Ортағасырлық Сауран қаласының солтүстік-шығыс қақпасындағы 2006 жылғы қазба

Республикалық "Мәдени мұра" бағдарламасына кіретін Ортағасырлық Сауран қаласының бекіністерін зерттеу мақсатымен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтымен Қ.А. Яссауи атындағы Халықаралық қазақ- түрік университетінің арасында жасалған келісім-шартқа байланысты (14-қыркүйек 2006 жыл, №128) осы университеттің Археология ғылыми-зерттеу орталығының Тұран археологиялық экспедициясы (М.Елеуов) "Ортағасырлық Сауран қаласындағы қазба" тақырыбын орындау үшін ортағасырлық Сауран қаласының солтүстік-шығыс қақпасындағы 2005 жылғы қазбаны 2006 жылы одан әрі жалғастырды.

2005 жылы ортағасырлық Сауран қаласының солтүстік-шығыс қақпасында көлемі 30х5-8м қазба салынып, жер бетінен 1-2,2м тереңдіктен қала өмірінен әртүрлі кезеңдеріне қатысты жол мен қақпа қалдықтары ашылған болатын [Елеуов М., Ақымбек Е., Қалиев С. Ортағасырлық Сауран қаласының солтүстік-шығыс қақпасындағы қазба //Мемлекеттік "Мәдени мұра" бағдарламасы бойынша 2005 жылғы Археологиялық зерттеулер жайлы есеп.-Алматы, 2005. Қазақ және орыс тілдерін де. [98-6.].

2006 жылғы қазба жұмыстары 2005 жылы жер бетінен 2,2 м тереңдіктен ашылған қақпа жолы мен қамалдың сыртында жүргізілді. Ұзындығы 23 м, ені 4,6 м келетін жолдағы қазба жұмыстарын 15-20 см тереңдеткен кезде оның астынан бірнеше қатпардан тұратын (жалпы қалыңдығы 15-20 см) жол ашылды. 23 м ұзындықта ашылған бұл жолдың ені 3,4 м, Жолға өзеннің табанынан әкелінген беті тегіс, үлкен жалпақ тастар төселген. Жолға төселген бұл тастардың арасы, ашық қалған жерлері қиыршық тастармен толтырылған. Осындай қиыршық тастар әсіресе жолдың шығыс бөлігіндегі үлкен тастар төселмеген бөлігінде жақсы сақталған. Жолдың екі шетін жиектей үлкен тастардан қаланған қаландылардың ұзындығы 17-18 м, ені 0,5-0,7м, биіктігі 0,4-0,45 м.

Жолдың шығыс жағындағы ені 2,5 м келетін қақпа бағандарының астына қойылған, бетінде ойықтары бар құмтастар шықты. Қақпаның солтүстік бағанының астына қойылған құмтастың бетінде екі ойық бар. Бір-бірінен 12 см қашықтықта орналасқан ойықтардың бірінің аумағы 12 см, тереңдігі 5 см, ал екіншісінің аумағы 15 см, тереңдігі 8,5 см. Оңтүстік бағанның астындағы тастағы ойықтар аумағы 18 см, тереңдігі 4,5 см, осы тастың үстіне қойылған көлемі 26x26x5 см келетін күйдірілген кесектің ортасындағы ойықтың аумағы 12 см, тереңдігі 1 см. Қақпа бағандарының астына қойылған тастардағы ойықтың ішінде бірнеше қатар қатты тапталған топырақ қатпарлары сақталған. Қақпаның ортасына (қақпа бағандарының астына қойылған тастардың ортасына) көмілген тастың ұзындығы 25 см, ені 15 см, биіктігі 20 см. Қақпаның бағандары мен жолдың жиегіндегі тас қаландыларға дейінгі аралық тастан, сынған құлпытастардан және күйдірілген кесектен қаланған.

