Мәдени мұра: Отырартөбе қалажұрты
Солтүстік шурф. 1973-75 жылдары салынған шурфтың орнындағы қазба жұмыстар 2008 жылы жалғасты. Шурф солтүстік беткейден 22,30x5,5 м көлемінде салынды. Ертеректе салынған шурф уақыт өте келе, кесінді ернеулері құлап, толықтай тегістеліп қалған. Беткі бос топырағын 10-15 см аралығында қыршып, шөптерін тазалау жұмыстары жүрді. Беткі жағынан сырсыз керамика сынықтары, қыш сынықтары алынды. Шурфтың батыс бұрышынан, кесінді жанынан 45 см тереңдікте жоғарғы құрылыс қабатының сұлбасы анықтала бастады. Жалпы бұл құрылыс қабатының басым бөлігі ертеректе салынған тік қазбаның уақыт өте келе құлауы нәтижесінде бұзылған. Солтүстік-батыс кесінді жанынан еденге қазылып қойылған, дм: 55 см, биіктігі: 67 см, гипс дайындайтын жам (1) орналасқан. Жоғарғы жақ ернеуі айналдырыла сынық қышпен бастырылып қаланып, жоғары қарай 5 қатар етіп төрт жағынан айналдырыла жақтау қабырғалар қаланған. Жамның беті екі қатар қышпен жабылған, кейіннен жақтау қыштары мен бос топырақтарының опырылуынан, жам ішінде құланды пайда болған. Ішінде және жоғарғы жағында гипстің қатып қалған қалдықтары бар. Жамның сыртқы ернеуінде толқын тәріздес ирек сызықтар салынған. Жам жарылып, күйреуі нәтижесінде тұтастай алу мүмкін болмады. Бұл құрылыс қабатының еденіне бір қатар қыш төселіп, үстінен сабан сылақпен сыланған. Еденнің басым бөлігі кесінді сыртында қалды. Жамның оңтүстік-батысында, батыс бұрыштан алғанда 1 м жерде үш қатар кесектен қаланған бөлме қабырғасы (2) бар. Ұзындығы кесіндіден алғанда 95 см, оңтүстіктен солтүстік бағытында қаланған. Қабырға қалыңдығы 80 см, сақталған биіктігі 40 см. басым бөлігі кесінді сыртында. Кесек көлемі: 30x18x9 см аралығында.
Жамнан (1) 5,5 м жерде, солтүстік беткейде, солтүстік-батыс кесіндіден 20 см жерде, жоғарғы қабатқа жататын тағы бір гипс дайындайтын жам (10) орналасқан. Жамның төменгі бөлігі ғана сақталған. жоғарғы ернеулері толығымен сынып жоғалған. Ішінде гипстің қатқан қалдықтары сақталған. Айналасы қышпен қаланғаны байқалады. Бұрын салынған шурфтың ернеуі құлауы нәтижесінде жақтау қыштары, қалған бөліктері құлаған.
Бұл құрылыстар бірінші құрылыс қабаты деп белгіленді. Қабырға мен жам бұзылып алынды, астынан төрт сырлы қыш, бір темір тоға және ішіндегі қатқан гипсімен жам алынды.
Жоғарғы құрылыс қабатынан 15 см төмен, батыс бұрыштан алғанда 2,70 м жерде, екінші құрылыс қабатына жататын, еденге ойылып қойылған, сыртынан сынық қышпен айналдырыла қырынан қаланған тандыр (3) аршылды. Әбден күйреген тандырды аршып, тазалау мүмкін болмады. Ішінде қыш сынықтары мен бос топырақ құландылары бар. Тандырдың диаметрі 70 см, сақталған биіктігі 15 см. Тандырдың оңтүстік-шығысында қыштан төселген еден қалдығы бар. Тандырдың астында күйген қызғыш түсті топырақ орны бар. Бұл құрылыстар екінші құрылыс қабатына жатқызылды.
