарай отырыпбұлтұрғынүйдіңөрткеұшырағанынайтааламыз.Табылғанзаттар9-10ғғ.-менмерзімделеді.

Қауғаната қалажұрты. Қазба қала құландысының солтүстік бұрышынан, Қауған ата кесенесінен 200 м қашықтықта, көлемі 10x10м салынды. Беткі бос топырақ қабатын 10-15 см тереңдікте қыршылып алынды. Бұл қабаттан көптеген сырсыз керамикалық ыдыс сынықтары, құмыраның тұтқа, табан, бүйір, ауыз ернеуі сынықтары, үлкен табақ тәрізді ыдыстың жақтау сынығы ернеуі, табан сынықтарымен қоса алынды. 15см тереңдіктен, I құрылыс қабатына жататын үлкен қабырға қалдықтары, қазба орнының орта шенінен және солтүстік-шығыс кесінді жанынан көріне бастады. Ортадағы қабырға солтүстіктен оңтүстік бағытында қаланған, соңғы 1-2 қатары ғана сақталған. Қабырғаның анықталған ұзындығы 2м, сақталған биіктігі 15-20 см аралығында.

Шығыс бұрыштан осы қабатқа тән қабырға қалдығы анықталды. Қабырғаның өлшемін алу мүмкін болмады, екі басы да солтүстік-шығыс, оңтүстік-шығыс кесінділері астында қалды.

Қазбаны 20см тереңдету кезінде ІІ-ші құрылыс қабатының нашар сақталған конструкциялары анықталды. Қабырғалары кей жерлерді 5 см биіктікте сақталған. Қазба орнының батыс және шығыс бұрыштарында 30-40 см қалыңдық аралықтарында арнайы тасталған мал қилары мен күл-қоқыс орны шықты. Оңтүстік-батыс кесінді жанынан 1,65 см, оңтүстік бұрыштан 4,40 см жерден диаметрі 1,4 м, тереңдігі 1,15 см болатын II құрылыс қабатының шұқыры тазаланды. Шұқыр ішінен барысында көптеген құмыра, көзелердің ірілі- ұсақты сынық бөліктері, бірнеше сырлы ыдыстардың майда бөліктері, жартысынан көбі сынып жоғалған диірмен тас және темірден жасалған таға, пышақ ұшы сияқты бұйымдар алынды. Шұқырдың оңтүстік-шығысынан 1,60 см жерде, оңтүстік-батыс кесіндіден 1,60 см, оңтүстік бұрыштан алғанда 2,20 см жерде 2-ші шұқыр орналасқан. Шұқыр диаметрі 1,1 м, тереңдігі 45см болды. Шұқыр ішін тазалау барысында бірнеше сырсыз керамика сынықтары алынды.

Қазбаның батыс бұрышынан 1,5x1,5 м көлемде шурф салынды. 40 см тереңдіктен, батыс бұрыштан алғанда 1,90 см жерде орналасқан, III құрылыс қабатына жататын ошақ аршылды. Жақтауларының биіктігі 0,5 м, кесектен дөңгелек етіліп қаланған. Ошақтың пошымы сопақша келген, көлемі 1x0,6 м. Бір бөлігі оңтүстік-батыс кесінді астында қалды. Ішкі бетінің тереңдігі 17 см. Ішінен күл аралас топырақ, ұсақ мал сүйектері, және ақ, қоңыр түсті бояулармен сырланып, өрнектер түсірілген, жиектері сынған, табаны мен бүйірлері толық сақталған табақша алынды. Ошақтың солтүстігінде, 50 см қашықтықтан, солтүстік-батыс кесіндіден 1 м жерде үлкен ыдыс - құм орналасқан. Құмның жоғарғы ауыз ернеуін топырақ құландысы басып, ішке қарай опырыла құлаған. Сақталған биіктігі 75 см, бүйір диаметрі 60 см. Құмды орнынан бүтіндей алу мүмкін болмады, ішіне қатқан топырақтарын тазалау барысында ірілі-ұсақты сынықтарға бөлініп түсті. Құмның батысында, батыс бұрышқа қарай қаланған 3 қатар кесек қабырға анықталды. Сақталған биіктігі 30 см, қабырға қалыңдығы 25 см. Ұзындығы кесіндіден алғанда 1м. Басым бөлігі кесінді сыртында қалды. Қабырғамен жалғаса, батыс бұрыш астында солтүстіктен оңтүстік бағытында қаланған қабырға сұлбасы байқалады.