Шығыс қақпадан батыста 16 м жерден екінші қақпаның қалдығы ашылды. Оның оңтүстік бағанының астына қойылған тастың көлемі 30x30 см, ортасындағы ойықтың аумағы 12 см, тереңдігі 2 см. Қақпаның солтүстік бағанының орнында аумағы 30 см, ұзындығы 75 см келетін, өртенген ағаштың қалдығы сақталған. Қақпаның оңтүстік бағанының түбінде жатқан өртенген ағаштың ұзындығы 5,3 м, аумағы 25 см. Осы ағаштың үш жерде оған қағылған темірдің қатты тотыққан қалдықтары сақталған. Батыс қақпаның оңтүстік және солтүстік бағандарының аралығындағы жолға көмілген тастардың биіктігі 5-10 см. Шамасы, жолға көмілген бұл тастарға жабылған қақпаның жақтаулары тірелген болса керек.

Қазба кезінде жолдың деңгейінен және қақпалардың төңірегінен бояулы және бояусыз ыдыстардың ұсақ сынықтары, қатты тотыққан темір заттардың қалдықтары, бір мыс теңге және мал сүйектері табылды.

Қамалдың сыртында жүргізілген оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа бағытталған қазбаның ұзындығы 17 м, ені 3,5-9 м, тереңдігі 2006 жылы ашылған жолдың деңгейінен 2,4-2,8 м.

Қазбаның қамалдың сыртындағы бөлігін қазу кезінде қамалдың сыртқы көлемі 26-28x26-28x6-8 см күйдірілген кесектен, төменнен жоғары қарай жолдың деңгейіне сатыланып қаланғаны, ал одан жоғарғы төрт қатарының тігінен қаланғаны белгілі болды. Қамалдың жолдың тұсындағы бөлігінің сыртына күйдірілген кесектен қаланған жобасында "П" тәрізді құрылыстың батыс қабырғасының ұзындығы 3,85 м. Одан сыртқа шығып тұрған солтүстік және оңтүстік қабырғаларының ішкі жағындағы ұзындығы 1,5 м. Оның ені 2,1м келетін солтүстік қабырғасы қамалдан 2,1м сыртқа шығып тұр, ал сыртқы жағы доғалданып келген оңтүстік қабырғасының ені 3,1 м. "П" тәрізді құрылыстың сыртындағы қазбаны тереңдету кезінде оның батыс қабырғасынан 3,4 м жерден күйдірілген кесектен (29-30x29-30x5,5-6 см) солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа бағытталған 3,6 м қабырға ашылып, олардың арасы 2,4 м тереңдікте қазылды. Қазба кезінде күйдірілген кесек сынықтары, тандырдың сынығы, ұсақ ыдыс сынықтары, темірден жасалған жебе ұштары және мыс теңгелер табылды.

Қазбаны шығысқа қарай жалғастыру кезінде жер бетінен 0,3 м-ден, 2005 жылы ашылған 1-құрылыс кезеңінің жолы, одан 0,3 м төмендіктен 2-3-құрылыс кезеңдерінің қиыршық тас және күйдірілген кесек сынықтары төселген жолы шықты. Осы жолдың деңгейінен ұзындығы 2,15 м, аумағы 0,2 м ағаштың қатты шіріген қалдығы табылды. Ол солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа бағытталған. Ағаштың қақпа жағы мен екі басы күйдірілген кесек сынықтарымен бекітілген. Осы ағаштан шығысқа қарай қазбаны тереңдеткен кезде оған қатар жатқан (арасы 0,5 м) құлпытастардан қаланған қабырға ашыла бастады. Қабырғаның ашылған бөлігінің ұзындығы 5 м, ені 0,5-0,7 м, биіктігі 0,8 м. Қазба барысында жолдың деңгейіндегі ағаштың жанынан және оның астында жатқан күйдірілген кесек сынықтары аралас құландыдан бояусыз ыдыс сынықтарымен қатар бояулы кеселердің сынықтары табылды.