Екінші құрылыс қабатындағы тандырдан 25 см төмен қазылып, шурф жалпы 1,50 м тереңдікке түсірілді. Оңтүстік бұрыштан қазылған шұқыр орны (6) анықталды. Диаметрі 1 м, тереңдігі: 18 см. Шұқырдың басым бөлігі кесінді сыртында. Шұқырды тазалау барысында екі қабаттан тұратыны анықталды. Ішіне мал сүйегі, керамика сынықтары толтырылған, үстінен тапталып, кейіннен тағы пайдаланғаны байқалады. Шұқыр ішінен көптеген сырсыз керамика сынықтары, ұзындығы 6 см, жалпақтығы 1,8 см, қалыңдығы 0,7 мм, пышақ жүзіне ұқсас сүйір тас қайрақ алынды.
Батыс бұрыштан ошақ орны (7) аршылды. Анықталған диаметрі: солтүстік кесіндіден батыс кесіндіні бойлай алғанда 1,20 см, тереңдігі 18 см. Ошақтың басым бөлігі қазба сыртында қалды. Ошақ ішіндегі күл аралас топырағын тазалау барысында керамика сынықтары, бетіне көк, жасыл, ақ түсті сырмен өрнектер түсірілген бір өрнек қыш және ашық-жасыл түсті сыр жағылған сырлы қыш алынды. Осы қабатқа жататын, батыс бұрыштан алғанда 3,2 м, оңтүстік-шығыс кесіндіден 4,2 м, солтүстік-батыс кесіндіден 1,2 м, ошақтың солтүстік-шығыс жағынан диаметрі 60 см, сақталған биіктігі 30 см болатын, әбден күйреген тандыр (8) аршылды. Тандырдың батыс жақтауының аз ғана бөлігі сақталған, қалған бөлігі бұрын салынған шурф кесіндісінің құлауы нәтижесінде бұзылған. Тандырдың солтүстігінде, Г тәрізді болып келген, жарты қыштан қаланған таснауа (9) қалдығы бар. Оңтүстік-батыс, солтүстік-батыс жақтау қыштарының2-3 қатар қаланған қалдығы сақталған. Қалған жақтаулары сақталмаған. Таснауа едені қара сылақпен сыланған. Осы тандырға қарама-қарсы, солтүстік-батыс кесіндіден алғанда 4,5 м, оңтүстік бұрыштан 3,2 м жерде, оңтүстік-шығыс кесіндінің жанында, диаметрі 80 см, биіктігі 45 см болатын тағы бір тандыр (4) орналасқан. Сыртқы жағына сынық қышпен қырынан қалаған, ауыз бөлігі күйреген. Тандыр аузы солтүстікке қараған, оңтүстігінде мұржа есебінде екі жағынан ұзына бойы қыш қаланғаны байқалады. Тандыр ішінен топырақ құландылары мен еден деңгейінен 5-6 см қалыңдықта күл шықты. Оңтүстік-батысында таснауа қыштары тәрізді құландылар бар. Тандырдың оңтүстік-шығысынан екі сырлы қыш, бір дана ортасы тесік мыс теңге және темір таға алынды. Тандырдан 50 см жерде, кесінді сыртында жартысы қалған, диаметрі 60 см, бүйірі сақталмаған, осы қабатқа тән тандыр орны бар. Бұл қабаттың едені толық сақталмаған, әр жерінде іздері ғана байқалады. Аталған қабат үшінші құрылыс қабатына жатқызылды. Еден деңгейінен бір дана мыс теңге, бір тас қайрақ, бір сырлы қыш және бір-бірімен жабысып қатып қалған 17 дана мыс теңгелер алынды. Алынған теңгелердің бетінде жазу, өрнек іздері анық байқалады.
Үшінші құрылыс қабаты алынған соң, шурф жалпы 1,8 м тереңдікке түсірілді. Оңтүстік-батыс кесінді алдында, ұзындығы 2,1 м, кесіндіден алғанда ені 90 см, өртенген қабат ізі бар, 15-20 см тереңдіктен аталған өрт қабатының жалғасы шықты.
