Шілікті археологиялық экспедициясының 2006 жылғы есебі

"Мәдени мұра" мемлекеттік бағдарламасы аясында соңғы үш жылдың ширегінде Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданына қарасты Шілікті ауылының маңайындағы ерте көшпелілер дәуірінің ескерткіштеріне кешенді зерттеу жұмыстары жүргізіліп келеді.

Зерттеу жұмысын профессор Ә.Т.Төлеубаевтың жетекшілігімен Археология институтының ғылыми қызметкерлері, ҚазҰУ-нің оқытушылары, Геология институтының бір топ ғалымдары, маман архитектор және топографтар жүргізді. Қазбаға Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті, Семей мемлекеттік университеті, Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеттерінің аспиранттары мен студенттері қатысты.

2006 жылғы Шілікті өңірімен қатар жалпы Зайсан, Тарбағатай аудандарының территориясында барлау жұмыстары жүргізіліп, соның нәтижесінде қола, ерте темір және түркі дәуірлерінің жүзге тарта қорған-қоршаулар тобы тізімге алынып, жаңа технологиялар бойынша координаталары түсірілді, орналасуына, көлеміне, сыртқы сипатына қарай топтастырылды. Қорымдардың жоспары жасалынып, археологиялық объектілер жеке-жеке фотосуретке түсірілді. Бұл жұмыстардың барлық қорытындысы негізінен осы өңірдің жаңа археологиялық картасын жасау мақсатында жүргізілді.

2006 жылғы маусымда қазба жұмысы негізінен 2-Шілікті қорғандар тобының №1 қорғанында үшінші жыл жалғастырылды, нәтижесінде оның архитектуралық құрылымы толықтай ашылды.

Алдыңғы жылдары оба батыстан шығысқа қарай тура ортасынан салынған ені 20 метрлік кесінді арқылы қазылып зерттелген болатын. Обаның орта шенінің стратиграфиясы, қабір шұңқыры, қабір үсті ағаш құрылысы, дромостың жоспары, жобасы, нобайлары анықталған. Обаның шым тіні қиық пирамидаға ұқсаған (1 -сурет).

Кесінді қазбаның оңтүстік және солтүстік жақтарында обаның екі күлше қалдықтары қалған.

Биылға алдымызға қойған мақсат обаның шым құрылысы архитектурасын анықтау еді. Осы мақсатпен бұрынғы траншея қазбаның солтүстік және оңтүстік күлше қалдықтарында қазба жұмысы жүргізілді.

Оңтүстік күлшенің солтүстік түзу бетінен ені 2 м, обаның бүкіл ұзына бойына қазба салынды. Қазба жеріне дейін жеткізілді. Нәтижесінде шым обаның осы бөлшегінің қабаттары анықталды, обаның табанына екі қатар сырғауылдан салынған көпбұрышты қоршаудың оңтүстік бөлігі толық анықталды. Сонымен, обаның табанына жер бетіне ұзынан төселген екі қатар сырғауыл қоршау сегіз қанатты екені анықталды.

Бұдан соң оңтүстік күлшеге тура ортасынан оңтүстікке қарай, батыс бөлігінің шекесінен оңтүстік- батыс етегіне қарай, шығыс бөлігінің шекесінен оңтүстік-шығыс етегіне қарай үш қазба-траншея салынды. Қазба-траншеялардың ені 1,2 м, ұзындықтары оба етегіне дейін 17,5 м. Бұл траншеялардың мақсаты обаның шым қабатының конфигурациясын анықтау еді. Нәтижесінде обаның шым қабатының ең төменгі етегінің шектері, шым обаның бетінің көлбеуі, бедері анықталды. Обаның шым табанының астына екі қатар сырғауылдан сегіз қанатты қоршау салынған.

