2006 жылғы Шідерті 3 тұрағындағы қазба жұмыстар

18.04.2022 10:02

Далалық жағдайда 2006 жылғы "Мәдени мұра" бағдарламасы бойынша С. Торайғыров атындағы ПМУ экспедициясы тас дәуірінің көп қабатты Шідерті 3 тұрағын зерттеуді жалғастырды. Негізінен Республикамыздағы археология ғылымы саласында күрделі де аз зерттелген тас дәуірінің мезолит кезеңіне жататын 5-ші және 6-шы мәдени қабаттары қазылып, зерттелді. Қазақстандық зерттеушілерді мезолит кезеңі қаншалықты толғандырғанымен, бұл дәуір өз сырын әлі де аша қоймай, аз зерттелген кезеңге жатады. Бұл бағыттағы зерттеу жүргізудің сұйық болуы, ашылған мезолиттік объектілердің Солтүстік және Орталық Қазақстандағы табылған мезолит дәуірі деп көрсетілген бірнеше комплекстерінің өзі күмән туғызады. Сол себепті ежелгі таспен жаңа тас дәуірін жалғайтын буын орта тас дәуірін зерттеу өзінің бастапқы кезеңінде.

Осыған орай көпқабатты Шідерті 3-те жүргізіліп жатқан зерттеу жұмыстары ерекше мағынаға ие. Өйткені мұндағы қабаттарда мезолиттен энеолитке дейінгі мәдени комплекс қабаттарымен голоцен дәуірінің полеклиматтық толқудың негіздерін айқындайтын 6-шы қабатта ең ежелгі ескерткіш материалдары кездеседі. Жоғарғы жағында ақшыл-қоңыр құмды саз, қиыршық кұм және кәдімгі құм, олардың үстін "Г" топырақ қабаты басып жатыр. Мұнда негізінен коникалық, призматикалық нуклеустермен қатар жақты және сыналық фасетикалық аландармен қатар мұқият килмен өңделген, екінші қайыра өңделмеген көптеген микропластиналар құрамымен қамтылған. Негізінен құрал ретінде екі жағы жонылған медиалдық шабылған микропластиналар пайдаланылған. Дисталдық бөлігі шолақ кесілген немесе жүзі өткірленбеген, жақты ұзындығы 1,5-5 см түзу жақты ірі, орташа пластиналар пышақ немесе пышақтың алынбалы жүзі ретінде пайдаланылғанға ұқсайды. ¥сақ симметриялық трапеция және жақты ойығы бар геометриялық микролиттер (1-сурет). Біреуі биік, классикалық симметриялық формада, жақтары сәл ішке қарай қисайтыла өте мұқият өңделген микролит көлемі 1,2х1,4 см.

Осы топта кездесетін кескіштер комплексі аса қызықты. Ірі пластиналарда істелген жақтары ішке қисайта ретуштелген, бұрыштары мен жандары кескіш жүздерімен орындалған. Тескіштермен қатар пластинадан жасалған қырғыштарда кездеседі. Бірнеше істерді атқаратын бір еңбек құралы тас жаңқалы бұйымдар басым кездеседі. Оның ішінде жүзі айналыңқы жоғары формалы, тіпті екі жүзі барлары да кездеседі. Осы қабатта ошақты өнеркәсіптік тұрғын алаңдар, ретушералар, тас жару құралы мен тас, ал ірі тастар болса күрке немесе чум сияқты тұрғын баспаналар конструкциясы қалған жұртының орны болуы мүмкін. Тас құралдар мен оны жасауға қажетті заттарды сақтау қоймасы, индустрияда өнеркәсіптік маңызы жоқ дөрекі тас жаңқалары көптеп ұшырасады. Шикізат ретінде негізінен көк және ақшыл-сары шақпақтасты-сазды кварцтанған тастар түрі қолданылды. Шақпақ тас пен яшма сирек ұшырасады. Фаунада жілікті сынған сүйек қалдықтары, жылқы мен бөкеннің тістері азда болса кездеседі. Осы заттарға қарап мұнда аңшылар лагері немесе уақытша тұрақ болған деген қорытынды жасауға болады. Стратиграфиялық өзгерістер байқалмайды, сол себепті барлық шаруашылық процесі жердің үстіңгі қабатында болғанға ұқсайды.

Қабаттағы алынған заттар комплексі мезолит дәуірінің алғашқы геометриялық микролиттер мәдениетінің пайда болу уақытын көрсетіп, соңғы мұз басу дәуірінен кейінгі кезеңге жатуы ықтимал. Өйткені құмды саздың қалыптасуы және соның үстіне тұрақтауы террасса қалыптасуының субаэралдық қалыптасуының бастауымен байланысты. Сол себепті осы комплекс геометриялық формадағы микролиттік индустрияның ерекше түрін көрсетіп, бүгінгі танда аймақ территориясында әзірше жалғыз, жасы стратиграфиялық жабық комплекстен шығатын 10 мың жылдан кем емес, ежелгі мезолит деп белгілеп, солтүстік Сарыарка гелоцены ретінде ең ежелгі деп есептеуді ұсынамыз. Осыған орай аймақтағы көрсетілген комплекс негізінде және оның геохронологиялық жағдайы, ескерткіштің көлденең тілігі индустрияның ертемезолиттік түрінен екенін аңғартады. Қазба жұмыстары нәтижесінде табылған заттарымен оны салыстыруға келетіні Убаган ІІІ-ші тұрақ материалдары келіңкірейді. Бұлардың бір бірімен жалпы индустриялық кескінімен құралдардың кейбір түрлерінің ұқсастығын айтуға болады. Біздің пайымдауымызша Виноградовка II тұрағының төменгі қабаты материалдары мезолит дәуіріне жатқанымен дәуірдің төменгі кезеңін ғана көрсетеді. 6-шы қабат индустриясы басқа ертеголоцендік аймақ комплестері арасындағы байланыс, оның аз зерттелгеніне байланысты оны біз көшу қонудан пайда болған деген идеяны ұстанып, геометриялық микролит мәдениетін ұстанушылардың келуімен байланыстырамыз.