Солтүстік-батыс кесінді жанында, 1 м тереңдіктен ІІІ-ші құрылыс қабатының қабырғалары анықталды. Бөлменің анықталған ауданы 2,2x1,9 м. Бөлменің оңтүстік, солтүстік және батыс қабырғаларының қалыңдығы 50-55 см аралықта, биіктіктері 1,4 м. Шығыс қабырғасының қалыңдығы 20см, биіктігі 1 м, өзге қабырғалардан 40 см төменде қаланған. Бөлмеде есік орны байқалмайды. Қабырғалар сыртындағы сабак сылақтарымен сақталған. Едені анықталмады. Бөлме ішіндегі бос топырағын, кесек құландыларын тазалау барысында көптеген сырлы, сырсыз керамика сынықтары алынды. №1 бөлменің солтүстігінде, солтүстік-батыс кесінді астында оңтүстіктен солтүстік бағытында қаланған қабырға қалдығы анықталды. Қабырға кесіндіге қиғаш келіп, басым бөлігі кесінді сыртында қалып отыр. Солтүстік бұрыштан алғанда қабырға ұзындығы 1,20 см, сақталған биіктігі 35 см. ІІ-ші құрылыстың шұқырлары арасынан ІІІ-ші құрылыс қабаттының қабырға бөлігі анықталды.

Кесене. Қауған төбенің рабат бөлігінде, төбешіктің батыс жиегінде жерді ойып, көлемі 4х4 м, қабырға биіктігі 55-60 см, төбежабын биіктігі 2,1 м етіп салынған кесене орны қазылды. Көлемі 25х25х5 см қыштан 8 қатар етіп қаланған. Кесененің төбе жабыны қырынан «желкен» түрінде қаланған. Оңтүстік бұрышы ойылып құлаған. Кесене іші бос топыраққа толған. Тазалау барысында 6 адам сүйектері табылды. Әрбір мола айналасына кесек қалап, үстінен топырақпен жапқан. Мола ішіндегі бос топырақтарды қазу барысында мазарат ішінен бірнеше керамика сынықтары мен екі дана темір бұйымдар алынды.

Жалпақ тебе Жалпақ тебе қалажұртында археологиялық ізденістер 2005 жылы басталды. Орталық төбенің солтүстік бөлігінде, бұрыштары дүниенің төрт бұрышына қараған, көлемі 4x4 м қазба салынған болатын. Биылғы жылы осы қазба орны кеңейтіліп, 10x10 м көлемде салынды. 2005 жылғы қазба нәтижесінде бөлменің солтүстік бұрышы анықталған болатын. Ол еден деңгейіне диейін тазаланған. Биылғы жылы бөлме толық аршылды. Бөлме көлемі 6,2x4,8 м. Қабырғаларының биіктігі 1,1 м, қалыңдығы 0,8-1 м. Оңтүстік-шығыс қабырға жанында тандыр аршылды. Оның 1/3 бөлігі ғана сақталған. Тандыр диаметрі шамамен 0,5 м, биіктігі 0,4 м. Бөлменің іші қатты тапталған күл мен қидың аралас қабаттарынан тұрды.

