Ақтөбе облысының Ойыл ауданындағы археологиялық жұмыстар

Соңғы уақытқа дейін бұл өңірде қалалық мәдениет ескерткіштерін зерттеу және іздеу мақсатындағы жұмыстар атқарылмады.

Ойыл өзенінің бойында қоныстар немесе қала орындары болғаны жөнінде ғылыми әдебиеттерде үзік мәліметтер кездеседі. Бұл ескерткіш орындары күйдірілген кірпіштен тұратын, қиранды қалдықтар және арықтар түрінде беріледі

Аудан территориясында алдыңғы жылдарда атқарылған барлау жұмыстары бірқатар ескерткіш орындарын ашып және оларды ішінара зерттеуге мүмкіндік берді. Бүл зерттелген нысандар ортағасырлық мазар қалдықтары болып табылады . Оба тәріздес төбешік болып жатқан, биіктігі 2 м, көлемі 50 м болатын бүл қабір құрылыстары әдеттегідей төбе үстілерінде және биік жерлерде орын тепкен.

2007 жылдың далалық маусымында археологиялық зерттеулер Ақтөбе облысы Ойыл ауданы жеріндегі Шөптікөл II қорымында жүргізілді .

Шөптікөл II қорымы Ойыл өзенінің оң жағалауында, табиғи биік дөңестің үстінде, Қарасу ауылынан оңтүстік-батыста 3,5 км жерде орналасқан.

Шөптікөл II қорымының географиялық координаттары: N: 48°48'39,8 Е: 054°24'5б,4.

Қорым оба тәріздес 11 төмпешіктен тұрады. Олар астыңғы бөлігінде күйдірілген қызыл кірпіш пен шикі кірпіштен тұрғызылған архитектуралық құрылыс қалдықтарын жасырған, жобасында түрлі пішіндегі (дөңгелекше, тікбұрышты) үйінділер түрінде келген. Үйіндінің үстіңгі қабаттары мен етегінен көптеген күйдірілген кірпіш сынықтары, көкшіл-ақ түсті сыры бар кірпіштер табылды.

Зерттеу үшін, көлемі жағынан және сақталуы жағынан көзге түсетін, қорымның орталық төбешігі таңдап алынды. Ол С-СБ-О-ОШ белдеуі бойынша бағытталып жатқан оба тәріздес төмпешіктер тізбегінде орналасқан. Төбешіктің биіктігі шамамен 2 м, диаметрі 42 м-ді құрайды. Үйіндіні, ені 5-6 м болатын кішігірім ор қоршап жатыр.

Беткі қабатын аршу барысында, 0,2 м тереңдіктен күйдірілген кірпіш сынықтары, глазурленген кірпіштің ұсақ бөліктері және алебастрлі езіндінің қалдықтары анықталды. Одан әрі, үйіндінің оңтүстік бөлігінен опырыла қулаған күйдірілген кірпіштер аршылды. Оның астында шикі кірпіш сынықтары жатты.

Біздің пайымдауымызша, бул опырыла құлаған үйінді құрылыстың қасбетінің бұзылуынан пайда болған . Аршу жұмыстары кезінде күйдірілген түрлі кірпіш бөліктері, сонымен қатар, уақытында кесененің қасбетін сәулеттендіріп тұрған өсімдік және геометриялық өрнектері бар плитка фрагменттері табылды. Кейбір фрагменттер алты немесе сегіз қырлы кірпіштердің қалдықтары болып табылады. Олардың беткі жағы шыны тәріздес көгілдір глазурмен апталған. Бір плитканың беткі жағында жасыл-көк түсті сыры бар толқынды өсімдік бейнесі өрнектелген. Ол жиекшелер түрінде кірпіштің сырты бойымен үш жапырақша тәріздес бейнеленген.

Одан арғы қазба жұмыстары қабырғаның жоғарғы бөлігінің және қабір үсті құрылысы бөліктерінің қирауға ұшырағанын көрсетті.

