Сидақ қаласындағы исламға дейінгі ғибадатхана кешені
Сидақ қаласы ортағасырлық Түркістан қаласынан солтүстік-батысқа қарай 20 шақырым жерде орналасқан, халықаралық теміржол және автокөлік жолдарынан 1-2 шақырым оңға қарай орналасқан. Топографиялық құрылымы жағынан қаланы «екі деңгейлі тебе» не «алаңшалы төбе» түрлеріне жатқызуға болады. Тікбұрышты болып келген келген бүл төбенің өлшемдері 340-180 метрге тең, ол СШ-ОБ бағыты бойынша созыла орналасқан. Бұрыштары дөңгелене біткен төбенің орташа биіктігі 7-9 м, орталық бөлігіндегі сияқты иіліп біткен цитадель 15 метрлік биіктігімен ерекшеленіп көрінеді. Цитадельдің солтүстік бетінде тағы бір - «солтүстік» деп аталатын алаңша орналасқан. Цитадель мен «оңтүстік алаңша» бірігіп «алаңшалы төбені» құрайды. «Солтүстік алаңша» болса, қаладан бөлек орналасқан құрылыс кешені деп қабылданған, мұның «алаңшалы төбе» деген атаумен қалыптасқан қала түрлерінің құрылымына сәйкес келмейтіндігімен дағдыланған топографиялық атауды күрделендіріп жібереді және оның астында ерекше бір құрылыс орналасқан деген болжам жасауға итермелейді. Цитадельге енетін қақпа оңтүстік алаңша жағында - екі жанында мұнаралар қалдығы сақталған кең пандус (беткей) бейнесінде көрініс тапқан. Қалаға кіретін қақпалар оңтүстік алаңшаның оңтүстік беткейінде кең пандус түрінде СШ бетте орналасқан.
Бұл ескерткіш археологиялық әдебиеттерде А.Н. Бернштам басқарған ОҚАЭ жұмысы жанданған тұстардан атала бастайды. Ол кезде бұл қаланың планы түсіріліп, көтерме материалдары теріліп алынған болатын. Экспедицияның 1947 жылы жүргізген жұмыстарын қорытындылай келе А.Н.Бернштам бүл қаланы терең зерттемегеннің өзінде, жиналған материалдардың өте ежелгі замандарға жататындығымен ерекшеленгендігін атап өтеді1.
Түркістан археологиялық экспедициясының 1988-2000 жылдары жүргізілген зерттеулері цитадельдің үстіңгі мәдени қабаттары өте жақсы сақталған екі құрылыс қабаттарынан тұратындығын көрсетті. Стратиграфиялық тілменің бүйір қабырғаларында биіктігі 1,5 метрге жететін, сырты сыбалған, кесек пен пахсадан кезектестіріле қаланып тұрғызылған, құрылыс қабырғалары анық көрініп тұрды. Цитадельдің солтүстік-батыс бұрышына таман екі діни құрылыс аршылды. Бүл ғибадатханалардың бірінің еденінде құрылымы тағаға ұқсас, екіншісінің оңтүстік қабырғасына ойып орналастырылған, терең ниша түріндегі алтарлар табылды. Екінші ғибадатхананың қабырғаларының бойымен биік сәкілер (суфа) орналастырылған, ал құрылыстың төбе жабынын екі ағаш ұстындар көтеріп тұрғандығы анықталды2. Соғдыда, Хорезмде, Уструшана мен Шашта орналасқан ерте ортағасырлық ескерткіштерді зерттеу барысында, мұндай ғибадатханалардың бүтін бір тобы табылған болатын. Көбіне олар цитадельдер, сарайлар құрылыстарының құрамына еніп, олардағы діни ғибадатханалар кешенін қүрайды3. Бір қызығы, Сидақ цитаделіндегі бір кешенде сәулеттік шешімі жағынан екі түрлі ғибадатхананың кездесетіндігі: 1. қабырғаға жабыстырыла істелген алтарь, оның үстіне қабырғадан ойып ниша орналастырылған; 2. ғибадатхананың ортасына таға түрінде жасалынған алтарь. Сопық шеңбердің жартысына ұқсас мұндай алтарьді №14 бөлмеден тауып аршу барысында оның құрылысынан қызық бөлшекті кездестірдік. Оның түзу қабырғасының бойымен үстіңгі бетінде балшықтан істелінген, екі ұшында конус сияқты төбешіктері бар жалды байқадық. Оның ұзындығы 50 см жуық, төбешіктердің биіктігі 16 см. Стратиграфиялық қазбаның төменгі ярустарынан кездескен, негізінен біртекті керамикалық табыстарды Оңтүстік Қазақстандағы ескерткіштер мен Ташкент оазисі қалаларының, біздің дәуіріміздің басына тән мәдени қабаттарынан табылған материалдары ішінен де кездестіреміз. Олардың кейбірі өздеріне ғана тән белгілері. формасы, сәнделуі жағынан бір-бірінің көшірмесі іспеттес. Сонымен бірге, қазбаның алғашқы нәтижелері мұндағы соңғы, ең жоғарғы құрылыс қабатының барлық құрылыстары (ғибадатханаларда, тұрғын