Төмен қарай қазу барысында, бөлменің ортасынан есік-терезесіз, көлемі 3,80x2,60 см жертөле аршылды. Қалың күл қабатынан тереңдігі 1,8 м ор қазылып, қабырғалары мен едені сыланған. Солтүстік-батыс қабырғада ойықтардан саты жасалған. Бөлме ішіндегі бос топырақ қабатын тазалау барысында құмыраның тұтқа, ернеу, табан, бүйір сынықтары, екі дана қайрақтас, көптеген қой, ешкі асықтары, оның ішінде бірбетіегелген, ортасында қорғасын құяр тесік қалдырылған сақа дайындамасы алынды. 1,2 м тереңдікте, сүйектен жасалған, ұзындығы 4 см, қалыңдығы 3 мм келетін белдік тоғасы алынды. 2,7 м тереңдікте, еден деңгейінен шыны пастасынан жасалған моншақ, сонымен қатар бөлме ортасынан, еден бетінен көлемі 15x15x10 см қызғыш түсті тас алынды. Тас жанынан қызғыш түсті көзе сынықтары, қайрақ тас дайындамасы алынды.

1-ші бөлменің солтүстік-шығыс бөлігінде тағы бір бөлме орны анықталды. Ол қазбаға тек жартылай ғана кіреді. Солтүстік-шығыс қабырғасының төменгі 7 қатары ғана сақталған. Қаланған кесек көлемі: 40x30x10 см. Бөлме ішіндегі күл аралас топырақтарын тазалау барысында керамика сынықтары, ұсақ мал сүйектері және 1,3 м тереңдіктен балықтың сыртқы тиындары, бір дана, ұзындығы 15 см, қалыңдығы 2,5 см болатын пышақ тәріздес темір зат бөлігі алынды. Оңтүстік-батыс қабырғасына жапсарласа салынған диаметрі 1 м, тереңдігі 2,6 м болатын шұқыр орны анықталды. Шұқыр ішінен 60 см тереңдікте мыстан жасалған теңге, 1,3 м тереңдікте темір пышақ, 1,5 м тереңдікте сарғыш түсті саздан жасалған, толық сақталған құман алынды. Сонымен қатар, көптеген сырсыз керамика сынықтары, ұсақ мал сүйектері, тандырдың ауыз ернеуінің сынықтары алынды.

1-ші бөлменің оңтүстік-шығыс бөлігінде қабырғасы 1-ші бөлмемен ортақ тағы бір бөлме анықталды. Бөлме көлемі 3,3x1,4 м, қабырға биіктігі 1,5 м, көлемі 40x35x10 см кесектерден қаланған. Бөлмені тазалау барысында қатпарлы күл аралас топырақ алынды. Бөлме едені сылақпен сыланған, сылақ бетінде қамыс іздері айқын көрініп тұр, бұған қарап еден бетіне ши төселген деп айтуға болады. Бөлменің есігі анықталмады.

Оқсызтөбе қалажұрты. Маяқұм ауылының солтүстік-шығысынан 15 км-дей жерде орналасқан. Оқсыз қала жұртына археологиялық қазба жұмысы 2008 жылы да жалғасын тапты. Қазба қала орнының солтүстік-шығысынан, 2005 жылы жүргізілген қазбаға жалғаса, оңтүстігінен 10x12 м көлемінде салынды. Беткі бос топырақ қабатынан көптеген сырлы, сырсыз керамика сынықтары, мал сүйектері, қыш құландылары алынды. Алынған керамикалық бұйымдар ХІV-ХVІ ғғ. туындыларына жатады. Оңтүстік кесіндіден 80 см жерден, 10 см тереңдіктен мұсылманша жерленген жас бала сүйегі аршылды. Солтүстік-батыс бұрыштан, батыс кесіндіден 80 см, солтүстік кесіндіден 40 см тереңдіктен І-ші құрылыс қабатының ошағы аршылды. Бөлменің басым бөлігі батыс кесінді астында қалды. Анықталған көлемі кесіндіден алғанда 1,90x2,75 см.