Кесене жобасында тікбұрышты және бір камералы ескерткіш болып табылады. Оның өлшемдері келесідей: солтүстік қабырға - 8,70 м, батыс және шығыс қабырғалар - 9,80 м. Құрылыс іргетассыз қаланған. Күйдірілген кірпіш қаландылары тегістелген құрылық алаңқайынан көтерілген.

Құрылыстың ұзын белдеуі ОБ-СШ бойынша бағытталған. Оңтүстік- батыс қабырға портал тәріздес кескінделген. Оған кесененің оңтүстік бөлігінде сақталып қалған күйдірілген кірпіш қаландылары куә бола алады. Ол басқа қабырғаларға қарағанда қалыңдау келіп, қалыңдығы 1,80 м-ге жеткен.

Оңтүстік қабырғаны есептемегенде, қалған қабырғалар жақсы сақталған. Әсіресе қаланды кірпіштердің төменгі бөліктерінің биіктігі, 14 қабат қыш кірпіштен тұрғызылған деңгейге дейін жетеді. Қабырғалар күйдірілген кірпішпен бірге, сапасы берік шикі кірпіштерде қатар қаланған. Олардың араларын қоңыр түстес саз лаймен ұстастырған.

Қабырғаның сыртқы бөлігі, өлшемі 24x24x5 см болып келетін шаршы кірпіштермен екі қатар қылып, ұқыпты түрде қаланған. Қабырғаның төменгі қабатынан өлшемі 23x11x5 см болатын кірпіштер ұшырасты. Қабырғаның ортаңғы бөліктері төрт қатар етіліп, өлшемі 21x21x5 см шикі кірпіштермен қаланған. Кесененің ішкі бөлігінде қалыбы 24x24x5 см болатын кірпіштер екі қатар түрде пайдаланылған. Кесененің қабырғасының айналасындағы құлама топырақтан қыш кірпіштің түрлі пішіндегі бөліктері кездесті .

Алдыңғы қасбеті ең қираған бөлігі болып табылғандықтан кірер ауыз қуысының ені мен тереңдігін анықтаудың мүмкіндігі болмады .

Құрылыстың оңтүстік-батыс және оңтүстік-шығыс бұрыштарының сыртқы бөліктері қасбеттің қирауына байланысты қатты бүлінген. Бүл оңтүстік-батыс бұрышына жақын тұстан, батыс қабырғаның сыртқы жағынан салынған кесіндіден жақсы көрінеді. Онда оңтүстік жаққа құлаған кірпіштердің анық қаландылары және біртіндеп құлау сақталып қалған .

Кірер ауыз оңтүстік-батысқа бағытталған. Кірер ауыздың ені қасбеттің ортаңғы қуысында шамамен 0,7 м-ге жетеді. Жобасында шаршы болып келген, негізгі бөлігі болып табылатын «көрхананың» алып жатқан аумағы 5,10х5,10 м-ді құрайды. Көрхананың қабырғасының ішкі қабырғасы алебастр езіндісімен сыланған, оның қалыңдығы 1 см-ге барады. Алебастр езіндісінің қалдықтары оңтүстік- шығыс және оңтүстік-батыс бұрыштарда жақсы сақталып қалған .

Кесененің едені бірқатар түрінде күйдірілген кірпішпен төселіп шыққан. Төселген кірпіштердің өлшемдері келесідей болып келеді: 20,5x21х5 см; 21х21х5 см; 20х20х5 см. Еденнің кірпіштері тегіс дерлік сақталмаған, яғни жинап алынған. Тек оңтүстік-батыс, оңтүстік-шығыс бұрыштарында және орталық бөліктерінде ғана шамалы кірпіш төсенділері сақталып қалған. Оңтүстік, батыс және шығыс қабырғаларды бойлай бір қатарда ұзына бойы тікбұрышты кірпіштер төселген.