Солтүстік секторда ені 5 м 50 см, ұзындығы 13 м 40 см, қалыңдығы 0,8 м болатын шым сұлбасының сыртын жауып жатқан, тас аралас топырақ жамылғысын арши отырып, шымның негізгі сұлбасын, оның жайылу контуры мен беткі жамылғысын, бекіткен шым кесектерінің құрылысын анықтадық. Негізгі шым қаландысының сырты бірнеше қабат қиыршық құм мен топырақ аралас қабатпен жабылған. Шым кесектер баспалдақ тәрізді бірінен бірі озып қаланғандығы анықталды. Құм аралас қиыршық тас төмен қарай сусып кетпес үшін обаның көлбеу бетінің әр жеріне шымнан тосқауыл жасаған. Жамылғы ретінде жапқан шым кесектерінің өзі баспалдақ тәрізді қаланған. Шым кесектерінің көлемі әртүрлі. Көбінде ұзыншақ күйінде көлденеңінен қойылып, бірінің етегін екіншісімен қапсыра басып отырған. Осы көлденеңінен қойылған ұзыншақ шым кесектерінің ұзындығы негізінен алғанда 91x82x70 см, ені 31x27x25 көлемінде. Шымның қалыңдығы 6x8x10 см. Шым сұлбасының сыртын аршу кезінде белгілі болған тағы бір жайт, шымның етегін иленген сары балшықпен бекіткен. Бұл қорғанның бүкіл тінін ұстап тұратын шеген белдеу түрінде жасалған. Алдыңғы маусымдарда байқалмаған бір жайт, ол мал сүйектерінің қорған етегінде де кездесуі. Мұнда негізінен жылқының жілік, бас сүйегі және ұсақ малдың омыртқа, қабырға, жілік сүйектері кездеседі.

Солтүстік сектордың қиыршық құмды топырақ жамылғысын түгел аршу нәтижесінде, оның шымнан салынған тіні толығымен ашылды. Траншея кесіндісінде тұп тура төбесі кесілген пирамиданы беріп тұрған шым тін солтүстік күлше секторда мынандай конструкция құрады. Үстінен қарағандағы жоспары үш қанатты трапеция тәріздес. Солтүстік қанатының ұзыны 22 м, одан доғал бұрыштанып оңтүстік-шығыс пен оңтүстік-батысқа қарай кететін екі қанаты 21 және 23 м. Шым обаның шығыстан қарағандағы кесіндісі солтүстікке қарай көлбеулеген төртбұрыш ал солтүстігіндегі кесіндісі алдынан қарағандағы доғал басты ертоқым сияқты. Басы шамалы доғалданып келіп, бастың етегінің тоқымға басатын жері жеңіп екі жағына қарай сүйір үшбұрыштанып бітеді. Шым обаның жалпы сұлбасы сегіз қанатты конусты құрайды.

2006 жылдың қазба маусымында Шілікті 3 қорғандар тобының №2 қорғанына қазба жұмыстары жүргізілді. Бұл №2 қорған белгілі №1 "Бәйге төбе" қорғаны орналасқан қорғандар тобының тізбегінде жатыр. №2 қорған №1 қорғаннан солтүстік-шығысқа қарай 150 м жерде орналасқан. Қорғанның қазбаға дейінгі биіктігі 2,96 м. Ал диаметрі СО бағытта 32 м, БШ бағытта 34 м. Қорғанның сыртқы сипаты өте жайдақ емес тіктеу дөңес болып жинақы орналасқан.

Қазба барысы СО бағытта жал қалдырылып, 1,5 м ендікте салынды. Қорғанның шығыс бөлігін аршу кезінде жал кесіндісіндегі ортаңғы нүктеден 40 см оңтүстікке қарай адамның екі аяқ сүйегі 58 см тереңдіктен шықты. Аяқ сүйектері көлеміне қарағанда өте үлкен емес адамдікі, өйткені ортан жілік түтікшесінің диаметрі 3 см. Қалдырылған жал кесіндісіне қарағанда және сүйектерінің орналасуына байланысты адамның басы батысқа қаратылып шалқасынан жатқызылған, тонау кезінде шығарып тасталмаған, қабір қазылған кейінгі қорған үстіндегі жерленген.

Шығыс секторды аршу кезінде орталық нүктеден оңтүстік-шығысқа қарай 2 м 60 см, қорған бетінен алғанда 1м 20 см тереңдікте ұзындығы 50 см, ені 20 см, қалыңдығы 14 см болатын гранит тас шықты. Бұл тас сынған, сынығының жартысы кездеспеді. Төрт қырланып өнделіп келгенімен ерекше белгі немесе сурет, сызық байқалмайды. Топырақ құрамы немесе ерекше белгілер байқалмағандықтан әрбір 1 метр сайын тазаланып сызбасымен бірге фотосуретке түсірілді.