Бөлменің шығыс қабырғасының кесектері көлденеңінен, қырынан қаланған. Сұр түсті. Қабырға ұзындығы 2,80 см, жалпақтығы 1,10 см, сақталған биіктігі 50 см. Соңғы төрт қатары ғана сақталған. Осы бөлменің шығыс қабырғасының солтүстігінен, қабырға астынан шамасы қыз бала болуы мүмкін, жас бала сүйегі аршылды. Бала сүйегінің жанынан өте кішкентай бір дана жасыл түсті моншақ бөлігі шықты. Астыңғы екі қатары қыштан, үстіңгі қатарлары кесектен қаланғаны байқалады. Қыштарының көлемі 25x25x5 см. Кесектерінің соңғы бір қатары ғана сақталған. Биіктігі 30 см. Бөлменің оңтүстік қабырғасының да астыңғы екі қатары қыш, үстіңгі сақталған бір қатары кесектен. Қабырға батыс кесіндіден алғанда ұзындығы 1,65 см, жалпақтығы 1,50 см. Сақталған биіктігі 25 см. Осы аталған бөлменің оңтүстік-шығысынан тағы бір дәліз тәріздес бөлме орны аршылды. Ауданы 1,60x1,25 см. Есік орны батыс қабырғада сақталған, есік орнының арасы 1 м. Бұл бөлменің де қабырғаларының астыңғы екі қатары қыш, беткі жағында кесектің соңғы бір қатары сақталған. Бөлменің оңтүстік және батыс қабырғалары Г әрпі тәрізді болып қаланған. Оңтүстік қабырға ұзындығы 1,20 см, батыс қабырғасының ұзындығы 93 см. Солтүстік қабырға ұзындығы 1,20 см, №1-ші бөлменің оңтүстік қабырғасымен ортақ.

Шығыс қабырғасы №3 бөлме қабырғасымен ортақ. Бұл қабырғалардың соңғы бір қатарлары ғана сақталған. Қабырғаларының биіктіктері 20 см. №1-ші бөлменің шығысынан тағы бір, еденіне көлемі 25x25x5 см болатын қыш төселген, №3-ші бөлме орны аршылды. Бөлме қабырғалары толық сақталмаған. Батыс қабырғасы №1 бөлменің шығыс қабырғасымен ортақ. Басқа қабырғаларының тек астыңғы іргетас есебінде қаланған екі қатар қыштары сақталған. Еденге төселген қыштарының оңтүстігі, еденнің біраз бөлігі мен іргетас есебінде қаланған қыштарының бұзылып алынғаны анықталды. Осы бөлменің оңтүстік-батысында бір қатар болып, оңтүстік-батыстан солтүстік-шығыс бағытында қаланған болуы керек, екі қыш қалдығы анықталды. Бөлменің анықталған ауданы 4,60x5 м. Бөлменің шығыс бетінен осы бөлмеге жалғаса №4 бөлме орналасқан. Анықталған ауданы 3x1,65 см. Бөлменің батыс қабырғасы №3 бөлменің шығыс қабырғасымен ортақ. Солтүстік қабырғасының ұзындығы 1,65с м, шығыстан батыс бағытында қаланған. Жалпақтығы 25 см, сақталған биіктігі 30 см. Шығыс қабырғасының ұзындығы 3 м. Сақталған биіктігі 10 см. Бөлме едені толық сақталмаған. №5 бөлме №4 бөлменің солтүстігінде орналасқан. Бөлме Г әрпі тәрізді болып аршылды. Басым бөлігі шығыс кесінді сыртында. Солтүстік қабырғасы №6 бөлмемен ортақ. Ұзындығы 2,95см, сақталған биіктігі 15см. Жалпы бөлменің қабырғалары жоғарыдағы аталған бөлме қабырғалары тәрізді астыңғы екі қатары қыштан, үстіңгі қатарлары кесектен қаланған. Жоғарғы кесек қатарлары толығымен құлап, тек соңғы қатарларының әр жерлері сақталған. Бөлменің батыс қабырғасының 1,65 см жері №7 бөлменің шығыс қабырғасымен ортақ. Биіктігі 20 см. Солтүстік-батыс кесіндіден алғанда бөлме едені 40 см тереңдіктен анықталды. Осы бөлменің солтүстік-шығыс қабырғасының үстіңгі жағында I құрылыс қабатының кесек қабырғасы сақталған. Қабырға үстінде осы қабатқа тән тандыр орналасқан. Тандырдың оңтүстік бетінде төрт қатар етіп қыштан қаланып, сабан сылақпен сыланған тек тәріздес орын сақталған. №5-ші бөлменің солтүстігінен 2005 жылы салынған қазба кесіндісінің құлауы барысында бұзылған №6-шы бөлме анықталды. Бөлме қабырғаларының, бөлме ішінің ауданының өлшемін алу мүмкін болмады. №2 бөлменің солтүстігінен II құрылыс қабатының ошағы аршылды. Ошақ оңтүстік-шығыс кесіндіден 90 см, оңтүстік-батыс кесіндіден 1,45 см қашықтықта орналасқан. Ошақ аузы солтүстік-батысқа қараған. Ұзындығы 2,10 см. Ошақ ені 80см, ауыз көлемі 30 см. Ошақ ішінен көптеген ұсақ мал қиы тазаланды.

