2007 - 2008 жылдары Бөріжар қорымының қорғандарын зерттеу жөніндегі есеп

25.04.2022 11:00

2007-2008 жылдары Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарлама аясында Оңтүстік Қазақстандағы ең ірі ескерткіштерінің бірі Бөріжар қорымында археологиялық қазба жұмыстары жалғастырылды. Ескерткіш Оңтүстік Қазақстан облысының Ордабасы ауданы, Арыс өзенінің сол жағалауында орналасқан. Ескерткіш үзілістермен жүз жылдан астам уақыттан бері зерттелгеніне қарамастан әлде де біраз маңызды және тарихи-мәдени мәселелері шешілмей келеді. Ең алдымен оның мерзімдік уақыты, құрылымы, жерлеу құрылыстарының типологиясы т.б. сұрақтар. Оның себебі ескерткіштің үлкен көлеміне қарағанда зерттелген бөлігінің шамалылығына байланысты. Жаңа мәліметтерді жинақтау қажеттілігі әлде де өзекті мәселелері болып қалады. Әсіресе оның көне катакомбалар орналасқан бөлігіне қатысты. Сондықтан да есеп беру кезеңінде жұмыстардың маңыздылығы ескерткіштің топографиялық жобасын және көне бөлігінде орналасқан катакомбаларды зерттеу болды. «Мәдени мұра» бағдарлама аясында ескерткіштің қорғау аймағын анықтау, ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижелерін қорытындылау, цифрлік интерактивті картасының жергілікті навигациясын құру мақсатында географиялық мәліметтер жүйесі құрылды.1 Жүйенің негізін спутниктен түсірілген суреттер, 300-500 м биіктіктен түсірілген көптеген жоспарлы аэросуреттер, GPS және Leica TCR 407 электронды тахеометрі арқылы алынған мәліметтер құрды. Жиналған мәліметтер өңдеу барысында координаталары, диаметрлері, зерттелу жағдайы (қазылған/қазылмаған) мәліметтері арқылы қорған үйінділерінің базасы құрылды.

Жаңа компьютерлік жетістіктерін пайдалану арқасында ескерткіштің ұзындығы 13 км астам екендігі, солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай бағытталғаны, қорымның орталық бөлігінің ені 1 км астам, оңтүстік-батыс бөлігінің ені 1,7 км астам, солтүстік-шығыс бөлігінің ені 500 м астам, оңтүстік-батыс бөлігі ені 2,8 км астам болғандығы анықталды. Осыған орай ескерткіш периметрі 31,2 км, ал қорымның жалпы көлемі 2100 гектарды құрайтыны, қорғандар саны 2386 екендігі анықталды.

2007-2008 жж. қазба жұмыстары ескерткіштің екі бөлігінде жүргізілді. Оның біреуі Жуантөбе қалашығынан оңтүстікке қарай 800 м жерде орналасқан, бұл жерде 5 қорған қазылды. Қазба жұмыстарын ескерткіштің дел осы бөлігінде жүргізілудің себебі бар.

1949,1951 жылдары қорымның осы бөлігінде Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы қазба жұмыстарын жүргізген. Сол жылдары бұлжердебқорғанзерттелгенболатын.2 Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде қорғандар астында ешқандай жерлеу құрылыстарының іздері табылмағынын зерттеушілер бұл қорғандар алыста қаза болған туыстарына арнап тұрғызылған «кенотафтар» екендігін түсіндіруге болады дейді.

Зерттеушілердің тұжырымдарын жөн екендігін тексеру үшін біз қазба жұмыстарын осы бөлікте жалғастыруды шештік.

Біз бұл жерде 1949, 1951жж. зерттелген қорғандардың біреуін таңдадық. Шамамен ол 8 қорған. Сол жылдардың есебінде 8 қорған домалақ тәрізді болып келген, оның диаметрі 9 м, биіктігі 0,42 м деп сипаттайды. Қорғанның ортасында сол жылдары жүргізілген қазба іздері диаметрі 6,3 м, тереңдігі 2,5 м шұңқыр ретінде сақталған.

Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде Бөріжар қорымына қалыпты катакомба ашылды. Қазбаны қорғанның оңтүстік бөлігінен бастадық. Нәтижесінде, қорғанның оңтүстік-шығыс бөлігінде 1,2 м тереңдікте жерлеу бір құрылысының іздері байқалды. Жұмыстар нәтижесінде, ол қорған шетінен 3 м жерден басталатын дромостың (үңгір қуыс жол) іздері екендігі анықталды. Оның ұзындығы 7 м, ені 0,5-0,7 м; камераға апаратын тесігінің ені 0,54м, биіктігі 0,42 м, ұзындығы 1,0 м. Жерлеу камерасы төртбұрышты болып келеген, оның көлемі 2,25x2,05x0,65 м. Камерада 2 қабір тазаланды, олар шалқасынан жатқызылған, басымен солтүстік-шығысқа бағытталған. Қабірлердің бас жағында екі сапты керамикалық ыдыс, аяқ жағында құмыра табылды.

Сонымен, алдағы жылдардағы зерттелген қорғандар «кенотаф» еместігі анықталды. Зерттеушілер ол кездері ескерткіштің төменгі бөлігіндегі жер бетіне тұрғызылған сағаналарды алдымен зерттеп, үстіңгі бөлікте де сондай құрылыстар іздерін іздеген болар.