Оңтүстік бұрыштан 2,6 м тереңдікте шұқыр (12) орналасқан. Анықталған көлемі оңтүстік бұрыштан шығысқа қарай 1 м, оңтүстік бұрыштан батысқа қарай 65 см аралықта, тереңдігі 26 см. Басым бөлігі кесінді сыртында қалды. Шұқыр ішін тазалау барысында аздаған сырсыз керамика сынықтары алынды.
Оңтүстік-батыс кесіндіден 3,45 м, солтүстік-батыс кесіндіден 80 см жерде, диаметрі 50 см болатын ошақ (13) орналасқан. Ошаққа жалғаса, 15 см жерде, солтүстігінде, солтүстік- батыс кесіндіден 65 см аралықта диаметрі 30 см тағы бір шағын ошақ орны аршылды.
Солтүстік-батыс кесінді жанында, 2,85 м тереңдікте диаметрі 90 см, тереңдігі 15 см болатын шұқыр орналасқан. Шұқыр ішін тазалау барысында XIII ғасырдың екінші жартысына жататын сырлы, сырсыз керамика сынықтары, және сыртқы бетіне 8 бұрышты геометриялық өрнек, гүл, ою тәрізді қалыптама өрнектері бар 11 дана шағын құмыра сынықтары алынды.
Бұдан соң шурфтың жалпы деңгейі 2,85 м тереңдікте түсірілді. Бұл бос топырақ қабатынан XIII-XV ғғ. жататын керамикалық ыдыстар сынықтары, қыш, кесек құландылары алынды.
Оңтүстік-шығыс кесіндіден 3 м тереңдікте, солтүстік беткейден қорған дуалының қаланған кесектері (16) аршылды. Аршылған кесектердің жоғарғы екі қатары қырынан қиғаш етіп қаланған. Астыңғы терт қатары жалпағынан қаланған. Кесек көлемі: 44x22x9 см аралығында. Оңтүстік-шығыс кесіндіден 2,9 м тереңдікте ошақ (17) орналасқан, басым бөлігі қазба сыртында қалды. Ошақтың биіктігі 60 см. Осы қабатқа тән, ұзындығы 2,40 м, оңтүстік-батыс кесіндіден алғанда жалпақтығы 90 см болатын өртенген күл (18) қабаты аршылды. Күл қабатының астыңғы бетінде сарғыш түсті, қалыңдығы 32 см болатын құм (19) қабаты анықталды. Құм қабаты оңтүстік-шығыс кесіндіден батыс бұрышқа созылыңқы орналасқан. Осы құм қабатының жалғасы солтүстік-батыс кесінді астында да байқалады (20). Батыс кесіндінің ортасына таман, 3,1 м тереңдіктен ұзындығы 2,8 м, қалыңдығы 17 см келетін күл қабаты аршылды. Күл құрамынан ағаштың шала жанған қалдықтары байқалады.
3,1 м тереңдікте, батыс бұрыштан көлемі: 2,6х2,20 м аралықта арнайы төгілген керамика сынықтарының үйіндісі (22) аршылды. Үйіндінің көп бөлігі кесінді сыртында. Ішінде сырлы керамика өте аз кездеседі және бір қытай фарфорының кішкене сынығы, мыстан жасалған қоңырау табылды. Осы қабатқа жататын, солтүстік-батыс кесіндіден арнайы қаланған қыштардың бір қатары (23) аршылды. Жалпы ұзындығы: 1,17м. Оңтүстік-шығыс кесінді астынан да, осы деңгейден тағы да құмыра сынықтары мен қыш құландылары аршылды.
Солтүстік-батыс кесіндіден 3,15 м тереңдікте төселген қыштардың астынан қызғыш түсті, тапталған саз қабаты (24) аршылды. Ұзындығы, батыстан солтүстікке қарай 76 см, қалыңдығы: 20 см. Жоғарыда сипатталған құрылыс қалдықтары төртінші құрылыс қабатына жатқызылды.
Шурфтың жалпы деңгейі оңтүстік-батыс кесіндіден алғанда 4 м тереңдікке жетті. Бұл аралықтағы бос топырақ қабатынан қытай фарфорының табан бөлігі мен көптеген сырлы, сырсыз керамика сынықтары алынды.