Бұзық төбе қалажұрты. Бұзық төбеден шамамен 300 м-дей қашықтықта, оңтүстік бетінде орналасқан, көлемі 150x100 м келетін, шарты түрде Керуен сарай аталған төбешікке қазба жұмысы салынды. Төбешік айналдырыла ормен қоршалған. Құланды биіктігі: 1-1,5 м аралығында. Сарай қақпасы солтүстікке қараған. Қақпа ені 5-6 м шамасында. Сарай құрылысы айналдырыла әрпі тәрізді етіп салынған, ортасында аула секілді алаңқайы бар. Қазба осы аталған сарайдың солтүстік бұрышынан солтүстіктен оңтүстік бағытында, 11х20м көлемінде салынды. Сарай үстінде тұтас Ақсары атты қалың шел шыққан. Беткі шөбі шабылып, бос топырақ қабаты 15 см шамасында қазылып алынды. Қыру барысында солтүстік-батыс кесінді жанында, жоғарғы құрылыс қабатының сыртқы қорған-қабырғасы анықталды. Қабырға қалыңдығы 2,35 м, төмен қарай қазу барысында қабырғаның сақталған биіктігі 1,50 см болып бақсадан соғылғаны анықталды. Оңтүстік-батыс кесіндіден алғанда 2,80 м қашықтықтан жоғарыда аталған қабырғаны қалыңдату мақсатында 1,10 м қалыңдықта бақсадан қаланған жапсырмасы аршылды. Қазба солтүстік бұрышқа, төбенің сыртқы қорғанының бұрылған жерін анықтау барысында жалғасты. Солтүстік-шығыс кесінді жанынан, осы қорған-қабырғаның бұрыш болып жасалған жалғасы шықты. Сарайдың сыртқы құрылысын анықтау мақсатында батыс бұрыштан, үлкен қабырға мен солтүстік-батыс кесінді аралығынан 1,80x1,20 см көлемде тік қазба салынды. Қазба 1,70 см тереңдікке, яғни астыңғы материкке дейін жеткізілді. Сыртқы қазба арқылы үлкен қабырғаның асты іргетас есебінде 3 қатар қыш қаланғаны анықталды.

Төрт бұрышты 25x25x5 см XVI-XV ғғ. қыштары да көптеп кездеседі. Қазба орындарынан бүтіндей ешқандай керамикалық ыдыс алынбады. Сырлы ыдыс сынықтары да аз кездеседі. Сарай негізінен, XIII ғасыр туындысы болса керек. Қыштарының басым бөліктерінің көлемі 40x25x5 см аралықтарында. Арасынан Х-ХІ ғғ. қыштарын да кездестіруге болады.