Қазба кезінде келесі №2 қабатты аршу үстінде қорғанның шығыс секторында ортаңғы нүктеден шығыс бағытқа қарай 6 м 60 см, тік бұрышта оңтүстікке қарай 4 м 50 см жерде әйел адамның қаңқа сүйегімен бірге аяғының сол жақ тізе тұсынан жас баланың қаңқа сүйегі кездесті. Әйел адамның бас жағының оң қапталында ұсақ малдың омыртқа және асықты жілік және т.б. ұсақ сүйектері шықты.

Әйел адамның басы БОБ қаратыла жерленген, шалқасынан жатқызылып екі қолы жамбас сүйектерінің үстіне қойылған. Адамның мойыны және төбесі түгелдей мата тәрізді затпен оралған. Қара даққа айналған аз ғана мөлшердегі шіріндісі ғана сақталған. Бас сүйегінің сол жағында 7-8 см жерде ұзындығы 15-18 см ағаш қалдығы, бас сүйектен оңтүстікке қарай 10 см жерде 2-3 см темір қалдығы, оң құлағының тұсында бас сүйектен 6 см жерде ортасы тесік шұбар домалақ моншақ кездесті. Оң жақ бұғанасының үстінде ілмекті қола сырға, сол бұғанасы мен иегінің орта тұсында қола сырғаның сым тәрізді қалдығы және сынық бөлшегі, оң қолының қолтық тұсында тағы бір дөңгелек ақ, қоңыр сызықтары бар ортасы тесік моншақ табылды. Бас сүйегінің төбе тұсында көптеген шірінді ағаш қалдықтары шашыраған.

Мәйіт ағаш табытқа, не ағаш астауға жерленген. Жерлеу ғұрпына, ақыреттік заттарына қарап мерзімделу уақытын б.д.д. III ғ. Мерзімдеуге болады. Нақты қорытындысын зертханалық сараптау нәтижелерін алғаннан кейін айтуға болады.

Қазба жұмыстары соңғы 1 метр қалыңдықта қалдырылып алдағы маусымдағы қазба барысымен жалғастырылмақ.

Шілікті археологиялық экспедициясының бір отряды Шығыс Қазақстан облысының Зайсан және Тарбағатай аудандарында археологиялық барлау жұмыстарын жүргізді.

2006 жылғы археологиялық барлау жұмыстары Шілікті жазығынан бастап Тарбағатай тауының теріскейіндегі алқапта Қызылкесік ауылына дейінгі аралықта жүргізілді. Қандысу, Терісайырық, Базар, Нарын, Қарғыба, Боғас, Тақиякеткен өзендері бойынан қола дәуірінен бастап түркі дәуіріне дейінгі жүзге тарта ескерткіштер есепке алынып, жоспарлары сызылып, фотоға түсірілді. Нақты координаталары анықталды.

Қола дәуірінің қоршаулары төртбұрыш, дөңгелек формада тігінен немесе жалпағынан қойылған тастардан тұрса, ал ерте темір дәуірінің қорғандары топырақтан, тастан және топырақ пен тас аралас үйіндіден тұрады. Тарбағатай теріскейіндегі ерте темір дәуірінің қорғандарындағы басты ерекшелік - қорымдағы бір не екі қорғанның етегінен сәл алшақта шеңбер немесе төртбұрыш пішінді ені - 0,2-1 м-ге дейін тас белдеуінің болуы. Ерте темір дәуірінің Шілікті жазығынан басқа патша қорғандары Ақсуат ауылы маңындағы Шыбынды, Қараоба, Төртоба, Қырықоба, Қабдеке ескерткіштері екені даусыз. Олардың диаметрлері 40 м-ден 100 м-ге, биіктігі 3 м-ден 8 м-ге дейін. Түркі дәуірінің қорымдары тас қорғандардан тұрады. Мерзімделу уақыты белгісіз бірнеше қоныс орындары анықталды.