Солтүстік беткейден сыртқы қорған қабырғаның (26) екінші беті аршылды. Үстіңгі үш-төрт қатары кесектен, астыңғы бөлігі бақса болуы мүмкін. Қабырға (16, 26) ортасы, құрылысын анықтау, өткел салу мақсаттарында тік кесіліп алынды.
Қазба орны оңтүстік-батыс кесіндіден алғанда 4 м-ге толық түсірілді. Оңтүстік-батыс кесінді астында, жобамыз бойынша қаланың ескі қамалы болуы мүмкін, жалпақтығы 90 см болатын, бақсадан қаланған қабырға (28) анықталды. Қабырғаның басым бөлігі кесінді сыртында. Жоғарыдан төмен қарай қиғашталып қаланған. Оңтүстік-шығыс кесінді жанында, қабырғаның бір шетін ала бұзып салынған тереңдігі 3,5 м, ауыз диаметрі 70 см болатын әжетхана (27) орналасқан. Әжетхана ішін тазалау барысында ішінен XIII ғасырдың екінші жартысына жататын сырлы, сырсыз керамика сынықтары және осы кезеңге жататын, толық сақталған құман алынды. Аталған әжетхананың шығысында, төменде, ошақ (31) орны сақталған, басым бөлігі кесінді сыртында қалды. Ошақ астынан гигиеналық әжетхана құралдары көптеп шықты. Қорғанның батысынан, солтүстік-батыс кесінді жанында, жоғарыда аталған әжетханадан төменірек тағы бір әжетхана (30) орналасқан. Тереңдігі 2,90 м, жоғарғы бөлігінің ауыз диаметрі 1,2 м, төмен қарай кеңейіп, 1,5 м-ге жетті. Бұл әжетхана ішінен аз мөлшерде құмыра сынықтары және саздан жасалған гигиеналық дәреттік құралдар алынды. 7,20 м тереңдіктен Х-ХІІ ғғ. жататын төбесіне жарсырмалары бар қақпақ тұтқалары мен қақпақ сынықтары, сырсыз құмыраның табан, тұтқа бөліктері, ақ түсті сырмен сырланып, үстінен шыңылтырланған екі тостаған мен бір легеннің табан бөліктері жене осы ғасырға жататын басқа да түрлі-түсті майда керамика сынықтары, екі қабырғаның ортасынан қираған тандыр сынықтары шықты. Қазба 7,5 м тереңдікке жеткізілді. Бұл қатарда ешқандай құрылыс ізі байқалмады. Әр жерінде құм, күл аралас тапталған топырақтар, ІХ-ХІ ғғ. жататын қыштар алынды. Ертеректе қаланған ішкі қорған биіктігі 3,80 метрге жетті. Бұл қабырғаның құрылысын анықтау мақсатында оңтүстік-шығыс кесінді жанындағы әжетхананың (27) батыс бетінен тік кесінді салынды.
Жоғарыда аталған екі қабырғалардың астыңғы жағы бір-бірімен қосылады. Ертеректе салынған шурф әлі де 2x0,7 м көлемінде жалғасын табуда. Бұл қабат бесінші құрылыс қабатына жатады.
Қорғанның сыртқы бетінен материкке дейін қазу мақсатында 20x2 м көлемінде тік қазба салынды. Сыртқы бетінен салынған қазба әлі толық аяқталмады.
Керамика. Батыс бұрыштан, 45 см тереңдікте, солтүстік-батыс кесінді жанынан жоғарғы құрылыс қабатының, еденге қазылып қойылған, ауыз дм: 55 см, биіктігі: 67 см, гипсдайындайтын жам (1) алынды. Жамның сыртқы ернеуінде толқын тәріздес ирек сызықтар. Жам жарылып, күйреуі нәтижесінде тұтастай алу мүмкін болмады. Көптеген ірілі-ұсақты сынықтарға бөлінді. Осы жамнан 5,5 м жерде, солтүстік бетінде тағы бір ішінде гипс қатып қалған жамның астыңғы бөлігі алынды. Жамның сақталған бөлігінің дм: 35 см. Тек астыңғы бүйірінен төменгі жағы сақталған.