Солтүстік қабырғаны толық аршылмай тұрып, 30-40 см тереңдіктен кесененің ішкі бөлігінің жартысына жуықа жерін алып жатқан, шикі кірпіш сынықтарының құландысы, жекелеген сынық кірпіштер және әк езіндісі ұшырасты. Ол солтүстік қабырғаның жоғарғы бөлігінің ішке қарай құлауы нәтижесінде пайда болған. Үйіндінің арасынан аршу жұмыстары барысында мәйіттің жекелеген сүйек қаңқалары - бассүйек бөлігі, саусақ сүйектері табылды. Солтүстік-шығыс бұрышқа жақын тұстан жануардың ірі келген астыңғы жақ сүйегі шықты. Жануарлардың жекелеген сүйектері кесене еденінде өне бойы шашылып қалған. Оңтүстік-шығыс бұрыштан қыш ыдыстың тұтқасы кездесті. Қабір көрхананың орталық бөлігінде, солтүстік қабырғаға таяу орналасқан. Қабір тоналған. Қабір үсті құрылысы қиратылған, оның үстінде еден болған немесе болмағандығын анықтаудың еш мүмкіндігі болмады. Сірә, ол солтүстік қабырға құлағанға дейін қиратылған болуы керек.

Қабірдің тереңдігі 1 м, ұзындығы 2,2 м, ені 1,3 м. Қабір Ш-Б белдеуі бойынша бағытталған. Қабірдің топырағы арасынан күйдірілген және шикі кірпіштердің сынықтары, глазурлі плиткалардың ұсақ бөліктері, жануарлар мен жерленген адамның жекелеген ұсақ сүйектері табылды.

Қабір ішінде мәйіттің сүйек қаңқаларының көптеген бөліктері орнында болмай шықты. Күндізгі жер қабаты деңгейінен 85 см тереңдіктен тек ортаңғы жілік пен астыңғы жақтың бір бөлігі ғана табылды.

Қабірдің ішкі құрылыс келесідей болып келеді: қабірдің батыс және шығыс қабырғалары (қысқа тұсы) күйдірілген кірпіштен өрілген. Сақталған кірпіш қаландысының биіктігі 4 қатарды құрайды. Оңтүстік қабырғада, оңтүстік-батыс бұрышқа қарай, төменгі бөлікте де кірпіш фрагменттері сақталып қалған. Солтүстік қабырғада (ұзын бөлігі) «иықша» бар. Оның ені 30 см болып келеді және қабірдің түбінен 35 см биіктікте орналасқан.

Қабірдің үстінен арнайы құрылыс көтерілген. Ол суфа тәріздес болып келіп, өрілген кірпіш биіктігі 3-4 қатарға жеткен. Ол солтүстік қабырғаға барып кіріккен. Бұған екі қатар болып сақталып қалған кірпіш қаландысы куә бола алады .

Сірә, қабір үсті құрылысы бай түрде өрнектелген болуы керек. Өйткені табылған заттардың арасында беткі жағында көкшіл-ақ сыры бар өрнекті плиткалардың фрагменттері де кездеседі.

Бүл ескерткіш өзінің архитектуралық түрі жағынан жобасында шаршы келген, суфа тәріздес қабір үсті құрылысы бар, склеп орналасқан бір ғана көрханадан тұратын кесенелер тобына жатады.

Кесене қабырғасының қалыңдығына, табылған әр түрлі пішіндегі күйдірілген кірпіштерге (үшбұрышты және трапеция түріндегі) және қыры қиғаш келген кірпіштерге қарағанда көгілдір глазурлі сырмен апталған плиткалар пайдаланылған күмбездің болғанын жобалауға болады.

Қасбеттің жекелеген өрнекті түрлерін табылған өсімдік және геометриялық сарынды глазурлі қаптама плиткалардың фрагменттерімен елестетуге болады. Бүл өрнекті плиткалар қасбеттің П-тәріздес белдеуін және кірер ауызды сәндеп тұрған болуы керек.

Табылған материалдарға қарағанда, ескерткіш XIV ғ. екінші жартысына жатады.

Зерттелген алтын ордалық кесенелердің ішінде бір камералы түрлері ең көп тарағаны болып табылады . Олар негізінен Еділ бойында, Солтүстік Кавказда және Оңтүстік Оралда кең таралған.


1. Егоров В.Л. Историческая география Золотой Орды. М., 1985 г.

