Алматы облысының тарихи және мәдени ескерткіштерінің жинағы (2006 жылы тарих ескерткіштерінің зертте

18.04.2022 16:55

2006 ж. Алматы облысының ескерткіштер Тізімі бойынша ҚР Орталық Мемлекеттік Мұрағатында өңірдің тарихи жерлері мен ескерткіштеріне байланысты ХІХ-ХХ ғғ. бас кезіндегі құжаттарды зерттеу мен жинақтау және аталмыш облыстың Жамбыл ауданы, онымен іргелес Жамбыл облысының Шу мен Мойынқұм аудандарында 2005 ж. жүргізілген экспедицияның мәліметтерін толықтыру мақсатында қосымша түздік зерттеу жұмыстарын жүргізуге көп көңіл бөлінді. Бүл зерттеудің негізгі мақсаты бұған дейін жинақталған Аңырақай шайқасы алабының табиғи шекарасы жөніндегі мәліметтерді салыстыру және Балқаш көлінің Оңтүстік-Батыс аймағында болған бұл әскери-саяси оқиғаны дәлелдеуші басқа да тарихи артефактыларды іздеп табу болды.

Бұдан да дәл және бұлтартпас деректер алу үшін осы мақала авторы ҚР ОММ Жетісу облыстық басқармасы қорында Аңырақай тарихи жері жөніндегі құжаттарды табу мен анықтау үшін аянбай тер төгіп, жаңалықты жұмыстар жасады. Қордың құжаттарымен танысу барысында 1890 ж. Түркістан әскери округының штабс-ротмистрі Варагушин құрастырған Жетісу облысының Верный уезі қазақтарының қысқы және жазғы көштері жайлы материалдары табылды. Онда Аңырақай болыстығына қарасты Аңырақай мекені қазақтарының көш жолдары өзен-су, тау-тас аттарымен байланыстыра, толыққанды берілген. Бұл құжаттан алынған мәліметтер біздің бұған дейінгі ізденістеріміздің дұрыстығын дәлелдеп берді. Сонымен қатар Аңырақай жотасының солтүстік-шығыс бөктеріндегі Қопалы мен Сарыбұлақ өзендері арасындағы жазықтықты зерттеу жұмыстарымызды 2006 ж. одан әрі жалғастыруымыздың қажеттігін тудырды. XVIII ғ. бірінші жартысындағы тарихи құжаттарды зерттеу негізінде Аңырақай атырабының батысын, оңтүстігін және оңтүстік-шығысын жоңғарлардың әскери қарауылдары торуылдағаны белгілі болды. Осы себепті Алматы мен Жамбыл облыстарының іргелес жатқан жерлеріндегі, бүгінгі карталарда белгіленген "Қарауылтөбе", "Қарауылқашқан" және т.б. жағрафиялық нысандар - тауларды, төбелерді зерттеу үшін түздік зерттеу жұмыстары қажет болды. Картографиялық материалдар негізінде Іле өзенінің батыстан шығысқа аққан орта ағысы Жамбыл мен Хантау арасында және оңтүстіктен солтүстікке Алакөлден Таукұмдағы Бақанас ауылына дейінгі аралықта осындай 8 топонимдер анықталды. Сонымен қатар бір жағрафиялық нысан Хантау жотасындағы Сұңқар тауы тіркелді. Бұл жерде К. Миллердің 1742-1743 жж. жасаған картасы бойынша және мұрағаттық деректер бойынша жоңғарлардың негізгі қарауылы тұрған. Бірақ бұл жердегі қарауыл жайлы халықтық тарихи топонимде еш белгі сақталмаған. Басқа екі "Қарауылтөбе" Шоқпар мен Отар теміржол станциялары төңірегінде орналасқан. Келесі біреуі Далақайнар ауылы маңында, қалғандары Іле өзенінің орта ағысында, екі жағалауын ала орын тепкен.

Осы топонимиялық ескерткіштерді зерттеу мақсатында 2006 ж. Балқаш көлінің Оңтүстік-Батыс өңіріне арналған, құрамы 5 адамнан (отряд бастығы - И.В. Ерофеева; басты геолог, г-м.ғ.д., Б.Ж. Әубәкіров; қызметкерлер И.А. Аниятов, Л.Л. Кузнецова, Ш. Аманжолова) тұратын екі апталық түздік экспедиция жұмыс істеп, аталмыш нысандардың көпшілігін зерттеді. Түздік зерттеу жұмыстары барысында "Қарауылтөбелер" орналасқан Аңырақайдың батыс және оңтүстік-батыс төңірегінде экспедиция мүшелері маңайдың барлығынан дерлік бір немесе бірнешеуден шоғырланған төрткүлдер ұшыратты. Өлшемдері ұзындығынан 3-тен 36 м-ге, енінен 2-ден 8 м-ге жетеді, әрі барлығының қабырғалары тура солтүстіктен оңтүстікке бағытталған.

Табиғи тастан тұрғызылған, ең көп шоғырланған (5 бірлік) бұндай төрткүлдер - 2 кішігірім (2x3,5 м), 2 орташа (3x8 м) және бір үлкен (6x36 м), Хантау жотасындағы Сұңкар тауынан табылды. Пензендік жаяу әскер полкының майоры Карл Миллердің 1742-1743 жж. тарихи мәліметі бойынша дәл осы уақытта Балқаш көлінің Оңтүстік-Батыс өңірінде жоңғарлардың басты қарауылы орналасқан. Осындай сипаттағы және қабырғалары көлбеулік бағыттағы төрткүлдер Кіндіктас тауының солтүстік-батыс шетінен солтүстікке қарай, Шоқпар т/ж станциясының маңынан және аталмыш таудың оңтүстік-шығыс шетінде, Отар т/ж станциясынан оңтүстік- батысқа қарай 18,5 км жерде орын тепкен. 1911 ж. Верный уезінің картасында бұл екі аттас нысандар "Қарауылтөбе" деп нақты белгіленген. Экспедиция барысында осы зерттелген төңіректе кездескен кейбір қариялардан. "Қарауылтөбе" топонимының шығу тегі жөніндегі мәліметтер сұралды. Кейбір білетін ақсақалдардың жауаптары негізінде бұл Қарауылтөбелердің шығуын Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс аймағында жоңғарлардың болуымен байланыстыратыны жөнінде мәліметтер жинақталды. Бұл деректердің барлығы етегінде төрткүлдер жатқан "Қарауылтөбенің" XVIII ғ. бірінші жартысында жоңғарлардың қарауыл бекіністері болғанын дәлелдейді. Бұл қарауыл-бекіністер қазақтарды жоңғар ханының негізгі ставкасы - урга орналасқан Іле өзенінің жоғарғы ағысына өткізбеу мақсатында болған. Бұл қарауылдар болашақ Аңырақай шайқасы алабын үш жағынан қоршап, осылайша оның жағрафиялық кеңістігінің сыртқы межелерін нақты белгілеген.

Атақты шайқас орнының тарихи-жағрафиялық шекарасын зерттеумен қатар экспедиция мүшелері құжаттамалық және түздік деректер негізінде, бірінші кезекте геоморфология мәліметтері арқасында, Іле өзенінің орта және жоғарғы ағысы атырабына Солтүстік Балқаш өңірі мен Оңтүстік Қазақстаннан жылжыған қазақ әскерлерінің жолын анықтады. Жүргізілген ізденістер негізінде зерттелген жағрафиялық және археологиялық нысандарда фотофиксациялық жұмыстар жасалып, сонымен катар зерттелген территорияның толықтай картасы құрастырылды.