I құрылыс қабатындағы қабырға қалдығы астынан көлемі: 16x6x4,5 см болатын, беткі жағы көк, жасыл түспен сырланып, үстінен шыңылтыр көмкерілген төрт сырлы қыш алынды. Қыштардың барлығы толықтай сақталмаған. Жартыға бөлінген, шеттері мүжілген.
1,50 м- тереңдіктен, оңтүстік бұрыштан қоқыс тастайтын шұқыр ішінен көптеген сырсыз керамика сынықтары, ұзындығы 6 см. жалпақтығы 1,8см,қалыңдығы0,7 мм. келетін сүйіртас қайрақ алынды. Бұл жердегі керамика сынықтарына қарап, ХІІ-ХІІІ ғғ. тән екені байқалады. Және осы қабаттан, батыс бұрышта орналасқан ошақ ішін тазалау барысында басым бөлігі сырсыз, ішінара сырлысы да кездесетін керамика сынықтары, бетіне көк, жасыл, ақ түсті сырмен геометриялық өрнектер түсірілген бір әрлеуіш қыш және ашық-жасыл түсті сыр жағылған сырлы қыш алынды.
1,50 м тереңдіктен, оңтүстік-шығыс кесіндінің жанында орналасқан, дм 80 см, биіктігі 45 болатын тағы бір аузы солтүстікке қараған, тандыр айналасынан, бұзылған еден деңгейінен екі сырлы қыш, және темір таға, екі дана мыс, бірі ортасы тесік, екіншісі бүтін мыс теңгелер, бір тас қайрақ, бір сырлы қыш және бір-бірімен жабысып қатып қалған 17 дана мыс теңгелер алынды. Алынған теңгелердің бетінде жазу, өрнек іздері анық байқалады.
Оңтүстік бұрыштан 2,60 тереңдікте орналасқан шұқыр ішін тазалау барысында аздаған сырсыз керамика сынықтары алынды.
Солтүстік-батыс кесінді жанында, 2,85 м тереңдікте дм 90 см, тереңдігі 15 см болатын шұқыр ішін тазалау барысында XIII ғасырдың екінші жартысына жататын сырлы, сырсыз керамика сынықтары, және сыртқы бетіне 8 бұрышты геометриялық өрнектер салынып, орталары мен жиектеріне гүл, ою тәрізді қалыптама өрнектері бар 11 дана шағын құмыра сынықтары алынды. Қазба орны 2,85 м тереңдікте толық жеткізілді. Бұл бос топырақ қабатынан ХІІІ-ХV ғғ. жататын керамикалық ыдыстар сынықтары, қыш, кесек құландылары алынды.
Батыс бұрыштан 3,10 м тереңдікте, аумағы: 2,60х2,20 м аралықты қамтитын, арнайы төгілген керамика сынықтарының үйіндісі (22) аршылды (сурет 44-45). Үйіндінің үйіндінің басым бөлігі кесінді сыртында. Ішінде сырлы керамика өте аз кездеседі және бір қытай фарфорының кішкене сынығы, мыстан жасалған қоңырау алынды. Қоңырау биіктігі: 11,5 см, астыңғы ауыз дм: 7,3 см, жоғары қарай сүйірлене, сопақтау етіліп жасалған. Қоңыраудың жоғарғы жағында дм: 0,4 мм келетін, жіп өткізер тесігі бар. Иық негізінде ішкі тілшені байлайтын тесік қалдырылған. Қоңыраудың екі жағында, бүйір тұсында және иық негізінде жоғарыдан төмен қарай салынған ұзындығы: 1,8 см аралығында кертпешелері бар. Топырақ астында ұзақ жатуы нәтижесінде қоңырауды тат басып, шіріген.