2.Ескерткіштер Тізімі бойынша Ақтөбе археологиялық тобының 2006 жылы Ойыл ауданын- да атқарған жұмыстарының Есебі. Алматы, 2006 ж. ҚР БҒМ АИ Архиві.

3. Археологиялық зерттеулер Ақтөбе облысының Мәдениет департамент! жанындағы ММ «Ақтөбе облыстық тарих, этнография және археология орталығының» тапсырысы бойынша аймақтық «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында атқарылды.

4. Сірә, басқа да күйдірілген кірпіштен тұрғызылған құрылыстар сияқты, кесене қалдығы құрылысқа қажетті материал алу үшін қиратылған сияқты. Соған қарағанда, дәл осы уақыттарда, кесене ішіндегі қабірде тоналып, қабірдің ішкі құрылысы қиратылған болуы керек. Ескерткіштің одан кейінгі қирауға ұшырауы жаңа уақыттарға тап келеді. Онда да кесене кірпіштері кейінгі қабір үсті құрылыстарына пайдаланылған. Кейбір күйдірілген кірпіштердің баламалары барлау жұмыстары кезінде жақын маңда орналасқан, XV-XVI ғғ. ескерткіштері болып табылатын мазар орындарынан табылды. Қараңыз: «Поиск и исследование средневековых памятников Актюбинской области», Алматы 2007 г, рукопись Архив ИА МОН РК, Есеп Ескерткіштер Тізімі бойынша Ақтөбе археологиялық тобының 2006 жылы Ойыл ауданында атқарған жұмыстары, Алматы 2006 ж., Архив ИА МОН РК.

5. Тұтастай алғанда, кесенені тұрғызу барысында келесідей күйдірілген кірпіштердің келесідей пішіндері мен өлшемдері пайдаланылған: шаршы - 33-29,5-28 х 5,5-6 см; 30,5-32,5х6-6,5 см; 24,5х24,5х5 см; 30х25х5 см; тікбұрышты - 22х1 2хб-7 см; 22х1 2,5х6-7 см; 23х 1х 5 см; трапеция тәріздес (кездескен бөліктер) - 31,5х25,5х6 см; бейнелі (қырлары қиғаш).

6.Кесененің оңтүстік бөлігіне кірігіп жатқан аумақта, сірә, аумағы шамамен 15x20-25 м құрайтын тікбұрышты қоршау орналасқан. Оның қабырғасы күйдірілген шаршы кірпіштен тұрғызылған. Кезінде, қасбеттің алдында орналасатын, осы тәріздес аула Орталық Казахстан бойынша Ұлытауда Жошы хан кесенесінен (XIV ғ.), Батыс Қазақстан облысында Жайық қалашығының қорымында орналасқан «Үлкен кесенеден» (XIV ғ. орта кезі) табылған болатын.

7. Ортағасырлық кесенелерде ішкі қабырғасын сылау өте жиі ұшырасатын жайттың бірі (қараңыз: А. Матов. О развалинах Балгасын. Тургайская газета. 1897г. №124 и 125. Труды Оренбургской ученой архивной комиссии выпуск XXX том XXX 1914 г. С 205. Отчет по теме: археологические исследования некрополей Алаша-хана и Жошы-хана для последующей реставрации и музеефикации. Апматы-Караганда, 1998. Рукопись. Архив ИА).

8. Суфа тәріздес құлыптастың қабырғадан қабырғаға дейін, яғни солтүстік қабырғаны бойлай батыс қабырғадан шығыс қабырғаға дейін жектенін анықтаудың мүмкіндігі болмады.

9. Бір камералы кесенелер өз кезегінде қасбетінің ерекшеліктеріне қарай басқа түрлерге бөлінеді (тар аркалы қасбетті, кеңі және терең қасбетті-пештакті және т.б.). Қараңыз: Д.В. Васильев. Мавзолеи Золотой Орды: Географический обзор и опыт типологизации // Ученые записки Астраханского государственного университета, Астрахань, изд-во АГУ, 2003 г.

10. Ртвеладзе Э.В. Два мавзолея золотоордынского времени в районе Пятигорья // СА, 4,1969, с.262-265.