үйлерде) алапат өрттің себебінен өмірлерін тоқтатқандығын көрсетті. Өрт қабатынан осы өлкеде VIII ғасырдың бірінші жартысында, араб жаулап алушылары жүргізген мұсылмандық соғыстарға қатысы барлығына негіз болды4. Анықталған тиындардың ішінен қоладан жасалған түргештердің анэпиграфтық тиынына ерекше тоқталуға болады, оның Av (аверс) - қас бетінде - арыстан, ал Rv (реверс) - сырт бетінде - таңба бейнеленген және VIII ғасырдың бірінші жартысымен даталанған. Екіншісі - Хорезмнің өлкелік билеушісі Хүсраудың қола тиыны болып табылады. Оның сырт бетінде (Rv) айыр сияқты «тұғырдағы үш тісті аша» таңбасы бейнеленген, бұл да VIII ғасырдың басындағы он жылдықтармен мерзімделеді. Үшіншісі - кейінгі сасанидтік кезеңге жататын күміс драхма, оның қас бетіне (Av) билеушінің оңға қараған портреті бейнеленген (VІІғ... сырт бетінің аңызының мағынасы оқылмаған)5. Осының барлығы, сонымен бірге ескерткіштің өзіндік топографиясы Цитадельдің сәулет құрылыстарын кең көлемде аршуға құқық береді деп есептейміз. Тіпті, үстіңгі құрылыс қабатын аршуының өзі өлкедегі отырықшылық пен қала құрылысы тарихының ерте кезеңі мен исламға дейінгі дәуірдегі діни сәулет өнерінің дамуы жайлы ерекше материалдар біреуі тиіс деп есептеуімізге негіз бар. Міне осылар Сидақ қаласын зерттеуді Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасына енгізуге басты қозғаушы күш пен себеп болды.
2004 жылы жүргізілген қазба жұмыстары (II қазба) Цитадельдің үстіңгі құрылыс қабатын зерттеудің жалғасы болып табылады. Бұл үшін Цитадельдің солтүстік және батыс бөліктерінен көлемдері 45x40 м және 20x40 м екі алаңша таңдап алынды, олар өткен жылдардағы қазбалармен шекаралас орналасқанды. Бұл жерде қабырғаларының биіктігі 0.5 тен 1,2 метрге дейін сақталған, негізі (жоғарғы) құрылыс қабатының бөліктері аршылды. Бұрынғы аршылған жерлердегі сияқты мұнда да тұрғын үй кешендері аршылды (жалпы көлемі оннан аса бірнеше кварталға тар көшелермен бөлінген тұрғын үйлер), кешенде- орталық бөлменің айналасына шоғырланған бөлмелер жиынтығынан тұрады, өз кезіндегі орталық бөлмелер ашық ошақпен, ал қабырғаларының 2 - 3-і сәкілермен (суфа; жабдықталған. Бұл бөлмемен, көбіне тар дәліз арқылы қамба бөлмесі жалғасады, олардың іші әдетте ірі керамикалық ыдыстардың қираңдысы мен қол диірмендерге және басқа көптеген заттарға толы болады. Цитадельдің бұл бөлігінің маңызды көрінісі ретінде кен бөлмелер - «хұмханаларды» атауға болады, олардың қабырғаларын бойлаған сәкілерге хұмдар тізбегі көміліп қойылған, сонымен бірге мұнда хұмшалар, қазандар, құмыралар және тағы басқа көптеген ірі ыдыстар сынықтары кездеседі. Алдын ала жүргізілген есептеулер мұндай қамбаларда бірнеше тонна астық пен басқа да азық түрлерінің сақталуы мүмкін екендігін көрсетті, шын мәнінде бүл өлшемдер кез келген жанұяның бір жылдық қажетінен әлдеқайда асып түсетіні анық. Керамикалық ыдыстар кешенінің бүл қабаттағы табыстарын асханалық ыдыс-аяқтардың сыртына, олар кеппей тұрып түсірілген өзіндік өрнектер ерекшелейді, олардың қатарына сыртына таңба тектес белгілер салынған зат сақтауға арналған ыдыстар да жатады. Өрнектердің арасынан «ешкілер», «құстар» және «салтатты адам» бейнелерін де көруге болады. Қызықты табыстардың ішінен көзеші шебердің қолмен айналдыратын шеңбер құралының толық кешенін атауға болады, оның астыңғы негізгі бөлігі тастан, үстіңгі - айналатын шеңбері керамикадан жасалынған. №8 бөлмеге (шеңбер құрал табылған бөлме) жақын жерден, ауланың ортасынан керамикалық ыдыстарды ашық жерде отпен күйдіретін алаңқай табылып аршылды. Бұл жер өте қалың тас аралас балшықпен сыбалған, көлемі 2,4х2,8 м болатын алаңшаның сыбағы отпен күйіп терракотаға айналып кеткен. Діни әдет-ғұрыптың, түтін салғыштардың кешені де ерекше, олардың ішінен аң бейнелі етіп жасалғандары да, әртүрлі биіктіктегі тұғырларға орнатылған кесе түріндегілері де кездеседі.