Оңтүстік-батыс кесінді жанынан, 3,80 м терендіктен, бос топырақ арасынан қытай фарфорының табан бөлігі мен көптеген сырлы, сырсыз керамика сынықтары алынды. Фарфор сынығының көлемі: 11 см, қалыңдығы: 1,3 см. Өте жақсы күйдірілген. Көкшіл сұр түсті. Беткі жағына ромашка гүлі мен жапырақ тәріздес өрнек салынып, іші-сырты да шыңылтырмен көмкерілген.
Қазба орны оңтүстік-батыс кесіндіден алғанда жалпы 4,60 см тереңдікке жеткенде, үлкен қорған-қабырғаның бір шетінен бұзып салынған тереңдігі 3,50 м, ауыз дм 70 см болатын әжетхана ішін тазалау барысында ішінен XIII ғасырдың екінші жартысына жататын сырлы, сырсыз керамика сынықтары жене осы кезеңге жататын, жақсы сақталған құман алынды
7,20 м тереңдіктен, екі қабырға арасындағы тапталған топырақ арасынан Х-ХІІ ғғ. жататын төбесіне жарсырмалары бар қақпақ тұтқаларымен қақпақ сынықтары, сырсыз құмыраның табан, тұтқа бөліктері, ақ түсті сырмен сырланып, қоңыр түсті сырмен жазу тәрізді өрнектер салынған. Үстінен шыңылтыр мен көмкерілген екі тостағанмен бір табақшаның табан, жақтау, бүйір сынықтары, және осы ғасырға жататын басқа да түрлі-түсті майда керамика сынықтары алынды. Екі қабырғаның ортасынан қираған тандыр сынықтары алынды ІХ-ХІ ғғ. жататын қыштар алынды.
Аталған қазба орнынан алынған керамикалық және басқа да материалдардан жасалған олжаларға қарап, ІХ-ХІV ғғ. аралығын қамтитыны байқалады.
5 қазба. Отырар қала жұртындағы шартты түрде сарай дел аталған құрылыс орнының солтүстік-шығысында 2007 жылы салынған қазба жұмысы 2008 жылғы далалық маусымда жалғасын тапты. Биылғы жұмыс басталар алдында екінші құрылыс қабатының іздері қазба бетінде байқалып жатты. Аршылған құрылыс элементтерін белгілеу 1-ден басталды. Қазбаның батыс бұрышынан, 1-ші бөлмені тазалау барысында, көлемі 1,55x1,30 м, тереңдігі 8 қатар қыштан қаланған таснауа орны аршылды. Таснауа ішін қыш пен кесектер аралас құландылары басқан. Құландылар тазаланған соң, еден деңгейінен күл аралас топырақ алынды. Таснауаның суағар қышы сақталмаған. Суағарға қойылған құмыраның ауыз ернеуі диаметрі 28-30 см, биіктігі 35 см болып келген. Суағар құмыраның ішінен көптеген керамика сынықтары табылды. Таснауаның солтүстігінде ұзындығы 3,3 м, қалыңдығы 0,65 м, сақталған биіктігі 0,5 м болатын, сарғыш түсті кесектен қаланған бөлме қабырғасы сақталған. Қабырға солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай ұзынынан қаланған. Таснауаның батысында, 15 см жерден, дм 70 см, сақталған биіктігі 33 см болатын тандыр аршылды. Тандырдың батысында, 20 см-дей жерде, дм 75 см, биіктігі 32 см болып келетін екінші бір тандыр орны табылды. Бұл екі тандыр да жартылай сақталған, жоғарғы ернеулері сынып, жан-жаққа шашырап кеткен. Батыс беттегі тандыр ішінен ауыз ернеуі мен керамика сынықтары алынды. Осы екі тандырдың оңтүстігінен, сырлы, сырсыз керамикалар мен сынық қыштар толтырылған құмыра алынды. Тандырдың солтүстігінде, 30 см-дей жерден дм 23 см, тереңцігі 35 см болатын тіреуден қалған шұқыр анықталды. Шұқыр ішінен ағаш шірінділері алынды. Бұл құрылыс қабаттары шыққан бөлмені №1 бөлме деп белгіленді. Кесек қабырғаның солтүстік бетінен, 10 см төменнен төселген қамыс орны тазаланды. Бірінші бөлменің шығысынан, таснауадан 50 см жерде дм:60х40 см, тереңдігі 20 см болатын шағын шұқыр орны тазаланып, ішінен бір дана мыс теңге, сырлы, сырсыз керамика сынықтары, мал сүйектері алынды.