23 қорған қазбаға дейін үйіндісі дөңгелек пішінді, диаметрі 16,5х14,5 м, биіктігі 1 м болып келген. Осы ескерткіште бірінші рет бір қорғанның астында екі катакомба ашылды. Олар оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа қарай бағытталған. Катакомба 1 камерасы төртбұрышты. Камерада 4 мүрде қойылған, оның 2 қаңқа сүйектері анатомиялық қалпында сақталған, шалқасынан жатқызылып, басы оңтүстік-шығысқа қарай бағытталған. Камерада қаңқалардың бас жағына қойылған 6 керамикалық ыдыс табылды. Катакомба 2 дромос ұзындығы 2,1 м, ені бас жағында 1,25 м камераға кіретін жерінде 1,7 м дейін кеңейеді. Камерасы төртбұрышты (2,05x1,35 м),ұзын қабырғасымен оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа бағытталған. Камераның кіре-берісіне жақын жерде анатомиялық қалпында, басымен оңтүстік-шығысқа бағытталған бір қаңқа жатқызылған. Камераның солтүстік-шығыс қабырғасының тұсында 5 мүрденің сүйектері араласып ығыстырылған, оңтүстік-шығыс бұрышында керамикалық саптыаяқ, оның астында күлге толған қара балшықтан жасалған ыдыстың түп жағы табылды.

25 қорған үйіндісі домалақ тәрізді, диаметрі 15 м, биіктігі 0,95 м. Үйінді астында қорғанның оңтүстік бөлігінде, ұзын жағымен солтүстіктен оңтүстікке бағытталған төрт бұрышты шұңқырға жатқазылған бір қабір ашылды. Шұңқырдың солтүстік жобасы тонау кезінде бұзылған. Шұңқырдың батыс қабырғасында кішкене апан байқалады, ол танушылар іздері болуы мүмкін. Шұңқыр тазалау барысында қерамикалық ыдыс сынықтары табылды. 26 қорған үйіндісі сопақша, диаметрі 16 м, биіктігі 75 см болып келген. Дромосы жіңішке, төртбұрышты, ұзын білігі солтүстіктен оңтүстікке қарай бағытталған. Камерасы трапеция тәрізді (2,5x1,88 м). Камерада 3 қабір, біреуі кіре беріс алдында, екіншісі кіре беріске қарама қарсы қабырғасы тұсында, ал үшіншісі солардың ортасында (ересектің) табылды. Қабірлер бұйымдары арасында екі құмыра, моншақтар, кішкене алтын алқа, т.б. Қорғанның шығыс жағында (ортасынан оңтүстік-шығысқа қарай 4,3 м) 1,8 м төмендікте тағы бір қабір ашылды. Ол шалқасынан жатқызылған, басымен солтүстік-солтүстік-шығысқа қарай бағытталған. Сүйектері нашар сақталған, жанында заттары жоқ. 27 қорған үйіндісі сопақша, диаметрі 17м болып келген. Дромостың үстінгі ұзындығы анықталмады, ал астынғы жағындағы ұзындығы 2,67 м, ені 0,4 м, 0,9 м. Камерасы домалақ тәрізді (2,45x1,3 м). Камерада шалқасына жатұызылған, басын солтүстік-шығысқа берген еркек кісінің қабірі ашылды. Осы қабырдің бас жағында екі бас қанқалары жатыр, олардың жанында ыдыс табылды, ал шығыс қабырғасы бойында араласып кеткен сүйектер байқалды.

Жуантөбе қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 700-800 м жерде орналасқан тағы бір қорған (№28) ашылды. Қорған үйіндісі сопақша, диаметрі 14 м болып келген. Тағы да бір атап өтетін жағдай, ескерткіш зерттелу кезінде дромостың солтүстіктен бағытталғаны бірінші рет кездеседі. Алдыңғы ашылған барлық қорғандардың дромостары бағытын оңтүстіктен, немесе оңтүстік-шығыстан, немесе оңтүстік-батыстан алады. Сонымен келесі ашылған қорған дромосы солтүстік-солтүстік-батыстан оңтүстік-оңтүстік-шығыстан басталады. Дромос ұзындығы 6,0м, ені 0,9м. Камераның ұзындығы 2,2 м, ені 1,9 м. Камера көне заманда тоналған. Оның батыс бөлігінде араласып кеткен қанқа сүйектері, олардың арасында 3 бас сүйегі табылды. Дромосты тазалау барысында темір пышақтың сынықтары, нашар сақталған мойыншақтар, графит сынығы табылды. Бөріжар қорымының катакомбаларын зерттеу барысында табылған заттар және байқауларымыз осы жерлеу құрылыстар жене осы жерлерде көне заманындағы жерлеу салттары жайлы біздің көзқарастарымызды кеңейтті.

1949ж. қазылған (№8) қорғанның қайта зерттелуі осы жерде мекендеген елде «қорған- кенотафтарға» жерлеу дәстүрлері болғамағандығын көрсетті. Катакомбалардың бірнеше рет пайдаланылғаны анық байқалады.

 

1.     Байпаков К.М., Воякин Д.А., Антонов М.А, Акылбек С.Ш., Сорокин Д.В. Создание геоинформационной системы Борижарского могильника. Известия НАН РК, №1, Алматы, 2008, с.239-247.

2.     А.Н.Бернштам Отрарский оазис в раннем средневековье (Отчет о работах Южно-Казахстанской экспедиции за 1949 г.). Отдел археологии ИИАЭ. Архив, инв. № 17, дело 165, св.12; Г.И. Агеева, Е.И. Пацевич Работа Южно-Казахстанской археологической экспедиции в 1951 году. Архив отдела археологии ИИАЭ, инв. № 79, фонд №11, дело 221, св. 15.