Цитадельдің басқа жерлеріндегі сияқты мұнда да үстіңгі құрылыс қабаты алапат өрттен зардап шеккен. Бөлмелердің едендерінен өртеніп көмірге айналған төбе жабынының бөренелері, күйіп қатып қалған қабырғалар мен едендер аршылуда.
Жоғарғы құрылыс қабатының едендерінің астына тереңдей түскенде, бүл құрылыстардың әдеттегідей өздерінен бұрынғы құрылыс қабатының қираған қабырғаларының үстіне емес, қалың етіп төгілген қоқыс қабаттарының үстіне салынғандары байқалды. Қазбаның солтүстік бөлігінде үстіңгі құрылыс қабат едендері астынан, үлкен ғибадатхана құрылысының трапецияға ұқсас бөлігі аршылды, бұл құрылыс екінші құрылыс қабатына жатады. Бөліктің жалпы көлемі 25 х 36 м, оның солтүстік қабырғасының қызметін Цитадельдің қорған қамалы атқарған. Басқа қабырғалары пахса блоктарынан тұрғызылған және әрбір блок қатарларының арасынан бір қатар қалыңдықта кесек қаланып отырған.
Қабырғалардың қалыңдығы 2,5 м жетеді, ал оңтүстік-шығыс бұрышындағы сақталған биіктігі 4,3 м тең, реперлік нүктеден есептегендегі ең төменгі едендер 4, 5 м тереңдікте жатыр. Әзірше бұл құрылыстың шығыс бөлігі ғана аршылды, трапеция түріндегі бұл әпбадахана интерьерінде (немесе ашық ауласында) биіктігі 1,2 метрлік, ұзындығы он метрлік сәкі (суфа) ерекше көзге түседі, ол шығыс қабырға бойына орналасқан. Біраз бөлме сыртқы қамал қабырғасына жабыстыра салынған, олардың қамба қызметін атқарғаны анық байқалады. Олардың едендері астына азық сақтайтын хұмдар мен хұмшалар орналастырылған.
Негізгі қаладан бөлек, төмендеу орналасқан «солтүстік алаңша» деп аталатын қала бөлігінде де кең көлемді қазба жүргізіле бастады (IV қазба, көлемі 20x25 м). Бұл жерден аршылған құрылыстар да тұрғын үйлер мен оларға жабыстырыла салынған шаруашылық бөлмелерінен тұрады. Мұндағы қазба барысында табылған заттар негізінен Цитадельдің үстіңгі құрылыс қабатынан кездескен табыттарға ұқсас және олардан бір хронологиялық айырмашылық анық байқала қойған жоқ. II және IV қазбалармен қатар қаланың батыс жағында орналасқан некропольдегі мазар құрылыстары да зерттелуде.
Әзірге жер бетіне салынған жеті сағана құрылысы аршылып зерттелді. Сидақ некрополі сағаналарының сақталуы (құмда орналасқандықтан) өте нашар болғанымен, (Жуантөбе мен Шаға сағаналарымен салыстырсақ) олардың пахса мен кесектен бір камералы етіліп жер бетіне салынғандығын байқау аса қиындық туғызбайды. Камералардың ішкі өлшемдері шамамен 3,5х3,75 м тең. Едендерінен қалай болса солай шашылған адам сүйектері мен керамика сынықтары және тағы басқа табыстар аршылды. Кейбір сағаналардан темірден жасалған үшқанатты садақ жебе ұштарының жиынтығы, түрлі моншақтар, салпыншақтар мен садақтың сыртына қапталатын сүйек пластиналары және керамикалық аң түтін салғыштардың сынықтары табылды.