Қазбаның солтүстік-батыс жағында, 1-ші бөлменің солтүстігінен, көлемі 3,4x2,2 м келетін 2-ші бөлме орналасқан. Бөлменің солтүстік-шығыс қабырғасының ұзындығы 4,3 м, қабырға қалыңдығы 0,9 м, оңтүстік қабырға ұзындығы 2,6 м, қалыңдығы 0,6 м, көкшіл түсті кесектен қаланған. Бөлме есігі шығысқа қараған. Бөлме ішінен күл аралас топырақ алынды, едені күйген, қызғыш түсті. Оңтүстік-батыс қабырғасының жанынан толық сақталған қоңыр түсті бояумен сырланып, үстінен шыңылтырланған үлкен кесе және шығыс қабырғасы астынан бір дана мыс теңге және 6 дана қарбыз дәндері алынды. Осы бөлменің оңтүстік-шығысынан төменгі құрылыс қабатының қабырғасы болуы мүмкін, үш қатар болып сұлбасы көрінді. 2-ші бөлменің шығысында, қабырға жанынан күйреген тандыр орны тазаланды. Осы тандырдың солтүстігінде, 4-ші бөлменің оңтүстік-батыс қабырғасының сыртынан, батыс бетінен ала үлкен шұқыр қазылған.
2-ші бөлменің солтүстік жағынан, жапсарласа, көлемі 5,1x3,05 м келетін үлкен 3-бөлме орны аршылды. Бөлме қабырғаларының сұлбасы және жоғарғы құрылыс қабатына жататын бұзылған таснауа 2007 жылғы қазба кезінде анықталған болатын. Таснауаны орнын тазалау барысында, бір-біріне киістіріле тігінен қойылған екі суағар құмыра анықталды. Үстіңгі құмырасы көптеген ұсақ бөліктерге сынған, астыңғы құмырасының тұтқасы мен түбі, ауыз ернеуі ғана сынған, қалған бөліктері толық сақталған. Құмыралардың астынан тағы бір бұзылған тандыр орны аршылды. Жоғарғы таснауаның құмырасы осы тандырдың ішінен қойылған, төменгі жағынан айналдырыла сынық қыштармен бекіткен. Бөлменің оңтүстік қабырғасының ұзындығы 3,25 м, қабырға қалыңдығы 1 м, сақталған қабырға биіктігі 0,6 м, шығыс қабырғасының ұзындығы 4,33 м, қалыңдығы 1,20 м, сақталған биіктігі 0,6 м. Қабырға сарғыш түсті кесектен қаланған. Солтүстік жене батыс қабырғасы қазба сыртында қалды. Шығыс қабырғаның оңтүстігінде, таснауа тұсынан қабырғаны бұзып жасалған, диаметрі 70 см, тереңдігі 33 см, 5 қатар қыштан қаланған дөңгелек ошақ орны бар. Тандырдан 20 см жерде көлемі 1,96x1,2 м, биіктігі 38 см, қабырғасы 5 қатар жарты қыштан қаланған таснауа орны аршылды. Бөлменің сыпасы сақталмаған. Таснауаның суағар қышы мен астыңғы құмырасы толық сақталған. Бүл жерде таснауаның бастапқы көлемінен кішірейтілгені анықталды. Аршылған таснауаның солтүстік қабырғасын тазалау барысында, оның 30 см жерін қышты қырынан қалап, тарылтқан. Жақтау қыштары таснауа ішіне құлаған. Таснауаның еден деңгейінен төменде тағы 5 қатар етіп бұрынғы таснауаның қаланған қыштары бар. Бөлме ішін тазалау барысында керамика сынықтары мен мыстан жасалған теңгелер мен бұйымдар және ақ түсті жартылай сынған моншақ бөлігі табылды.