Келесі 5-ші қабат материалдары аймақтағы тас индустриясының даму кезеңін көрсетеді. Негізінен ақшыл-қоңыр құмдысаз "Г" топырақ қабатында орналасқан. Олар сына және жақты сына тәріздес формалы нуклеустермен беріледі. Заттар арасында екінші өндеуден өтпеген қысқалау дұрыс жасалмаған пластиналар және өткір жүзді, тас жаңқалары әртүрлі формадағы қырғыштар, тісті құралдар, жүзі өңделмеген әртүрлі формадағы тас жаңқалы қырғыштарда көптеп кездеседі. Пластиналармен қатар пышақ ретінде шеттері ретуштелген жаңқа тастарда қолданылғанға келіңкірейді. Жіңішке ұшты ретуштелген бүтін тескіштер, кескіштер жеке дара болса да кездеседі. Ірі пластиналардан жасалған жүзі домалақтанған қырғыштарда бар. Қабатта ретуш түрлері көптеп кездескенімен қандайда бір конструкциясымен ошақ іздері кездеспейді. Фауна қалдықтары сирек. Осы қабаттада 6-шы қабат сияқты тұрғылықты орын болған. Шикізат көзі ретінде негізінен янтарлы-сары түсті немесе халцедон түрлі опалды тастар және кварцитпен яшма-кварцит қолданылған. Бұдан шығатын қорытынды шикізат басқа жерлерден әкелінген.

Комплекстегі мәдениетті айқындайтын формалар мен заттар аз кездеседі. Дегенмен осы материалдар 6-шы қабаттан табылған заттардан айтарлықтай ерекшеленеді. Осы заттарға ұқсастарын табу қиын. Микролитті және стратиграфиялық тілікті ескерткішті мезолиттік негізде қарай отырып, біздің пайымдауымызша кейбір ұқсастық Ақымбек тұрағы материалдарына келеді. Алайда микропластинаның көпшілігі Шідерті 3 тұрағындағы 2а қабатындағы неолит материалдарына тән. Сол себепті 5-ші қабатқа жақын Ақымбек материалдары мезолит дәуірінен делінсе де сонымен қатар неолиттік дәуірдіде қамтиды деген сенімдеміз. 5-ші қабат индустриясында сына тәріздес нуклеустердің көп болуы аталған ескерткішті сібір-монғол түріндегі мәдениет деп алдын-ала айтуға болады.

5-ші, 6-шы мәдени қабаттардың жатуының жағдайын салыстыра келе біз мынадай қорытындыға келдік. Олардың ұқсас дәуірдің палеоэкологиялық жағдайында өмір сүргені, климат жағдайының күрт өзгеруі ерте голоцендік "Г" топырағының қалыптасуына әкелген деген тұжырым жасаймыз. Адамның көрсетілген тұрақта тұруына қолайсыз жағдай, яғни суық пен ылғалдың мол болуы осыдан 9,8-9,3 мың жыл аралығында болғанға ұқсайды. Олай болса 5-ші қабаттағы тіршілік белгісі 9,3-9 мың жыл бұрын, яғни салқын да құрғақ климат дәуірінде болса керек.

Алынған материалдарға қарап мезолит дәуірінде аймақ территориясында келімсектер әкелген және жергілікті техникалық дәстүрді сақтаған адамдардың екі тобы өмір сүрген деген тұжырым жасауға болады. Алайда қайдан? Бастапқыда геометриялық еңбек құралы Таяу Шығыста палеолит дәуірінің соңғы кезеңінде пайда болып Еуразияның үлкен бөлігіне таралды. Көрсетілген құралдарды аймаққа аңшылар емес, бақташылар әкелуі мүмкіндігін жоққа шығармаймыз. Тек бақташы тайпалар ғана қашық аралықтарға орын ауыстырып, қысқа уақытта Еуропаның барлық территориясына, Азия құрлығының далалы зоналарын мекеніне айналдырған еді. Осындай ойларды басқа да зерттеушілер айтқан болатын.

Осыған байланысты қазақстандық зерттеушілер алдында тек өнеркәсіптік өмірінен ғана емес сонымен қайтар рухани өмірі, өнер мен жерлеудің мезолиттік үлгілерін қамтыған орта тас дәуірі ескерткіштерінен тың ақпарат беретін үлкен міндет тұр. Сонда ғана Қазақстан территориясында мемлекеттің ежелгі тарихындағы маңызды кезеңі орта тас дәуірі жан-жақты зерттелді деп айта аламыз.