Жалпы алғанда Сидақ қаласындағы жүргізіліп жатқан археологиялық жұмыстардың алғашқы қорытындылары, бүл ескерткіштердің Қазақстанның оңтүстігіндегі қала құрылысы мәдениетін зерттеуде болашағы зор және берері мол екенін байқатты. Жұмыс барысында жинақталғаны мол материал (жүздеген қыш ыдыстар, ондаған темірден, қоладан, тастан және т.б. материалдардан жасалған заттар) Қазақстанның ерте ортағасырлық тарихын зерттеуде туындайтын, тарихи-мәдени саладағы көптеген мәселелердің шешімін тауып беруге мүмкіндік береді деп ойлаймыз.
Қорыта келгенде Сидақ қаласының цитаделіндегі жүргізілген жұмыстардың нәтижесін былайша тұжырымдауға болады: Сидақ қаласының цитаделінің екінші құрылыс қабаты деңгейінде діни, қамбалық және тұрғын жай құрылыстарын бір ортаға біріктірген, өте жақсы сақталған ғибадатханалық сәулет кешенін аршу басталды. Қабырғалардың сақталған биіктігі 1,8 метрден 4,5 метрге дейін жетеді. Негізгі құрылыс материалы ретінде пахса мен ірі көлемді 46x24x10см стандарттағы және соған жақын өлшемдердегі саз кесектер пайдаланылған. Құрылыс құрылымдарында аркалар, иілген төбе жабындары мен күмбездер молынан кездеседі, сонымен бірге аса ірі бөлмелер ағаш ұстындарға орнатылған, тегіс төбе жабындарымен жабылған. №1 және 14 бөлмелер ғибадатхана қызметін атқарғандығымен құрылысы жағынан ерекше көзге түседі. Солтүстік бөліктің трапецияға ұқсас болып келуі, Цитадельдің сәулеттік құрылыстарының жалпы құрылымдық шешіміне, ортасынан жиегіне қарай сәулеленіп бөлінген шеңбер (арба дөңгелегіне ұқсас) негіз болған деген ойға жетелейді.
Ғибадатхана кешеніндегі алапат өрттің себебінен құрылыс қирап, өмір ұзақ мезгілге тоқталғаны байқалады. Дегенмен, цитадель тұрғындарына өрт кенеттен, күтпеген жағдайда болмаған, олар бөлмелердегі тасып әкетуге болатын жиһаз бен жабдықтардың барлығын алып кетіп үлгерген. Бұған қамбалар дағы еденге, сәкіге көмілген хұмдар мен хұмшалардың барлығының бос болып шығуы және өрт қабаты басып жатқан едендерден тұрмысқа қажетті заттардың кездеспеуі дәлел болады. Табылған тиындарға сүйенсек бүл өрт VIII ғ. ортасына жақын бірінші жартысында өткен болып шығады. Сидақ цитаделіндегі қазба барысында байқалған көріністердің қандай тарихи оқиғалармен байланысы болуы мүмкін? Тарихтан білетініміз, бүкіл VII және VIII ғасырдың бірінші жартысы Орталық Азиядағы Батыс Түркі қағанатының ұсақ «княздіктерге» бөлініп кеткен бөлшектерінің араб басқыншыларымен соғысы үстінде өтті. 712-713 жылдары араб басқыншыларының аяғы әлі жетіп үлгермеген түркілер, шаштықтар, соғдылар мен ферганалықтар тұратын аймақтар арабтарға қарсы әскери одаққа бірігіп үлкен күшке айналды. Осы тұста, сірә Ташкент, Отырар және Түркістан оазистері мәдени және әкімшілік-саяси жағынан бірігіп кеткен құрылым болған сияқты6. Араб әскербасы Қүтейбе ибн Мүслім екі әскери жасақпен Сыр бойы оазистерін жаулап алу үшін жорыққа шығады. Шаш облысына басып кіріп, талауға салған солтүстік жасағы жайлы деректер анық емес және тым жартымсыз7. Бүл жорықтың ізін Ташкент оазисінің бір топ қалаларының мәдени қабаттарындағы жойқын өрт қалдықтарынан байқаймыз. Өрт салдарынан оазис астанасы Мыңөрік өмір сүруін тоқтатады және тек бір ғасырдан соң ғана Шаш астанасы жаңа жерде қайта қалпына келтіріледі. 714 жылы Қүтейбе Исфиджабқа (Сайрам) қарай жорыққа шығады, бірақ 715 жылы жаңа халиф Сүлейменге қарсы бүлік ұйымдастырып өзі де қаза табады. Мұнан соң да арабтар Сыр бойы аймағына жорықтар ұйымдастырады (белгілері - 713 жылы және 735 жылы), бірақ бәрібір толық бағындыра алмайды.
Ташкент оазисінің Жүнісабадтағы Ақтөбе қаласының қирандысын қазу барысында Омейадтық халифаттық Арабия мен Иранда соққан күміс дирхемдерінің көмбесі табылады, олардың ең соңғысы 739 жыл соғылған.