3- бөлменің оңтүстік-шығысымен жапсарласа, көлемі 4,10x4 м болатын 4-ші бөлме орналасқан. Оңтүстік-шығыс және солтүстік, батыс қабырғалары 3-5 бөлмелермен ортақ. Шығыс қабырғасының ұзындығы 4,70 м, қалыңдығы 0,9 м, сақталған биіктігі 26 см, оңтүстік басына таман қабырғаны бұзып қазылған дм 1,30, тереңдігі 60 см болатын шұқыры бар.
Ішкі жағына жарты қатар сынық қыш өріліп, сыртынан кесек қаланған. Бұл қабырға 5-ші бөлменің солтүстік-батыс қабырғасымен бірге. Бөлменің оңтүстік қабырғасының жоғарғы қатарлары сақталмаған, тек соңғы екі-үш қатары бар. Қабырға ұзындығы 2,80 м, қалыңдығы 90 см, сақталған биіктігі 23 см болып келген. Батыс қабырғасының ұзындығы, ішкі бетінен есептегенде 4,15 м, биіктігі 33 м, қалыңдығы 1,20 см болып келген. Бұл қабырға 3 бөлмемен ортақ болып келеді. Бөлме ішін тазалау, аршу барысында құмыра түбінің сынықтары алынды.
4- ші бөлмемен жалғаса, шығыс бетінде 5-ші бөлме орналасқан . Көлемі 5,60x4,10 м. Оңтүстік қабырға ұзындығы 5,37 м, қалыңдығы 1 м, сақталған биіктігі 0,37 м. Бұл бөлменің шығыс қабырғасы толық сақталмаған. Қабырға қалдығының ұзындығы 3,2 м, қалыңдығы 0,6 м, сақталған биіктігіО,2м,қабырғаүстіненшұқырқазылған.Бөлменіңсолтүстік-батысжәнеоңтүстікқабырғалары кесектен, сыртынан жарты қатар қыш қаланған. Солтүстік-батыс қабырғасы 4-ші бөлмемен ортақ.
Солтүстік-шығыс бетінен, кесінді астынан дм 40 см, тереңдігі 42 см болатын тандыр-ошақ орны аршылды. Ошақтың сыртына жарты қатар кесектер қаланған. Осы тандырдың батысында, кесінді астында, жалғаса ұзындығы 1,2 м, қалыңдығы 15 см, сақталған биіктігі 23 см болып келетін жарты қатар қыш солтүстіктен оңтүстікке қарата қаланған. Қыш ұзындығы 27 см, қалыңдығы 5 см. Қаланған қабырғадан 57 см жерде, батысында бұрын қазылған шұқыр орны бар. Шұқыр көлемі 80x80 см, тереңдігі 5 см.
Оңтүстік-шығыс кесіндіден 1,50 м жерде, 5-ші бөлменің оңтүстігінде көлемі 43-40 см, тереңдігі 0,38 м. тағы бір тандыр орны аршылды. Тандырдың ауыз ернеулері толық сақталмаған. Шығыс бетінен, кесінді астынан көлемі 125x127 см, тереңдігі 60 см, астыңғы екі қатары кесектен, үстіңгі бөлігі алты қатар қыштан қаланған таснауа тазаланды. Таснауа ішінен көптеген ірілі-ұсақты мал сүйектері мен керамика сынықтары алынды. Едені сақталмаған. Таснауа мен тандыр арасы 0,2 м. Тандырдың оңтүстігінде сынық қыштан қаланған бір қатар қабырға шықты. Қабырғаның астыңғы бөлігі анықталмады. Қазба орнының батыс бұрышынан, 1-ші бөлменің жанынан, көлемі 1,43x1,05 см болатын таснауа орны аршылды. Жан-жағындағы жақтау қыштары толық сақталмаған, биіктігі 18 см. Төселген қыш көлемі: 29x27 см, қалыңдығы 5 см.